Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру қағидаларын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 23 ақпандағы № 145 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 сәуірде № 10790 тіркелді

      «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 54-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру қағидалары бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімдік баспасөз басылымдарында және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2), 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму министрінің
      міндетін атқарушы                          Ж. Қасымбек

      «КЕЛІСІЛДІ»:
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      _______________ Е. Досаев
      2015 жылғы 19 наурыз

Қазақстан Республикасы    
Инвестициялар және даму   
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 23 ақпандағы   
№ 145 бұйрығымен       
бекітілген          

Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру қағидалары 1. Жалпы ережелер

      1. Осы Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 54-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру тәртібін айқындайды.
      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) кеме - сауда мақсатында теңізде жүзуге пайдаланылатын, су ығыстырмайтын кеме мен гидроұшақты қоса алғанда, өздігінен жүретін немесе өздігінен жүрмейтін жүзбелі құрылыс;
      2) кеме иесі - кеменің меншік иесі болып табылатынына немесе оны өзге де заңды негізде пайдалануына қарамастан өз атынан кемені пайдаланатын тұлға;
      3) кеменің меншік иесі - «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-2) тармақшасына сәйкес бекітілген Кемелер мен оларға құқықты мемлекеттік тіркеу қағидаларына сәйкес кеменің меншік иесі ретінде тіркелген тұлға.

2. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беру тәртібі

      3. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті алу үшін кеменің меншік иесі және (немесе) кеме иесі порттың теңіз әкімшілігіне еркін нысандағы өтінішті (бұдан әрі - өтініш) береді.
      Өтініш теңіз порты капитанының атына:
      1) кеменің атауын, шақыру дабылын, жалпы сыйымдылығын, Халықаралық Теңіз Ұйымының (ІМО) нөмірін;
      2) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімі, бербоут-чартер тізілімі немесе халықаралық кеме тізілімі бойынша кеменің тіркеу нөмірін;
      3) жүзу ауданын (дарын);
      4) кеме меншік иесінің атауы мен мекенжайын;
      5) кеме иесі (кеме жалдаушы) мен оның мекенжайын көрсете отырып беріледі.
      4. Өтінішке мынадай құжаттардың көшірмелері қоса беріледі:
      1) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзетін теңіз кемесінің жүзу құқығы туралы куәлік;
      2) кемеге меншік құқығы туралы куәлік;
      3) кеме экипажының штат кестесі.
      5. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беруді кеме иесінің және (немесе) кеменің меншік иесінің өтініштері және осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарында көрсетілген құжаттар алынған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде теңіз портының капитаны жүзеге асырады.
      6. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлік Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 15 қыркүйектегі № 27 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9883 тіркелген) бекітілген нысан бойынша беріледі.
      7. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеме тізілімінде және Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген кемелерге кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлік үш жыл мерзімге беріледі. Бербоут-чартер тізілімінде тіркелген кемелерге кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлік Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туын көтеріп жүзу құқығының қолданылу мерзіміне беріледі.
      8. Қазақстан Республикасында тіркелген кемелерге кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беруден, ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 3 және 4-тармақтарындағы талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, бас тартылады. Кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті беруден дәлелді бас тарту өтініш берушіге өтініш алынған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде беріледі.
      9. Кеме иесі және (немесе) кеменің меншік иесі кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәлікті жоғалтқан немесе бүлдірген жағдайда, порттың теңіз әкімшілігі кеме иесінің және (немесе) кеменің меншік иесінің еркін нысанда жасалған кеме экипажының ең аз құрамы туралы куәліктің телнұсқасын беру туралы өтініші бойынша көрсетілген куәліктің телнұсқасын оған өтініш алынған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде береді.