Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2016 жылғы 20 қазандағы № 215 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылғы 14 желтоқсанда № 14530 болып тіркелді.

      "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2-тармағына, сондай-ақ "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.02.2017 № 74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитеті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он жұмыс күнi iшiнде Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Заң департаментiне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi ұсынуды қамтамасыз етсiн.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ақпарат және коммуникациялар


министрі

Д. Абаев

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ________________Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 14 қараша

      "КЕЛІСІЛДІ":

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрі

      ________________Б. Сұлтанов

      2016 жылғы 15 қараша



  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және коммуникациялар
министрінің
2016 жылғы 20 қазандағы
№ 215 бұйрығымен бекітілген

Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын
байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың
шекті деңгейін реттеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" 2004 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 2-тармағына, сондай-ақ "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілді және ауылдық елді мекендерде көрсетілетін, субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрінің 28.02.2017 № 74 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Осы Қағидалар "Пошта туралы" 2016 жылғы 9 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 8-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілетін пошта байланысының әмбебап көрсетілетін қызметтеріне қолданылмайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әмбебап қызмет көрсету операторы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әмбебап байланыс қызметтерін көрсету міндеті жүктелген байланыс қызметтерін көрсететін байланыс операторы (бұдан әрі – Оператор);

      2) байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтері – телекоммуникациялар және пошта байланысы секторында бекітілген, уәкілетті орган әзірлейтін және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін байланыстың көрсетілетін қызметтерінің ең аз тізбесі, оларды кез келген елді мекенде байланыстың көрсетілетін қызметтерін кез келген пайдаланушыға тағайындалған мерзімде, белгіленген сапада және осы көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ететін баға деңгейінде көрсету әмбебап қызмет көрсету операторлары үшін міндетті болып табылады.

      3. Байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсынудың негiзгi критерийлеріне мыналар жатады:

      1) байланыстың көрсетілетін қызметтерiн пайдаланушылар үшiн бағаның қолжетiмдiлiгi;

      2) елдi мекен санаты мен тұрғындар саны ескеріле отырып айқындалатын тұрған жерi бойынша қолжетiмдiлігі;

      3) ол белгiленген уақыт кезеңi iшiнде жеке телефондар орнатуға немесе қол жеткізу желілерінің белгілі бір санын енгізуге (қоғамдық телефондар орнатуға) өтiнiмдердi қанағаттандыру ескеріле отырып айқындалатын уақыт бойынша қолжетімдігі.

2-тарау. Ауылдық елді мекендерде көрсетілетін,
субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін
қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін реттеу тәртібі

      4. Ауылдық елді мекендерде субсидияланатын байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтеріне бағалардың шекті деңгейін уәкілетті орган реттейді.

      5. Уәкілетті орган тиісті қаржы жылына арналған "Республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген ең төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты ауылдық елді мекендерде байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің әрбір түрі бойынша бағалардың шекті деңгейін реттейді.

      6. Оператор субсидиялар мөлшерін айқындау үшін байланыс операторы бекіткен әдіснамаға сәйкес қызмет түрлері, көрсетілетін байланыс қызметтері және осы қызметтерді көрсету үшін пайдаланатын байланыс желісінің бөліктері бойынша кірістер мен шығыстарды бөлек есепке алу деректері бойынша байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құны туралы ақпарат ұсынады.

      7. Алып тасталды - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 07.02.2023 № 42/НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Уәкілетті орган байланыс қызметтерін көрсететін қызметтер түрі және осы қызметтерді көрсету үшін пайдаланылатын кірістер мен шығыстарды бөлек есепке алу деректері бойынша Операторлар ұсынған деректер негізінде байланыстың әмбебап қызметтерінің өзіндік құнын есептеуді жүзеге асырады. Байланыстың әмбебап қызметтерінің өзіндік құнын есептеу үшін қабылданған деңгейі жөніндегі шешім уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді.

      8-1. Байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құнын есептеуді жүзеге асыру кезінде уәкілетті орган мынадай шығындарды есепке алады:

      1) әмбебап қызметтерді көрсетуге байланысты материалдық шығыстар;

      2) еңбекақы төлеуге, оның ішінде өндірістік персоналға арналған шығыстар;

      3) міндетті сақтандыру түрлеріне арналған шығыстар, салықтар, алымдар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер;

      4) негізгі құралдар мен материалдық емес активтердің амортизациялық аударымдары;

      5) негізгі құралдар құнының өсуіне алып келмейтін жөндеу жұмыстарына арналған шығыстар;

      6) ғимараттарды күтіп ұстау бойынша шығыстар және коммуналдық шығыстар;

      7) ақпараттық жүйелерді сүйемелдеуге, бөгде ұйымдармен жасалған шарттар бойынша сервистік қызмет көрсетуге арналған шығыстар;

      8) байланыстың әмбебап қызметтерін көрсетуге қатысы бар бөгде ұйымдардың өндірістік сипаттағы жұмыстары, көрсетілетін қызметтері.

      Ескерту. Қағида 8-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 05.10.2021 № 343/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8-2. Уәкілетті орган байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің өзіндік құнын есептеуді жүзеге асыру кезінде мынадай шығындарды ескермейді:

      1) ластаушы заттардың нормативтен тыс шығарындылары (тастандылары) үшін (болған жағдайда) төлемдер;

      2) үмітсіз борыштар;

      3) шаруашылық шарттарды бұзғаны үшін айыппұлдар, өсімпұлдар, тұрақсыздық айыбы және санкциялардың басқа да түрлері, сот шығындары;

      4) табысты жасырғаны (төмендеткені) үшін айыппұлдар мен өсімақылар;

      5) ұрлаудан болған залалдар;

      6) денсаулық сақтау объектілерін, мектепке дейінгі балалар ұйымдарын, оқу орындарын күтіп ұстауға арналған;

      7) сауықтыру лагерлерін, мәдениет және спорт объектілерін, тұрғын үй қорын күтіп ұстауға арналған;

      8) ұйым қызметкерлері тұрғын үй жағдайын жақсартуға алған пайызсызды қоса алғанда, ссудаларды өтеуге;

      9) мәдени-ағарту, сауықтыру және спорттық іс-шаралар өткізуге арналған;

      10) демеушілік көмек көрсетуге арналған;

      11) ақаудан болған ысыраптарға арналған;

      12) өндірістің вахталық ұйымдастырылуын қоспағанда, байланыс операторларының персоналы үшін пәтерлерді, тұрғын үйлер мен құрылыстарды, жатақханалардағы және қонақ үйлердегі орындарды сатып алуға, жалға алуға және күтіп ұстауға арналған;

      13) мерейтойлар күніне немесе қызметкерлерге ынталандыру түрінде берілетін сыйлықтар сатып алуға арналған;

      14) нормативтен тыс техникалық және коммерциялық ысыраптарға, тауарлық-материалдық құндылықтардың, қоймадағы қорлардың бұзылуына және жетіспеушілігіне және өндірілмейтін шығыстарға арналған;

      15) оқыту курстарын, семинарлар, тренингтер, дәрістер, көрмелер, пікірталастар, ғылым және өнер қайраткерлерімен кездесулер, ғылыми-техникалық конференциялар өткізуге және ұйымдастыруға арналған;

      16) қоғамдық ұйымдар мен қауымдастықтарға мүшелік жарналарға арналған;

      17) кәсіптік ауруларды оңалтып емдеуге байланысты шығындардан басқа, байланыс операторының қаражаты есебінен қызметкерлердің және олардың балаларының емделуіне, демалуына, экскурсияларына арналған жолдамаларға ақы төлеуге арналған;

      18) жылдың жұмыс қорытындылары бойынша әкімшілік персоналға сыйлықақы беруге және оларды ынталандыруға арналған;

      19) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген міндетті сақтандыру төлемдерін қоспағанда, сақтандыру төлемдері (байланыс операторы өз қызметкерлерінің пайдасына жасаған жеке және мүліктік сақтандыру шарттары бойынша байланыс операторы төлейтін жарналар);

      20) қызметкерлерге қосымша берілген демалыстарға (заңнамада көзделгеннен тыс), оның ішінде бала тәрбиелеп отырған әйелдерге ақы төлеуге, қызметкердің отбасы мүшелеріне демалысты пайдаланатын жерге бару және қайту жолына ақы төлеуге арналған;

      21) байланыс операторларының қызметкерлеріне жеңілдіктер;

      22) мектепке дейінгі мекемелердегі, шипажайлардағы және сауықтыру лагерлеріндегі балалардың тамақтану құнын өтеуге арналған;

      23) ұжымдық шартта айқындалған мақсаттарға кәсіптік одақтарға аударымдар;

      24) консалтингтік компаниялардың қызметтеріне арналған шығыстар.

      Ескерту. Қағида 8-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 05.10.2021 № 343/НҚ (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Субсидиялар мөлшері конкурс шарттары немесе Операторға байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі міндеттерді жүктеу шарттары бойынша айқындалады, тиісті қаржы жылына республикалық бюджетте көзделген субсидиялар мөлшерінен аспауға тиіс және шығыстар мен байланыстың залалды әмбебап қызметтерін көрсетуден түскен нақты кірістердің айырмасы ретінде айқындалады.

      10. Ауылдық елді мекендерде байланыстың әмбебап қызметтерін көрсететін Операторлардың залалдары, егер бұл конкурс шарттарында немесе байланыс операторына байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерін ұсыну жөніндегі міндеттерді жүктеу шарттарында айқындалған болса, субсидиялануға жатады.

      11. Әмбебап қызмет көрсету операторларына субсидиялар уәкілетті орган мен әмбебап қызмет көрсету операторы арасында жасалған шарт негізінде тоқсан сайын нақты көрсетілген байланыстың әмбебап қызметтері көлемінде төленеді.

      12. Операторлар уәкілетті органның байланыстың әмбебап көрсетілген қызметтердің нақты көлемі мен сапасы туралы деректерді келесі есептік дейінгі тоқсанның бірінші айының 15 күніне дейін тоқсан сайын ұсынады. Төртінші тоқсанның деректері тоқсанның соңғы айының болжамды деректері ескеріле отырып, есептік жылдың 10 желтоқсанына дейін беріледі.

      13. Операторларға байланыстың әмбебап қызметтерін көрсеткеніне кеткен шығындарды өтеу үшін уәкілетті орган субсидиялардың мөлшері жөнінде ведомость жасайды.