Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау қағидасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 29 қазандағы № 85 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 9 қаңтарда № 10077 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 28 сәуірдегі № 152 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Энергетика министрінің 28.04.2018 № 152 (29.06.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңының 18-бабы 7) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Мұнай өнеркәсібін дамыту департаменті (Қ.С.Құлмырзин):

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

В. Школьник


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Инвестициялар және даму министрі

      ______________ Ә. Исекешев

      2014 жылғы "___"__________

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 29 қазандағы
№ 85 бұйрығымен
бекітілген

Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау
қағидасы

      1. Осы Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерiн айқындау қағидасы "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағындағы су объектiлерiнiң жағалау жиегiн айқындау тәртiбiн анықтайды.

      2. Жағалау жиегi – судың барынша толу (толық су) нәтижесінде пайда болатын су объектісінің жағалау жиегі.

      3. Жағалау жиегiнiң нақты орналасқан жерi құрғақ жер бетiнің су объектiлерінің (теңiздер, көлдер, өзендер, тоғандар және су қоймалары) бетiмен қиылысқан оның белгілі бір деңгейіне (кемеріне) қарай белгіленетін шартты жиегі болып табылады.

      4. Теңіздің жағалау жиегінің нақты орналасқан жері судың барынша көтерілген уақытында ең жоғарғы деңгейіне жеткен кезіндегі су кемерінің жиегі, ал көтерілу-түсу құбылыстары болмаған кезде – соқпа толқын жиегі болып табылады.

      5. Өзендердің және оларға теңестірілген арналардың, көлдердің, тоғандардың жағалау жиегі су неғұрлым жоғары болатын маусымдағы су кемері болып табылады.

      Жаз айларында суалып қалатын өзендердің жағалау жиегі негізгі арнаның айқын көрінген жиегі болып табылады.

      6. Су қоймаларының жағалау жиегі су қоймасын пайдалануға қажеттi су деңгейiне сәйкес келетін сүйеу көкжиегiнiң жиегі болып табылады. Егер су қоймасы сүйеу көкжиегiнiң деңгейiне дейiн толмаған болса, онда оның жағалау жиегi су қоймасының суға толған сәтiндегi су деңгейiнiң жай-күйi бойынша көрсетiледi және картографиялық материалдарда тұрақсыз және айқындалмаған жағалау жиегiнiң шартты белгiсiмен бейнеленедi.

      7. Жағалау жиегi терең жырымдалған және иректелген немесе жағалаудың бойында және оған тiкелей жақын жерде аралдар тiзбегi болса, аумақтық теңiздiң енi өлшенетiн бастапқы жиегі тиiстi нүктелердi қосатын бастапқы тура жиектер әдiсiмен айқындалады.