"Ұлттық біліктілік шеңберін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 28 қыркүйектегі № 444 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2012 жылғы 24 қыркүйектегі № 373

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2013 жылғы 18 желтоқсандағы № 665-ө-м және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 10 қаңтардағы № 6 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 12 ақпанда № 9141 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 9 қарашадағы № 851 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 25 қарашадағы № 656 бірлескен бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 09.11.2015 № 851 және ҚР Білім және ғылым министрінің 25.11.2015 № 656 бірлескен бұйрығымен.

      Ұлттық біліктілік жүйесін жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫЗ:
      1. «Ұлттық біліктілік шеңберін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім  және ғылым министрінің 2012 жылғы 28 қыркүйектегі № 444 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі міндетін атқарушының 2012 жылғы 24 қыркүйектегі № 373-ө-м бірлескен бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8022 тіркелген, 2012 жылғы 24 қарашадағы № 771-775 «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған) мынадай өзгеріс енгізілсін:
      көрсетілген бірлескен бұйрықпен бекітілген Ұлттық біліктілік шеңбері осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғауминистрлігі Еңбек және әлеуметтік әріптестік департаменті (Оспанов А.А.) осы бірлескен бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуін және оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Қ.Б. Әбсаттаровқа және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Е.Н. Иманғалиевқа жүктелсін.
      4. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының           Қазақстан Республикасының
      Білім және ғылым                    Еңбек және халықты
      министрі                            әлеуметтік қорғау министрі
      _______________ А.Сәрінжіпов        ______________ Т. Дүйсенова

Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым министрінің
2014 жылғы 10 қаңтардағы
№ 6 және       
Қазақстан Республикасы 
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің   
2013 жылғы 18 желтоқсандағы
№ 665 ө-м бірлескен бұйрығына
қосымша        

Қазақстан Республикасы 
Білім және ғылым министрінің
2013 жылғы 28 қыркүйектегі
№ 444 және Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі міндетін атқарушының
2013 жылғы 24 қыркүйектегі 
№ 373-ө-м бірлескен бұйрығымен
бекітілген        

Ұлттық біліктілік шеңбері

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасының Ұлттық біліктілік шеңбері (бұдан әрі – ҰБШ) сегіз біліктілік деңгейінен тұрады, бұл Еуропалық біліктілік шеңберіне және 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған білім деңгейлеріне сәйкес келеді.
      2. ҰБШ салалық біліктілік шеңберін, кәсіби стандарттарды әзірлеу үшін жалпы кәсіби құзыреттердің біліктілік деңгейлерінің бірыңғай шәкілін айқындайды. ҰБШ құзыреттердің және біліктіліктердің салааралық салыстырмалығын қамтамасыз ете отырып, мамандар біліктілігінің сәйкестігін растау және оны беру жүйесі үшін негіз болып табылады.
      3. ҰБШ-да нәтижелердің жиынтық сипаттамасы келтіріледі, нақтылау салалық біліктілік шеңберінде, кәсіби стандарттарда жүзеге асырылады.
      4. ҰБШ пайдаланушылардың әртүрлі топтарына (азаматтарға, жұмыс берушілерге, білім беру органдарына) арналған және:
      1) бірыңғай әдістемелік негізде кәсіби және білім беру стандарттарын әзірлеуге;
      2) мамандардың және оқу орындарын бітірушілердің біліктілігіне және құзыреттеріне қойылатын талаптарды бірыңғай көзқараста сипаттауға;
      3) кәсіби білім берудің барлық деңгейлеріндегі бітірушілердің біліктілігін бағалау материалдары мен айқындау рәсімін әзірлеуге мүмкіндік береді.
      5. Осы ҰБШ-да қолданылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:
      1) біліктілік – қызметкердің нақты жұмыс түрін орындауға кәсіби дайындық дәрежесі;
      2) біліктілік деңгейі – орындалатын жұмыс күрделілігін, дербестілігі мен жауапкершілігін білдіретін қызметкердің біліктілігіне (құзыреттілігіне) қойылатын талаптар деңгейі;
      3) білім – оқу және жеке тәжірибесі арқылы ақпаратты меңгеру нәтижесі, оқу немесе жұмыс саласына қатысты фактілер, қағидаттар, теория мен практика жиынтығы, біліктіліктің міндетті түрде бағалануға тиіс бөлігі;
      4) дағды – қызметті жүзеге асыру және міндеттерді шешу мақсатында білімді пайдалану және құзыреттілік таныту қабілеті (логикалық, шығармашылық және практикалық ойлауды пайдалану);
      5) еңбек қызметінің түрі – еңбек функцияларының жиынтығынан құралған және оларды орындауға қажетті құзыреттердің кәсіби қызмет саласының бөлігі;
      6) кәсіби қызмет саласы – жалпы интеграциялық негізі бар және оларды орындау үшін еңбек функциялары мен құзыреттерінің ұқсас жиынтығын қамтамасыз ететін саланың еңбек қызметі түрлерінің жиынтығы;
      7) еңбек функциясы – бизнес процесс айқындайтын еңбек іс-әрекеттерінің интеграцияланған және салыстырмалы түрде автономды жиынтықты білдіретін және оларды орындау үшін қажетті құзыреттіліктің болуын қамтамасыз ететін еңбек қызметі түрінің құрамдас бөлігі;
      8) кәсіби міндет – еңбек функциясын іске асырумен және кәсіби қызметтің белгілі бір саласында қажетті нәтижеге қол жеткізумен байланысты әрекеттер туралы нормативтік түсінік;
      9) кәсіби стандарт – кәсіби қызметтің нақты саласында біліктілік деңгейіне және құзыреттілікке, еңбек мазмұнына, сапасына және жағдайларына қойылатын талаптарды айқындайтын стандарт;
      10) кәсіп – арнайы дайындық нәтижесінде игерілетін және білімі туралы тиісті құжаттармен расталатын белгілі бір білімді, білікті және тәжірибелік дағдыларды талап ететін адамның еңбек қызметіндегі кәсіптерінің негізгі түрі;
      11) құзыреттілік – қызметкердің кәсіби қызметінде білімін, біліктілігі мен дағдысын қолдану қабілеті;
      12) ҰБШ – еңбек нарығында танылатын біліктілік деңгейлерінің құрылымдық сипаттамасы;
      13) салалық біліктілік шеңберлері – салада танылатын біліктілік деңгейлерінің құрылымдық сипаттамасы;
      14) функционалдық карта – кәсіби қызметтің осы немесе өзге саласының шеңберінде қызметкер орындайтын белгілі бір қызмет түрінің еңбек функциялары мен кәсіби міндеттерінің құрылымдық сипаттамасы.

2. Осы Ұлттық біліктілік шеңбері құрылымы

      6. Ұлттық біліктілік шеңбері осы ҰБШ-ға 1-қосымшаға сәйкес Ұлттық біліктілік шеңбері құрылым бойынша ресімделген шеңберлік құрылымды білдіреді.
      7. ҰБШ-ны әзірлеу кезінде үздіксіздік және сабақтастық қағидаттары, қызметкерлердің құзыреттеріне, білігіне, дағдылары мен біліміне (бірінші деңгейден сегізінші біліктілік деңгейіне дейін) қойылатын талаптарды жүйелі арттыру пайдаланылды.
      8. Қызметкердің жеке және кәсіби құзыреттері, білігі, дағдылары мен білімі орындалатын қызмет сапасының деңгейін және нәтижелерін айқындайды.
      Қызметкерлер кәсіби қызмет жүйесіндегі орнына байланысты өкілеттік пен жауапкершіліктің шеңбері әртүрлі. Қызметкерлердің қызметі жетекшілікте, өз бетінше (орындаушылық қызмет) жүзеге асырылады немесе басқа қызметкерлердің қызметін басқаруды болжайды.
      Дағдылары мен білімі кәсіби қызметтегі өзара іс-әрекеттің белгілі жағдайларында қызметкердің осы немесе өзге де нақтылайтын құзыреттерінің жеке сипаттамаларына жатады.
      Әрбір біліктілік деңгейінің құзыреттері мынадай негізгі критерийлер: дербестік, жауапкершілік және орындалатын жұмыстың күрделілігінің дәрежелері бойынша бағаланады.
      Кәсіби қызметтің негізін жаңа құзыреттерді қалыптастыру немесе барын жаңартуды қамтамасыз етуді, қоғамда және еңбек нарығындағы өзгеріп тұратын ахуалға оның бейімделуін қамтамасыз ететін қызметкердің жеке және кәсіби құзыреттері құрайды. Қызметкерлердің бойында нарықтық қатынастары жағдайында өздігінше байқау, бақылау, тәртіп, түзету, бағалау, ұйымдастыру, басқару, қамтамасыз ету сияқты жалпы кәсіби құзыреттер болуға тиіс.
      9. Біліктілік пен құзыреттер адамның белгілі бір білім бағдарламасын игеруі және/немесе кәсіби практикалық тәжірибе нәтижесі болып табылады. Біліктілікті арттыру немесе оның қызметінің бейінін (кәсібін) өзгерту үшін қызметкерлер қосымша білім бағдарламалары бойынша әртүрлі оқу орындарында оқуға мүмкіндіктері бар. Оқу орындарын, қайта даярлау немесе біліктілікті арттыру курстарын бітіргеннен кейін қызметкерлер біліктілікті растау және оны беретін тәуелсіз орталықтарда өзінің кәсіби деңгейін тәжірибелік тексеру рәсімдерінен өтеді.
      Оқу, білім алу, жұмыстың практикалық тәжірибесімен байланысты біліктілік деңгейлеріне қол жеткізу жолдарының нұсқалары осы ҰБШ-ға 2-қосымшада ұсынылған.

Ұлттық біліктілік шеңберіне
1-қосымша       

Ұлттық біліктілік шеңберінің құрылымы

Біліктілік деңгейі

Жеке және кәсіби құзыреттерге қойылатын талаптар

Біліктер мен дағдыларға қойылатын талаптар

Білімге қойылатын талаптар

1

2

3

4

1

Біліктілігі анағұрлым жоғары деңгейдегi маманның (тәлімгердің) жетекшілігімен нормаларды іске  асыру бойынша орындаушылық  іс-әрекет

Қарапайым тәжірибелік тапсырмаларды тыңдайды, түсінеді, орындайды, тәлімгердің жұмысын бақылайды, тәлімгерге қосымша жұмыс көрсетеді

Еңбек мәні, оны қайта құру процесі және тиісті орындаушылық іс-әрекеттер топтамасы туралы базалық білім

2

Шектелген жауапкершілiк пен дербестiктің белгiлi дәрежесін қамтамасыз ететін жетекшілікте нормаларды іске асыру бойынша орындаушылық қызмет

Жұмыс тәсілін карта және нұсқаулық негізінде таңдайды, күрделі емес үлгілік тәжірибелік тапсырмаларды және жұмыстарды орындайды

Еңбек мәні, оны өзгерту процестері қарапайым үлгілік міндеттерді орындауда нәтижеге қол жеткізу құралдары мен тәсілдері туралы, орындаушылық қызметтің рефлексиясы туралы базалық білім

3

Өз бетінше жоспарлауды көздейтін, жетекшіліктен ормаларды іске асыру бойынша орындаушылық қызмет, қойылған міндеттерді орындауға жауаптылық

Қойылған норманы орындау тәсілдерін, еңбек мәні мен құралдарын өз бетінше айқындайды,қарапайым жұмыстарды орындауда шешім қабылдайды

Еңбек мәнін технологиялық өзгерту, жоспарлау және ұйымдастыру, кәсіби қызметтің үлгілік жағдайларындағы міндеттерді өз бетінше орындау туралы білім

4

Бағынысты қызметкерлердің міндеттерді өз бетінше белгілеуін, нормаларды ұйымдастыру және оларды іске асыруды көздейтін, жетекшілікте нормаларды іске асыру бойынша орындаушылық-басқарушылық қызмет, нәтижеге жауаптылық

Алынған тапсырмаларды нақтылайды, бағыныстыларға міндеттерін белгілейді, қызметтерінің нәтижелерін бағалайды, жетіспейтін білімі мен дағдыларын айқындайды, қол астындағы қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға ынталандырады

Кәсіби міндеттерді қою және шешу амалдары, қағидалары және тәсілдері туралы, қарым-қатынас этикасы мен психологиясы, ойлау және қызмет рефлексиялары, еңбек уәждемесінің және еңбекті ынталандыру тәсілдері туралы білім

5

Технологиялық процесс учаскесі және кәсіпорын қызметінің стратегиясы шеңберіндегі, соңғы нәтижеге қол жеткізуді болжамдайтын басқарушылық қызмет

Жағдайды дербес талдайды, шешімдер қабылдайды және олардың іске асырылуына жағдай жасайды, басқарушылық және орындаушылық кәсіби шеберлікті арттыратын командалық жұмыс контекстінде қызметті бақылайды, басқарушылық және орындаушылық кәсібилікті ілгерілетіп арттыру

Кәсіби жағдайларды жүйелік талдау және жобалау әдіснамасы, басқарушылық шешімдерді қабылдау тәсілдері туралы, ұжым және команда құру туралы білім

6

Жұмысты басқа учаскелермен келісуді көздейтін кәсіпорын қызметінің шеңберіндегі басқарушылық қызмет, қызметкерлердің кәсіби шеберлігін арттыруға және нәтижеге қол жеткізуге жауаптылық

Әлеуметтік және кәсіби жоғары күрделі жағдайларда шешімдер қабылдайды, өзін-өзі басқару мәдениетін сақтайды, коммуникацияны ұйымдастырады және көзқарастарға келісім жасайды, нәтижелерді ресімдеу және таныстыру, заманауи бағдарламалық өнімдерді және техникалық құралдарды пайдалану

Күрделі әлеуметтік және кәсіби жағдайларды бірлесіп талдау, жобалау және шешімдер қабылдау әдіснамасы, коммуникация және көзқарастарға келісім жасау, талдау және жобалау құжаттамасын ресімдеу және таныстыру тәсілдері туралы білім

7

Өңірлік және салалық ауқымдағы құрылымдардың жұмыс істеу және даму стратегияларын құруды, оны іске асыру жағдайларын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін басқарушылық қызмет, нәтижеге қол жеткізуге жауаптылық

Міндеттер мен проблемаларды жүйелік шешуде, қызмет тұжырымдамалары мен стратегияларын құруда шешім қабылдайды және ол үшін өзіне жауапкершілік алады

Қызмет пен қызметкерлердің өзара әрекеттесуінің тұжырымдамаларын, стратегияларын, функционалдық модельдерін құру әдіснамасы туралы, акмеологиялық амалдарды қолдану арқылы міндеттер мен проблемаларды қою және жүйелік шешу тәсілдері туралы білім

8

Мемлекеттік ауқымдағы ірі институционалдық құрылымдардың жұмыс істеу және даму стратегияларын құруды, оны іске асыру жағдайларын ұйымдастыруды қамтамасыз ететін басқарушылық қызмет, нәтижеге қол жеткізуге жауаптылық

Экологиялық және стратегиялық ойлау қабілетін, логикалық әдістерді қолдана отырып өзара тиімді шешім қабылдайды, кәсіби қызмет пен өзара әрекеттесу модельдерін құру және оның жұмыс істеу үлгісі мен дағдыларын көрсетеді және ол үшін өзіне жауапкершілік алады

Қызмет пен өзара әрекеттесудің кооперативтік жүйесін құру, макроәлеуметтік және макроэкономикалық жүйелерді модельдеу, басқару және әдіснамасы туралы білім

Ұлттық біліктілік шеңберіне
2-қосымша       

Тиісті біліктілік деңгейіне қол жеткізу жолдары

Білікті лік деңгейі

Тиісті біліктілік деңгейіне қол жеткізу жолдары

1

Бастауыштан кем емес негізгі орта білімі болуы, қысқа мерзімді курстар және/немесе жұмыс орнында қысқа мерзімді оқыту (нұсқау).

2

Негізгі орта білімнен кем емес жалпы орта білімі болған кезде практикалық тәжірибе және/немесе кәсіби даярлау (білім беру мекемесі негізінде қысқа мерзімді курстар немесе кәсіпорында оқыту).

3

Практикалық тәжірибе және/немесе кәсіби даярлау (білім беру мекемелерінің негізінде бір жылға дейін кәсіби даярлау бағдарламалары бойынша курстар немесе кәсіпорында оқыту).
Жалпы орта білім немесе негізгі орта білімнің негізінде техникалық және кәсіби білім немесе практикалық тәжірибесіз жалпы орта білім болған кезде.

4

Негізгі орта білімнің негізінде техникалық және кәсіби білім болған кезде және практикалық тәжірибенің үш жылдан кем емес болуы
Жоғары дәрежелі техникалық және кәсіби білім (қосымша кәсіби дайындық немесе ортадан кейінгі білім) практикалық тәжірибенің болуы талап етілмейді.

5

Техникалық және кәсіби білім (немесе ортадан кейінгі білім) практикалық тәжірибе немесе жоғары білім, қосымша кәсіби білім беретін бағдарламалар, практикалық тәжірибенің болуы талап етілмейді.

6

Жоғары білім. Бакалавриат, резидентура, практикалық тәжірибе.

7

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім. Магистратура (бакалавриат бағдарламасын игеру негізінде), практикалық тәжірибе. Бакалавриат және қосымша кәсіби білім, практикалық тәжірибе.

8

Жоғары оқу орнынан кейінгі білім (тиісті мамандығы бойынша магистрдің академиялық дәрежесін алуға апаратын бағдарламалар, (PhD) философия докторлары және бейіні жөніндегі докторлар және/немесе практикалық тәжірибе). Магистрді немесе маманды дайындаудың игерілген бағдарламасы, қосымша кәсіби білім, практикалық тәжірибе және салалық, салааралық, халықаралық деңгейде қоғамдық кәсіби танылу. PhD докторантурасы, PhD докторының ғылыми дәрежесі, ғылым кандидаты, ғылым докторы, практикалық тәжірибе.