Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмiлелердi айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану, қор биржасының сараптама комитетін жасақтау және оның жұмыс жасау қағида

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 13 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 29 ақпанда № 13333 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 28 желтоқсандағы № 319 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.12.2018 № 319 (01.01.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 54 (01.06.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану, қор биржасының сараптама комитетін жасақтау және оның жұмыс жасау қағидалары, сондай-ақ оның сандық құрамы бекітілсін (бұдан әрі – Қағидалар).

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 54 (01.06.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      2. "Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану, қор биржасының сараптамалық комитетін құру және оның жұмыс істеу қағидаларын, сондай-ақ оның сандық құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 70 қаулысының (2014 жылғы 6 маусымда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9488 тіркелген, 2014 жылғы 4 шілдеде "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Әбдірахманов Н.А.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары О.А. Смоляковқа жүктелсін.

      6. Осы қаулы 2016 жылғы 1 қазаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Д. Ақышев


  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 29 қаңтардағы
№ 13 қаулысымен бекітілген

Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану, қор биржасының сараптама комитетін жасақтау және оның жұмыс жасау қағидалары, сондай-ақ оның сандық құрамы

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 54 (01.06.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      1. Осы Ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану, қор биржасының сараптама комитетін жасақтау және оның жұмыс жасау қағидалары, сондай-ақ оның сандық құрамы (бұдан әрі – Қағидалар) "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Бағалы қағаздар рыногы туралы заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану тәртібін және талаптарын, сондай-ақ бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп тану мәселелерін қарау мақсатында құрылған қор биржасының сараптама комитетін (бұдан әрі – сараптама комитеті) жасақтау және оның жұмыс жасау тәртібін, сондай-ақ оның сандық құрамын белгілейді.

      Бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен айла-шарғы жасау мақсатында жасалған мәмілелерді анықтау мәні бойынша мониторингке және талдауға "Негізгі" алаңында "акциялар", "борыштық бағалы қағаздар", "банктік депозит сертификаттары", "құрылуы және жұмыс істеуі қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын өзге секторлар" секторларынан және "Аралас" алаңында, сондай-ақ "құрылуы және жұмыс істеуі қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын өзге алаңдарда" "исламдық бағалы қағаздар", "инвестициялық қорлардың бағалы қағаздары", "туынды қаржы құралдары", "халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары", "құрылуы және жұмыс істеуі қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылатын өзге секторлар" секторларынан бағалы қағаздармен және (немесе) қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер жатады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.03.2016 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 54 (01.06.2017 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Бағалы қағаздармен мәміле деп, егер:

      1) ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында акциялармен мәміле жасаған кезде акциялармен жасалған осы мәміле бағасының осы акциялардың, Қағидалардың 4-тармағына сәйкес есептелген орташа алынған бағасынан ауытқуы 30 (отыз) және одан астам пайыз құраса;

      2) ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында облигациялармен мәміле жасаған кезде осы мәміленің бағасына сәйкес осы бағалы қағаздардың өтелетін кірістілігінің осы бағалы қағаздардың Қағидалардың 5-тармағына сәйкес есептелген орташа алынған нарықтық кірістілігінен ауытқуы 5 (бес) және одан көп пайыздық тармақты құраса, осындай мәмілені жасағанға дейін ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында осы бағалы қағаздарға қалыптасқан бағадан айтарлықтай өзгешеленетін баға бойынша жасалған мәміле танылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.03.2016 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Орындалуы осы мәмілелердің тараптарындағы осындай бағалы қағаздар санының елеулі өзгеруіне әкеп соқтырмаған бағалы қағаздарды сатып алу-сатудың мынадай мәмілелері айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп танылмайды:

      1) қор биржасының сауда жүйесінің осындай операцияларға арналған секторында жүзеге асырылатын сол бір "репо" операциясына жататын "репоны" ашу және жабу мәмілелері;

      2) бірдей көлемдегі және сол бағалы қағаздармен жасалған екі мәміле, олардың екіншісі ұйымдастырылған нарықта осы мәмілелердің біріншісін жасаған кезде жіберілген техникалық қатені түзету мақсатында жасалған болса;

      3) мына талаптарға немесе мына талаптардың біреуіне сәйкес келетін, қор биржасының сауда жүйесінде бағалы қағаздармен ашық сауда-саттық әдісімен жасалған мәмілелер:

      мәміле жасалған күнінің алдындағы соңғы 30 (отыз) жұмыс күні ішінде, бірақ осы кезеңнің кемінде 21 (жиырма бір) жұмыс күні ішінде осы атаудағы бағалы қағаздармен қор биржасының кемінде 7 (жеті) мүшесі тараптары болып табылатын, жиынтық көлемі 35 000 000 (отыз бес миллион) теңгеден кем емес мәмілелер жасалған. Қор биржасының сауда жүйесінде сауда жүйесінің қатысушыларына жеке-жеке әрбір бағалы қағаз бойынша ағымдағы сауда-саттық күнінің алдындағы соңғы 30 (отыз) жұмыс күні ішінде аталған бағалы қағаз бойынша жасалған мәмілелердің тарабы болып табылған қор биржасы мүшелерінің санын қадағалап отыруға мүмкіндік беретін баптаулар көзделеді;

      мәміле жасалған сәтте осы бағалы қағаздар осы қор биржасында айналысқа жіберілген неғұрлым өтімді акциялардың бағасы бойынша қор биржасының ішкі құжаттарына сәйкес есептелетін қор биржасы индексінің өкілдік тізіміне енгізілген.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      4. Акциялардың орташа алынған нарықтық бағасы қор биржасы соңғы өткен 5 (бес) жұмыс күн ішінде ашық сауда әдісімен өткізген сауда-саттықтарда акциялармен (ақшалай) жасалған мәмілелердің жиынтық көлемінің осындай мәмілелердің жиынтық мөлшеріне (бағалы қағаздармен) қатынасы ретінде есептеледі (Қағидалардың осы тармағының екінші және үшінші бөліктерінде белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып).

      Егер көрсетілген кезең ішінде акциялармен жасалған мәмілелер саны 5 (бестен) кем болса, осы акциялардың орташа алынған нарықтық бағасы қор биржасы соңғы өткен күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде ашық сауда әдісімен өткізген сауда-саттықтарда осы акциялармен (ақшалай) жасалған соңғы 5 (бес) мәміленің жиынтық көлемінің мұндай соңғы 5 (бес) мәміленің (бағалы қағаздармен) жиынтық мөлшеріне қатынасы ретінде есептеледі.

      Егер соңғы өткен күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде акциялармен жасалған мәмілелердің саны 5 (бестен) кем болса, онда осы акциялардың орташа алынған нарықтық бағасы есептелмейді.

      5. Өтелетін облигациялардың орташа алынған нарықтық кірістілігі мына формула бойынша есептеледі:



      мұнда:

      Y - өтелетін облигациялардың орташа алынған нарықтық кірістілігі, жылдық пайызбен;

      Yi - осы облигациялармен жасалған і-ші мәміленің бағасына сәйкес өтелетін облигациялардың кірістілігі, жылдық пайызбен;

      Vi - облигациялармен жасалған і-ші мәміленің көлемі, ақшалай;

      n - қор биржасы соңғы өткен 5 (бес) жұмыс күн ішінде ашық сауда әдісімен өткізген сауда-саттықтарда облигациялармен жасалған мәмілелер саны.

      Егер соңғы өткен бес жұмыс күн ішінде облигациялармен жасалған мәмілелер саны 5 (бестен) кем болса, қор биржасы соңғы толық өткен күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде ашық сауда әдісімен өткізген сауда-саттықтарда облигациялармен жасалған мәмілелер саны 5 (бес) және одан астамын құрау талабымен, n 5 (беске) тең болады.

      Егер соңғы толық өткен күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде облигациялармен жасалған мәмілелердің саны 5 (бестен) кем болса, осы өтелетін облигациялардың орташа алынған нарықтық кірістілігі есептелмейді.

      6. Бағалы қағаздар нарығы туралы заңының 56-бабының 5-тармағында аталған талаптардың біреуіне сәйкес келетін мәмілелерді қоспағанда, ұйымдастырылған немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған бағалы қағаздармен мәмілелерді анықтау мәні бойынша мынадай мәмілелер мониторингке және талдауға жатады:

      1) Қағидалардың 2-тармағында көзделген мәміле;

      2) қор биржасының сауда жүйесінде немесе ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған, дербес не қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның (бұдан әрі - уәкілетті орган) брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар ұйымының мәміле жасау жөніндегі бұйрықтарын тапсыру арқылы әрекет жасайтын сол бір тұлға бағалы қағаздарды сатушы және сатып алушы ретінде болатын мәміле;

      3) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен жай, заңды салдарын туғызуға ниетісіз жасалған мәміле не бірнеше мәміле (жалған мәмілелер);

      4) бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен басқа мәмілені жасыру мақсатында жасалған мәміле не бірнеше мәміле (бүркеме мәмілелер).

      7. Қор биржасы 1 (бір) сауда күні ішінде жасалған валюталық жұп АҚШ долларымен және теңгемен екі және одан көп мәмілелер серияларына олар мына талаптарға сәйкес келген кезде мониторингті және талдауды жүзеге асырады:

      1) мәмілелер қор биржасының сауда жүйесіне қарсы 2 (екі) және одан көп өтінішті автоматты түрде қанағаттандыруға алып келген сатып алуға немесе сатуға 1 (бір) өтініш беру нәтижесінде жасалды, бұл ретте осындай мәмілелердің біреуінің бағасы осындай өтінімді бергенге дейін жасалған соңғы мәміле бағасынан 10 (он) пайыздан көпке шегеріледі;

      2) орындалуы әрбір осындай мәміле сауда-саттықтың 2 (екі) қатысушысы қарсы өтінімдер беру нәтижесінде жасалу талабымен осы мәмілелердің тараптарда бар шетел валютасы санының айтарлықтай өзгеруіне әкелмеген, 5 (бес) пайыздан көп емес және беру уақыты бойынша 1 (бір) секундтан көп емес көлемдегі айырма көтерілетін немесе төмендейтін баға бойынша мәміле;

      3) нәтижесінде сауда-саттық қатысушысының брутто-айналымы сауда күнінің қорытындысы бойынша осы шетел валютасы бойынша барлық қатысушының жалпы брутто-айналымның кемінде 30 (отыз) пайызды құрайды және аталған шетел валютасы бойынша сауда-саттық қатысушысының брутто-айналымы мен нетто-айналым арасындағы айырма осы қатысушының брутто-айналымының 70 (жетпіс) және одан көп пайызын құрайды.

      Осы тармақтың мақсаты үшін:

      шетел валютасы санының айтарлықтай өзгеруі мәмілелердің тараптарында тұрған шетел валютасының бастапқы санынан 10 (он) және одан көп пайызға айырмашылық танылады;

      брутто-айналым деп сауда-саттық қатысушысының сатып алу және сату көлемінің шетел валютасымен көрсетілген сомасы түсініледі;

      нетто-айналым деп сауда-саттық қатысушысының сатып алу көлемі мен сату көлемі арасындағы сауда күні ішінде шетел валютасымен белгіленген шетел валютасымен көрсетілген айырманың абсолюттік мәні түсініледі;

      көтерілетін баға бойынша мәмілелер сериясы деп осы серияның алдыңғы мәмілесінің әрқайсысының бағасынан жоғары мәмілелер түсініледі.

      төмендейтін баға бойынша мәмілелер сериясы деп осы серияның алдыңғы мәмілесінің әрқайсысының бағасынан төмен мәмілелер түсініледі.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мониторингке және талдауға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің мәмілелер жасауға байланысты іс-әрекеттері жатпайды.

      8. Қор биржасы ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 15 (он бесінен) кешіктірмей уәкілетті органға Қағидалардың 7-тармағының талаптарына сәйкес келетін мәмілелердің талдауын ұсынады.

      9. Қор биржасының ішкі құжаттарында Бағалы қағаздар нарығы туралы заңының 56-бабының және Қағидалардың талаптарына қарама-қайшы келмейтін қосымша талаптар көзделуі мүмкін, осыған сәйкес осы қор биржасының сауда жүйесінде жасалған мәмілелер ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен мәмілелерді анықтау үшін мониторингке және талдауға жатады.

      10. Қор биржасының ішкі құжаттарында Бағалы қағаздар нарығы туралы заңының 56-бабының 5-тармағының 1) тармақшасына сәйкес келетін мәмілелерге сәйкес қосымша критерийлер белгіленеді, айла-шарғы жасау мақсатында жасалған бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен мәмілелерді анықтау үшін мониторингке және талдауға жататын мәмілелер алып тасталады.

      11. Жасалу параметрлері мен талаптары осы мәмілелер ұйымдастырылған және ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарықтарында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп болжауға негіздеме беретін бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен жасалған мәмілелерді (бұдан әрі - күмәнді мәмілелер) анықтауды мыналар жүзеге асырады:

      1) қор биржасы мен бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының есептерінде, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің, мемлекеттік органдардың және өзге жеке және заңды тұлғалардың хаттарында (арыздарында, шағымдарында, өтініштерінде) бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдарда бар ақпараттың негізінде, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті орган;

      2) қор биржасының сауда жүйесінде бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қор биржасының құрылымдық бөлімшесі.

      Айла-шарғы жасау фактісін болуы не болмауын растау мақсатында уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығының субъектілерінен қажетті ақпаратты сұратады және (немесе) бағалы қағаздар нарығы субъектілерін тексеруді жүзеге асырады және (немесе) күмәнді мәмілелер туралы ақпаратты сараптама комитетінің (бұдан әрі - сараптама комитеті) қарауына жібереді.

      12. Қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесі Қағидалардың 3-тармағында және қор биржасының ішкі қағидаларында белгіленген ережелерді ескере отырып, Қағидалардың 6-тармағына сәйкес келетін мәмілелерді, сондай-ақ осы мәмілелердің ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалды деп пайымдауға негіздер болатын өзге де мәмілелерді анықтаған жағдайда, осындай мәмілелер туралы есеп қор биржасының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде, бірақ аталған мәміле жасалған күннен кейінгі күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей сараптама комитеті мүшелерінің қарауына тапсырылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      13. Сараптама комитеті жеті адамнан құрылады және құрамында төраға мен алты мүшесі болады. Сараптама комитетінің төрағасын қор биржасының директорлар кеңесі сараптама комитеті мүшелерінің қатарынан сайлайды.

      Мыналар:

      уәкілетті органның екі өкілі, олардың біреуі бағалы қағаздар нарығы субъектілерін қадағалауға байланысты мәселелері жөніндегі өкілі және біреуі монетарлық операциялар мәселелері жөніндегі өкілі;

      қор биржасының бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік ететін атқарушы органының мүшесі;

      қор биржасының директорлар кеңесінің екі мүшесі;

      қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерін қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қор биржасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы;

      "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігінің өкілі Сараптама комитетінің мүшелері болып табылады.

      Қор биржасының бағалы қағаздармен сауда-саттықты ұйымдастыру мәселелеріне жетекшілік ететін атқарушы органының мүшесі және қор биржасының сауда жүйесінде жасалатын мәмілелерді қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын қор биржасының құрылымдық бөлімшесінің басшысы сараптама комитетінің төрағасы болып сайлана алмайды.

      Сараптама комитетінің құрамы қор биржасының директорлар кеңесінің шешімімен бекітіледі және уәкілетті орган келіседі.

      14. Сараптама комитетінің отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      Қажет болған жағдайда, сараптама комитетінің отырысына қаралатын күмәнді мәміленің тараптары болып табылатын ұйымдардың өкілдері, және (немесе) осы ұйымдар мәміле жасау жөніндегі бұйрықтарына сәйкес әрекет еткен олардың клиенттері шақырылады.

      15. Сараптама комитетінің шешімі отырысқа уәкілетті органның өкілін қоса алғанда, оның мүшелерінің кем дегенде үштен екісі қатысқан жағдайда, отырысқа қатысып отырған оның мүшелерінің жалпы санының жай көпшілік дауысымен қабылданады және сараптама комитетінің қорытындысы түрінде ресімделеді.

      Сараптама комитеті мүшелерінің осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген жағдайды қоспағанда, бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған мәмілелер ретінде қарастыруға қажетті және жеткілікті негіздемелердің болуы мәселесі бойынша дауыс беруден қалыс қалуға құқығы жоқ.

      Қаралатын күмәнді мәміленің тараптары болып табылатын ұйымдарға, бағалы қағаздың немесе қаралатын күмәнді мәміленің мәні болып табылатын бағалы қағаздың базалық активінің эмитентіне қатысты үлестес сараптама комитетінің мүшелері дауыс беруге қатыспайды.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      16. Сараптама комитетінің қорытындысы оның күдікті мәмілелер бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп жорамалдауына қажетті және жеткілікті негіздердің болуына қатысты пікірінің көрінісі болып табылады.

      Сараптама комитетінің қорытындысына сараптама комитеті төрағасының қолы қойылады және қор биржасы қаралып отырған мәмілелерді күмәнді мәмілелерге жатқызу үшін қажетті және жеткілікті негіздемелердің болуы немесе болмауы мәселесі бойынша сараптама комитеті шешім қабылдаған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей оны уәкілетті органға жібереді.

      Сараптама комитетінің қорытындысында бар ақпаратқа бағалы қағаздар нарығындағы коммерциялық құпиядан тұратын ақпарат кірмейді

      Ескерту. 16-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2017 № 50 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен

      17. Сараптама комитетінің мүшелері сараптама комитетінің жұмысына қатысу барысында алған ақпараттың, оның ішінде коммерциялық және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес заңмен қорғалатын өзге де құпия ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етеді.

      18. Осы Қағидаларда реттелмеген мәселелер бойынша сараптама комитетінің жұмыс тәртібі қор биржасының ішкі құжаттарымен айқындалады.

      19. Ұйымдастырылған бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен жасалған мәмілені бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану уәкілетті орган сараптама комитетінің қорытындысын қарау нәтижелері бойынша жүзеге асырады және уәкілетті органның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының бұйрығымен ресімделеді.

      20. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен жасалған мәмілені бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану уәкілетті орган:

      1) сараптама комитетінің пікірін қарау (бар болса – ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында жасалған мәміле туралы ақпарат сараптама комитетінің қарауына жіберілген жағдайда);

      2) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушыларының есептеріндегі, бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің, мемлекеттік органдардың немесе жеке және заңды тұлғалардың хаттарындағы (арыздарындағы, шағымдарындағы, өтініштеріндегі), бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарындағы ақпаратты қарау қорытындылары бойынша, сондай-ақ бағалы қағаздар нарығы субъектілерінің қызметін тексеру нәтижелері бойынша жүзеге асырады.

      21. Ұйымдастырылмаған бағалы қағаздар нарығында бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен жасалған мәмілені бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану туралы шешім уәкілетті органның бірінші басшысының немесе оның орынбасарының бұйрығымен ресімделеді.

      22. Уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танылған бағалы қағаздармен және басқа да қаржы құралдарымен жасалған мәміленің тараптарын осындай тану туралы Қағидалардың 19 және 21-тармақтарында көрсетілген бұйрыққа қол қойылған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жазбаша хабардар етеді.