"Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығына өзге

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 28 шілдедегі № 335 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 2 қыркүйекте № 14199 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген, «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде 2015 жылғы 21 сәуірде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларында:
      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «9. Жаңа объектілерді және (немесе) қолданыстағы объектілерді өзгертуді (реконструкциялауды, кеңейтуді, жаңғыртуды, техникалық жағынан қайта жарақтандыруды, қалпына келтіруді, күрделі жөндеуді) қоса алғанда, жобаланған объектінің жауапкершілік деңгейін төменде көрсетілген параметрлер бойынша тапсырыс беруші айқындайды:
      1) жауапкершілігі I (жоғары) деңгейдегі объектілер:
      өнеркәсіп объектілері, өндірістік ғимараттар, құрылыстар:
      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 70-бабында белгіленген белгілері бар қауіпті өндірістік объектілер және «Қауіпті өндірістік объектілерді сәйкестендіру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 353  бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10310 болып тіркелген) сәйкес, солай деп сәйкестендірілетін объектілер;
      атом энергиясын пайдаланатын объектілер (оның ішінде ядролық қондырғылар, ядролық материалдарды және радиоактивті заттарды, қалдықтарды сақтау пункттері);
      қуаты 150 МВт (Мега Ватт) және одан жоғары жылу-энергетикалық ғимараттар мен құрылыстар;
      домен пештерінің орталық тораптары, биіктігі 100 м (метр) және одан биік түтін құбырлары;
      аралығы 100 м (метр) және одан көп, биіктігі 50 м (метр) және одан биік және (немесе) 32 тонна және одан көп жүк көтеру крандары бар өндірістік ғимараттар мен құрылыстар;
      өзге құрылыстар:
      сыйымдылығы 10 000 м3 (текше метр) және одан көп мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ резервуарлары;
      I және II сыныпты гидротехникалық құрылыстар;
      мұнайдың, мұнай өнімдерінің және газдың жобалау жөніндегі мемлекеттік нормативтерге сәйкес белгіленетін, I, II және III санаттағы жерасты қоймалары;
      газдың, мұнай өнімдерінің I және II сыныптағы магистральдық құбырлары;
      I және II сыныпты магистральдық мұнай құбырлары және мұнай өнімдерінің құбырлары;
      қысымы 1,2 МПа (Мега Паскаль) асатын газ тарату станцияларының объектілері;
      топтық су тартқыштарды қоса алғанда, магистральдық сумен жабдықтау, су бұру желілері және диаметрі 500 мм (миллиметр) және одан жоғары кәріздік коллекторлар және олардағы құрылыстар, су құбыры және кәріздік тазарту құрылыстары (СТҚ және КТҚ), сондай-ақ өнімділігі тәулігіне 10 000 м3 (текше метр) және одан көп сорғы станциялары мен бас тоғандар;
      диаметрі 800 мм (миллиметр) және одан жоғары магистральдық және тарату (орамішілік) жылумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар;
      биіктігі 100 м (метр) және одан биік теледидар мұнаралары және байланыстың антенналық-мачталық құрылыстары;
      кернеуі 220 кВ (кило Вольт) астам электр беру желілері және өзге де электр-желілік шаруашылық объектілері;
      Iа автомобиль жолдары (әрбір бағытта қозғалыс жолағының саны 3 және одан көп) және олардағы құрылыстар;
      елді мекендер шегіндегі жүрдек қозғалыстың магистральдық жолдары, үздiксiз қозғалыстың жалпықалалық маңызы бар магистральдық көшелері және олардағы құрылыстар;
      бірыңғай кешен ретінде салынатын магистральдық темір жолдар;
      барлық санаттардағы жолдарда ұзындығы 100 м (метр) және одан көп көпір құрылыстары;
      темір жолдың және автомобиль жолының тоннельдері;
      метрополитендер;
      әуежайлар, ұшу-қону жолақтары және авиациялық инфрақұрылымның өзге де объектілері;
      спорт және серуендеу кемелеріне қызмет көрсетуге арналған мамандандырылған порттарды қоспағанда, өзен және теңіз порттары;
      ғарыш айлақтарын қоса алғанда, ғарыш инфрақұрылымы объектілері; ұшыру кешендері және тасымалдағыш зымырандарды іске қосу қондырғылары; ғарыш аппараттарын басқаратын жерүсті кешендері; команда беру-өлшеу кешендері; ақпаратты қабылдауға, сақтауға, өңдеуге және таратуға арналған жерүсті нысаналы кешендер; ғарышты зерттеудің ғылыми-экспериментальдық базасы; антенналық кешендер; обсерваториялар; тәжірибелік өндірістер; ғарыш аппараттарын, тасымалдағыш зымырандарды және олардың құрам бөліктерін жинау, монтаждау, сынау жөніндегі кәсіпорындар; қауіпсіздікті және объектілердің инженерлік-техникалық беріктігін қамтамасыз етуге байланысты ғимараттар мен құрылыстар;
      азаматтық қорғаныс объектілері;
      көлемі жылына 100 мың және одан көп тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың полигондары;
      қауіптілігі I, II және III сыныпты улы өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру және көму жөніндегі полигондар;
      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер:
      жасанды микроклиматтың арнайы құрылғыларын талап ететін және (немесе) арнайы күзет немесе террорға қарсы іс-шараларды талап ететін республикалық басқармалардың әкімшілік органдарының ғимараттары, республикалық маңызы бар мұражайлардың, мемлекеттік мұрағаттардың ғимараттары, ұлттық және мәдени құндылықтарды сақтау қоймалары және қалалар мен елді мекендердің тіршілігін қамтамасыз ететін объектілер;
      қалыпты геологиялық жағдайдағы аудандар үшін биіктігі 25 қабат және одан асатын тұрғын үй және көп функционалды ғимараттар, оның ішінде әкімшілік ғимараттар;
      құрылыс салған кезде арнайы техникалық шешімдерді және іс-шараларды талап ететін сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) аудандар үшін немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық және геотехникалық) жағдайдағы биіктігі 12 қабат және одан асатын тұрғын үй және көп функционалды ғимараттар, оның әкімшілік ғимараттары;
      ауысымда 480-нен жоғары адам қабылдайтын стационары жоқ денсаулық сақтау объектілері;
      травматологиялық және хирургиялық бөлімдері бар ауруханалардың ғимараттары, сондай-ақ 50-ден асатын төсектік стационарлар;
      бір мезгілде (сыйымдылығы) 500-ден астам адам бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;
      бір мезгілде (сыйымдылығы) 1200-ден астам адам бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;
      200 және одан да көп жұмыс орны бар тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары;
      сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) аудандар үшін өрт депосының кешендері;
      бірегей конструктивтік схемалары немесе конструкциялары бар объектілер;
      бірегей конструктивтік схемалары немесе конструкциялары бар құрылыс объектілеріне жобалау құжаттамасында мынадай сипаттамалардың кемінде біреуі көзделген объектілер жатады:
      биіктігі 50 м (метр) астам;
      аралығы 50 м (метр) астам;
      15 м (метр) асатын консолдың болуы;
      жердің жоспарланған белгісінен 10 м (метр) астам төмен жерасты бөлігін тереңдету немесе жерасты қабатының санын екі қабаттан арттыру;
      оларға қатысты физикалық және геометриялық желілік емес қасиеттерді ескере отырып, стандартты емес есептеу әдістері қолданылатын немесе жобалауға және құрылыс салуға арналған арнайы техникалық шарттар әзірлеу талап етілетін конструкциялары және конструкциялық жүйелердің болуы;
      тергеу изоляторларын, түзету колонияларын, түрмелерді қоса алғанда, инфрақұрылым объектілері (медициналық қызмет көрсету объектілері, өндірістік кешендері және басқа да объектілері) бар қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің объектілері;
      2) жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілер:
      өнеркәсіп объектілері, өндірістік ғимараттар, құрылыстар:
      өрт, жарылыс, газ, химиялық агрессивті, улы және уытты заттар бойынша қауіпті емес өндірістік-шаруашылық құрылыстарын (тауарлар мен материалдарды сақтау үшін ерекше жағдайларды, сондай-ақ өзге де жобалау шешімдері мен іс-шараларды талап ететін биіктігі 2 қабаттан жоғары және алаңы 2000 шаршы метрден астам қоймалар және сақтау қоймалары) қоса алғанда, өндірістік объектілер (машина жасау, көліктік, құрастырушы, өңдеуші, жеңіл және өнеркәсіптің басқа да салаларының объектілері);
      қуаты 150 МВт (Мега Ватт) дейінгі жылу-энергетика ғимараттары мен құрылыстары;
      агроөнеркәсіп кешенінің кәсіпорындары (сүт, ет өнімдерін өндіру жөніндегі мал шаруашылығы кешендері), жылыжай комбинаттары;
      домен пештерінің орталық тораптары, биіктігі 100 м (метр) дейінгі түтін құбырлары;
      аралығы 100 м (метр) дейінгі, биіктігі 50 м (метр) дейінгі және (немесе) 32 тоннаға дейінгі жүк көтеру крандары бар өндірістік ғимараттар мен құрылыстар;
      өзге құрылыстар:
      сыйымдылығы 10 000 м3 (текше метр) дейінгі мұнай, мұнай өнімдері, сұйытылған газ резервуарлары;
      III және IV сыныптағы гидротехникалық құрылыстар;
      жобалау жөніндегі мемлекеттік нормативтерге сәйкес белгіленетін мұнайдың, мұнай өнімдерінің және газдың IIIб және IIIв санаттағы жерасты қоймалары;
      газдың, мұнай өнімдерінің III және IV сыныпты магистральдық құбырлары;
      III және IV сыныпты магистральдық мұнай құбырлары және мұнай өнімдерінің құбырлары;
      қысымы 0,3 МПа (Мега Паскаль) бастап 1,2 МПа (Мега Паскаль) дейінгі (қоса алғанда) газ тарату станциялары (қоса алғанда);
      топтық су тартқыштарды қоса алғанда, магистральдық сумен жабдықтау, су бұру желілері және диаметрі 500 мм (миллиметр) дейінгі кәріздік коллекторлар және олардағы құрылыстар, су құбыры және кәріздік тазарту құрылыстары (СТҚ және КТҚ), сондай-ақ өнімділігі тәулігіне 10 000 м3 (текше метр) кем сорғы станциялары мен бас тоғандар;
      траншеясыз әдіспен орындау кезінде 500 мм (миллиметр) және жоғары топтық су құбырлары мен коллекторлар;
      диаметрі 350 мм (миллиметр) бастап 800 мм (миллиметр) дейінгі магистральдық және одан тарату (орамішілік) жылумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар;
      магистральдық байланыс желілерінің желілік-кабельдік құрылыстары, биіктігі 100 м (метр) дейінгі теледидар мұнаралары және байланыстың антенналық-мачталық құрылыстары;
      кернеуі 35 кВ бастап 220 кВ (кило Вольт) дейінгі (қоса алғанда) электр беру желілері және өзге де электр-желілік шаруашылық объектілері;
      Iб, II, III санаттардағы автомобиль жолдары (әрбір бағытта қозғалыс жолағының саны 3 кем) және олардағы құрылыстар;
      9-тармақтың 1) тармақшасында көрсетілмеген қалалық және ауылдық елді мекендердегі көшелер мен жолдар, өнеркәсіптік кәсіпорындардың ішкі және сыртқы автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар (көпір құрылыстарын қоспағанда);
      жеке жобалар бойынша іске асырылатын магистральдық темір жол желілерінің объектілері, сондай-ақ кіреберіс және станциялық жолдар;
      барлық санаттардағы жолдарда ұзындығы 100 м (метр) дейінгі көпір құрылыстары;
      көлемі жылына 100 мың тоннаға дейінгі қатты тұрмыстық қалдықтар полигондары;
      қауіптілігі IV сыныпты улы өнеркәсіп қалдықтарын залалсыздандыру және көму полигондары;
      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер:
      қалыпты геологиялық жағдайдағы аудандар үшін биіктігі 4 қабаттан 25 қабатқа дейінгі тұрғын үй және көп функционалды ғимараттар, сондай-ақ биіктігі 3 қабаттан 25 қабатқа дейінгі әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;
      құрылыс салған кезде арнайы техникалық шешімдерді және іс-шараларды талап ететін сейсмикалық белсенділігі жоғары (7 және одан жоғары балл) аудандар үшін немесе өзге де ерекше геологиялық (гидрогеологиялық және геотехникалық) жағдайдағы биіктігі 12 қабатқа дейінгі тұрғын және көп функционалды ғимараттар, оның ішінде әкімшілік ғимараттар;
      бір мезгілде (сыйымдылығы) 150-ден 500-ге дейін адам (қоса алғанда) бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;
      бір мезгілде (сыйымдылығы) 800-ден 1200-ге дейін адам (қоса алғанда) бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;
      сыйымдылығы 50 орыннан асатын қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);
      жоғары және орта оқу орындарының, мектептердің, балалардың мектепке дейінгі мекемелерінің ғимараттары;
      сыйымдылығы 50 баладан асатын мектеп-интернаттарының жатын корпустарының, балаларға арналған демалу лагерлерінің ғимараттары;
      ауысымына 50-ден 480-ге дейін адам (қоса алғанда) қабылдайтын стационары жоқ денсаулық сақтау объектілері;
      50-ден 200-ге дейін жұмыс орны бар тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары;
      қалыпты геологиялық жағдайдағы аудандар үшін өрт депосының кешендері;
      бір мезгілде көлік құралдарының 10 бірлігінен астамына қызмет көрсететін автосервис пункттері (шеберханалар), сондай-ақ жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан асатын, жер астындағы биіктігі 2 қабаттан асатын жерүсті немесе жерасты гараждар-тұрақтар;
      травматологиялық және хирургиялық бөлімдері бар ауруханалардың ғимараттары, сондай-ақ 50 және одан кем төсектік стационарлар;
      3) техникалық жағынан күрделіге жатпайтын жауапкершілігі II (қалыпты) деңгейдегі объектілер:
      тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы объектілер:
      жер үстіндегі биіктігі 3 қабаттан аспайтын (үстіңгі техникалық қабатты қоспағанда) тұрғын үйлер;
      келушілерді (көрермендер, клиенттер, науқастар, жолаушылар, сатып алушылар, қонақүйде тұратындар және тағы сол сияқты), сондай-ақ оларға қызмет көрсетуші қызметкерлер мен персоналды қоса алғанда, ішкі үй-жайларында бір мезгілде 50-ден аспайтын адам болатын, жер үстіндегі биіктігі 2 қабаттан аспайтын (үстіңгі техникалық қабатты қоспағанда) әкімшілік-тұрмыстық, қоғамдық ғимараттар мен құрылыстар;
      бір мезгілде көлік құралдарының 10 бірлігіне дейін (қоса алғанда) қызмет көрсететін автосервис пункттері (шеберханалар), сондай-ақ жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан аспайтын (қоса алғанда), жер астындағы биіктігі 2 қабаттан аспайтын (қоса алғанда) жерүсті немесе жерасты гараждар-тұрақтар;
      вахталық кенттердегі жер үстіндегі биіктігі 3 қабаттан аспайтын тұрғын ғимараттар және әлеуметтік-мәдени-тұрмыстық объектілер;
      өзге құрылыстар:
      IV және V санаттағы автомобиль жолдары және олардағы құрылыстар;
      кернеуі 35 кВ (кило Вольт) және одан кем электр беру желілері және өзге де электр-желілік шаруашылық объектілері;
      жеке тұрғын үй кешендері үшін тұрғындарының саны 500 адамнан аспайтын, жұмыс қысымы 1 МПа (Мега Паскаль) кем, диаметрі 300 мм (миллиметр) (қоса алғанда) сыртқы сумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар, оның ішінде тарту (орамішілік, көшелік) алаңішілік сумен жабдықтау желілері, орамішілік су бұру желілері, үйішілік сумен жабдықтау және су бұру желілері;
      траншеясыз әдіспен орындау кезіндегі 500 мм (миллиметр) дейінгі топтық су құбырлары мен коллекторлары;
      диаметрі 350 мм (миллиметр) дейінгі сыртқы жылумен жабдықтау желілері және олардағы құрылыстар;
      аймақтық және жергілікті байланыс желілерінің желілік-кабельдік құрылыстары;
      шаруашылық-тұрмыстық және техникалық сумен жабдықтау үшін су құбыры ұңғымаларын жайластыру және олардағы құрылыстар;
      қысымы 0,3 МПа (Мега Паскаль) дейінгі газ тарату станцияларының объектілері;
      бір мезгілде (сыйымдылығы) 150-ге дейін адам бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;
      бір мезгілде (сыйымдылығы) 800-ге дейін адам бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;
      сыйымдылығы 50 орынға дейінгі қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);
      4) жауапкершілігі III (төмендетілген) деңгейдегі объектілер:
      алаңішілік байланыс желілері;
      қолданыстағы инженерлік желілерді өзгертуді талап етпейтін жеке аулалық учаскелердің аумақтарындағы шаруашылық-тұрмыстық жапсарлас құрылыстар және абаттандыру;
      контейнерді және блоктарды пайдаланып жасалатын ұтқыр кешендер, сондай-ақ сауда, қоғамдық тамақтану және тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындары үшін құрастырмалы-бұзылмалы конструкциялардан тұрғызылған бір қабатты ғимараттар (құрылыстар);
      уақытша, маусымдық және қосалқы мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстар (парниктер, павильондар, биіктігі 2 қабатқа дейін және ауданы 2000 шаршы метрге дейін қоймалар (қоса алғанда), байланыс, жарықтандыру тіректері, қоршаулар және сол сияқты құрылыстар);
      әкімшілік-тұрмыстық және өндірістік ғимараттардың ішіндегі автоматты күзет-өрт дабыл және тарту-шығару желдеткіш жүйелері;
      аулалық үлгідегі тұрғын үйлердің сумен жабдықтау және су бұру желілері;
      қысымы 0,005 МПа (Мега Паскаль) дейінгі газ тарату станциялары, оның ішінде аз қабатты және көп қабатты тұрғын үйлерді (жеке тұрғын үйді қоса алғанда) газдандырудың тұрмыстық мақсаттағы алаңішілік желілері және үйішілік газбен жабдықтау жүйелері.»;
      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «18. Тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы технологиялық жағынан күрделі объектілерге:
      1) қоғамдық ғимараттар:
      қауіпсіздік және лаңкестікке қарсы күрес іс-шаралары үшін арнайы құрылғыларды талап ететін республикалық және облыстық басқарманың әкімшілік органдары;
      арнайы жасанды микроклимат құрылғылары мен қорғау іс-шараларын талап ететін республикалық маңызы бар мұражай, мемлекеттік мұрағаттар, ұлттық және мәдени құндылықтар қоймалары;
      2) құрылыс алаңында сейсмикалық және өзге де ерекше геологиялық, гидрогеологиялық немесе геотехникалық жағдайлардың болуына қарамастан, биіктігі 10 жерүсті қабат және одан асатын көп функционалды көп қабатты кешендер;
      3) арнайы техникалық шешімдерді талап ететін, объектінің биіктігіне байланысты адам тұру үшін қосымша қауіпті жоятын биіктігі 12-ден асатын жерүсті қабаты бар тұрғын ғимараттар;
      4) нөмірлер саны 70-тен асатын және жалпы сыйымдылығы 100-ден астам адам тұруға арналған жерүсті қабаты 9-дан асатын қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);
      5) денсаулық сақтау объектілері:
      ауысымына 480 және одан көп адам қабылдайтын стационары жоқ емханалар (амбулаториялар);
      травматологиялық және хирургиялық бөлімдері бар ауруханалар, мамандандырылған стационарлар мен диспансерлер, сондай-ақ 100 және одан көп төсектік көп бейінді стационарлар;
      100 және одан көп төсектік сауықтыру орталықтары;
      6) бір мезгілде (сыйымдылығы) 800-ден жоғары (қоса алғанда) адам бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;
      7) 200 және одан астам жұмыс орны бар тұрмыстық қызмет көрсету кәсіпорындарының ғимараттары, сондай-ақ сыйымдылығы 200 отыратын орыннан асатын жеке тұрған бір және екі қабатты қоғамдық тамақтану объектілерінің ғимараттары;
      8) жоғары және орта арнайы оқу орындарының кешендері (жеке тұрған спорт кешендерін, тамақтану блоктарын, тұрғын қалашықтарды және жатақханалар корпустарын қоспағанда кампустар):
      биіктігі 9 және одан көп жерүсті қабатындағы әкімшілік корпустар:
      биіктігі 9 және одан көп жерүсті қабатты оқу, оқу-зертханалық корпустар және шеберханалар;
      9) сыйымдылығы 600 және одан астам оқушыға арналған жалпы білім беретін мектептер (гимназиялар, лицейлер);
      10) орын саны 95 және одан астам балаларға арналған мектепке дейінгі білім беру объектілері;
      11) сыйымдылығы 100 баладан асатын мектеп-интернаттарының жатын корпустарының, балаларға арналған демалу лагерлерінің ғимараттары;
      12) инфрақұрылым объектілері (медициналық қызмет көрсету объектілері, өндірістік кешендері, ғибадат құрылыстары және өзге де объектілері) бар тергеу изоляторларын, түзету колонияларын, түрмелерді қоса алғанда қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің объектілері;
      13) көліктік инфракұрылымның азаматтық объектілері:
      өткізу қабілеті тәулігіне 150 және одан көп жолаушыны қоса алғандағы темір жол вокзалдары;
      өткізу қабілеті тәулігіне 100 және одан көп жолаушыны қоса алғандағы автовокзалдар (автостанциялар);
      өткізу қабілеті сағатына 100 және одан көп әуе жолаушысын қоса алғандағы, адамдарға қызмет көрсетуге арналған қалалық аэровокзалдар және әуежайлардың жолаушылар терминалдары;
      100 және одан көп адамды қоса алғандағы күту залдары бар теңіз және өзен вокзалдары (жүзу айлақтарын және дебаркадерлерді қоспағанда);
      14) өртке қарсы қызмет органдарының объектілері:
      қалалар мен кәсіпорындарды күзету үшін 6, 8, 10, 12 автомобильге арналған I және III үлгідегі тиісінше орталық өрт деполары;
      қалалар мен кәсіпорындарды күзету үшін 2, 4, 6 автомобильге арналған II және IV үлгідегі тиісінше өрт деполары жатады;
      15) бір мезгілде (сыйымдылығы) 150-ден жоғары (қоса алғанда) адам бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар.»;
      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
      «20. Тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы технологиялық жағынан күрделі объектілерге мынадай ғимараттар мен құрылыстар және олардың кешендері:
      1) құрылыс ауданындағы сейсмикалық және өзге де айрықша геологиялық, гидрогеологиялық және геотехникалық жағдайлардың болуына қарамастан, биіктігі 9-ға дейінгі (қоса алғанда) жерүсті қабаты бар аз қабатты және орташа қабатты тұрғын үйлер (тұрғын ғимараттар) және жатақханалар;
      2) нөмірлер саны 70-тен аспайтын және жалпы сыйымдылығы 100-ден аспайтын адам тұруға арналған жерүсті қабаты 9-ға дейінгі (қоса алғанда) қонақ үй кешендері (мотельдер, туристік базалар);
      3) сыйымдылығы 300-ден аспайтын және биіктігі 3 жерүсті қабатынан аспайтын, сондай-ақ қолданыстағы құрылыс салынған тығыз орналасқан учаскелер үшін 4 жерүсті қабатынан аспайтын жалпы білім беретін мектептер (гимназиялар, лицейлер);
       4) 95-тен кем емес орындық және биіктігі 3 жерүсті қабатынан аспайтын мектепке дейінгі білім беру объектілері;
      сыйымдылығы 100 баладан аспайтын және биіктігі 3 жерүсті қабатынан аспайтын жеке тұрған мектеп-инернаттарының, балаларға арналған демалу лагерлерінің жатын корпустары;
      6) емдеу-профилактикалық мекемелер:
      ақылы балалар ауруханаларын қоса алғанда, биіктігі 5 жерүсті қабатынан аспайтын, сыйымдылығы 100 төсектен кем көп функционалды
(оның ішінде аналарымен бірге 3 жасқа дейінгі балаларға арналған) ауруханалар;
      сыйымдылығы 100 төсектен аспайтын, биіктігі 2 жерүсті қабатынан аспайтын жеті жасқа дейінгі балаларға арналған балалар ауруханалары (балаларға арналған бөлімдердің корпустары) және ақылы балаларға арналған психиатрлық бөлімшелердің палаталары;
      ауысымына 480-ге дейінгі адамды қоса алғанда қабылдайтын, биіктігі 5 жерүсті қабатынан аспайтын емханалар;
      бір - екі қабатты жеке тұрған алғашқы медициналық қызмет көрсету пункттері;
      7) бір мезгілде (сыйымдылығы) 150-ге дейін адам бара алатын спорттық-ойын-сауық, жабық ғибадат ғимараттары немесе ашық құрылыстар;
      8) бір мезгілде 400-ден астам адам бола алатын және биіктігі 5 жерүсті қабатынан аспайтын көп функционалды қоғамдық, сондай-ақ жеке тұрған әкімшілік, қызметтік-басқарушы және мәдени-ағарту ғимараттары;
      9) бір мезгілде (сыйымдылығы) 800-ге дейін адам бара алатын сауда-ойын-сауық объектілері;
      10) бір мезгілде 150 адамнан астам келушілерге және қызмет көрсететін персоналға арналған монша-кір жуу, сауықтыру және дене шынықтыру, сондай-ақ спорт-ойын-сауық кешендерінің жеке тұрған бір және екі қабатты ғимараттары және жабық құрылыстары;
      11) жұмыс орнының саны 200-ден кем шағын кәсіпкерлік субъектілерінің халыққа тұрмыстық қызмет көрсетуіне арналған өндірістік процестері бар жеке тұрған бір және екі қабатты ғимараттар;
      12) сыйымдылығы 200-ді қоса алғандағы отыратын орыннан аспайтын жеке тұрған бір және екі қабатты қоғамдық тамақтану объектілері;
      13) сауда алаңы 500 шаршы метрден аспайтын бөлшек сауда кәсіпорындарының бір және екі қабатты ғимараттары және сауда орындарының саны 300 бірліктен аспайтын жабық базарлар;
      14) биіктігі 3 жерүсті қабатынан аспайтын көліктік инфрақұрылымның азаматтық объектілері:
      өткізу қабілеті тәулігіне 150 жолаушыдан аспайтын темір жол вокзалдары;
      өткізу қабілеті тәулігіне 100 жолаушыдан аспайтын автовокзалдар (автостанциялар);
      өткізу қабілеті сағатына 100 адамнан аспайтын әуе жолаушыларына, адамдарға қызмет көрсетуге арналған қалалық аэровокзалдар және әуежайлардың жолаушылар терминалдары;
      100 аспайтын адам бола алатын күту залы бар теңіз және өзен вокзалдары (жүзу айлақтарын және дебаркадерлерді қоспағанда);
      15) жеке тұрған:
      шағын елді мекендерді (қалаларды қоспағанда) күзету үшін 2, 4 автомобильге арналған V үлгідегі өрт депосы;
      бір мезгілде көлік құралдарының 10 бірлігіне дейін (қоса алғанда) қызмет көрсететін автосервис пункттері (шеберханалар);
      жер үстіндегі биіктігі 5 қабаттан аспайтын (қоса алғанда), жер астындағы биіктігі 2 қабаттан аспайтын (қоса алғанда) жерүсті немесе жерасты гараждар-тұрақтар;
      16) жек тұрған шаруашылық үй-жайлары (тауарлар мен материалдарды сақтау үшін ерекше жағдайларды талап етпейтін қоймалар және сақтау қоймалары), сондай-ақ құрылыс салған және пайдаланған кезде арнайы жобалау шешімдері мен өрт және жарылыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ аэрацияның, ылғалдылықтың, температуралық режимнің нормативтік деңгейін қолдау жөніндегі ерекше шарттарды, дірілді шектеуді және өзге де арнайы нормативтік талаптарды талап етпейтін қоймалар (сақтау қоймалары) үй-жайлары бар жапсарлас салынған (жапсарлас-жанастыра салынған) азаматтық мақсаттағы өзге де ғимараттар мен құрылыстар;
      17) мыналарды:
      аумақты инженерлік дайындауды;
      электрмен жабдықтауды және сыртқы электрмен жарықтандыруды;
      жергілікті сумен жабдықтау (оның ішінде суару желілерін) және су бұру жүйелерін;
      шағын сәулеттік нысандарды және сәндік-көркемдік құрылыс элементтерін;
      өткелдердің жол жабындарын және жаяу жүргіншілер жолдарын;
      балаларға арналған ойын алаңдарын және аттракциондарды;
      тұрақ құрылыстарын және су құрылыстарын қоса алғанда, елді мекендерде құрылыс салынатын аумақты абаттандыру және көгалдандыру жатпайды.».
      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі                  Қ.Бишімбаев