"Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға және жануарлардан адамға транспланттауды жүргізудің тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 6

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2013 жылғы 03 қазандағы № 573 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 30 қазанда № 8866 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № ҚР ДСМ-13 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 26.03.2019 № ҚР ДСМ-13 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 170-бабының 8-тармағына сәйкес және халықаралық стандарттарға сәйкес тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды жетілдіру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға және жануарлардан адамға транспланттауды жүргізудің тәртібін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2009 жылғы 30 қазандағы № 623 ("Заң газеті" газетінде 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 198 (1795) жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5909 тіркелген)бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алудың, консервациялаудың, адамнан адамға және жануарлардан адамға транспланттауды жүргізу қағидасы жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева):

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі департаменті (Д.Е. Асайынова) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткеннен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Денсаулық сақтау министрі

С. Қайырбекова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2013 жылғы 3 қазандағы
№ 573 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2009 жылғы 30 қазандағы № 623
бұйрығымен бекітілген

Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін)
алу, консервациялау, адамнан адамға және жануарлардан адамға
транспланттауды жүргізу
қағидасы
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағида "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 170-бабының 8-тармағын іске асыру мақсатында әзірленген.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылды:

      1) донор - донорлық қан, оның компоненттері, өзге де донорлық материал (оның ішінде шәует, жыныс жасушалары, аналық жасуша) алу жүргізілетін, сондай-ақ реципиентке транспланттау үшін тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу жүргізілетін адам, адамның мәйіті, жануар;

      2) реципиент – донорлық қан немесе одан бөлінген компоненттер және (немесе) препараттар құйылатын, еркектің немесе әйелдің донорлық материалы (шәует немесе аналық жасуша) енгізілетін не донордан алынған тіндерді және (немесе) ағзаны (ағзаның бөліктерін) транспланттау жасалатын пациент;

      3) мидың өлімі – жүрек жұмыс істеп тұрғанда және өкпені ықтиярсыз желдету кезінде тіркелетін мидың барлық қызметінің толық және біржола тоқтатуы. Мидың өлімі адам өліміне теңестіріледі;

      4) ағза – белгілі бір функцияны орындайтын организмнің бөлігі;

      5) тін – бірдей құрылымы, функциясы және түптегі бар жасушылар мен жасушааралық заттың жиынтығы;

      6) алу – реципиентке транспланттау мақсатында донордан тіндерді, бір және (немесе) одан да көп ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу;

      7) консервациялау – тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөліктерінің) тіршілік әрекетін сақтау мақсатында ішкі және сыртқы әсерлерден тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөліктерін) жасушыларын қорғауды қамтамасыз ететін шаралар жиынтығы;

      8) транспланттау – тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу, сіңістіру;

      9) транспланттау бригадасы – медициналық денсаулық сақтау ұйымдарының штаттағы қызметкерлері болып табылатын "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлер тобы;

      10) стационарлық транспланттаушы үйлестіруші – стационардың штаттағы қызметкері болып табылатын медициналық ұйымдарда тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) донорлау диспетчері және бастамашысы. Стационарлық транспланттаушы үйлестіруші лауазымына шұғыл стационарлық медициналық көмек көрсететін реанимация және қарқынды терапия бөлімшесінде және басқа бөлімшелерге рұқсаты бар рениматолог, хирург, невропатолог, уролог және басқа мамандықтар бойынша біліктілігі бар дәрігерлер, өңірлік транспланттау қызметін үйлестірушінің ұсынуы бойынша ТРҮО басшысының бұйрығымен тағайындалады.

      11) өңірлік транспланттаушы үйлестіруші - дәрігер – Қазақстан Республикасының облыстық орталықтарында тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау саласында медициналық ұйымдардың ауруханааралық өзара іс-қимылын ұйымдастырушы дәрігер. Өңірлік транспланттаушы үйлестіруші лауазымына қоғамдық денсаулық сақтау, рениматолог, хирург, невропатолог, уролог және басқа мамандықтар бойынша біліктілігі бар, мемлекеттік медициналық ұйымдарда 5 жылдан кем емес жұмыс өтілі бар дәрігер ТРҮО басшысының бұйрығымен тағайындалады.

      12) республикалық транспланттаушы үйлестіруші – тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) трансплантациялау саласында медициналық ұйымдардың қызметін үйлестіруді іске асыратын денсаулық сақтау ұйымы.

      Үйлестіруді "Транспланттау жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы" (бұдан әрі – ТРҮО) іске асырады.

2. Адамнан және жануарлардан тіндерді және (немесе) ағзаларды
(ағзалардың бөліктерін) алу және консервациялау тәртібі

      3. Транспланттау мақсатында тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуды, консервациялауды, транспланттау бригадалары немесе "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлер жүзеге асырады.

      4. Стационарлық транспланттаушы үйлестіруші медициналық ұйымдарда әлеуетті донорларды анықтауға жауапты, әлеуетті донорды анықтаған жағдайда өңірлік транспланттаушы үйлестірушіге бірден хабарлайды.

      5. Өңірлік транспланттаушы үйлестіруші күн сайын стационарлық транспланттаушы үйлестірушілердің жұмысын және ТРҮО-мен өзара іс-қимылды бақылауды күнделікті есептілік нысанын алу мен талдау арқылы бақылауды, әлеуетті донордың немесе реципиенттің болуы туралы коммуникация құралдарын (телефондық және факсимальдік байланыстар, ғаламтор және басқа коммуникациялық құралдар) пайдалана отырып хабарлауды жүзеге асырады.

      Әлеуетті донордың болуы туралы ақпаратты алу кезінде өңірлік транспланттаушы үйлестіруші әлеуетті донор анықталған медициналық ұйымның басшысымен бірлесіп, 24 сағаттың ішінде қан үлгілерін жинау кезінен бастап әуе немесе жер үсті көлігімен, 18-20 градустық Цельсий температурасындағы вакутейнерлерде донордан қан үлгілерін HLA-зерттеуді жүзеге асыратын медициналық ұйымның зертханасына жеткізуді ұйымдастырады.

      6. Бас миының біржола семуі анықталғаннан кейін және тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға донордың заңды өкілдерінен жазбаша келісім алғаннан кейін, ТРҮО-ға көрсетілген актуалдық донор туралы бірден хабарлайды.

      7. ТРҮО қажет болған жағдайда Санитариялық авиация бойынша республикалық үйлестіру орталығымен бірлесіп тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу, консервациялау, тасымалдау үшін "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен трансплантаттау бригадасын немесе дәрігерлерді актуалдық донордың болуы туралы ақпаратты алған кезден бастап 24 сағаттан кешіктірмей оларды транспланттау үшін медициналық мекемеге жеткізуді қамтамасыз етеді.

      8. Мәйіттік донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуды жүргізу кезінде сот-медициналық сарапшының қатысуы "Сот-медициналық сараптаманы ұйымдастыру және жүргізу тәртібі туралы нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 20 мамырдағы № 368 ("Егеменді қазақстан" газетінде 2010 жылғы 22 қыркүйектегі № 249 (26310) жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерде мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6305 тіркелген) бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.

      9. Әлеуетті донор анықталған медициналық ұйымның басшысы бас миының біржола семуі анықталғаннан және қайтыс болған адамның туысқандарынан келісім алғаннан кейін транспланттау бригадаларына немесе "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлерге тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) кедергісіз алуды қамтамасыз етеді.

      10. Мәйіттік донордан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға қарсы айғақты тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу жөніндегі транспланттау бригадасының дәрігерлері немесе "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлер стационарлық науқастың (донордың) медициналық картасымен танысқаннан кейін белгілейді.

      11. АИТВ инфекциясына, мерезге, В және С гепатиттеріне қанға зерттеу жүргізілмеген, сондай-ақ басқа инфекциялық аурулары бар донорлардан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алуға, консервациялауға жол берілмейді.

      12. Алу рәсімі аяқталғаннан кейін транспланттау бригадасының "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлер "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 ("Егеменді қазақстан" газетінде 2011 жылғы 24 ақпандағы № 68-69 (26489-26490) жарияланған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 тіркелген)) бұйрығымен бекітілген № 018/е нысаны бойынша транспланттау үшін донор – мәйіттен тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу туралы актіні толтырады (бұдан әрі – Алу туралы акті). Алу туралы актінің бір данасы стационарлық науқастың (донордың) медициналық картасына жапсырылады және алынған тіндердің және (немесе) ағзалардың (ағзалардың бөліктерінің) әрбір бірлігіне бір-бір данадан қоса ұсынылады.

      Транспланттау үшін донордан – тірі адамнан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу жүзеге асырылған жағдайда "Денсаулық сақтау ұйымдарының бастапқы медициналық құжаттама нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен бекітілген № ТБ 033/е нысаны бойынша стационарлық науқастың медициналық картасында тиісті жазбалар енгізіледі.

      13. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) консервациялауды транспланттау бригадасының "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлері оларды алғаннан кейін санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтай отырып жүргізеді.

      14. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерді) консервациялау үшін ерітінділер айына бір реттен жиі емес микробиологиялық бақылауға жатады.

      15. Алынған тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөліктерді) 6-12 сағат бойы таңбаланған және температуралық режімде (0-4 оС) стерилденген, биоинерттік, бүтін және саңылаусыз жабылатын контейнерлерге орналастырылады.

      Контейнерлерді басқа мақсаттар үшін пайдалануға тыйым салынады.

      16. Егер донордан алынған тіндер және (немесе) ағзалар (ағзалардың бөліктері) транспланттау бригадасының "жалпы хирургия" мамандығы бойынша сертификаты бар және "трансплантология" мамандығы бойынша қайта даярлаудан өткен дәрігерлері транспланттау үшін жарамсыз болып табылғанда немесе транспланттау үшін пайдаланылмаса, онда оларды 1 жұмыс күнінің ішінде жарамсыздық себебін көрсете отырып, патолоанатомиялық бюроға (бөлімшеге) патологоанатомиялық (морфологиялық) зерттеу жүргізу үшін жібереді.

      17. Алу, консервациялау және транспланттау процесінде пайда болған, немесе транспланттау үшін жарамсыз болып табылған тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) пайдаға асыру Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 6 наурыздағы № 291 қаулысымен бекітілген "Өндіріс және тұтыну қалдықтарын жинауға, пайдалануға, қолдануға, залалсыздандыруға, тасымалдауға, сақтауға және көмуге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларының 60-тармағына сәйкес жүзеге асырылады.

3. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін)
алу, консервациялау, адамнан адамға және жануарлардан адамға
транспланттау тәртібі

      18. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауды бейін бойынша мамандандырудан өткен дәрігерлер жүзеге асырады.

      19. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау қатал медициналық айғақтар бойынша жүргізіледі.

      20. Инфекция жұқтырған тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттауға тыйым салынады.

      21. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау реципиенттің, ал мүмкін болмаған жағдайда оның жұбайының немесе жақын туысының не кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілінің жазбаша келісімімен жүзеге асырылады.

      22. Реципиент, оның жұбайы не жақын туысы немесе кәмелетке толмаған реципиенттің немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған реципиенттің заңды өкілі денсаулық сақтау ұйымдарынан тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) транспланттау бойынша алдағы хирургиялық араласуларға байланысты оның денсаулығында орын алуы ықтимал асқыну туралы толық ақпаратты талап етуге құқылы.

      23. Тіндерді және (немесе) ағзаларды (ағзалардың бөліктерін) алу мен транспланттауды жүзеге асыратын дәрігерлер АИТВ инфекциясына, мерезге, В және С гепатиттеріне алты айда бір рет тексеріп-қаралуға жатады.