Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің, сондай-ақ коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттарын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 117 бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2014 жылы 15 желтоқсанда № 9980 тіркелді.

      "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 27.05.2022 № 191 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Мыналар:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Тауарлық газды тұрмыстық тұтынушыларға бөлшек саудада өткізудің үлгі шарты;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің үлгі шарты;

      3) осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгілік шарттары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның бұқаралық ақпарат құралдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр В. Школьник

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 12 қарашадағы
№ 117 бұйрығына
1-қосымша

Тауарлық газды бөлшек саудада өткізудің үлгі шарты

      Ескерту. 1-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 14.06.2023 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

________________________
(шарттың жасалған орны)

20___ жылғы "_____" _____________

      Бұдан әрі "Өнім беруші" деп аталатын,

      __________________________________________________________________________

      (бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын субъектінің атауы, құрылтай құжаттары (жарғы және құрылтай шарты), мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлігі* немесе анықтамасы, берілген күні мен берген орган)

      Ескертпе:* "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.

      атынан ___________________________________________________________ негізінде

      (құжаттың атауы)

      әрекет ететін _______________________________________________ бір тараптан және

      (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      бұдан әрі "Тұрмыстық тұтынушы" деп аталатын

      __________________________________________________________________________

      (тұтынушының атауы)

      атынан _______________________________________________ негізінде әрекет ететін

      __________________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      екінші тараптан, бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар төмендегілер туралы осы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты.

1-тарау. Терминдер мен анықтамалар

      1. Осы Шартта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) газ – тауарлық газ;

      2) газ тұтыну жүйесі – газ тарату жүйесінен тауарлық газды қабылдауға, сондай-ақ оны отын ретінде пайдалануға арналған газ құбырлары (желілік бөлік) мен газ жабдығы кешені;

      3) есеп айырысу кезеңі – жеткізілген газдың көлемі айқындалатын, берілген газ үшін өнім беруші мен тұрмыстық тұтынушы арасында өзара есеп айырысу жүргізілетін кезең. Есеп айырысу кезеңі бір күнтізбелік айды құрайды;

      4) есепке алу аспаптары – мынадай функцияларды: газды өлшеуді, жинауды, сақтауды, оның шығысы, көлемі, температурасы, қысымы және аспаптың жұмыс уақыты туралы ақпарат көрсетуді орындайтын өлшеу құралдары мен басқа да техникалық құралдар;

      5) жеткізу – газды бөлшек саудада өткізу жөніндегі қызмет;

      6) өнім беруші – "Газ және газбен жабдықтау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – Газбен жабдықтау туралы заң) белгіленген жағдайларда газды бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын тұлға;

      7) смарт-картасы бар есепке алу аспаптары – тұрмыстық тұтынушы өзі төлеген газдың барлық көлемін пайдаланған кезде газ беруді жабатын салынған бекітпе клапанмен жарақталған смарт-карта арқылы ақы төлеу жүйесі бар газды есепке алу аспаптары;

      8) тұрмыстық тұтынушы – тауарлық газды кәсіпкерлік қызметте пайдалану және оларды одан әрі өткізу мақсатынсыз, тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке тұлға;

      9) тұтыну нормасы – есепке алу аспаптары жоқ тұрмыстық тұтынушылар үшін өздері тұтынған тауарлық газдың орташа айлық көлемін көрсететін есептік шама.

      2. Осы Шартта пайдаланылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Газбен жабдықтау туралы заңға сәйкес қолданылады.

2-тарау. Шарттың нысанасы

      3. Өнім беруші тұрмыстық тұтынушыға қосылған желі арқылы оның тұрмыстық тұтынуы үшін газды беруге, ал тұрмыстық тұтынушы осы Шарттың талаптарына сәйкес газ үшін ақы төлеуді жүргізуге міндеттенеді.

      4. Газды тиісінше жеткізу үшін, оның ішінде тұрмыстық тұтынушы тарапынан – газбен жабдықтау жобасының, газ тұтыну жабдығына паспорттың, салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісінің, газ құбырын салу паспортының, түтіндік және желдеткіш каналдарын тексеру актісінің, сондай-ақ газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету шартының болуы газды жеткізу Шартын жасасу талаптары болып табылады.

      5. Тұрмыстық тұтынушыны газбен қамтамасыз ету газ тарату желілері, газ пайдалану жабдықтары дұрыс техникалық жай-күйде болған кезде жүргізіледі.

      6. Есепке алу аспабы, ал ол жоқ болған кезде тұтыну объектісіндегі бекітпе құрылғысы (іске қосу краны) газды қабылдау-тапсыру пункті болып табылады.

      7. Осы Шарт бойынша жеткізілетін газ Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарының талаптарына сай болуы тиіс.

      8. Есепке алу мақсатында тауарлық газ көлемінің өлшем бірлігі үшін Цельсий бойынша 20 градус температурада және сынап бағанының 760 миллиметр қысымында бір текше метр газ қабылданады. Сыртқы ортаның параметрлері осы Шарттың 8-тармағында көрсетілгендерден өзгеше болған кезде, өнім беруші есепке алу аспабының паспортына не Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 491 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №16429 болып тіркелген) бекітілген Газдың жұмыс параметрлерін стандартты жағдайларға келтіру жолымен корректорларсыз есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін қайта есептеу әдістемесіне сәйкес газдың жұмыс параметрлерін стандартты талаптарға келтіру жолымен корректорларсыз есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін қайта есептеуді жүзеге асырады.

3-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      9. Өнім беруші:

      1) алынатын газ үшін тұрмыстық тұтынушы дұрыс төлем жүргізген және осы Шарттың жағдайлары сақталған жағдайда тұрмыстық тұтынушыға арналған мөлшерде қажетті талап етілетін сапалы газды үздіксіз беруді жүзеге асыруға;

      2) газ тұтынуды есепке алуға, сондай-ақ осы Шартпен көзделген міндеттемелердің тиісінше орындалуын қамтамасыз етуге;

      3) тұрмыстық тұтынушының жабдықтың қуатын ұлғайту және қосымша газ жабдығын орнату үшін техникалық шарттарды алуға, газбен жабдықтау схемасын техникалық жағынан күрделі емес объектілер үшін 2 жұмыс күні ішінде, техникалық жағынан күрделі объектілер үшін 5 жұмыс күні ішінде өзгертуге жазбаша өтінішті мәні бойынша қарауға;

      4) қауіпсіз, авариясыз және үздіксіз газбен жабдықтауды қамтамасыз етуге және газды қабылдау-тапсыру пунктіне дейін газдың қысымын ұстауға;

      5) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы газ бағасының өзгергені туралы ақпаратты тұрмыстық тұтынушының назарына жеткізуге;

      6) бақылау мақсатындағы тексерулер кезінде тұтынушыға көрсетілетін қызметтік куәліктермен өз қызметкерлерін қамтамасыз етуге;

      7) тұтынушы берген өтініштің және басқа да растаушы құжаттардың негізінде тұратындардың санын өзгертуді, өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеруді жүргізуге;

      8) тұрмыстық тұтынушыға тұтынылған газдың мөлшері және есеп айырысу кезеңі үшін төлем мөлшері туралы мәліметтерді қамтитын қағаз немесе электрондық түрдегі шот-хабарламаларды ай сайын ұсынуға;

      9) есепке алу аспабын тексеру мерзімі аяқталғанға дейін күнтізбелік алпыс күн бұрын тексеру қажеттілігі туралы тұрмыстық тұтынушыны хабардар етуге;

      10) жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізу және жаңа тұтынушыларды қосу үшін тауарлық газ беруді тоқтатқанға дейін қырық сегіз сағаттан кешіктірмей тұтынушыны ескертуге міндетті.

      10. Тұрмыстық тұтынушы:

      1) осы Шарттың талаптарына сәйкес газ үшін ақы төлеуді жүргізуге;

      2) газ тұтыну жүйелерін, түтіндік және желдеткіш каналдарын, оның қарамағындағы газ желілерінің учаскелерін қауіпсіз пайдалануды, түтіндік және желдеткіш каналдарын уақтылы тексеруді және тазартып тұруды қамтамасыз етуге;

      3) өнім берушінің өкілдеріне қызметтік куәліктерін көрсеткен кезде есепке алу аспаптарын, газ жабдығын, тұрып жатқандардың саны жөніндегі деректердің дұрыстығын және салыстырып тексеру туралы жарамды сертификаттың бар екенін тексеру үшін газ тұтыну жабдықтарына, газ желілеріне және есепке алу аспаптарына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етуге;

      4) өзіне тиесілі газды есепке алу аспаптарының сақталуына, техникалық жай-күйіне және салыстырып тексерілуіне, сондай-ақ өнім беруші жүзеге асырған оның пломбалануының бүтіндігіне жауапты болуға;

      5) өнім берушінің техникалық талаптарын алғаннан кейін ғана газбен жабдықтау схемасын өзгертуді, тұтыну көлемін ұлғайтатын жабдықты және қосымша газ жабдығын орнатуды және іске қосуды жүргізуге;

      6) газ тұтыну көлеміне және оған ақы төлеуге (тұрып жатқандар санының өзгеруі, жылытылатын ауданның мөлшері, газ жабдығының қуаты) әсер ететін деректердің жай-күйі және болған өзгерістер туралы өнім берушіні жазбаша түрде хабардар етуге міндетті. Тұрмыстық тұтынушы болған өзгерістер және есепке алу аспабынсыз газды тұтыну, оның жарамсыз екені не газ жабдығының параметрлеріне сәйкес келмейтіндігі туралы хабарламаған жағдайда, тұтынылған газдың көлемі өнім берушіде бар деректер бойынша есептеледі. Бұл ретте газ үшін қайта есептеулер тұрмыстық тұтынушы растайтын құжаттарды қоса бере отырып, тиісті өтінішті берген сәттен бастап жүзеге асырылады;

      7) осы Шарттың талаптарына сәйкес газды оның тікелей мақсатына қарай ұтымды пайдалануға;

      8) паспорт деректеріне сәйкес оны пайдалану мерзімінен асып кеткен кезде, газ жабдығын ауыстыру бойынша шаралар қабылдауға;

      9) пломбаның зақымданғаны немесе бүтіндігінің бұзылуы, есепке алу аспабының ақауы немесе тоқтауы анықталған кезде газ тарату ұйымына немесе топтық резервуар қондырғысының иесіне осындай ақаулық анықталған немесе бұзылған күні осы факт туралы дереу хабарлауға міндетті.

      11. Өнім беруші:

      1) уақтылы және толық мөлшерде газ үшін ақы алуға;

      2) газдың тұтынылуын есепке алуды жүзеге асыруға;

      3) кранды қосатын жерден жауып, одан әрі пломба салып немесе тұрмыстық тұтынушыны алдын ала хабардар етпей, дәнекерлеу үшін ажырату арқылы газ беруді тоқтату үшін негіз болған себептерді жойғанға дейін тұрмыстық тұтынушыға газ беруді мына жағдайларда тоқтатуға:

      тұрмыстық тұтынушы пайдаланылған газ үшін ақы төлеу тәртібін бұзған кезде, қызметтер көрсетуді тоқтата тұрғанға дейін кемінде күнтізбелік он күн бұрын тұрмыстық тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып,

      тұрмыстық тұтынушыны кемінде күнтізбелік 5 күн бұрын мынадай жағдайларда:

      - өнім берушінің техникалық шарттарын алмай-ақ газ желілерін қайта жабдықтағанда;

      - өнім берушінің өкілдерін қатарынан екі есеп айырысу кезеңі бойы газ жабдығына, газ құбыры мен есепке алу аспаптарына (олар болған жағдайда) жібермеген жағдайда алдын ала хабардар ете отырып;

      тұрмыстық тұтынушыны алдын ала ескертпей, мынадай жағдайларда:

      - тұтынушы газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздік талаптарын бұзса;

      - газды заңсыз тұтынуға әкеп соққан газбен жабдықтау жүйесіне өз бетінше және/немесе заңсыз қосылса;

      - газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің техникалық ақауы болса газ беруді тоқтатуға құқылы.

      Газ беруді тоқтату (шектеу) туралы хабарлама тұтынушыға электрондық поштамен, пошта жөнелтілімімен, қысқа мәтіндік хабарламамен, мультимедиалық хабарламамен, қолданыстағы мессенджерлермен не хабархаттың немесе шақырудың тіркеліп-бекітілуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдары пайдаланыла отырып жіберіледі.

      Тұрмыстық тұтынушыны газбен жабдықтауға қосу пайдаланылған газ үшін қарызды, тұрақсыздық айыбын және газбен жабдықтауды ажырату және қосу жөніндегі көрсетілген қызметтер үшін ақы толық төлегеннен кейін жүргізіледі;

      4) ажыратқанға дейін кемінде қырық сегіз сағат бұрын тұтынушыны алдын ала хабардар ете отырып газ құбырларындағы жөндеу-алдын алу жұмыстарын жүргізген кезде, сондай-ақ азаматтардың денсаулығына, өміріне, мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп тудыратын авариялардың алдын алу және жою жөніндегі шұғыл шараларды қабылдау үшін тұрмыстық тұтынушыға уақытша газ беруді тоқтатуға;

      5) газ жабдығы, есепке алу аспабы, жылытылатын алаң, тұратын адамдардың саны, құрылыстардың бар-жоғы туралы мәліметтер, сондай-ақ газды есепке алу және газ тұтынуда көрсетілетін деректер алуға құқылы.

      12. Тұрмыстық тұтынушы:

      1) осы Шартта ескерілген, белгіленген сападағы газ алуға және пайдалануға;

      2) заңнамада белгіленген тәртіппен және осы Шарттың талаптарына сәйкес газдың бағасы туралы ақпарат алуға;

      3) есепке алу аспабы болмаған кезде алдын алу және жөндеу жұмыстарын жүргізуге кеткен уақыттағы үзілістер үшін газға ақы төлеуді жүргізбеуге;

      4) көп қабатты тұрғын үйдің сенімді тұлғасы арқылы кондоминиум объектісін басқару органы мен өнім беруші арасындағы ынтымақтастық шартын жасасуға;

      5) өнім берушімен қағаз жеткізгіште шарт жасасуға құқылы.

4-тарау. Ақы төлеу тәртібі

      13. Тұрмыстық тұтынушы газ үшін төлемді ай сайын есепті айдан кейінгі айдың 25-не дейінгі мерзімде жүргізеді.

      Смарт-картасы бар газды есепке алу аспабын пайдаланған кезде газ үшін ақы төлеу өнім берушінің шотына қажетті газ көлемінің құнын аудару жолымен жүргізіледі.

      14. Есепке алу аспабының көрсеткіштерін өнім берушінің өкілдері тұрмыстық тұтынушымен бірлесіп ағымдағы айдың жиырмасынан кейінгі мерзімде алады. Пәтерде немесе жеке үйде тұратын тұрмыстық тұтынушының кінәсінен екі есептік кезең ішінде пәтерде немесе жеке үйде орналасқан есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін алу мүмкін болмаған кезде, өнім беруші тұрмыстық тұтынушының есепке алу аспабының нақты деректері бойынша кейіннен қайта есептеу арқылы көрсетілген кезең үшін газ тұтынуды тұтыну нормасы бойынша есептейді.

      15. Есепке алу аспабының жарамсыз екені анықталған кезде тұтынылған газды есептеу соңғы тексеру жүргізілген күннен бастап анықталған күнге дейінгі, бірақ тұрмыстық тұтынушы жүргізген төлемді ескере отырып, екі айдан аспайтын кезең үшін қолданыстағы газ тұтыну нормалары бойынша жүргізіледі.

      16. Тұрмыстық тұтынушының есепке алу аспабын тексеру мерзімі өткен жағдайда тұтынылған газ көлемі үшін есеп айырысу тексеру мерзімі өткен күннен бастап қолданыстағы тұтыну нормасы бойынша жүргізіледі. Есепке алу аспабының көрсеткіштері бойынша қайта есептеу тексерудің оң нәтижелері болған жағдайда, бірақ алты айдан аспайтын мерзімге жүргізіледі.

5-тарау. Тараптардың жауапкершілігі

      17. Газ үшін ақы төлеу бойынша өз міндеттемелерін орындамаған немесе тиісінше орындамаған тұрмыстық тұтынушы қарызды толық өтеген сәтке дейін әрбір мерзімі өткен күн үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық банкінің қайта қаржыландыруының 1,5 еселік мөлшерлемесі көлемінде тұрақсыздық айыбын төлейді, бірақ тұрақсыздық айыбының сомасы газ үшін ақы төлеу жөніндегі берешек сомасының он пайызынан артық болмауға тиіс.

      18. Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 3 қарашадағы № 96 бұйрығымен бекітілген Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9936 болып тіркелген) (бұдан әрі – Қағидалар) 36-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген бұзушылықтар кезінде өнім беруші Қағидалардың 47-тармағының 1) тармақшасына сәйкес газдың шығысын қайта есептеуді жүргізеді.

      19. Өнім берушінің өкілі осы Шарт бойынша тұрмыстық тұтынушы жіберген бұзушылықтар туралы актіні екі данада ресімдейді, олардың бірі тұрмыстық тұтынушыға беріледі. Актіге техникалық құралдарды қолдана отырып, бұзушылықтар (фото - және/немесе бейнетіркеу) тіркелген жағдайда, тұрмыстық тұтынушы оған қол қоюдан бас тартса да акт жарамды болып табылады, бірақ ол туралы жазба жазылады.

      20. Тараптардың өз міндеттемелерін орындамауына әкеп соқтырған еңсерілмейтін күш салдарынан (дүлей зілзалалар, апаттар, төтенше жағдай режимін енгізу, халықаралық шарттың қолданылуын бұзу/тоқтата тұру, газ тасымалдау жүйесіндегі авария) туындаған мән-жайлар себебінен осы Шарттың талаптарын орындамағаны үшін Тараптар жауапкершіліктен босатылады.

6-тарау. Қорытынды ережелер

      21. Шарт оны жасасқан сәттен бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады және газ тұтыну жүйелерін пайдалану кезеңінде, ал есеп айырысулар мен қаржылық міндеттемелер бойынша – олар толық аяқталғанға дейін қолданылады.

      22. Тұрмыстық тұтынушы өнім берушіні кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын жазбаша хабардар еткен кезде және пайдаланылған газға төлемақы, төлем құжаттарында көрсетілген кезде – араласқаны, өз бетімен қосылғаны үшін өсімақы, есептеулер толық төленген жағдайда біржақты тәртіппен осы Шартты бұзуға құқылы.

      23. Осы Шарттағы даулы мәселелер бойынша келісімге қол жеткізілмеген кезде даулар мен келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен шешіледі.

7-тарау. Тараптардың заңды мекенжайлары

      Өнім беруші:                                     Тұрмыстық тұтынушы:

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 12 қарашадағы
№ 117 бұйрығына
2-қосымша

Сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізудің үлгі шарты

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 14.06.2023 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      ___________________________________ 20___ жылғы "_____" ____________________

      (шарттың жасалған орны)

      Бұдан әрі "Өнім беруші" деп аталатын,

      __________________________________________________________________________

      (бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын субъектінің атауы, құрылтайшы құжаттар (жарғы және құрылтай шарты), мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлігі* немесе анықтамасы, берілген күні мен берген орган)

      Ескертпе:* "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы қолданысқа енгізілгенге дейін берілген заңды тұлғаны (филиалды, өкілдікті) мемлекеттік (есептік) тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлік заңды тұлғаның қызметі тоқтатылғанға дейін жарамды болып табылады.

      атынан ___________________________________________________________ негізінде

      (құжаттың атауы)

      әрекет ететін ______________________________________________ бір тараптан және

      (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      бұдан әрі "Тұтынушы" деп аталатын

      __________________________________________________________________________

      (тұтынушының атауы)

      оның атынан ___________________________________________негізінде әрекет ететін

      __________________________________________________________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда)

      екінші тараптан, бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар төмендегілер туралы осы шартты (бұдан әрі – Шарт) жасасты.

1-тарау. Шартта пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Шартта мынадай терминдер мен ұғымдар пайдаланылады:

      1) газ – сұйытылған мұнай газы;

      2) газ жабдығы – газ құбырларының құрамдас элементтері ретінде пайдаланылатын, толықтай зауытта дайындалатын техникалық бұйымдар (компенсаторлар, конденсат жинақтары, сақтандыру-ығыстыру арматурасы, құбыр бекітпе арматура), сондай-ақ газ пайдаланушы қондырғылар (газ аспаптары, пештері мен плиталары);

      3) газбен жабдықтау жүйесінен ажырату – өнім берушінің өкілдері орындайтын және тұтынушының газ жабдығына газ беруді тоқтатуға бағытталған газ қаупі бар жұмыстардың кешені;

      4) газбен жабдықтау схемасын өзгерту – пәтерішілік газ құбырының аралық қабатын өзгерту және газ аспаптарын көшіру;

      5) газбен жабдықтаушы ұйым – тұтынушыға топтық резервуарлық қондырғылар арқылы сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізуді жүзеге асыратын топтық резервуарлық қондырғының иесі;

      6) есепке алу аспаптары – мынадай функцияларды: газды өлшеуді, жинауды, сақтауды, оның шығысы, көлемі, температурасы, қысымы және аспаптың жұмыс уақыты туралы ақпарат көрсетуді орындайтын өлшеу құралдары мен басқа да техникалық құралдар;

      7) заңсыз қосылу – тұтынушыны газбен жабдықтау жүйесінен ажырату туралы куәландыратын өнім берушінің пломбасы (бітеуіш стакан және т.б.) болған кезде орындалған тұтынушының газбен жабдықтау жүйесіне қосылуы;

      8) өздігінен қосылу – тұтынушының газбен жабдықтау жүйесіне өз күшімен не оған арнайы рұқсаты жоқ адамдардың көмегімен қосылуға бағытталған іс-әрекеті;

      9) тұрмыстық тұтынушы – сұйытылған мұнай газын кәсіпкерлік қызметте пайдалану және оларды одан әрі өткізу мақсатынсыз, тұрмыстық мұқтаждар үшін сатып алатын жеке тұлға;

      10) тұрмыстық тұтынушының тұрғын үй-жайында іс жүзінде тұруы – тұрмыстық тұтынушының тұрғын үй-жайында тұрақты (кемінде бір ай) тұратын отбасы мүшелерінің, өзге де тұратын адамдардың, оның ішінде жалға алу (жалдау) шарты бойынша тұратындар саны;

      11) уақтылы ақы төлемеу – тұтынушының заңнамада және/немесе осы Шартта белгіленген ақы төлеу мерзімі өткен соң тұтынылған газ үшін ақы төлемеуі/тиісінше ақы төлемеуі;

      12) ысырмалы кран – тұтынушының газ жабдығы алдындағы газ құбырындағы бекітпе арматура.

2-тарау. Шарттың нысанасы

      2. Өнім беруші тұтынушының газ жабдығы алдындағы ысырмалы кранға дейін газ беруді жүзеге асырады, ал тұтынушы тұтынылған газ үшін ақы төлеуді жүргізуге және оның иелігіндегі газ жабдығы мен есепке алу аспаптарының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуге міндеттенеді.

      3. Есепке алу аспаптарының көрсеткіштері бойынша тұтынушы жұмсаған газдың көлемін есепке алу жүргізіледі.

      4. Осы Шарт бойынша жеткізілетін газ Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарының талаптарына сай болуы тиіс.

3-тарау. Тараптардың құқықтары мен міндеттері

      5. Өнім беруші:

      1) тұтынушыны шектеусіз үзбей газбен жабдықтауды жүзеге асыруға;

      2) өз жұмыскерлерін тұтынушыға бақылау мақсатындағы тексерулер кезінде көрсетілетін қызметтік куәліктермен қамтамасыз етуге;

      3) техникалық регламенттерге сәйкес газбен жабдықтау жүйесіне профилактикалық қызмет көрсетуді, диагностика, жөндеу жүргізуге;

      4) тұтынушының газбен жабдықтау жүйесіне, газ тұтыну жүйесіне, газ жабдығына авариялық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуге;

      5) тұтынушы берген өтініштің және басқа да растаушы құжаттардың негізінде тұратындардың санын өзгертуді, өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеруді жүргізуге;

      6) есепке алу аспабының көрсеткіштерін салыстырып тексеру актісін ресімдей отырып, жарты жылда бір рет газды есепке алу аспаптарының көрсеткіштерін салыстырып тексеруді жүргізуге;

      7) тұтынушыға өзгелерден басқа, газды тұтыну саны туралы және есеп айырысу кезеңі үшін ақы төлеу мөлшері туралы мәліметтерді қамтитын хабарлама-шот ұсынуға;

      8) кондоминиумды басқару органдары арқылы немесе өзге тәсілмен газ құбырлары мен құрылыстарда жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге байланысты газ беруді тоқтату туралы кемінде күнтізбелік үш күн бұрын тұтынушыны хабардар етуге;

      9) тұтынушыны газдың толық жеткізілмеу себептері туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабардар етуге және іс жүзінде жеткізілген газ көлеміне немесе газбен жабдықтаушы ұйымға байланысты емес жағдайлар бойынша осы Шартта белгіленгеннен басқа сападағы газды беруге сәйкес қайта есептеу жүргізуге;

      10) тұтынушының талап етуі бойынша оның жеке шотының жай-күйі туралы анықтама, үзінді көшірме беруге;

      11) газ тұтыну жүйесі немесе газ жабдығы қанағаттанғысыз жай-күйде болған, авария қаупі және осы жағдайлар толық жойылғанға дейін айналадағылардың өміріне қауіп тудырған кезде тұтынушыны газбен жабдықтауды тоқтата тұруға;

      12) тұтынушының талап етуі бойынша газбен жабдықтаудың жүзеге асырылмау немесе тиісті емес сапада жүзеге асырылу себептерін анықтау (тиісті актіні, сондай-ақ аварияларға, газбен жабдықтаудың болмауына немесе сапасыз жүзеге асырылуына байланысты тұтынушының өміріне, денсаулығына немесе мүлкіне келтірілген зиянды тіркейтін актіні жасаумен) үшін өзінің өкілін жіберуге;

      13) тұтынушының талап етуі бойынша халық үшін газға белгіленген бөлшек сауда бағасы, газды тұтыну нормалары, қолданылатын коэффициенттер туралы ақпарат беруге;

      14) қолданыстағы нормативтік актілерде, осы Шартта көзделген міндеттерді орындауға міндетті.

      6. Тұтынушы:

      1) тұтынылған газдың құнын осы Шарттың 4-бөліміне сәйкес есептіден кейінгі айдың жиырма бесінші күніне дейін төлеуге;

      2) есепке алу аспабын орнату кезінде оны газ жабдығының техникалық сипаттамаларын ескере отырып таңдап алуға;

      3) Қазақстан Республикасы өлшеу құралдарының мемлекеттік тізіліміне енгізілген, тексеруден өткен және өнім берушінің тіркеуінен өткен есепке алу аспабын пайдалануға;

      4) ай сайын, есеп айырысу айының жиырма бесінші күнін қоса алғанда өнім берушіге өзіне ыңғайлы кез келген тәсілмен есепке алу аспабының көрсеткіштерін хабарлауға;

      5) өнім берушінің өкілдерінің газды есепке алу аспабының көрсеткіштерін алу және қарау, аварияларды жою, газ желілері учаскесінің және жабдықтардың техникалық жай-күйі мен қауіпсіздігін бақылау мақсатында қарау, тұратындардың санын нақтылау, газ аспабын газбен жабдықтау жүйесінен ажырату, ажыратқыш қондырғылар мен әзірлеуші зауыт, өлшем құралдарын тексеруге аккредиттелген заңды тұлғалар, өнім беруші орнатқан пломбалардың жарамдылығын тексеру үшін қол жеткізуін қамтамасыз етуге;

      6) есепке алу аспаптарының (ол болған кезде) және әзірлеуші зауыттың, өлшем құралдарын тексеруге аккредиттелген заңды тұлғалардың, өнім берушінің пломбаларының сақталуы мен бүтіндігін қамтамасыз етуге;

      7) ақы төлеу дұрыстығын тексеру үшін қажетті құжаттарды ұсынуға;

      8) пәтерде, жертөледе, кіреберісте, көшедегі аулада газдың иісі байқалған кезде - _____________ телефоны арқылы авариялық қызметке хабарлауға;

      9) өнім берушінің газбен жабдықтау жүйесінің бар схемаларын өздігінен өзгертуге жол бермеуге;

      10) газ жабдығын мақсатына сай пайдалануға міндетті.

      7. Өнім беруші:

      1) тұтынушыдан жеткізілген газ үшін төлемақыны уақтылы және толық көлемде алуға;

      2) газдың тұтынылуын есепке алуды жүзеге асыруға;

      3) тұтынушыдан тұтынылған газ үшін төлемдер жинауды ұйымдастыруға;

      4) мына жағдайларда:

      тұтынушының газ жабдығын, есепке алу аспаптарын қарау мен техникалық қызмет көрсеткенде;

      жоспарлы және жоспардан тыс жөндеу жұмыстары орындалғанда;

      авариялық жағдайлардың алдын алу мен оларды жойғанда тұтынушы алып отырған үй-жайға кіруді талап етуге;

      5) есепке алу аспабының салыстыруаралық интервалы мерзімінің аяқталуын бақылауға, тұтынушыға есепке алу аспабын тексеру туралы хабарлама беруге;

      6) тұтынушының есепке алу аспаптарын пломбалауды жүргізуге;

      7) мыналарға:

      газды есепке алу аспаптарын пайдаланатын, өнім беруші тіркемеген;

      әзірлеуші зауыттың, өлшем құралдарын тексеруге аккредиттелген заңды тұлғалардың, өнім берушінің пломбаларының бүтіндігін бұза отырып, газды есепке алу аспаптарын пайдаланатын тұтынушыларға тұтыну нормасы (коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін газ жабдығының орташа қуаты) бойынша есептеу жүргізуге;

      8) тұтынылған газ және газ тұтыну жүйесіне техникалық қызмет көрсету жөніндегі қызметтер үшін уақтылы ақы төлемеген кезде мына:

      жазбаша хабардар ету;

      берешекті сот арқылы өндіріп алу;

      тұтынушыға кемінде бір ай бұрын ескерткен жағдайда одан әрі пломбалаумен немесе дәнекерлеуге ажыратумен ысырмалы кранды жабу жолымен газбен жабдықтау жүйесінен ажырату түрінде тұтынушыға ықпал ету шараларын қолдануға;

      9) мынадай жағдайларда:

      газ жабдығын пайдалану және азаматтардың денсаулығына, өміріне, мүлкіне, қоршаған ортаға қауіп тудыратын есепке алу аспаптарын пайдалану қауіпсіздігі жөніндегі талаптар бұзылғанда;

      газбен жабдықтау жүйесіне өздігінен және/немесе заңсыз қосылғанда жекелеген үй-жайларға, кіреберістерге, үйлерге газ беруді тоқтатуға, газ тіреушелерді немесе жекелеген үй-жайларды дәнекерлеуге ажырату жолымен газ беруді тез арада тоқтатуға құқылы.

      Бұл ретте қосу жөніндегі жұмыстардың құнына ақы төленгеннен кейін беруші тұтынушыға газбен жабдықтау жөнінде қызметтер көрсетуді қалпына келтіреді;

      10) тұтынушының жазбаша өтініші бойынша газ беруді тоқтатуға құқылы;

      11) газ берудің тоқтатылуы актімен тіркеледі.

      8. Тұтынушы:

      1) газды өзіне қажетті санда тұтынуға шектеусіз пайдалануға;

      2) өнім берушімен өзара есеп айырысуларды салыстырып тексеруді жүргізуге;

      3) тұтынылған газдың бағасы және олар үшін есеп айырысу тәртібі туралы ақпарат алуға;

      4) алдын ала төлемақы енгізуге;

      5) жеке шоттан үзінді көшірме алуға;

      6) өнім берушіге кемінде күнтізбелік отыз күн бұрын хабарлау және тұтынылған газ үшін толық төлемақы, оларды хабарлама-шоттарда, хабарламаларда көрсеткен жағдайда араласқаны, өздігінен қосылғаны үшін өсімақы, есептеулер толық төленген кезде бір жақты тәртіппен осы Шартты бұзуға;

      7) егер тұтынушы алдына ала төлем жүргізсе, осы Шарт бұзылған кезде соманы – тұтынушы газдың іс жүзінде пайдаланылған көлеміне ақы төлегеннен кейін қалған айырманы қайтаруын талап етуге (салыстырып тексеру актісіне сәйкес) құқылы.

4-тарау. Газды есепке алу және ол үшін ақы төлеу

      9. Тұтынушы газ үшін ақы төлеуді өнім берушінің кассасына не төлемдерді қабылдау үшін өнім беруші шарттар жасасқан ұйымдардың кассалық-есеп айырысу бөлімдеріне есепті айдан кейінгі айдың жиырма бесінші күніне дейін жүргізеді.

      Тұтынылған газдың ақысын төлеу үшін есеп айырысу кезеңі бір күнтізбелік айға тең болып белгіленеді.

      10. Есепке алу аспаптары болмаған кезде газды есепке алу және ол үшін төлемақы есептеу мынадай тәртіппен:

      тұрмыстық тұтынушылар үшін – газ тұтыну нормалары бойынша;

      коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін – газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша жүргізіледі.

      11. Ғимараттың (құрылыстың, құрылысжайдың) жылытылатын алаңы ішкі қабырғалары алып жатқан алаңды қоса алғанда, сыртқы қабырғалардың ішкі үстіңгі беттері шегінде өлшенетін ғимараттың қабаттарының (оның ішінде мансардтық, жылытылатын цоколь және жертөле) алаңы ретінде айқындалады.

      12. Жылытылатын алаңның, тұратын адамдардың саны екіжақты актімен ресімделеді. Мұндай акт Шарттың ажырамас бөлігі және ол жасалған күннен бастап төлемақы есептеу және алу үшін негіз болып табылады. Тараптардың біреуі актіге қол қоюдан бас тартқан кезде дау тұтынушының қатысуымен өнім беруші өкілінің алаңды қайта өлшеуімен шешіледі.

      13. Тұтынушыда орнатылған есепке алу аспаптарын өлшем құралдарын тексеруге аккредиттелген заңды тұлға тексеруге және пломбалауға тиіс.

      14. Тұтынушы ай сайын, әрбір айдың жиырма бесінші күнінен кешіктірмей өнім берушіге есепке алу аспабының көрсеткіштері туралы хабарлауға және қолда бар көрсеткіштерді ескере отырып, газдың тұтынылған көлеміне ақы төлеуді жүргізуге міндетті.

      15. Тұтынушы өнім берушінің өкілдерін есепке алу аспабына қол жеткізуден бірнеше рет (2 және одан көп рет) бас тартқан кезде тұтынушыға есептеуіш көрсеткіштерін алу мерзімі туралы (кемінде бір апта бұрын) өнім берушінің өкілі хабарлама жібереді немесе қол қойдырып тапсырады.

      16. Өнім беруші өкілінің хабарламасын алғаннан кейін тұтынушы есептеуіштен көрсеткіштерді алуға рұқсат бермеген кезде, өнім беруші есептеуіштің көрсеткіштерін соңғы алу жүргізілген айдан бастап тұрмыстық тұтынушылар үшін – тұтыну нормативтерін немесе коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін – газ тұтыну жабдығының қуатын негізге ала отырып, газ үшін төлемақыны есептеуді жүргізеді.

      17. Есепке алу аспабын жөндеу, ауыстыру, тексеру жүзеге асырылатын күнтізбелік отыз күннен аспайтын кезеңде тұтынылған газдың саны көрсетілген есептеуіш бойынша орташа айлық көлем ретінде есептеледі.

      18. Газды есепке алу аспабын тексеру мерзімі аяқталғаннан кейін тұтынушы оны тексеруді уақтылы жүргізбеген кезде өнім беруші газды есепке алуды және есептеуді тұрмыстық тұтынушылар үшін – қолданыстағы тұтыну нормалары бойынша, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін – газ жабдығының қуаты бойынша жүргізеді.

      19. Тұтынушыда газ жабдығына өздігінен не заңсыз қосылу анықталған кезде өнім беруші көрсетілген іс-қимылдың жасалғаны анықталған айдың алдындағы алты ай ішінде бұзушылықтарды жою күнін қоса алғанда газ тұтынуды тиісінше есепке алмай, тұрмыстық тұтынушылар үшін қолданыстағы тұтыну нормалары бойынша, коммуналдық-тұрмыстық тұтынушылар үшін – газ тұтыну жабдығының қуаты бойынша төлемақы мөлшерін қайта есептеуді жүргізеді.

5-тарау. Тараптардың жауапкершілігі

      20. Өнім беруші газдың тиісті сапасы және тұтынушының ысырмалы кранына дейін газдың үздіксіз берілуі үшін жауапты болады.

      21. Өнім беруші Шарттың талаптарын бұзған кезде тұтынушыға осыған байланысты шеккен шығындарды өтейді.

      22. Тұтынушы тұтынылған газ үшін төлемақының уақтылылығы мен толықтығы, есепке алу аспабы көрсеткіштерінің уақтылылығы мен дұрыстығы, есепке алу аспаптарын тексеру уақтылылығы үшін жауапты болады.

      23. Есептік айдан кейінгі айдың жиырма алтыншы күні төлемақының мерзімі өткен күн болып саналады.

      24. Төлемдерге ақы төлеу мерзімі өткен кезде тұтынушы мерзімі өткен әрбір күн үшін ақы төлеу мерзімі өткен сомадан Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесінің 1,5 мөлшерінде тұрақсыздық айыбын төлейді.

      25. Өнім берушінің әзірлеуші зауытының, өлшеу құралдарын тексеруге аккредиттелген заңды тұлғалардың есепке алу аспабының пломбалары зақымдалған/бұзылған кезде өнім беруші газ плитасының орташа қуаты бойынша төлемақыны қайта есептеуді жүргізеді не тұтынушыға бұл туралы ескертпестен, газ беруді тоқтатады.

      26. Тараптар газ беруді тоқтатуға әкеп соқтырған еңсерілмейтін күш салдарынан (дүлей зілзалалар, апаттар, төтенше жағдай режимін енгізу, халықаралық шарттың қолданылуын бұзу/тоқтата тұру, газ тасымалдау жүйесіндегі авария) туындаған мән-жайлар себебінен осы Шарттың талаптарын орындамағаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

6-тарау. Шарттың қорытынды ережелері

      27. Шарт оны жасасқан сәттен бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады және мерзімсіз сипатта болады.

      28. Өнім беруші жасаған актілер мен хабарламалар тұтынушы, сондай-ақ өзге негіздерде (жалға алушылар, тұтынушының қызметкерлері және басқалар) тұтынушының үй-жайында болған адамдар қолма-қол, пошта арқылы алған сәттен бастап тапсырылған болып табылады.

      29. Осы Шартта көзделмеген дау жағдайлары немесе Тараптардың келісіміне қол жетпеген Шарт бойынша даулар сот тәртібімен шешіледі.

7-тарау. Тараптардың заңды мекенжайлары

      Өнім беруші:                                                 Тұтынушы:

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2014 жылғы 12 қарашадағы
№ 117 бұйрығына
3-қосымша

Коммуналдық-тұрмыстық және тұрмыстық тұтынушылардың газ тұтынушы жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсетудің үлгі шарты

      Ескерту. 3-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 14.06.2023 № 229 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

______________ қ.

20____ жылғы __________

      Бұдан әрі "Орындаушы" деп аталатын, _________________________________________

      атынан ______________________________ негізінде әрекет

      (заңды тұлғаның аты)       (лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты, (болған жағдайда)

      ететін ___________________________________________ бір тараптан, және бұдан әрі

      (жарғы, ереже, сенімхат және тағы басқалары)

      "Тапсырыс беруші" деп аталатын, ____________________________________ атынан,

      ____________________________________________________________екінші тараптан,

      (тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), не заңды тұлғаның аты)

      бұдан әрі "Тараптар" деп аталатындар төмендегілер туралы осы шартты жасасты:

1-тарау. Шарттың нысанасы

      1. Осы Шартқа сәйкес Орындаушы Тапсырыс берушінің тұрғын (тұрғын емес) үй-жайында орнатылған газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарын жүргізуге міндеттенеді, ол өз кезегінде, жоғарыда көрсетілген жұмыстарды қабылдауға және оған ақы төлеуге міндеттенеді.

      2. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету мыналарды қамтиды:

      1) газ жабдығын орнатудың және газ құбырларын тартудың газбен жабдықтау жобасына және абонент карточкасына сәйкестігін тексеру (визуалды түрде);

      2) газ құбырларына және газ жабдығына еркін қол жеткізудің бар-жоғын тексеру (визуалды түрде);

      3) газ құбырларының боялу және бекітілу жай-күйін, ғимараттың сыртқы және ішкі конструкциялары арқылы газ құбырлары тартылатын жерлерде футлярлардың болуын және тұтастығын тексеру;

      4) газ құбырларының және арматураның, тұрмыстық газ жабдықтарының герметикалық жалғанған жерлерін аспаптық әдіспен немесе сабынды эмулсиямен тексеру;

      5) газ жабдығының тұтастығы мен жарақталуын тексеру;

      6) газ құбырларында орнатылған крандардың жұмыс қабілеттілігі мен майлануын тексеру;

      7) түтіндік және желдеткіш каналдардың тарту күшін, газ жабдығын түтіндік каналымен жалғастырушы құбырлардың жай-күйін, жану үшін ауа ағымының бар-жоғын тексеру;

      8) тұрмыстық газ жабдығының крандарын бөлшектеу және майлау;

      9) тұрмыстық газ жабдығының қауіпсіздік автоматикасының жұмыс қабілеттілігін, оның жөнделгендігін және реттелгендігін тексеру;

      10) жанарғыны ластанудан тазалау, жабдықтың барлық жұмыс режимінде газдың жану процесін реттеу;

      11) газ жабдығының жекелеген тораптары мен бөлшектерін ауыстыру немесе жөндеу қажеттілігін анықтау;

      12) газ жанарғысының, жабдықты жандырғанға дейін және одан кейін түтін тартқыштың болуын міндетті тексеру туралы ескертетін түтіндікке жану өнімін бұратын аспаптардың қасында арнайы тақтайшалардың бар-жоғын тексеру;

      13) тұтынушыларға келесі техникалық қызмет көрсету күні мен Орындаушының байланыс деректері көрсетілген жадынама бере отырып, тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану қағидалары бойынша жыл сайынғы нұсқама беру;

      14) шкафтағы реттеуіш пункттеріне, газ құбырларын тоттанудан қорғау қондырғыларына қызмет көрсету (олар болған жағдайда);

      15) Тапсырыс берушіге тиесілі газ құбырларын қажеттілігіне қарай сырлау;

      16) қажет болған кезде газ тұтыну жүйелерін сулы-мұзды бітелулерінен тазарту.

      3. Техникалық қызмет көрсетуге жататын газ жабдығының атауы, тұрпаты мен саны осы Шартқа қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделетін абонент карточкасында көрсетіледі.

      4. Үйішілік газ жабдығын жөндеу жөніндегі жұмыстар және осы Шартта көзделген жұмыстар, оның ішінде тораптар мен бөлшектерді ауыстыру тапсырыс берушінің өтінімі бойынша жүзеге асырылады.

      5. Осы Шарттың 2-тармағында санамаланған жұмыстар тапсырыс берушіде техникалық регламенттер мен ұлттық стандарттарға сәйкес келетін, дұрыс жұмыс істейтін және түтін мен желдетпе арналары тексерістерден уақтылы өткізілген газ жабдығы болған кезде іске асырылады.

2-тарау. Орындаушының құқықтары мен міндеттері

      6. Орындаушы:

      1) Шарттың талаптарына сәйкес техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды уақытылы және сапалы орындауды қамтамасыз етуге;

      2) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жылына кемінде бір рет орындауға;

      3) тапсырыс беруші жоспардан тыс жұмыстарды (өтінім бойынша жөндеу) жүргізу қажеттігі туралы өтініш жасаған кезде, оларды келісілген мерзімдерде орындауға;

      4) Тапсырыс берушіні газ жабдығын пайдалану жөнінде бастапқы және қайта нұсқамадан өткізуге;

      5) газ берушіні Тапсырыс берушіге газ беруді тоқтату қажеттілігі туралы мынадай жағдайларда хабардар етуге:

      орнатылған газ жабдығын өз бетінше тасымалдау, монтаждау және бөлшектеу және қосымша газ жабдығын өз бетінше орнату, газ жабдығын мақсатынан тыс пайдалану, оларды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың талаптарын бұза отырып, газ жабдығын пайдалану кезінде;

      6) осы Шарттың қолданылуы тоқтатылған кезде Тапсырыс берушінің газ тұтыну жүйесі мен газ жабдығына техникалық қызмет көрсетуді тоқтату туралы газ берушіні хабардар етуге міндетті.

      7. Орындаушы:

      1) газ берушіні Тапсырыс берушіге газ беруді тоқтату қажеттілігі туралы мынадай жағдайларда:

      аварияларды жою кезінде;

      жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде;

      газ жабдығының, түтіндік және желдеткіш каналдарының қанағаттанарлықсыз жай-күйінде және бұзылған жағдайында, техникалық жай-күйі туралы оң қорытындымен қоса тексеру актілері болмаған кезде;

      газ жабдығын өз бетінше ауыстыру, монтаждау және демонтаждау, қосымша газ жабдығын өз бетінше орнату, газ жабдығын мақсатқа сай пайдаланбау, оларды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтардың талаптарын бұза отырып газ жабдығын пайдалану кезінде;

      Тапсырыс беруші газ тұтыну жабдықтарына және газ жабдығына техникалық қызмет көрсету (жөндеу) үшін Орындаушының өкілдеріне қол жеткізуді қамтамасыз етпеген кезде, оны жазбаша ескерткеннен кейін екі ай өткен соң хабардар етуге құқылы. Бұл ретте Орындаушы жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша газ беруді тоқтату нәтижесінде Тапсырыс берушіде пайда болған шығындар, залалдар үшін жауапты болмайды;

      2) Тапсырыс берушінің өтінімі бойынша қолданыстағы газ тұтыну жүйесінің жаңадан орнатылған газ жабдығын іске қосуды, жөндеуді, осы Шартпен көзделмеген жеке төлем үшін газ аспаптарының тораптары мен бөлшектерін ауыстыруды жүргізуге құқылы.

3-тарау. Тапсырыс берушінің құқықтары мен міндеттері

      8. Тапсырыс беруші:

      1) газ жабдығын оларды пайдалану жөніндегі нұсқаулықтарға сәйкес пайдалануды қамтамасыз етуге;

      2) газ жабдығы, түтіндік пен желдеткіш каналдары жарамсыз болған, газдың иісі шыққан кезде, газды пайдалануды жедел тоқтатуға және Орындаушы мен газ тарату ұйымының авариялық қызметіне, топтық резервуарлық қондырғы иесіне немесе газ толтыру станциясының иесіне хабарлауға;

      3) түтіндік және желдеткіш каналдарын жаппауға, тығындамауға, жапсырмауға, қоқыспен толтырмауға;

      4) Орындаушының өкіліне (қызметтік куәлікті немесе жеке басын куәландыратын құжатты көрсеткен кезде), газ жабдығына жөндеу қажет болған кезде – қарап тексеру үшін, ал авариялық жағдайлар кезінде – тәуліктің кез келген уақытында қол жеткізуді қамтамасыз етуге міндетті. Орындаушы техникалық қызмет көрсетуді жүргізген кезде газдандырылған объектіге газбен жабдықтау жобасының (атқарушы-техникалық құжаттаманың) көшірмесін ұсынуға;

      5) қолданыстағы жабдықты және газ құбырларын, түтіндік және желдеткіш каналдарын өз бетінше газдандыру, бөлшектеу, құрылысын өзгерту және жөндеу (оның ішінде ауыстыру), қосымша газ жабдығын монтаждау жөніндегі жұмыстарды жүргізбеуге және оларды жүргізуге жол бермеуге;

      6) газ жабдығының алдында және ажыратқышта (тіреуіштер) іске қосу крандарының орналасқан жерін бітемеуге;

      7) газ жабдығын қауіпсіз пайдалану туралы бұзушылықтарды жою актісіне сәйкес, орындаушы анықтаған бұзушылықтарды жоюға;

      8) бес жұмыс күнінің ішінде орындаушыға техникалық қызмет көрсетілуге жататын жабдықтар санының өзгеруі туралы хабардар етуге міндетті.

4-тарау. Көрсетілетін қызметтер құны мен ақы төлеу тәртібі

      9. Техникалық қызмет көрсету бойынша жұмыстардың құны Орындаушының қолданыстағы прейскуранты негізінде айқындалады. Осы Шарт бойынша газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарға ақы төлеу тараптардың келісімі бойынша ай сайын, тоқсан сайын немесе жылына бір рет орындаушының есеп шотына аудару арқылы жүргізілуі мүмкін.

      10. Орындаушы орындалған жұмыстардың актісін Тапсырыс берушіге есепті айдан кейінгі айдың бесінші күніне дейін жібереді.

      11. Тапсырыс беруші Орындаушы жіберген орындалған жұмыстардың актісіне алынған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде қол қояды немесе Орындаушыға жазбаша дәлелді бас тартуды ұсынады.

      12. Орындаушы Тапсырыс берушінің ескертулерін жояды.

      13. Орындаушы орындалған жұмыстар актісіне қол қойылғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде төлем шотын Тапсырыс берушіге береді.

      14. Тапсырыс беруші қойылған шот және орындалған жұмыстардың қол қойылған актісі негізінде күнтізбелік 5 күн ішінде Орындаушының есеп шотына ақша қаражатын аудару жолымен төлем жүргізеді.

      15. Төлем орындаушының шотына ақшаның түсу фактісі бойынша жасалған болып саналады.

      16. Осы Шарт бойынша ақы төлеу мөлшері Тапсырыс берушіге тиесілі газ жабдығының саны немесе газ желілерінің ұзындығы өзгерген кезде өзгертілуі мүмкін. Техникалық қызмет көрсету құнын қайта есептеу кезінде орындаушы газ тұтыну жүйелері мен газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету шартына өзгерістер енгізеді.

5-тарау. Тараптардың жауапкершілігі

      17. Тапсырыс беруші осы Шарттың талаптарын бұзған кезде Орындаушы газ тұтыну жүйесінің жұмысына жауапты болмайды және кепілдік бермейді.

      18. Тапсырыс беруші техникалық қызмет көрсету жөніндегі орындалған жұмыстарға уақтылы ақы төлемеген кезде, соңғысы Орындаушының талабы бойынша Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі белгілеген қайта қаржыландырудың 1,5 еселік мөлшерлемесі көлемінде қарызды толық өтеген сәтке дейін әрбір мерзімі өткен күн үшін қарыз сомасынан өсімпұл төлеуге міндеттенеді.

      19. Орындаушыға газ тұтыну жүйелеріне қолжетімділік берілмеген кезде, газ тұтыну жүйелерінің жарамды техникалық жай-күйі үшін Тапсырыс беруші жауапты болады.

      20. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет тиісті түрде көрсетілмеген кезде, Орындаушы өз есебінен қайта техникалық қызмет көрсетуді жүргізеді.

      21. Осы Шарттың талаптарын тиісінше орындамаған кезде Тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жауапты болады.

6-тарау. Шарттың қолданылу мерзімі

      22. Шарт оны жасасқан сәттен бастап күшіне енеді және тараптар үшін міндетті болады және газ тұтыну жүйелерін пайдалану кезеңінде, ал есеп айырысулар мен қаржылық міндеттемелер бойынша – олар толық аяқталғанға дейін қолданылады.

7-тарау. Қорытынды ережелер

      23. Осы Шарт бойынша немесе оған байланысты барлық даулар мен келіспеушіліктер тараптар арасында келіссөздер жолымен шешіледі.

      24. Туындаған дауларды немесе келіспеушіліктерді келіссөздер жолымен шешу мүмкін болмаған кезде олар сот тәртібінде шешілуге жатады.

      25. Осы Шартпен реттелмейтін мәселелер бойынша тараптар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын басшылыққа алады.

8-тарау. Тараптардың заңды мекенжайлары

      Орындаушы:                                           Тапсырыс беруші:

  Коммуналдық-тұрмыстық және
тұрмыстық тұтынушылардың
газ тұтыну жүйелеріне және газ
жабдықтарына техникалық
қызмет көрсетуге арналған үлгі
шартқа қосымша

      Нысан

      Абонент карточкасы

Газ тұтыну жүйелерінің атауы

Саны

Түрі, маркасы

2 конф. газ плитасы



3 конф. газ плитасы



4 конф. газ плитасы



от жанатын мойыны



Ағынды су жылытқыш (газ. колонкасы)



Сыйымды су жылытқыш



Жағып жылытатын қазандық



Газ құбыры