Ескерту. Күші жойылды – ҚР Қаржы министрінің 19.02.2018 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарларды тасымалдау кезінде кедендік транзиттің ерекшеліктерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 206 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10817 болып тіркелген 2015 жылғы 8 шілдеде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарлардың кедендік транзитінің ерекшеліктерін бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарлардың кедендік транзитінің ерекшеліктері бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген, Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарлардың кедендік транзитінің ерекшеліктерінде:
тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарлардың кедендік транзитінің ерекшеліктері";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарларды кедендік транзитінің ерекшеліктері (бұдан әрі – Кедендік транзиттің ерекшеліктері) 2010 жылғы 30 маусымдағы "Қазақстан Республикасындағы кеден ісі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 319-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және Кодекстің 319-бабының 2-тармағының 2) және 4) тармақшаларына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағы арқылы өткізілетін шетелдік тауарлардың кедендік транзитінің ерекшеліктерін айқындайды.";
2-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Осы Кедендік транзиттің ерекшеліктерінде мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) жөнелтуші кеден органы – тауарларды кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасайтын мемлекеттік кірістер органы және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өзге кеден органы;
2) межелі кеден органы – қызмет өңірінде жөнелтуші кеден органы белгілеген тауарларды жеткізу орны бар не кедендік транзит кедендік рәсімін аяқтайтын мемлекеттік кірістер органы және (немесе) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің өзге де кеден органы;
3) мемлекеттік кірістер органы – өз құзыреті шегінде салықтардың, кедендік төлемдер мен бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің түсуін қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасындағы кеден ісін іске асыруды, Қазақстан Республикасының заңдарымен осы органның қарауына жатқызылған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру жөніндегі өкілеттіктерді жүзеге асыратын, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді орындайтын мемлекеттік орган;
4) тасымалдаушы – тауарларды және (немесе) жолаушыларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тасымалдауды және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағы шегінде кедендік бақылаудағы тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын немесе көлік құралдарын пайдаланғаны үшін жауапты болып табылатын тұлға;
5) тауар партиясы - бір немесе бірнеше көліктік (тасымалдау) құжаттары бойынша бір жөнелтушіден бір алушының мекенжайына тасымалданатын тауарлар;
6) уәкілетті экономикалық оператор (бұдан әрі - УЭО) – Кодекстің 65-бабымен қарастырылған арнайы оңайлатуларды пайдаланатын Кодекстің 62-бабында көрсетілген жағдайларға жауап беретін заңды тұлға.";
мынадай мазмұндағы 10, 11, 12 және 13-тармақтармен толықтырылсын:
"10. Шетелдік тауарлар Қазақстан Республикасының аумағына келу орнынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жеткізу орындарына кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданған жағдайда, бір жүк жөнелтушіден бір жүк алушының атына бірнеше көліктік (тасымалдау) құжаттары бойынша тасымалданатын болса, жөнелтуші кеден органы кедендік транзит кедендік рәсімінің декларантынан барлық тауар партияларына бір транзиттік декларацияны қабылдайды.
11. Шетелдік тауарлар Қазақстан Республикасының аумағына келу орнынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жеткізу орындарына кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес тасымалданған жағдайда, жөнелтуші кеден органы кедендік транзит кедендік рәсімімен орналастырған кезде, халықаралық тасымалдау көлік құралдарымен тасымалданатын шетелдік тауарларға қатысты тек мынадай:
1) тәуекелдерді басқару жүйесінің ұсынымы болған (бұдан әрі - ТБЖ);
2) халықаралық тасымалдау көлік құралында тасымалданатын тауарға санкциясыз кірудің белгілері болған;
3) мемлекеттік кірістер органында осы тауарлар Қазақстан Республикасының кеден заңнамасын бұза отырып тасымалдануда екені туралы жедел ақпарат болған жағдайларда ғана кедендік тексеріп қарауды жүргізуге жол беріледі.
12. Шетелдік тауарларды бір елді мекеннің әкімшілік-аумақтық шекарасының шегінде орналасқан мемлекеттік кірістер органынан уақытша сақтау орнына дейін тасымалдаған жағдайда, мұндай тауарларды тасымалдау кедендік транзит кедендік рәсіміне орналастырусыз жүзеге асырылады, егер тәуекелдерді басқару жүйесі негізінде айқындауда осындайды қолдану керек.
13. Шетелдік тауарларды кедендік транзит кедендік рәсіміне сәйкес Қазақстан Республикасының аумағына келу орындарынан Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан жеткізу орындарына немесе шетелдік тауарларды өткізу бір ішкі мемлекеттік кірістер органынан басқа мемлекеттік кірістер органына ТБЖ ұсынымы негізінде кедендік алып жүру туралы шешім қабылданған жағдайда байланыс арналары бойынша дабыл беру арқылы көлік құралының орналасқан жерін айқындуға мүмкіндік беретін спутниктік навигация жүйесі техникалық жабдығын көлік құралына орнату жолымен кедендік алып жүруді жүзеге асыруға жол беріледі.".
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті (А.М. Теңгебаев) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі баспа және электрондық түрдегі көшірмелерін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және қосу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынға жолдауды;
3) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарына ресми жариялауға жіберуді;
4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы министрі |
Б. Сұлтанов |