Мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны төлеудің қағидалары мен шартын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2016 жылғы 29 маусымдағы № 193 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 2 тамызда № 14057 болып тіркелді.

      "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкесБҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны төлеудің қағидалары мен шарты бекітілсін.

      2. "Мәдениет ұйымдарының кейбір қызметкерлеріне кәсіби шеберлігі үшін қосымша ақы төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 22 қарашадағы № 271 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9017 болып тіркелген, 2014 жылғы 9 қаңтарда "Казахстанская правда" газетінде № 4 (27625) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Экономика және қаржы департаменті (А.Б. Досходжаева):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде төлнұсқасына толық сәйкес келетін оның графикалық форматтағы көшірмелерін "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялау үшін жолдауды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрыққа қол қоюға уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған электронды және қағаз түріндегі көшірмелерін ресми жариялау үшін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне, Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне енгізу үшін "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      4) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      5) осы тармақпен көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Мәдениет және спорт министрі

А. Мұхамедиұлы


  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2016 жылғы 29 маусымдағы
№ 193 бұйрығымен
бекітілген

Мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны төлеудің
қағидалары мен шарты
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны төлеудің қағидалары мен шарты (бұдан әрі - Қағида) мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны төлеудің тәртібін айқындайды.

      2. Басты (жетекші) рөлдерді (партияларды) орындағаны, ағымдағы репертуарда жұмыспен қамтылғаны үшін, басты (жетекші) рөлдерді (партияларды) орындауды және ағымдағы репертуарда жұмыспен қамтылуды қоспағанда театр, опера (оперетта), балет, музыкалық комедия, цирк, концерттік ұйымдар әртістеріне техникалық шеберлігі үшін мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны (бұдан әрі – қосымша ақы) төлеу жүзеге асырылады.

      3. "Мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын әзірлеу, бекіту, олардың іске асырылуын мониторингілеу және бағалау, сондай-ақ олардың орындалуы жөніндегі есептерді әзірлеу және ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 14 ақпандағы № 14 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18328 болып тіркелген) сәйкес қосымша ақыны белгілеу мемлекеттік кәсіпорынның тиісті қаржы жылына бекітілген даму жоспарындағы еңбекке ақы төлеу қоры есебінен және қор шегінде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 29.12.2020 № 366 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Қосымша ақыны төлеудің қағидалары мен шарты

      4. Қосымша ақыны "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес мынадай критерийлерге белгіленеді:

      1) басты (жетекші) рөлдерді (партияларды) орындағаны, ағымдағы репертуарда жұмыспен қамтылуына;

      2) техникалық шеберлігіне. Техникалық шеберлік ретінде мәдениет саласындағы шығармашылық білімді, дағдыны және әдістерді қолдана білуді түсіну қажет.

      5. Қосымша ақының мөлшері көркемдік жетекшінің немесе тиісті құрылымдық бөлімше жетекшісінің немесе олардың міндетін атқарушысының қосымша ақыны белгілеу туралы (еркін нысандағы) жазбаша ұсынысы негізінде ұйым басшының немесе міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен жүзеге асырылады.

      6. Қосымша ақыны белгілеу туралы жазбаша ұсынысында келесі мәліметтер көрсетіледі:

      1) мәдениет ұйымдарының қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

      2) мәдениет ұйымдарының қызметкерінің лауазымы;

      3) репертуар туралы қысқаша ақпарат;

      4) қосымша ақыны төлеудің негіздемесі және мөлшері.

      7. Мәдениет ұйымдарының қызметкеріне қосымша ақыны лауазымдық жалақыдан 50 %-ға дейінгі мөлшерде белгіленеді.

      8. Мәдениет ұйымдарының қызметкерлеріне қосымша ақыны еңбекақымен ай сайын бірге есептеледі.

      9. Қосымша ақыны төлеу күнтізбелік жыл бойына қолданылады және қажеттілігіне қарай қайта қаралады.