Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 17 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2016 жылы 25 ақпанда № 13225 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2020 жылғы 19 наурыздағы № 30 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 19.03.2020 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз!

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне екінші деңгейдегі банктердің жұмыс істемейтін кредиттері мен активтері, қаржылық қызметтер көрсету және қаржы ұйымдары мен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2015 жылғы 24 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру қағидалары бекітілсін.

      2. Монетарлық операциялар және активтерді басқару департаменті (Молдабекова Ә.М.) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Сәрсенова Н.В.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына:

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға;

      Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін оны Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі алған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізіліміне, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізуге жіберуді;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Ғ.О. Пірматовқа жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2016 жылғы 1 ақпаннан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

Ұлттық Банк


Төрағасы

Д. Ақышев


  Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2016 жылғы 28 қаңтардағы
№ 17 қаулысымен бекітілді

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта
активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы" 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Ұлттық Банк туралы заң) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің (бұдан әрі – Ұлттық Банк) алтын-валюта активтерінің бір бөлігін Қазақстан Республикасының бейрезидент банктеріне және активтерді басқару қызметін жүзеге асыратын ұйымдарға сыртқы басқаруға берудің тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде (Ерекше бөлім) көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) аймақтық мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, аймақтың) шеңберінде шоғырландырылған портфель;

      2) активтерді активтік басқару – кірістіліктің ауытқу өзгермелілігінің мәні (tracking error) 0,5 пайыздан асып кететін басқару түрі;

      3) активтерді пассивтік басқару – кірістіліктің ауытқу өзгермелілігінің мәні (tracking error) 0,5 пайыздан аспайтын басқару түрі. Пассивтік басқару кезінде сыртқы басқарудағы портфельдің кірістілігі шамамен эталондық портфель кірістілігіне тең болады;

      4) активтерді сыртқы транзиттік басқару – берілетін активтердің құрылымындағы өзгерістерге байланысты тәуекелдерді барынша азайту мақсатында активтер сыртқы транзиттік басқарушыға 6 (алты) айға дейінгі мерзімге берілетін басқару түрі;

      5) ақпараттық коэффициент (information ratio) – үстеме кірістілік деңгейінің кірістіліктің ауытқу өзгермелілігіне (tracking error) қатынасы;

      6) алтын-валюта активтері – Ұлттық Банк туралы заңға сәйкес Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері және басқа активтер;

      7) ауқымды мандат – инвестициялары бір елдің (нарықтың, аймақтың) шеңберінен шығатын портфель;

      8) әртараптандыру – активтер құнының азаю тәуекелін төмендету мақсатында оларды қаржы құралдарына және өзге мүлікке орналастыру;

      9) байланыстыру – екі немесе одан көп шама арасындағы статистикалық өзара байланыс. Егер бір шама ұлғайған/азайған кезде екінші көрсеткіштің мәні ұлғайса/азайса, байланыстыру оң болып табылады. Егер бір шама ұлғайған/азайған кезде екінші көрсеткіштің мәні ұзайса/ұлғайса, байланыстыру теріс болып табылады;

      10) балама құралдар – қаржы құралдарынан (акциялардан, облигациялардан және қаржы нарығының құралдарынан) кірістілігінің, тәуекелдерінің жоғары көрсеткіштерімен және төмен өтімділігімен ерекшеленетін инвестициялық өнімдер;

      11) банкаралық нарық – шетел валютасын, бағалы қағаздарды, шетел валюталарындағы төлем құжаттарын ұйымдастырылмаған нарықта сатып алу және/немесе сату жөніндегі операцияларды жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастар жиынтығы;

      11-1) бас ұйым – еншілес ұйымдар акцияларының бақылау пакетіне ие компания;

      12) биржа нарығы – тікелей сауда-саттықты өткізу жолымен оларды ұйымдық және техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын сауда-саттықты ұйымдастырушының сауда жүйелері пайдаланылатын қатынастар жиынтығы;

      13) институционалдық инвестор – ақшаны қаржы құралдарына инвестициялауды жүзеге асыратын заңды тұлға;

      14) комиссиялық сыйақы – активтерді басқару жөніндегі қызметтер үшін төленетін сыйақы;

      15) консультациялық қызмет көрсетудегі активтер – клиенттің активтерін инвестициялық басқару бөлігінде сыртқы басқарушы клиентке консультация беретін сыртқы басқарушының басқаруындағы активтер;

      16) кірістіліктің ауытқу өзгермелілігі (tracking error) – эталондық портфельдің кірістілігі мен портфельдің кірістілігі арасындағы айырма;

      17) мамандандырылған мандат – басқару түрлерін және сыртқы басқарушылардың кірістілігі арасындағы теріс байланыстыруды әртараптандыру мақсатында сыртқы басқаруға берілетін мандат;

      18) мандат – белгілі бір инвестициялық сипаттамалары бар портфель;

      19) маржалық шот – клиринг ұйымында ашылатын және туынды қаржы құралдарымен операциялар бойынша мәмілелер бойынша қамтамасыз етуді есепке алу және есеп айырысуларды жүргізу мақсатында пайдаланылатын, туынды қаржы құралдарымен операцияларды жүргізуге арналған ағымдағы шот;

      20) портфель – қаржы құралдарының жиынтығы, оның ішінде қолма-қол валюта;

      21) портфель менеджері – клиенттердің активтерін басқаруға жауап беретін адам;

      22) сыртқы басқару – клиенттің активтері клиенттердің активтерін сенімгерлікпен басқаруға мамандандырылған және өзінің қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкіне немесе ұйымға сенімгерлікпен басқаруға берілетін активтерді басқару түрі;

      23) сыртқы басқарушы – клиенттердің активтерін сенімгерлікпен басқаруға мамандандырылған және өзінің қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі немесе ұйым;

      24) сыртқы транзиттік басқарушы – клиенттердің активтерін транзиттік басқаруға мамандандырылған және өзінің қызметін халықаралық қаржы нарықтарында жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының бейрезидент банкі немесе ұйым;

      25) транзиттік кезең – портфельге қатысты қолданылатын, оны Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегиясында белгіленген өлшемдерге сәйкес келтіру мақсатында Қағидаларға сәйкес белгіленетін уақыт кезеңі;

      26) уәкілетті бөлімше – Ұлттық Банктің монетарлық операциялар бөлімшесі;

      27) Ұлттық Банк басшылығы – Ұлттық Банк Төрағасы, Ұлттық Банктің уәкілетті бөлімшесіне жетекшілік ететін Ұлттық Банк Төрағасының орынбасары;

      28) үстеме кірістілік деңгейі – нақты қол жеткізілген кірістілік деңгейі мен эталондық портфель кірістілігінің деңгейі арасындағы айырма;

      29) форекс операциялары – биржа және банкаралық нарықта валютаны сатып алу немесе/және сату;

      30) эталондық портфель – инвестордың стратегиялық мүддесін көрсететін құралдар жиынтығы. Эталондық портфельдің кірістілігі активтерді басқару кірістілігін бағалау кезіндегі шама болады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігі сыртқы басқаруға:

      1) басқару түрімен байланысты, әртараптандыру салдарынан туындайтын тәуекелдер деңгейін төмендету;

      2) сыртқы басқарушының тәжірибесін, талдамалық материалдарын, зерттеулері мен техникалық ресурстарын пайдаланудың арқасында алтын-валюта активтерін басқарудың кірістілігін ұлғайту;

      3) активтерді басқару, қызметкерлерді оқыту саласында сараптама және консультациялар алу;

      4) активтерді дербес басқару тәжірибесі жоқ активтердің жаңа сыныптарын енгізу мүмкіндігі мақсатында беріледі.

      4. Сыртқы басқаруға берілетін алтын-валюта активтерінің жалпы рұқсат етілген лимиті алтын-валюта активтерінің жалпы көлемінің 30 (отыз) пайызынан аспайды.

      Бір сыртқы басқарушыға сыртқы басқаруға берілетін алтын-валюта активтерінің жалпы рұқсат етілген лимиті алтын-валюта активтерінің жалпы көлемінің 5 (бес) пайызынан аспайды.

      Бұл шектеулер бұзылған жағдайда уәкілетті бөлімше сәйкессіздікті туындаған күнінен бастап 1 (бір) тоқсан ішінде жояды.

      5. Сыртқы басқарушы үшін басқарудың түрін және эталондық портфельді таңдау Ұлттық Банктің алтынвалюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегиясында көзделген алтын-валюта активтерін басқару мақсаттарына және шектеулерге сәйкес нарықтағы жағдайға қарай жүзеге асырылады.

      6. Сыртқы басқарушыға немесе сыртқы транзиттік басқарушыға белгіленген комиссиялық сыйақы және/немесе комиссиялық сыйақы алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге немесе алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімге сәйкес басқару нәтижелеріне қарай төленеді.

2. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы
басқаруға беру тәртібі

      7. Уәкілетті бөлімше Ұлттық Банктің интернет-ресурсында сыртқы басқарушыны таңдау жөнінде алда болатын тендерді өткізу туралы ақпарат жариялайды, әлеуетті сыртқы басқарушылардың тізімін жасайды, әлеуетті сыртқы басқарушыларға мыналарды:

      1) мандат түрінің сипатын және оның сипаттамаларын (эталондық портфель, басқару мақсаттары, инвестициялық шектеулер, мандаттың шамамен көлемі);

      2) сыртқы басқарушыдан Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес сұратылатын ақпаратты;

      3) әлеуетті сыртқы басқарушыларға қойылатын талаптарды;

      4) сыртқы басқарушыдан сұратылатын ақпаратты Ұлттық Банкке беру мерзімін;

      5) Ұлттық Банктің тендерді өткізуге жауапты лауазымды адамдары туралы мәліметтерді;

      6) Қағидалардың 22-тармағында көзделген талаптарды қамтитын ақпаратты жібереді. Сыртқы басқарушының Қағидалардың 22-тармағында көзделген талаптарды алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге енгізу бойынша жазбаша растауы сыртқы басқарушының ұсынысын қараудың міндетті талабы болып табылады.

      8. Уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушыларды таңдау бойынша тендер өткізеді.

      9. Әлеуетті сыртқы басқарушылар Ұлттық Банкке Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес сыртқы басқарушыдан сұратылатын ақпаратты электрондық түрде және/немесе қағаз тасымалдағышта ұсынады.

      10. Уәкілетті бөлімше Қағидалардың 11 және/немесе 12-тармақтарында көзделген міндетті критерийлерді ескере отырып, сыртқы басқарушылардың келіп түскен барлық ұсыныстарға салыстырмалы талдау жүргізеді.

      Егер сыртқы басқарушы Қағидалардың 11 және/немесе 12-тармақтарында көзделген міндетті критерийлерді қанағаттандырса, уәкілетті бөлімше ұсынысты және бағалау критерийлеріне сәйкес салыстырмалы талдауды одан әрі қарайды. Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырып талдау үшін бағалау критерийлерінің тізбесі Қағидаларға 2-қосымшада көзделген.

      Қағидаларға 3-қосымшада көзделген бағалау критерийлерінің кестесіне сәйкес Сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау тәртібі негізінде сыртқы басқарушының ұсынысын бағалау айқындалады.

      Тендерге қатысушылардың ұсыныстарын талдау кезінде жұмыс істеп тұрған Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін және алтын-валюта активтерін сыртқы басқарушылар бойынша Ұлттық Банктің меншікті деректерін пайдалануға рұқсат беріледі.

      11. Бір сыртқы басқарушыға берілетін алтын-валюта активтерінің бір бөлігінің көлемі 300 (үш жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан асатын мандаттар үшін міндетті критерийлер мыналар:

      1) алтын-валюта активтерінің бір бөлігін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен жұмыс тәжірибесі:

      кемінде 10 (он) жыл жұмыс тәжірибесінің, оның кемінде 5 (бес) жылы мандаттың жарияланған түрі бойынша жұмыс тәжірибесі;

      егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланған кезде тендер қатысушысының басқаруында осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса - ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) қамту пайызын құрайтын аймақтық мандаттар бойынша кемінде 5 (бес) жыл жұмыс тәжірибесі болуы;

      2) басқаруындағы активтердің мөлшері: сыртқы басқарушының басқаруында клиенттердің кемінде 25 (жиырма бес) миллиард АҚШ доллары баламасында жиынтық активтері (оның ішінде консультациялық қызмет көрсетудегі активтер) бар;

      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері:

      сыртқы басқарушыда қарастырылып отырған мандат түрі бойынша кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасында клиенттердің жиынтық активтері бар;

      егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланған кезде тендер қатысушысының басқаруында осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса - ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) қамту пайызын құрайтын аймақтық мандаттар бойынша 1 (бір) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем емес болуы.

      12. Бір сыртқы басқарушыға берілетін алтын-валюта активтерінің бір бөлігінің көлемі 300 (үш жүз) миллион АҚШ доллары баламасынан аспайтын мамандандырылған мандаттар үшін міндетті критерийлер мыналар:

      1) алтын-валюта активтерінің бір бөлігін инвестициялау болжанатын қаржы құралдарымен жұмыс тәжірибесі:

      кемінде 5 (бес) жыл, оның кемінде 3 (үш) жылы мандаттың жарияланған түрі бойынша жұмыс тәжірибесі;

      егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жарияланған кезде тендер қатысушысының басқаруында осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса - ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) қамту пайызын құрайтын аймақтық мандаттар бойынша кемінде 3 (үш) жыл жұмыс тәжірибесі болуы;

      2) басқаруындағы активтердің мөлшері: басқаруында клиенттердің жиынтық активтерінің мөлшері кемінде 1 (бір) миллиард АҚШ долларын құрайтын баламалы құралдар мандаттары бойынша сыртқы басқарушыларды қоспағанда, сыртқы басқарушының басқаруында 3 (үш) миллиард АҚШ доллары баламасынан кем емес клиенттердің жиынтық активтері (оның ішінде консультациялық қызмет көрсетудегі) бар;

      3) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша басқарудағы активтердің мөлшері:

      сыртқы басқарушыда мандаттың қарастырылып отырған түрі бойынша 150 (бір жүз елу) миллион АҚШ доллары баламасынан кем емес клиенттердің жиынтық активтері бар;

      егер ауқымды мандат бойынша сыртқы басқарушыны таңдау бойынша тендер жариялан кезде тендер қатысушысының басқаруында айрықша осыған ұқсас аймақтық мандаттар ғана болса - ауқымды мандаттың кемінде 75 (жетпіс бес) қамту пайызын құрайтын аймақтық мандаттар бойынша 150 (бір жүз елу) миллион АҚШ доллары баламасынан кем емес болуы.

      13. Мамандандырылған мандат қолданыла басталғаннан кейін бір сыртқы басқарушыға оның басқару нәтижелері бойынша 300 (үш жүз) миллион АҚШ долларынан асатын, бірақ Қағидалардың 4-тармағында көзделген алтын-валюта активтерінің жалпы белгіленген лимитінің мөлшерінен аспайтын активтер беріледі.

      14. Уәкілетті бөлімшеге сыртқы басқарушының клиенттеріне клиенттердің активтерін басқарудың нәтижелері мен сапасы туралы сұратумен өтініш беруіне рұқсат беріледі.

      15. Уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушылар Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес сыртқы басқарушыдан сұратылатын ақпаратты ұсынған күннен бастап 2 (екі) айдан аспайтын мерзім ішінде сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын талдауы бойынша қорытынды дайындайды.

      16. Уәкілетті бөлімше дайындаған сыртқы басқару бойынша ұсыныстардың салыстырмалы талдауынан тұратын қорытындысы және сыртқы басқарушыны таңдау жөніндегі ұсыныстары Ұлттық Банк Төрағасына қарау үшін беріледі, ол қарау нәтижелері бойынша уәкілетті бөлімшенің қорытындысына берілген бұрыштаманың негізінде сыртқы басқарушылардың неғұрлым пайдалы ұсыныстарын (short list – қысқа тізім) бекітеді. Уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушылар ұсыныстарының талаптарын жақсарту мақсатында short list – қысқа тізімдегі әлеуетті сыртқы басқарушылармен келіссөздер жүргізеді.

      17. Уәкілетті бөлімшеге инвестициялық шешімдерді қабылдау тәртібі және тәуекелдерді бақылау рәсімдері туралы қосымша ақпаратты алу үшін әлеуетті сыртқы басқарушылармен кездесулерді өткізуіне рұқсат беріледі.

      18. Сыртқы басқарушы Ұлттық Банк Басқармасының алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді жасауды көздейтін шешімімен бекітіледі.

      Егер осындай мандат түрі бойынша үш жылдан кем емес кезеңде үстеме кірістілігінің деңгейі оң Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының активтерін сыртқы басқаруды жүзеге асыратын сыртқы басқарушы Қағидалардың 11 және/немесе 12-тармақтарында белгіленген критерийлерге сәйкес келсе, онда Ұлттық Банк Төрағасының шешімімен оның кандидатурасы Қағидалардың 7, 8, 9 және 10-тармақтарында көзделген рәсімдерді өткізбестен бекітуге жіберіледі.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Уәкілетті бөлімше тендердің қатысушысын Қағидалардың 18-тармағына сәйкес сыртқы басқарушы ретінде бекіткен күннен бастап 1 (бір) ай ішінде тендердің әр қатысушысына тендердің қорытындылары туралы хабарламаны береді.

      20. Сыртқы транзиттік басқарушыны таңдаған кезде уәкілетті бөлімше транзиттік басқару қызметтерін көрсетуге маманданған шетелдік ұйымдарға сұратулар жібереді. Сұратуға сәйкес әлеуетті сыртқы транзиттік басқарушы қамту нарықтары, транзиттік басқару стратегиялары және құралдар мен нарықтар сыныптары бойынша қызметтер құны жөніндегі ақпаратты жібереді. Сыртқы транзиттік басқарушы уәкілетті бөлімшенің әлеуетті сыртқы транзиттік басқарушылардың келіп түскен ұсыныстарына жасалған талдаумен қызметтік жазбасына Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жазған бұрыштамасы негізінде бекітіледі.

      21. Уәкілетті бөлімше алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді және алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімді дайындайды, жасайды және олардың талаптарын орындауға одан әрі мониторингті жүзеге асырады.

      22. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімде мынадай талаптар болады:

      1) Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді мына жағдайларда:

      сыртқы басқарушы эталондық портфельмен салыстырғанда сыртқы басқарудағы портфельді басқару бойынша үстеме кірістілікке қол жеткізбеген;

      Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегиясында белгіленген шектеулерді сыртқы басқарушы бұзған;

      Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегиясы өзгерген;

      сыртқы басқарушыға жазбаша хабарламаны ұсына отырып және алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді бұзу күнін көрсете отырып Ұлттық Банк басшылығының шешімі бойынша кез келген сәтте мерзімінен бұрын бұзу өкілеттігі;

      2) Ұлттық Банктің өзінің қалауы бойынша кез келген уақытта сыртқы басқарудағы алтын-валюта активтерінің бір бөлігін толықтыру/кері қайтарып алу өкілеттігі;

      3) мемлекеттік, орыс және/немесе тараптардың келісімі бойынша айқындалған тілде алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге қол қою;

      4) сыртқы басқарушының оның сыртқы басқаруға берілген активтерді басқаруға жауапты қызметкерінің орнын ауыстыруы туралы ақпаратты ұсынуы;

      5) шот бойынша операцияларды тексеру мақсатында Ұлттық Банк мамандарының және тәуелсіз аудиторлардың сыртқы басқарушыға баруы, сондай-ақ инвестициялық шешімдер қабылдау тәртібі және тәуекелдер мониторингі рәсімдері туралы қосымша ақпарат алу;

      6) сыртқы басқаруға берілген активтермен мәмілелер бойынша сыртқы басқарушымен үлестес ұйымдарды брокерлер ретінде пайдаланбау;

      7) кірістіліктің күтілетін ауытқу өзгермелілігінің (expected tracking error) Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегиясында белгіленген лимитін бұзғаны үшін сыртқы басқарушының жауапкершілігі;

      8) алтын-валюта активтерінің бір бөлігін басқаруды жүзеге асыратын Ұлттық Банктің мамандарына консультациялар беру, оқыту немесе тағылымдамадан өткізу;

      9) алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісім бұзылған жағдайда, сыртқы басқарушының Ұлттық Банкке кастодиан банкпен (банктермен) салыстырылып тексерілген портфель бойынша алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді бұзу күнгі толық есептілікті ұсынуы. Сыртқы басқару кезеңіндегі портфельмен байланысты барлық күтілетін шығыстар алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге сәйкес айқындалады;

      10) сыртқы басқарушының Ұлттық Банкке тұрақты негізде алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге сәйкес мынадай негізгі бағыттарға сәйкес есептілікті ұсынуы:

      алдыңғы жұмыс күні жасалған операциялар бойынша күн сайынғы есептілік;

      портфельді бағалау (алтын-валюта активтерінің бір бөлігін түрлі сыныптар және валюта түрлері бойынша бөлу, портфельдің есепті айдың соңындағы құрамы, алтын-валюта активтерінің бір бөлігінің есепті айдың соңындағы нарықтық құны);

      портфельдегі қозғалыс (есепті тоқсанда жасалған, түрлі сыныптар және валюталар бойынша сұрыпталған барлық мәмілелер, өтеулер, дивидендтерді және жинақталған пайыздарды төлеу тізбесі);

      портфельді басқару нәтижелерін талдау (қол жеткізген кірістілік бөлігінде портфельді басқару бойынша ай сайынғы, тоқсандық және жалпы нәтижелер, эталондық портфельмен салыстырғанда портфель тәуекелінің және кірістіліктің ауытқу өзгермелілігі (tracking error) деңгейінің көрсеткіштері);

      тиісті нарықтардың жай-күйі және олардың портфельге ықпалы бойынша жазбаша есеп;

      экономикалық шолу;

      стратегияға шолу және портфель құрылымындағы неғұрлым маңызды өзгерістерді түсіндіру;

      инвестициялаудың ағымдағы стратегиясы;

      активтерді белсенді басқару үшін әр түрлі факторлардың портфель кірістілігіне үлесі;

      11) сыртқы басқарушының ай сайын, әрбір айдың соңында немесе транзиттік кезеңнің аяқталу күніне сыртқы басқаруға берілген портфельдің құрамын алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге сәйкес кастодиан банктің (банктердің) деректерімен салыстырып тексеруді жүзеге асыруы;

      12) тараптардың келісімі бойынша алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігі;

      13) сыртқы басқарушының кастодиан банкке жүргізілген операциялар туралы ақпаратты сыртқы басқарушы мен брокер арасындағы мәмілелер келісілгеннен және растау рәсімдері аяқталғаннан кейін келесі жұмыс күнінен кешіктірмей ұсынуы;

      14) сыртқы басқарушының брокерлерін, сондай-ақ агенттерін және қарсы әріптестерін бекіту рәсімдерін сыртқы басқарушының ұсынуы;

      15) асыра пайдалану және мүдделер қақтығысы тәуекелдерін төмендететін, оның ішінде клиенттердің портфельдері арасында мәмілелерді тең құқылы бөлуді қамтамасыз ететін сыртқы басқарушының ішкі саясаттары мен басқару рәсімдерінің болуы туралы ақпаратты ұсыну;

      16) сыртқы басқарушының алтын-валюта активтерінің бір бөлігін басқару нәтижелері туралы, инвестициялық шектеулердің орындалуы, нарықтың жай-күйін бағалау және оның портфельге және алтын-валюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық операцияларды жүзеге асыруға ықтимал әсері туралы есептілікті ұсыну үшін уәкілетті бөлімшемен бір жылда бір рет кезеңділігімен кездесулер өткізуі;

      17) сыртқы басқарушы тарапынан ұқыпсыздық, міндеттемелерді қасақана орындамау немесе алаяқтық жасау салдарынан Ұлттық Банкке келтірілген ықтимал шығындар үшін сыртқы басқарушының жауапкершілігі;

      18) мониторинг жүргізу мақсатында сыртқы басқарушының қадағалаушы органдар қабылдаған шаралар және сот талқылауларына қатысуы бойынша ақпаратты ұсынуы.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімде Қағидалардың 22-тармағының 3), 4), 5), 12), 13), 14), 15), 17) және 18) тармақшаларында көзделген талаптар, сондай-ақ мынадай талаптар бар:

      1) Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімді мынадай жағдайларда:

      сыртқы транзиттік басқарушы алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімнің талаптарын бұзған;

      сыртқы транзиттік басқарушыға жазбаша хабарламаны ұсына отырып және алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімге сәйкес алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімді бұзу күнін көрсете отырып Ұлттық Банк басшылығының шешімі бойынша кез келген сәтте мерзімінен бұрын бұзу өкілеттігі;

      2) Ұлттық Банктің егер осындай іс-қимыл алтын-валюта активтерінің бір бөлігін кез келген аяқталмаған сыртқы транзиттік басқаруға әсер етпесе, сыртқы транзиттік басқарудағы алтын-валюта активтерінің бір бөлігін кез келген уақытта толықтыру/қайтарып алу өкілеттігі;

      3) транзиттік кезең аяқталған сәтте сыртқы транзиттік басқарушының кастодиан банкпен (банктермен) салыстырып тексерілген транзиттік кезең аяқталған күнгі портфель бойынша толық есептілікті алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімге сәйкес береді;

      4) сыртқы транзиттік басқарушының Ұлттық Банкке мынадай негізгі бағыттарға сәйкес есептілік беруі:

      сыртқы транзиттік басқарушы және оның үлестес брокерлері (дилерлерлері) және фьючерстік мәмілелер бойынша брокерлер жасаған бағалы қағаздармен барлық мәмілелер бойынша есептілік;

      мәмілені орындау құнындағы айырманы, брокерлердің комиссиялық сыйақысын, форекстік операциялар бойынша валюталарды сатып алу және сату бағамдарының айырмасын, салықтарды/алымдарды және транзиттік кезең аяқталған күнгі жіберіп алған пайданы қоса алғанда алтын-валюта активтерінің бір бөлігін кезкелген сыртқы транзиттік басқаруды орындау нәтижелері бойынша есеп;

      тиісті нарықтардың жай-күйі және олардың портфельге ықпалы бойынша жазбаша есеп;

      экономикалық шолу;

      стратегияға шолу және портфель құрылымындағы неғұрлым маңызды өзгерістерді түсіндіру;

      алтын-валюта активтерінің бір бөлігін инвестициялаудың ағымдағы стратегиясы.

      Ескерту. 23-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      24. Ұлттық Банк алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге немесе алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімге сәйкес Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (кастодиан банктердегі) сыртқы басқаруға немесе сыртқы транзиттік басқаруға арналған шоттарына ақша мен бағалы қағаздарды аудару арқылы алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы немесе сыртқы транзиттік басқаруға беруді жүзеге асырады.

      25. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға немесе сыртқы транзиттік басқаруға берген кезде алтын-валюта активтерінің бір бөлігін бір түрден басқа түрге аудару үшін транзиттік кезең есепке алынады. Транзиттік кезеңнің ұзақтығы 15 (он бес) жұмыс күнінен аспауға тиіс.

      26. Сыртқы басқаруға немесе сыртқы транзиттік басқаруға берілетін алтын-валюта активтерінің бір бөлігі Ұлттық Банктің кастодиан банктегі (кастодиан банктердегі) шоттарында және маржалық шотында сақталады. Сыртқы транзиттік басқарушылар үшін Ұлттық Банкпен және сыртқы транзиттік басқарушы арасында осындай шот бойынша операцияларды өткізу талаптары туралы келісім немесе алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімде осындай шот бойынша операцияларды өткізу талаптары болған кезде үшінші тұлғада ашылған сыртқы транзиттік басқарушының маржалық шотында алтын-валюта активтерінің бір бөлігін орналастыруға рұқсат беріледі.

      27. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға немесе сыртқы транзиттік басқаруға берген күннен бастап уәкілетті бөлімше сыртқы басқарушының немесе сыртқы транзиттік басқарушының қызметіне күн сайын мониторинг жүргізеді: алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімде немесе алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы транзиттік басқаруға беру туралы келісімде көрсетілген шектеулерге сәйкестігі тексеріледі, сыртқы басқарушы немесе сыртқы транзиттік басқарушы жасайтын мәмілелерге мониторингті жүзеге асырады, тәуекел және сыртқы басқарудағы портфель кірістілігінің көрсеткіштері бағаланады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      28. Уәкілетті бөлімше жылына бір рет алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге сәйкес сыртқы басқарушымен кездесу өткізеді, онда сыртқы басқарушы басқару нәтижелері туралы, инвестициялық шектеулердің орындалуы туралы есеп береді, нарықтық ахуалды және оның портфельге және алтын-валюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық операцияларды жүзеге асыруға ықтимал әсеріне баға береді.

      Ескерту. 28-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29. Жұмыс істеп тұрған сыртқы басқарушылар жұмысының тиімділігін бағалау рәсімі алтын-валюта активтерін ішінара толықтыру/бір бөлігін алу қажеттілігі немесе сыртқы басқарушымен жұмысты жалғастыру/тоқтату туралы шешім қабылдау мақсатында жүргізіледі. Мұндай сыртқы басқарушылар жұмысының тиімділігін бағалау рәсімі Қағидаларға 4-қосымшада келтірілген сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау әдістемесі негізінде жүзеге асырылады және жүргізілген талдау нәтижелері бойынша Ұлттық Банк басшылығы алтын-валюта активтерін толықтыру/бір бөлігін алу немесе осы сыртқы басқарушымен жұмысты жалғастыру/тоқтату не осы мәселені Ұлттық Банк Басқармасының қарауына шығару туралы тиісті шешім қабылдайды. Шешім сыртқы басқарушының басқаруы басталған күннен бастап 3 (үш), 5 (бес) және одан көп жылдағы басқару кезеңіндегі сыртқы басқарушының басқару нәтижелері негізінде және активтердің сыныптары бойынша алынатын комиссиялық сыйақыны ескеріле отырып қабылданады.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      29-1. Ұлттық Банк басшылығының шешімімен алтын-валюта активтерінің бір бөлігін алу немесе алтын-валюта активтерінің бір бөлігін беру туралы келісімді сыртқы басқарушымен мерзімінен бұрын бұзу Қағидалардың 29-тармағында көрсетілген рәсімсіз жүргізіледі.

      Ескерту. Қағида 29-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Егер жұмыс істеп тұрған екі сыртқы басқарушының қосылуына байланысты сыртқы басқаруға берілген алтын-валюта активтерінің бір бөлігін көлемі бойынша лимит бұзылса, уәкілетті бөлімше екі сыртқы басқарушының анағұрлым төмен нәтиже көрсеткен біреуімен алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді бұзу туралы мәселені Ұлттық Банк басшылығының қарауына шығарады. Уәкілетті бөлімше көрсетілген бұзушылықты туындаған күнінен бастап 1 (бір) тоқсан ішінде жояды.

      30-1. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін беру туралы келісімді сыртқы басқарушымен бұзу туралы шешім алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімді бұзу туралы хабарламаны сыртқы басқарушыға жіберу күні қабылданған жағдайда кастодиан банкке осы сыртқы басқарушыдан хабарламада көрсетілген күннен бастап тиісті шот бойынша мәмілелер бойынша нұсқаулықтарды орындауды тоқтата тұру туралы хабарлама жіберіледі.

      Ескерту. Қағида 30-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      31. Сыртқы басқарушыларды басқару нәтижелері туралы есеп Ұлттық Банк Басқармасының қарауына жыл сайынғы негізде, кастодиан банктен барлық сыртқы басқарушылардың портфельдері бойынша сыртқы басқарушылармен салыстырылып тексерілген қорытынды аудит жүргізілген есептер алынған күннен бастап үш айдан кешіктірілмей шығарылады.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 08.08.2016 № 174 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық
Банкінің алтын-валюта активтерінің
бір бөлігін сыртқы басқаруға
беру қағидаларына 1-қосымша

Сыртқы басқарушыдан сұратылатын ақпарат

      1. Сыртқы басқарушының қарастырылып отырған мандат түрі бойынша жұмыс тәжірибесі.

      2. Сыртқы басқарушы клиенттерінің соңғы 5 (бес) жылдағы оның басқарудағы активтері, оның ішінде:

      1) қарастырылып отырған мандат түрі бойынша активтер;

      2) институционалдық клиенттердің активтері;

      3) орталық банктердің басқарудағы активтері;

      4) басқарудағы жалпы активтер.

      3. Портфельдік менеджерлер және сыртқы басқаруға берілген активтер үшін жауапты болатын клиенттермен байланыс жөніндегі менеджерлер туралы ақпарат.

      4. Портфельдік менеджерлер және талдаушылар арасындағы соңғы 5 (бес) жыл ішіндегі қызметкерлердің тұрақтамауы туралы ақпарат.

      5. Инвестициялық процесті, портфельді басқару әдістерін, нарықты зерттеуді, қаржылық ақпараттың пайдаланылатын көздерін немесе қаржы құралдарын бағалау модельдерін жан-жақты сипаттау.

      6. Активтік нарықтық тәуекелді модельдеу, мониторинг жүргізу және басқару қандай түрде жүзеге асырылады (егер қарастырылып отырған мандат түрі активтік басқаруға қатысты болған жағдайда).

      7. Тәуекелдер мониторингі және оларды бақылау бойынша арнайы бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы.

      8. Осыған ұқсас мандат түрі бойынша соңғы 5 (бес) жылда эталондық портфельмен бірдей немесе осыған жақын портфельді басқарудың тарихи нәтижелері.

      9. Бухгалтерлік және талдамалық есептіліктерде қолданылатын кірістілікті, тәуекелді есептеу үшін пайдаланылатын бағдарламалық қамтамасыз етуді сипаттау.

      10. Ішкі корпоративтік этиканы сипаттау.

      11. Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімдердің талаптарын бұзған жағдайда сыртқы басқарушының Ұлттық Банк алдындағы жауапкершілігі.

      12. Клиентті сыртқы басқарушының қателерінен қорғау үшін сақтандырудың қандай түрлері пайдаланылады.

      13. Бас ұйымның кредиттік рейтингі (егер бар болса), сыртқы басқарушы активтерді сыртқы басқаруға беру туралы келісімнің талаптарын орындамаған кезде оның бас ұйымының шығынды өтеу туралы кепілдігін сыртқы басқарушының ұсыну мүмкіндігі не алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге тікелей бас ұйымның қол қою мүмкіндігі не Ұлттық Банк, сыртқы басқарушы және оның бас ұйымы арасындағы үшжақты келісім түрінде.

      14. Клиенттер үшін ұсынылатын тренингтің талаптары.

      15. Сыртқы басқару үшін комиссиялық сыйақының болжанып отырған деңгейі туралы ақпарат.

      16. Қаржылық есептіліктің соңғы аудиторлық қорытындысы.

      17. Сыртқы басқарушының асыра пайдаланушылық және мүдделер қақтығысы тәуекелін төмендететін ішкі саясаты мен рәсімдері, оның ішінде клиенттердің портфельдері арасында мәмілелерді тең құқылы және әділ бөлуді қамтамасыз ету, сыртқы басқарушының брокерлерінің, агенттерінің және қарсы әріптестерінің тізімін және оларды бекіту рәсімдерін тексеру.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық
Банкінің алтын-валюта активтерінің
бір бөлігін сыртқы басқаруға
беру қағидаларына 2-қосымша

Сыртқы басқарушылардың ұсыныстарын салыстырмалы
талдау үшін бағалау критерийлері


Критерий

Критерийдің мәні
(пайызбен)

1.

Портфельді басқарудың тарихи нәтижелері (аймақтық мандаттарға мамандандырылған және ауқымды мандат бойынша сыртқы басқару қызметін сатып алу тендеріне қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде көрсеткіштер тиісті мандаттың қамтуына байланысты нормаланады)

35

үстеме кірістіліктің соңғы 3, 5 жылдағы орташа көрсеткіші (егер үстеме кірістілік көрсеткіші 5 жылдан кем кезеңде оң болса, көрсеткіш 5 жылдық кезеңге қатысты нормаланады)

40

ақпараттық коэффициенттің соңғы 3, 5 жылдағы орташа көрсеткіші (егер ақпараттық коэффициенттің көрсеткіші 5 жылдан кем кезеңде оң болса, көрсеткіш 5 жылдық кезеңге қатысты нормаланады)

60

2.

Активтер

10

осы мандат түрі бойынша активтер көлемінің басқарудағы жалпы активтерге қатысты пайызы (аймақтық мандаттарға мамандандырылған және ауқымды мандат бойынша сыртқы басқару қызметін сатып алу тендеріне қатысатын әлеуетті сыртқы басқарушылардың ұсыныстарына салыстырмалы талдау жүргізген кезде аймақтық мандаттар бойынша активтердің көлемі пайдаланылады. Бұл мән тиісті мандаттың қамтуына байланысты нормаланады)

65

институционалдық инвесторлардың активтері көлемінің басқарудағы жалпы активтерге қатысты үлесі

35

3.

Команда

15

тиісті мандат бойынша активтерді басқаруға жауапты портфельдік менеджерлердің және талдаушылардың орташа жұмыс тәжірибесі

50

жалпы ұйым бойынша портфельдік менеджерлер мен талдаушылардың арасындағы мамандардың тұрақтамауы

50

4.

Кредиттік мәртебе

5

егер бас ұйымның кепілдігі болған, не алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімге бас ұйым қол қойған жағдайда, онда бас ұйымның кредиттік рейтингі (S&P немесе Moody's), не әлеуетті сыртқы басқарушының кредиттік рейтингі


5.

Басқару үшін комиссиялық сыйақының деңгейі

20

Базалық комиссиялық сыйақының деңгейі

75

Сыртқы басқарушыны басқару басталған күннен бастап өткен кезеңдегі осыған ұқсас көрсеткіштерден асатын оң үстеме кірістілікке қол жеткізген жағдайда сыртқы басқару нәтижелері бойынша комиссиялық сыйақыны төлеу (net new high basis since inception) қағидатын қабылдау

10

Басқару нәтижелері бойынша комиссиялық сыйақыны есептеу басталатын үстеме кірістіліктің ең төменгі шегін базалық комиссиялық сыйақыдан төмен емес белгілеуді қабылдау

10

Басқару нәтижелері бойынша комиссиялық сыйақыны бірнеше жыл бойы бөліп-бөліп төлеу талаптарын белгілеуді қабылдау

5

6.

Сервис

10

Ұлттық Банктің мамандарын оқыту

70

күн сайынғы есептілік

30

7.

Тәуекелдер мониторингі және оларды бақылау бойынша мамандандырылған бағдарламалық қамтамасыз етудің болуы

2

8.

Алтын-валюта активтерінің бір бөлігін сыртқы басқаруға беру туралы келісімнің талаптарын бұзған жағдайда Ұлттық Банк алдында жауапкершілік қабылдау

3

  Қазақстан Республикасы Ұлттық
Банкінің алтын-валюта активтерінің
бір бөлігін сыртқы басқаруға
беру қағидаларына 3-қосымша

Сыртқы басқарушының ұсыныстарын бағалау критерийлері
кестесіне сәйкес бағалау тәртібі

      1. Сыртқы басқарушының ұсыныстарын бағалау тиісті салмағымен бағалау критерийлері кестесінде (бұдан әрі – Кесте) келтірілген барлық көрсеткіштер сомасы болады.

      2. Қандай да бір көрсеткіш Кестеге енгізілместен бұрын, көрсеткіш формуланы қолдана отырып қарастырылып отырған критерийлердегі жақсы көрсеткішке қатысты нормаланады:

      Басқарушының нормаланған көрсеткіші Басқарушы көрсеткішінің барлық сыртқы басқарушы бойынша көрсеткіштің ең көп мәніне қатынасы.

      3. Кредиттік рейтингті бағалау кезінде көрсеткіштердің мынадай жүйесі қолданылады:

Кредиттік рейтинг
(S&P/Moody’s)

Көрсеткіш

AAA/Aaa

1

AA+/Aa1

0,8

AA/Aa2

0,7

AA-/Aa3

0,6

A+/A1

0,5

A/A2

0,4

A-/A3

0,3

BBB+/Baa1

0,2

BBB/ Baa2

0,1

ВВВ/Baa3
төмен

0


      4. Ұлттық Банктің мамандарын оқытуды бағалау кезінде көрсеткіштердің мынадай жүйесі қолданылады:

Тренинг шарттары

Көрсеткіш

Сыртқы басқарушы ұшуға, тұруға, тамақтануға ақы төлейді

1

Сыртқы басқарушы тұруға, тамақтануға ақы төлейді

0,5

Сыртқы басқарушы тұруға ақы төлейді

0,2


      5. Егер сыртқы басқарушы мандаттың жарияланған түрі бойынша басқа мандат шеңберінде активтерді басқаруды жүзеге асырса, осы активтерді басқару нәтижелерін бағалау басқа мандат шеңберінде жүзеге асырылады.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық
Банкінің алтын-валюта активтерінің
бір бөлігін сыртқы басқаруға
беру қағидаларына 4-қосымша

Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау әдістемесі

      1. Сыртқы басқарушы жұмысының тиімділігін бағалау осы Әдістемеде көзделген сандық және сапалық көрсеткіштерге сәйкес сыртқы басқарушыға балл белгілеу арқылы жүзеге асырылады.

      2. Көрсеткіштердің саны:

      1) Ақпараттық коэффициент (Information ratio).

Пайыздар

Ақпараттық коэффициент
(Information ratio)

>1

3 балл

0,5 - 1

2 балл

0 – 0,5

1 балл

0

0 балл

(-) 0,5 - 0

(-) 1 балл

(-) 1 - (-) 0,5

(-) 2 балл

<(-) 1

(-) 3 балл


      3. Сапалы көрсеткіштер:

      1) Қызметкердің қозғалысы (Staff turnover).

Пайыздар

Қызметкердің қозғалысы
(Staff turnover)

> 30

(-) 0,5 балл

5 - 30

(-) 0,25 балл

0 - 5

0 балл


      2) Операциялық тәуекел (Operational risk).

      Ұлттық Банктің алтын-валюта активтерін басқару жөніндегі инвестициялық стратегияны операциялық қате салдарынан әрбір бұзу фактісі үшін 0,2 балл алып тасталады.

      3) Іскерлік этиканы сақтау (compliance with a Code of Business Ethics).

      Сыртқы басқарушының іскерлік этиканы әрбір бұзу фактісі үшін 0,5 балл алып тасталады.

      4. Тиімділікті жиынтық бағалау сандық және сапалық көрсеткіштер сомасы ретінде есептеледі.