Қазақстан Республикасы банктерінің, бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың ақпараттық жүйелерінің қауіпсіз және іркіліссіз жұмыс істеуіне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 34 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 ақпанда № 13256 болып тіркелді.

      Ескерту. Қаулының тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2026 № 109 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі үшінші абзацының 5) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.12.2025 № 94 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      1. Қоса беріліп отырған Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың цифрлық жүйелерінің қауіпсіз және іркіліссіз жұмыс істеуіне қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2026 № 109 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Төлем жүйелерiн дамыту және басқару департаменті (Мұсаев Р.Н.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сарсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Ұлттық Банк
Төрағасы
Д. Ақышев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 34 қаулысымен
бекітілді

Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың цифрлық жүйелерінің қауіпсіз және іркіліссіз жұмыс істеуіне қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2026 № 109 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың цифрлық жүйелерінің қауіпсіз және іркіліссіз жұмыс істеуіне қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ережесін және құрылымын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 31 желтоқсандағы № 1271 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы ереженің 19-тармағының екінші бөлігі үшінші абзацының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және онда электрондық банктік қызметтер көрсету қамтамасыз етілетін банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент-банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың (бұдан әрі – банктер) цифрлық жүйелерінің қауіпсіздігіне және іркіліссіз жұмыс істеуіне қойылатын талаптар айқындалады.

      2. Талаптарда Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінде, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы", "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында, "Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 212 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14337 болып тіркелген) бекітілген Банктердің, Қазақстан Республикасы бейрезидент банктері филиалдарының және банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың электрондық банктік қызметтерді көрсету қағидаларында (бұдан әрі – № 212 қағидалар) көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) банктің цифрлық жүйесінің негізгі орталығы (бұдан әрі – негізгі орталық) – штаттық (күнделікті) режимде электрондық банктік қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың және қызмет көрсететін қызметкерлердің жиынтығы;

      2) банктің цифрлық жүйесінің резервтік орталығы (бұдан әрі – резервтік орталық) – негізгі орталықта төтенше жағдайлар туындаған немесе жоспарлы техникалық жұмыстар жүргізілген кезде электрондық банктік қызмет көрсетуді қамтамасыз ететін бағдарламалық-техникалық құралдардың және қызмет көрсететін қызметкерлердің жиынтығы;

      3) банктің электрондық банктік қызмет көрсетуге арналған цифрлық жүйесі (бұдан әрі – цифрлық жүйе) – электрондық банктік қызмет көрсету қамтамасыз етілетін аппараттық-бағдарламалық кешенді қолдана отырып ақпаратты сақтауға, өңдеуге, іздеуге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған жүйе;

      4) жауапты қызметкер – банктің цифрлық жүйесіндегі жұмыс үшін лауазымдық міндеттемелеріне сәйкес жауапты қызметкері;

      5) жұмыс орны – цифрлық жүйені немесе цифрлық жүйе объектілерін басқару үшін бағдарламалық-пайдалану интерфейсі орнатылған дербес компьютер (сервер);

      6) қалпына келтіру командасы – банктің ішкі құжаттарында белгіленген бос тұрып қалу уақытын ескере отырып толық қалпына келтіруді не цифрлық жүйенің жұмысын резервтік орталыққа ауыстыруды қамтамасыз ететін банктің цифрлық жүйеге немесе цифрлық жүйе объектілеріне қолжетімділікті және олардың толыққанды жұмысын қамтамасыз ету бойынша қызмет көрсететін ұйымдардың қызметкерлері;

      7) пайдаланушы – банктің электрондық банктік қызметті алу үшін цифрлық жүйеге өтініш білдіретін клиенті не жауапты қызметкер;

      8) сәйкестендіру – цифрлық жүйеге қол жеткізу субъектісінің немесе объектісінің түпнұсқалылығын қол жеткізудің ұсынылған деректемелерінің сәйкестігін анықтау арқылы растау;

      9) цифрлық жүйенің объектісі – цифрлық жүйенің электрондық банктік қызмет көрсету кезінде жекелеген функцияларды орындау үшін ақпаратты беруге, өңдеуге және сақтауға арналған жекелеген құрауышы.

      3. Банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдарды қоспағанда, банктердің цифрлық жүйелерінің қауіпсіз және іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында операциялық тәуекелді, қызметтің үздіксіздігін, цифрлық технологиялар тәуекелдерін, киберқауіпсіздікті басқару "Банктер және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 86 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38586 болып тіркелген) бекітілген Банктер және Қазақстан Республикасының бейрезидент банктерінің филиалдары үшін тәуекелдерді басқару және ішкі бақылау жүйесін қалыптастыру қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

2-тарау. Жұмыс орындарына қойылатын талаптар

      4. Банк жұмыс орындарында мыналарды:

      1) жауапты қызметкерді сәйкестендіру және бірдейлестіру құралы кіретін, рұқсат етілмеген кіруден қорғаудың бағдарламалық немесе бағдарламалық-аппараттық кешенін орнатуды және жұмысын;

      2) электр желісінде кернеу болмаған кезде цифрлық жүйедегі жұмысты дұрыс аяқтау үшін қажетті, бірақ он минуттан кем емес уақыт ішінде жұмыс орнының жұмысын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін үздіксіз электр қуатын беретін техникалық құралдарды орнатуды және жұмысын қамтамасыз етеді. Банктің ғимаратында орнатылған жалпы үздіксіз қуат беру көзін пайдалануға рұқсат етіледі;

      3) зиян келтірілетін бағдарламалық кодты және (немесе) бағдарламаларды анықтау құралдарын орнатуды және жұмысын қамтамасыз етеді. Келтірілген зиян фактісі анықталған жағдайда осы ақпарат банктің қауіпсіздік бөлімшесіне жіберіледі;

      4) берілетін ақпаратты және баланыс арналарын бағдарламалық не бағдарламалық-аппараттық қорғауды қамтамасыз етеді. Берілетін ақпаратты арнайы бөлінген жұмыс орындарына тиісті бағдарламалық-аппараттық құралдар орнату арқылы қорғауға рұқсат етіледі.

      5. Деректерді рұқсат етілмеген кіруден қорғауды қамтамасыз ету үшін банктің ішкі құжаттарымен жұмыс орнына қолжетімділік беретін техникалық құралдарды, парольдерді немесе басқа ақпаратты сақтау және пайдалану тәртібі белгіленеді.

      6. Банктің ішкі құжаттарымен ақпаратты цифрлық жүйеге беру, цифрлық жүйеден ақпаратты алу, ақпаратты сақтау, архивтеу не басқа өңдеу үшін жинақтауға арналып бөлінген ресурстарға (дискілік кеңестік, директория, желілік ресурстар, дерекқорлар) кіру тәртібі бекітіледі.

      7. Жауапты қызметкердің жұмыс орнына қолжетімділігі оның лауазымдық міндеттеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Пайдаланушының пайдаланушы цифрлық жүйенің кірісінде сәйкестендірілетін бір жүйелік атына әкімшінің функцияларын орындайтын қызметкерлерді қоспағанда бір жауапты қызметкер сәйкес келеді. Әкімшінің функцияларын орындайтын қызметкер үшін пайдаланушының бірнеше жүйелік атын құруға рұқсат етіледі.

      9. Жұмыс орнына деректерді беру желісі және өзге техникалық арналар арқылы кіру тәртібі рұқсат етілмеген кіру мүмкіндігін азайтады.

      10. Банктің цифрлық жүйеге кіруге рұқсаты бар жауапты қызметкерлердің жұмыс тәртібі көзделетін ішкі құжаттарында:

      1) жауапты қызметкерлерді тағайындау тәртібі;

      2) жауапты қызметкерлердің жұмыс режімі;

      3) лауазымдық нұсқалықтарын қоса алғанда жауапты қызметкерлердің құқықтары мен міндеттері;

      4) қалпына келтіру командасының тізімі айқындалады.

3-тарау. Банктің цифрлық жүйенің құрылымы және жұмыс істеуі жөніндегі ішкі құжаттарына қойылатын талаптар

      11. Банктің цифрлық жүйелердің құрылымы және жұмыс істеуі жөніндегі ішкі құжаттарында:

      1) цифрлық жүйелердің және олардың объектілерінің тізбесі, олардың мақсаты және негізгі сипаттамалары, жүйелердің орталықтандыру иерархиясы деңгейлерінің санына және дәрежесіне қойылатын талаптар, оның ішінде цифрлық жүйенің әрбір объектісі бойынша функциялардың, міндеттердің тізбесі;

      2) цифрлық жүйелердің құрамдас бөліктері арасында ақпарат алмасуға арналған байланыстың тәсілдері мен құралдарына қойылатын талаптар;

      3) цифрлық жүйелердің жұмысын қалпына келтіру жоспарлары (бұдан әрі – қалпына келтіру жоспары);

      4) цифрлық жүйелердің жұмыс істеу режімдеріне қойылатын талаптар;

      5) цифрлық жүйелердің жұмыс істеуін мониторингтеуге қойылатын талаптар;

      6) қалпына келтіру командасының жауапты қызметкелерінің жіктеліміне, санына және жұмыс режиміне қойылатын талаптар бекітіледі.

      12. Банктің цифрлық жүйелердің құрылымы және жұмыс істеуі жөніндегі ішкі құжаттары банк айқындаған мерзімді негізде, бірақ жылына бір реттен сиретпей маңызын арттыру мәніне қайта қаралуға жатады.

4-тарау. Цифрлық жүйелер жұмысының қауіпсіздігіне қойылатын талаптар

      13. Пайдаланушы электрондық банктік қызмет алу үшін цифрлық жүйеге жүгінген кезде банк:

      1) клиенттердің электрондық банктік қызмет алуы бойынша іс-әрекеттерін, оның ішінде байланыс орнату әрекеттеріне бастап сәтті және сол сияқты сәтсіз іс-әрекеттерін электрондық журналдарда операцияларды жүргізу уақытын көрсете отырып, оларға енгізілген деректерді өзгерту мүмкіндігінсіз тіркеуді қамтамасыз етеді. Электрондық журналдардың мәліметтерін сақтау кезеңі кемінде 2 (екі) айды құрайды;

      2) цифрлық жүйедегі рұқсат етілмеген операциялардың немесе рұқсат етілмеген операцияларды жүргізу үшін жағдайлар жасауға бағытталған іс-әрекеттердің автоматты түрдегі мониторингіне, анықтауға және бұғаттауға арналған бағдарламалық қамтамасыз етудің жұмыс істеуін;

      3) пайдаланушының жұмыс орны істен шыққан немесе теріс пиғылды адам оған рұқсат етілмеген қолжетімділік алған кезде жүйенің серверлік бөлімінің жұмысына әсер етпейтін, ал қосымшалар сервері істен шыққан кезде осы жүйелердің жай-күйіне әсер етпейтін "клиент–сервер" архитектурасын;

      4) деректерді кейіннен қалпына келтіру мүмкіндігімен резервтік көшіруді және мұрағаттауды;

      5) Талаптардың 4-тармағының 4) тармақшасында көзделген іс-әрекеттерді орындауды қамтамасыз етеді.

      14. Электрондық банктік қызметтерді көрсету кезінде банк құпиясына жататын жіберілетін деректердің және (немесе) оларды дербес компьютерлерден, телефондардан, электрондық терминалдардан және өзге құрылғылардан жіберілетін деректерді өңдеу жүйесіне дейін өткізуге арналған ақпараттық-коммуникациялық желінің шифрын белгілеу жүзеге асырылады.

      15. Электрондық банктік қызметтерді көрсету кезінде қауіпсіздік рәсімдеріне қойылатын талаптар № 212 қағидаларда белгіленеді.

5-тарау. Цифрлық жүйелердің іркіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қойылатын талаптар

      16. Электрондық банктік қызметтердің іркіліссіз көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында банктер ішкі құжаттарда қалпына келтіру жоспарын, оны қайта қарау және тестілеу тәртібін айқындайды.

      17. Қалпына келтіру жоспарын әзірлеу мынадай факторлар ескеріле отырып жүзеге асырылады:

      1) төтенше жағдайлардың түрі және сипаты, олардың банк қызметіне әсер ету дәрежесі;

      2) қалпына келтіру басымдығы көрсетіле отырып, электрондық банктік қызметтерді көрсетуді қамтамасыз ететін цифрлық жүйелердің және олардың объектілерінің тізбесі;

      3) цифрлық жүйелердің жұмысы тоқтаған кезде туындайтын зиян және олардың жұмысын қалпына келтіруге арналған шығындар.

      18. Цифрлық жүйелердің тізбесін көрсету кезінде оларды қалпына келтірудің рұқсат етілген мерзімдері айқындалады. Мерзімдерді банктер цифрлық жүйенің жұмысындағы бос тұрып қалу маңыздылығына қарай белгілейді.

      19. Банк негізгі орталыққа қарағанда өзге елді мекенде (астанада, республикалық маңызы бар қалада, облыстық маңызы бар қалада, аудандық маңызы бар қалада) орналасқан, Талаптардың 25-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген мерзім ішінде банктің төлем қызметтерін көрсетуін жаңғыртуға кепілдік беретін кемінде бір резервтік орталықтың болуын қамтамасыз етеді.

      Талаптардың 25-тармағының үшінші бөлігінде белгіленген мерзім бірмезгілде Ұлттық Банкті хабардар ете отырып төлем қызметтерін көрсетуді жаңғырту мерзіміне әсер ететін жеткілікті негіздер болған кезде ұлғайтылады.

      Банктің негізгі және резервтік орталықтары Қазақстан Республикасының аумағында орналастырылады.

      20. Банк әрбір орталықты (негізгі және резервтік) байланыс қызметтерін әртүрлі жеткізушілерден (провайдерлерден) бөлінген екі байланыс арнасымен қамтамасыз етеді.

      21. Қалпына келтіру жоспарында мынадай талаптар қамтылады:

      1) резервтік орталықтың болуы және орналасқан жері;

      2) бизнес-процестердің, цифрлық жүйе объектілерінің, цифрлық жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін, қалпына келтіру резервтік орталықта талап етілетін техникалық, бағдарламалық немесе басқа құралдардың тізбесі;

      3) цифрлық жүйенің резервтік орталығының жұмыс істеуіне тестілеу жүргізу тәртібі, кезеңділігі және сценарийлері;

      4) төтенше жағдайлардың салдарлары жойылғаннан кейін бұзылған цифрлық жүйелерді қалпына келтіру тәртібі, төтенше жағдай режіміндегі жұмыстың аяқталуы туралы шешім қабылдауға мүмкіндік беретін критерийлер және осындай шешім қабылдау тәртібі, сондай-ақ қалыпты жұмыс істеу режіміне қайтып келу тәртібі.

      22. Цифрлық жүйенің қызметін қалпына келтіруге арналған резервтік орталықтың және байланыс арналарының жұмыс істеуге дайындығын тексеру мақсатында банктер жылына кемінде бір рет қалпына келтіру жоспарына сәйкес резервтік орталықтың және байланыс арналарының жұмыс істеуін тестілеуді (бұдан әрі – Жоспарды тестілеу) жүргізеді.

      23. Жоспарды тестілеу банк әзірленген және бекітілген, төтенше жағдайлардың туындау сценарийінің, қалпына келтірілетін жұмыс процестерінің және цифрлық жүйе объектілерінің, қалпына келтіру командасы іс-қимылдарының, жұмысты жүргізу мерзімдері мен орны жөніндегі талаптардың сипаты көзделетін бағдарлама бойынша жүргізіледі.

      24. Банк Жоспарды тестілеу қорытындысы бойынша мыналар:

      1) тестілеу жүргізілген цифрлық жүйелердің және олардың объектілерінің тізбесі, сондай-ақ негізгі және резервтік орталықтардың орналасқан жері;

      2) цифрлық жүйелердің және олардың объектілерінің жұмысын қалпына келтіруге жұмсалған уақыт;

      3) анықталған осалдықтар және оларды жою жөніндегі ұсыныстар көрсетіле отырып тестілеу нәтижелері туралы құжат (хаттама) дайындалады.

      Банк тестілеу нәтижелері туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне (бұдан әрі – Ұлттық Банк) банктің уәкілетті органы тестілеу нәтижелері туралы құжатты бекіткеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде ұсынады.

      25. Цифрлық жүйенің жұмысында іркіліс (бос тұрып қалу) туындаған кезде банк негізгі орталықтың жұмысын қалпына келтіруді қамтамасыз етеді.

      Негізгі орталықтың жұмысын қалыпқа келтірудің рұқсат етілген ең аз мерзімі кезеңінде қалпына келтіру мүмкіндігі болмаған жағдайда цифрлық жүйені резервтік орталықтың жұмысына ауыстыру жүзеге асырылады.

      Цифрлық жүйені резервтік орталыққа ауыстыру бойынша стандартты уақыт нормативі іркіліс (бос тұрып қалу) туындаған сәттен бастап төрт сағаттан аспайды.

      Банктің цифрлық жүйесінің жұмысында клиенттердің қашықтан қол жеткізу жүйелері арқылы электрондық банктік қызметтерге және (немесе) банктің электрондық терминалдар желісіне қолжетімділігінің бір сағаттан аса уақытқа үзілуіне әкеп соққан іркіліс (бос тұрып қалу) туындаған жағдайда, банк электрондық хабар жіберу арқылы Ұлттық Банкке шұғыл хабарлайды. Іркіліс (бос тұрып қалу) жұмыс істемейтін уақытта туындаған жағдайда, банк Ұлттық Банкке іркіліс (бос тұрып қалу) туындаған күннен кейінгі жұмыс күні Астана қаласының уақытымен сағат 10.00-ден кешіктірмей хабарлайды.

      26. Банк клиенттерге жіберілетін, цифрлық жүйенің жұмысын қамтамасыз ететін техникалық, бағдарламалық және басқа құралдарға енгізілетін және клиенттің электрондық банктік қызметке қолжетімділігіне әсер ететін өзгерістерді (жаңартуларды) жоспарланып отырған қолданысқа енгізу туралы хабарламаларда қолжетімділігі жоспарланып отырған өзгерістерге әсер ететін электрондық банктік қызмет түрін, сондай-ақ олардың болжанып отырған қолжетімді болмау уақытын көрсетеді. Клиенттерге жоспарланып отырған өзгерістер туралы хабарламаны жеткізу жөніндегі ең төменгі талаптарда банктің интернет-ресурсына хабарландыруды орналастыру қамтылады.

      27. Екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары және Ұлттық пошта операторы Ұлттық Банкке "Көрсетілетін төлем қызметтері туралы мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 213 қаулысымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14339 болып тіркелген) бекітілген Көрсетілетін төлем қызметтері туралы мәліметтерді беру қағидаларына 19-қосымшаға сәйкес нысан бойынша есепті кезеңде цифрлық жүйенің жұмысында орын алған жоспарлы және жоспардан тыс бос тұрып қалу (іркіліс) туралы мәліметтерді есепті тоқсаннан кейінгі айдың онынан кешіктірмей, тоқсан сайын ұсынады.

      28. Банк клиенттердің төлем қызметтеріне қолжетімділігін жаңғыртуды ұйымдастыру мақсатында Ұлттық Банкке қорғалған байланыс арналары бойынша негізгі, сондай-ақ резервтік орталықта орналасқан цифрлық жүйелердің өзекті бірегей сандық сәйкестендіргіштерінің (IP-мекенжайларының) тізбесін ұсынады. Негізгі, сондай-ақ резервтік орталықта орналасқан цифрлық жүйелердің бірегей сандық сәйкестендіргіштері (IP-мекенжайлары) өзгерген жағдайда, банк Ұлттық Банкке қорғалған байланыс арналары бойынша дереу хабарлайды.

      Ұлттық Банк банктермен бірлесе отырып клиенттердің төлем қызметтеріне, оның ішінде төтенше жағдай кезеңінде қолжетімділігін жаңғыртуға байланысты қажетті іс-шараларды жүзеге асырады.

      29. Төлем қызметтерін маңызды беруші және (немесе) жүйелік маңызы бар банк болып табылатын төлем қызметтерін берушінің электрондық төлем қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін цифрлық жүйелерінің (барлық модульдер мен шағын жүйелерді ескере отырып) жұмысы үздіксіздігінің ең төменгі деңгейі әрбір тоқсан үшін 99 (тоқсан тоғыз) пайызды құрайды.

      Төлем қызметтерін маңызды беруші және (немесе) жүйелік маңызы бар банк электрондық төлем қызметтерін көрсетуді қамтамасыз ететін цифрлық жүйелері жұмысының бір тоқсандағы үздіксіздігі деңгейін есептеу мынадай формула бойынша жүзеге асырылады:

     


      Ka – төлем қызметтерін маңызды берушінің және(немесе) жүйелік маңызы бар банктің цифрлық жүйелері жұмысының тоқсандағы үздіксіздігі деңгейі;

      (T-Tf) – төлем қызметтерін маңызды берушінің және(немесе) жүйелік маңызы бар банктің цифрлық жүйесі жұмысының нақты уақыты (минутпен). Жүйенің нақты жұмыс уақыты жүйенің тоқтатылған уақыт кезеңін қамтымайды;

      T – төлем қызметтерін маңызды берушінің және(немесе) жүйелік маңызы бар банктің цифрлық жүйелерінің тоқсандағы жұмысының жалпы уақыты (минутпен);

      Tf – төлем қызметтерін маңызды берушінің және(немесе) жүйелік маңызы бар банктің цифрлық жүйесі тоқтатыла тұрған тоқсандағы уақыт кезеңі (минутпен).

      Tf көрсеткіші жоспарланған бос тұрып қалу уақытын қамтымайды. Жоспарлы бос тұрып қалған жағдайда жүйелік маңызы бар банк жоспарланған бос тұрып қалуға дейін он жұмыс күні бұрын Ұлттық Банкті еркін нысанда хабардар етеді.

      Жоспарлы бос тұрып қалуға мыналар:

      1) төлем қызметтерін маңызды берушінің және(немесе) жүйелік маңызы бар банктің цифрлық жүйелерін резервтік орталыққа ауыстыру үшін жұмыс күндері және демалыс күндері сағат 18:00-ден 09:00-ге дейін жоспарлы жұмыстарды жүргізу уақыты (минутпен);

      2) бағдарламалық және техникалық қамтамасыз етуді жаңарту үшін жұмыс күндері және демалыс күндері сағат 18:00-ден 09:00-ге дейін жоспарлы жұмыстарды жүргізу уақыты (минутпен);

      3) жұмыс күндері және демалыс күндері сағат 18:00-ден 09:00-ге дейін жабдықпен және бағдарламалық қамтылыммен жоспарлы профилактикалық және техникалық жұмыстарды жүргізу уақыты (минутпен) жатады.