«Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы» 2001 жылғы 13 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 20-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса ұсынылған туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Туризм индустриясы департаменті:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамамен белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрі Ә. Исекешев
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
_________________ А. Сәрінжіпов
2015 жылғы 26 ақпан
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
_________________ Т. Дүйсенова
2015 жылғы 12 ақпан
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 78 бұйрығымен
бекітілген
Туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауға, қайта
даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын
жалпы талаптар
Туризм саласындағы мамандарды кәсіптік даярлауға, қайта даярлауға және олардың біліктілігін арттыруға қойылатын жалпы талаптар мыналардың:
1) ұйымның Жарғысында (Ережесінде) қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды тікелей жүргізетін ұйымдар үшін кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі норманың;
2) кадрларды кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі жұмыс оқу жоспарларының және бағдарламаларының;
3) тиісті кәсіптер (мамандықтар) бойынша оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерінің;
4) оқыту шартының (жұмыс беруші мен оқушы арасында тікелей ұйымдарда кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру шарттары туралы жазбаша келісімнің) немесе білім беру қызметін көрсету туралы шарттың (жұмыс беруші мен техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымы арасындағы кәсіптік даярлау, қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру шарттары туралы жазбаша келісімнің) болуын қамтиды.