"Өнімнің кері экспортына рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 539 бұйрығына өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 20 маусымдағы № 502 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 шілдеде № 14047 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2023 жылғы 16 мамырдағы № 355 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 28.04.2023 № 308 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Өнiмнiң транзитiне рұқсат беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 384 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12197 болып тіркелген, 2015 жылғы 12 қарашада "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Өнiмнiң транзитiне рұқсат беру қағидаларында:

      мынадай мазмұндағы 1-1-тармақпен толықтырылсын:

      "1-1. осы Қағидалардың қолданысы егер баратын елге немесе жөнелтуші елге Қазақстан Республикасының, халықаралық ұйымдардың және оларға қатысты Қазақстан Республикасы осы салада оларды сақтау жөніндегі міндеттемелер қабылдаған жекелеген мемлекеттердің санкциялары салынған жағдайларда қолданылмайды және өнiмнiң транзитiне рұқсат берілмейді.";

      4-тармақтың 13) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "13) 1, 6 және 7-санаттағы қауіпті жүкті тасымалдауға арнайы рұқсат – қауіпті жүктердің транзиттік тасымалын автомобиль көлігімен жүзеге асырған кезде.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Уәкілетті орган рұқсат беруден мынадай:

      1) өтiнiш берушiнің рұқсатты алу үшін ұсынған құжаттарының және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) анық еместігі анықталған;

      2) өтiнiш берушiнің және (немесе) рұқсат беру үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректердің және мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеген;

      3) уәкілетті мемлекеттік органның рұқсат беру үшін қажетті келісімі туралы сұрау салуға берілген теріс жауап, сондай-ақ сараптаманың, зерттеудің не тексерудің теріс қорытындысы;

      4) өтiнiш берушiге қатысты оның қызметіне немесе рұқсатты алуды талап ететін жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы соттың заңды күшіне енген шешімінің (үкімінің) болуы;

      5) өтiнiш берушiге қатысты соттың заңды күшіне енген үкімінің болуы, оның негізінде өтiнiш берушiнің мемлекеттік рұқсат алумен байланысты арнаулы құқығынан айырылуы жағдайларда бас тартылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіпте Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оның көшірмелерін баспа және электрондық түрде күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға, сондай-ақ тіркелген бұйрықты алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы нормативтiк құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкiне енгізу үшін Республикалық құқықтық ақпарат орталығына жіберуді;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму министрі

Ә. Исекешев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ақпарат және коммуникациялар министрі

      __________________ Д. Абаев

      2016 жылғы 24 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрінің

      міндетін атқарушы

      __________________ Е. Нысанбаев

      2016 жылғы 22 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрі

      __________________ Е. Сағадиев

      2016 жылғы 25 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрі

      __________________ И. Тасмағамбетов

      2016 жылғы 30 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      __________________Қ. Бишімбаев

      2016 жылғы 30 маусым

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрінің

      міндетін атқарушы

      __________________ М. Мырзағалиев

      2016 жылғы 23 маусым