"Білім және ғылым қызметкерлерін көтермелеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі № 246 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 2 маусымда № 11249 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы 25 сәуірдегі № 86 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Оқу-ағарту министрінің 25.04.2024 № 86 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Білім және ғылым қызметкерлерін көтермелеу жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым Министрінің міндетін атқарушының 2013 жылғы 8 тамыздағы № 324 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8676 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" 26 қыркүйектегі 2013 ж. № 220 (28159) санында жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      бұйрықтың атауы келесі редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесін бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесі бекітілсін.";

      аталған бұйрықпен бекітілген Білім және ғылым қызметкерлерін көтермелеу жөніндегі нұсқаулыққа:

      атауы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесі";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесі (бұдан әрі – Көтермелеу) "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңына және "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін кейбір мемлекеттік органдардың ведомстволық наградалары туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 15 желтоқсандағы № 1539 қаулысына сәйкес әзірленген.";

      осы бұйрықтың және оның қосымшасының барлық мәтіні бойынша "Білім және ғылым қызметкерлерін көтермелеу жөніндегі нұсқаулық" деген сөздері "Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің салалық көтермелеу жүйесі" сөздерімен, ал "Нұсқаулық" деген сөз "Көтермелеу" деген сөзбен ауыстырылсын.

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындары, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен мекемелер Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарына марапаттау материалдарын осы Көтермелеудің 8-тармағында белгіленген мереке даталарынан күнтізбелік отыз күн бұрын жолдайды.

      Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволары алынған күнінен бастап 3 жұмыс күні ішінде марапаттау материалдарын Министрліктің кадр қызметіне ұсынады.";

      8, 9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      8. Білім және ғылым саласындағы қызметкерлерді марапаттау туралы ұсыныстар Ұлттық мереке – "Тәуелсіздік күнін", кәсіби мерекелер – "Ғылым қызметкерлері күнін", "Білім күнін", "Еңбек күнін" және "Мұғалім күнін" мерекелеу жағдайы бойынша қаралады.

      9. Марапаттау материалдары Министрліктің Ведомстволық наградалар жөніндегі комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) отырысында қаралады. Комиссия шешімі хаттамамен ресімделеді және Министрліктің Жауапты хатшысының қарауына енгізіледі.

      10. Төсбелгімен, Министрліктің "Құрмет грамотасымен" марапаттау, Министрліктің Алғысын жариялау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі – Министр) келісімі бойынша Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен жүзеге асырылады.";

      17 және 18-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      17. Ведомстволық наградадан айырылған адам оны Министрліктің Жауапты хатшысының тиісті бұйрығы қабылданған күннен бастап бір ай ішінде мемлекеттік органға қайтарады.

      18. "Ы. Алтынсарин", "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілері, "Еңбек ардагері" медалі, Министрліктің "Құрмет грамотасы", Министрліктің Алғысы Ұлттық мереке – "Тәуелсіздік күнін", кәсіби мерекелер – "Ғылым қызметкерлері күнін", "Білім күнін", "Еңбек күнін" және "Мұғалім күнін" мерекелеу жағдайы бойынша тапсырылады.";

      20-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      20. Әрбір марапатталушыға ведомстволық наградаларды тапсырумен бір мезгілде марапаттау туралы тиісті куәлік беріледі.

      Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволарының басшыларын қоспағанда, Министрліктің және оның ведомстволарының қызметкерлерін марапаттау туралы куәлікке Министрліктің Жауапты хатшысы қол қояды.

      Қалған жағдайларда марапаттау туралы куәлікке Министр қол қояды.";

      мынадай мазмұндағы 20-1, 20-2, 20-3, 20-4, 20-5, 20-6, 20-7, 20-8 және 20-9-тармақтармен толықтырылсын:

      "20-1. Тиісті бұйрықпен бекітілмеген және осы Көтермелеудің 20-тармағында көрсетілген лаузымдық тұлғалардың қолы қойылмаған ведомстволық наградалармен, сондай-ақ Министрліктің "Құрмет грамотасымен", Министрліктің Алғысымен марапаттау туралы куәліктер жарамсыз болып табылады.

      20-2. Бiр наградамен қайта марапаттауға жол берілмейді.

      20-3. "Ы. Алтынсарин", "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін" және "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілерімен марапаттау Министрліктің "Құрмет грамотасы", Министрліктің Алғысы болған жағдайда жүргізіледі.

      20-4. Төсбелгімен келесі марапаттау кемінде үш жылдан кейін жүргізіледі.

      20-5. Медальдар кеуденің сол жағына тағылады, Қазақстан Республикасының мемлекеттiк наградалары болған кезде олар солардан кейiн орналасады.

      Төсбелгілер кеуденің оң жағына тағылады. Нысаны және өлшемі бойынша медальдарға арналған тағандарға сәйкес келетін тағандар болған жағдайда төсбелгілер кеуденің сол жағына тағылады.

      20-6. Ведомстволық наградалар мен олардың құжаттарын қалпына келтіру осы Көтермелеудің ережелерімен реттеледі.

      Ведомстволық наградалар мен олардың құжаттары жоғалған, ұрланған немесе бүлінген жағдайда марапатталған адамдар өздерінің наградалары мен олардың құжаттарына құқықтарын сақтап қалады.

      20-7. "Ы. Алтынсарин", "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілері мен "Еңбек ардагері" медалі, сондай-ақ олардың құжаттары жоғалған (жоғалтқан, ұрланған, бүлінген) жағдайда олардың телнұсқалары Комиссияның шешімімен берілуі мүмкін.

      20-8. Тұлға ведомстволық наградалар мен олардың қосымшалары жоғалған, бүлінген және өзге де жағдайларда табиғи апаттар (өрт, су тасқыны, жер сілкіну) салдарынан болған өзіне байланысты емес мән-жайлар немесе өзіне қатысты заңсыз әрекеттердің (тонау, ұрлау) жасалуы бойынша жоғалу себептерін көрсете отырып, телнұсқаларды беру туралы жазбаша өтінішпен Министрліктің кадр қызметіне жүгіне алады.

      Өтінішке:

      1) жеке басын растайтын құжаттың көшірмесі;

      2) өтініш иесінің марапатталғанын растайтын құжаттардың көшірмелері;

      3) өтініш беруші бойынша бұрын марапаттау материалдарын жолдаған білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдардан немесе жоғары оқу орындарынан немесе ғылыми ұйымдар мен мекемелерден анықтама;

      3) мына жағдайда:

      жоғалса – табылған заттар үстелінен алынған анықтама;

      бүлінсе – форс-мажор жағдайының болғанын растайтын құзыретті органдардың құжатфтары;

      ұрланса – ішкі істер органдарынан құжаттың ұрланғаны туралы анықтама қоса беріледі.

      20-9. "Ы. Алтынсарин", "Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін", "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгілері және "Еңбек ардагері" медалі жоғалған кезде өтінішке марапаттау туралы куәліктің түпнұсқасы қоса беріледі.

      Марапаттау туралы куәліктің телнұсқасы "телнұсқа" сөзі жазылып, қолданыстағы үлгідегі бланкілерде беріледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. "Білім беру ісінің құрметті қызметкері" төсбелгісімен оқушылардың, тәрбиеленушілердің және студенттердің өз бетімен дамуын, олардың оқуын дараландыруды қамтамасыз ететін сабақтарды, білімді бақылауды ұйымдастырудың және өткізудің белсенді нысандары мен әдістерін және жаңа интерактивтік технологияларды оқу процесіне енгізгені, білім алушылардың ғылыми-зерттеу және жобалық-конструкторлық қызметіне басшылық жасаудағы табыстары, өңірлік, республикалық, халықаралық білім және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардағы жетістіктері, білім берудің өзекті мәселелері бойынша зерттеулері, білім беру жүйесінің оқытушы кадрларын даярлаудағы және олардың педагогикалық және ғылыми біліктіліктерін арттырудағы, мамандарды қайта даярлаудағы сіңірген еңбегі, оқу әдебиетін әзірлеудегі және оқу құралдары мен жабдықтарын шығарудағы жетістіктері, білім беру ұйымдарының қаржы-шаруашылық қызметін ұйымдастырудағы, материалдық-техникалық және эксперименттік-өндірістік базасын дамыту мен нығайтудағы жетістіктері үшін білім және ғылым органдары мен ұйымдарында 10 жыл және одан да көп жұмыс өтілі және жоғары немесе бірінші біліктілік санаты бар (педагог қызметкерлер үшін) қызметкерлер марапатталады.";

      мынадай мазмұндағы 24-1-тармақпен толықтырылсын:

      "24-1. "Еңбек ардагері" медалімен (нақты салаға байланыстырмай) 40 жылдан астам, оның ішінде бір салада кемінде 10 жыл жұмыс өтілі бар, сондай-ақ еңбек қызметінде жоғары нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлер және зейнеткерлік жасқа жеткен адамдар марапатталады.";

      25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      25. Министрліктің "Құрмет грамотасымен" білім және ғылым органдары мен ұйымдарында кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар қызметкерлер ғылыми педагогикалық кадрларды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жөніндегі зор және жемісті еңбегі, білім беру және тәрбиелеу процесіне оқытудың жаңа технологияларын, нысандары мен әдістерін енгізгені және оқыту мен тәрбиелеудің біртұтастығын қамтамасыз еткені, іргелі және қолданбалы ғылымның өзекті проблемалары жөніндегі, оның ішінде білім беру проблемалары жөніндегі ғылыми зерттеулерді дамытқаны, өңірлік, республикалық, халықаралық білім беру және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобалардағы, ғылымның, техниканың және мәдениеттің басым бағыттары бойынша өңірлік жоғары оқу орындары арасындағы бағдарламаларды іске асырудағы жетістіктері, оқушыларды, тәрбиеленушілерді, студенттерді және тыңдаушыларды практикалық даярлаудағы, олардың шығармашылық белсенділігі мен дербестігін дамытудағы табыстары, оқытудағы зор табыстары, жоғары білікті мамандарды практикалық даярлауда, материалдық-техникалық базаларды дамытуда білім беру ұйымдарына тұрақты және белсенді көмегі үшін марапатталады.

      Министрліктің "Құрмет грамотасымен" марапаттау туралы шешімді Министрліктің құрылымдық бөлімшелері, оның ведомстволары мен аумақтық органдары, білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар, жоғары оқу орындары, сондай-ақ ғылыми ұйымдар мен мекемелер басшыларының ұсынысы бойынша Министр қабылдайды.";

      мынадай мазмұндағы 25-1-тармақпен толықтырылсын:

      "25-1. Министрліктің "Құрмет грамотасына" осы Көтермелеудің 20-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалар қол қояды.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      26. Министрліктің Алғысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі немесе білім беруді басқару органдары ұйымдастыратын жекелеген, біржолғы іс-шараларды (конкурстар, олимпиадалар, байқаулар, көрмелер) өткізгені, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің тапсырмаларын жоғары деңгейде орындағаны, еңбек, оқу, тәрбие және әкімшілік қызметіндегі табыстары үшін үздік білім және ғылым саласы қызметкерлеріне, сондай-ақ басқа ұйымдардың қызметкерлеріне жарияланады.";

      мынадай мазмұндағы 26-1-тармақпен толықтырылсын:

      "26-1. Министрліктің Алғысы мәтініне осы Көтермелеудің 20-тармағында көрсетілген лауазымды тұлғалар қол қояды.".

      2. Әкімшілік департаменті (А. Қайырбекова) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен соң осы бұйрықты ресми жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Жауапты хатшысы Ә.Қ. Ғалымоваға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Білім және ғылым министрі

А. Сәрінжіпов