Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру қағидаларын бекiту туралы

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 23 қаңтардағы № 46 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 24 ақпанда № 10325 тіркелді

      «Азаматтық қорғау туралы» 2014 жылғы 11 сәуірдегі Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiлiп отырған Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру қағидалары бекiтiлсiн.
      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті (В.В. Петров) заңнамада белгiленген тәртiппен:
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеудi;
      2) осы бұйрықты мемлекеттiк тiркегеннен кейін күнтiзбелiк он күн iшiнде оны мерзiмдi баспа басылымдарында және «Әдiлет» ақпараттық-құқықтық жүйесiнде ресми жариялауға жолдауды;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Iшкi iстер министрлiгiнiң интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары В.К. Божкоға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты                 Қ. Қасымов

Қазақстан Республикасы 
Ішкі істер министрінің 
2015 жылғы 23 қаңтардың
№ 46 бұйрығымен     
бекiтiлді       

Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды,
зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру
қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 11 сәуірдегі Заңының 12-бабы 1-тармағының 70-14) тармақшасына сәйкес әзірленген және төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру тәртiбiн айқындайды.
      2. Аварияларды, зілзаларды, апаттарды тергеп-тексерудің мақсаты төтенше жағдайдға әкеп-соққан себептерді анықтау, олардың салдарларын жоюға шаралар қолдану, оларды алдын алу және материалдық шығындарды анықтау іс-шараларын жүргізу болып табылады.

2. Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды,
зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру

      3. Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) төтенше жағдайды жариялаған кезде жүргізіледі.
      Ғаламдық және өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайларды азаматтық қорғау саласындағы уәкiлеттi орган құратын комиссия тергеп-тексереді.
      Жергiлiктi ауқымдағы төтенше жағдайларды азаматтық қорғау саласындағы уәкiлеттi органның аумақтық бөлімшесі құратын комиссия тергеп-тексередi.
      Комиссия құрамына мүдделі мемлекеттік органдарды және төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялардың, зілзалалардың сипатына байланысты олардың аумақтық бөлімшелерін, сондай-ақ жергiлiктi атқарушы органдардың өкілдері мен ұйымдардың басшыларын тарта отырып, азаматтық қорғау саласындағы уәкiлеттi органның өкілдері кiредi.
      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 19.06.2015 № 547 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Комиссияны құрған орган төтенше жағдайдың ауқымына байланысты төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеру мерзімін айқындайды.
      5. Комиссия төрағасының төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды, апаттарды тергеп-тексеруге қатысты мәселелер бойынша техникалық, экономикалық және басқа да сараптамалар тағайындауға құқығы бар.
      Комиссия тергеп-тексеру барысында оқиғаны көргендерден, лауазымды және басқа адамдардан жазбаша және ауызша түсiнiктемелер алады, аварияларға, зілзалаларға, апаттарға дейінгі мән-жайларды, оның себептерін, техникалық құрылғыларды пайдалану шарттарының, технологиялық процестерді бұзу, өрт және өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын бұзу сипатын анықтайды, осындай төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялардың, зілзалалардың, апаттардың салдарын жою және алдын алу жөніндегі іс-шараларды, осы оқиғалармен келтірілген материалдық залалдарды айқындайды.
      6. Комиссия тергеп-тексеру аяқталғаннан кейін он жұмыс күні iшiнде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан авариялардың, зілзалалардың, апаттардың себептерін тергеп-тексеру актiсiн жасайды.
      7. Комиссия төтенше жағдайды тергеп-тексеру нәтижесі бойынша тергеп-тексеру материалдарын әзірлейді және белгіленген тәртіппен 5 жұмыс күні ішінде тиісті мемлекеттік органдар мен ұйымдарды хабардар етедi.
      8. Тергеп-тeкcepy материалдары:
      1) комиссияны тағайындау туралы құқықтық актіні;
      2) тергеп-тексеру актiсiн;
      3) төтенше жағдайлардың туындауы орнын қарау хаттамасын, жоспарларды, схемаларды, нобайларды, фотосуреттерді;
      4) комиссия төрағасының техникалық және экономикалық және басқа да сараптаманы тағайындау туралы шешiмiн;
      5) авария себептерін, зертханалық және басқа да зерттеулердiң, эксперименттердің, талдаулардың нәтижелері туралы сараптама комиссиясының қорытындысын;
      6) азаматтық қорғау бөлімшелері басшыларының, егер бұл қызметтер төтенше жағдайларды жоюға шақырылған болса, баяндама жазбахаттарын;
      7) куәгерлерден, төтенше жағдайлар туындауына қатысы бар адамдардан, сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының сақталуына жауапты лауазымды адамдардан жауап және түсiнiктеме алу хаттамаларын;
      8) нұқсан туралы мәлiметтерді, сондай-ақ төтенше жағдайлардың мән-жайлары мен себептерін сипаттайтын басқа да материалдарды (анықтамалар, көшiрмелер) қамтиды.
      9. Лауазымды адамдар мен азаматтардың заңсыз iс-әрекетi немесе әрекетсiздiгi анықталған жағдайда, комиссия тергеп-тексеру материалдарын кiнәлi адамдарды жауапкершілікке тарту үшiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес, тиiстi органдарға жібереді.
      10. Мүдделі мемлекеттік органдар олардың аумақтық бөлімшелері, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар мен ұйымдар төтенше жағдайдың мән-жайларын, себептерiн зерделеуді және талдауды қамтамасыз етеді, олардың алдын алу бойынша комиссия ұсынған iс-шараларды iске асыру жөнiнде шаралар қабылдайды.
      11. Қауiптi өндiрiстiк объектiлердегi аварияларды тергеп-тексеру өндірістік қауіпсіздік саласы уәкілетті органдарымен «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-тарауына сәйкес жүргізіледі.

Төтенше жағдайлардың туындауына    
әкеп соққан аварияларды, зілзалаларды,
апаттарды тергеп-тексеру қағидаларына
қосымша               

Нысан

    Төтенше жағдайлардың туындауына әкеп соққан аварияларды,
            зiлзалаларды және апаттарды тергеп-тексеру
                                 актiсi

      1. Төтенше жағдайлар (бұдан әрi – ТЖ) болған облыстың (қаланың)
орынның атауы, ұйымның атауы, оның ұйымдық-құқықтық
нысаны, меншiк нысаны және мекенжайы: _______________________________
_____________________________________________________________________
      2. Комиссия құрамы:
      Комиссия төрағасы:_____________________________________________
                               (тегі, аты-жөні, лауазымы)
      Комиссия мүшелерi:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
      3. Ұйымның, объектiнiң, учаскенiң, аумақтың, ТЖ орнының
сипаттамасы (қысқаша) _______________________________________________
_____________________________________________________________________
      Бұл бөлiмде басқа мәлiметтермен бiрге: объектiнiң ТЖ-ға дейiнгi
жұмыс режимiн, жабдықтарды көрсету (бекiтiлген, нақты, жобалық),
объектiнiң авария алдындағы жай-күйі, техникалық пайдалану
қағидаларының сақталуы туралы қорытынды беру; осы объектiде бұрын
осыған ұқсас ТЖ болған-болмағанын, олардың алдын алу жөнiнде
iс-шаралар әзiрленген-әзірленбегенін (қашан, кiм және қандай, олар
қалай орындалды) көрсету қажет.
      4. Қызмет көрсетушi персоналдың бiлiктiлiгi (қауiпсiздiк
техникасы бойынша қайда және қашан оқу-жаттығудан және нұсқама
алудан, бiлiктiлiк комиссиясында бiлiмiн тексеруден өттi)
_____________________________________________________________________
      5. ТЖ мән-жайлары (осы бөлiмнiң соңында ТЖ сипатын көрсету
керек) ______________________________________________________________
      6. ТЖ-ның ұйымдастырушылық және техникалық себептерi (Әрбiр
себептен кейiн заңнамалық және нормативтiк құқықтық актілердiң қандай
талаптарының орындалмағаны немесе бұзылғанын көрсету керек)
_____________________________________________________________________
      7. ТЖ-ның себептерiн жою жөнiндегi iс-шаралар (ТЖ зардаптарын
жою және орындау мерзiмiн көрсете отырып, олардың қайталануының алдын
алу жөнiндегi шараларды жазу керек) _________________________________
      8. ТЖ-ға жол бергенi үшiн жауапты заңды және жеке тұлғалар
туралы қорытындылар және оларды жазалаудың ұсынылған шаралары
(заңнамалық және нормативтiк құқықтық актілердiң қандай талаптарының
орындалмағаны немесе олардың бұзылғаны көрсетілсін, ТЖ болған сәттегi
жергiлiктi атқарушы органдардың, жедел қызмет көрсетушi персоналдың
iс-қимылдарына баға беру керек) _____________________________________
      9. ТЖ-дан келген зиянның жиынтық көлемi, барлығы ___ мың теңге.
      10. Өзге ақпарат (қажет болған кезде).
      Тергеп-тексеру жүргiзiлдi және акт жасалды: ___________________
                                                   (жылы, айы, күнi)
      Қосымша: тергеп-тексеру материалы ______________________ парақ.
      Комиссия төрағасы:

      Комиссия мүшелерi: