"Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 219 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2013 жылғы 12 тамыздағы № 187 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 13 қыркүйекте № 8705 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 21 сәуірдегі № 99 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Мәдениет және спорт министрінің 21.04.2020 № 99 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңының 43-1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2007 жылғы 20 тамыздағы № 219 бұйрығына (2007 жылғы 14 қыркүйекте Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімде № 4933 тіркелген, Қазақстан Республикасының орталық атқарушы және өзге мемлекеттік органдардың нормативтік құқықтық кесімдерінің Бюллетенінде 2007 жыл, № 10, 287-құжат, жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 1992 жылғы 2 шілдедегі Заңының 19-бабының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесі осы бұйрықпен қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықтың бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялануын;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

М. Құл-Мұхаммед


  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрінің
2013 жылғы 12 тамыздағы
№ 187 бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және ақпарат министрінің
2007 жылғы 20 тамыздағы
№ 219 бұйрығымен
бекітілген

Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесі
1. Жалпы ереже

      1. Осы тарихи-мәдени сараптама жүргізудің ережесі (бұдан әрі - Ереже) "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 19-бабы 7) тармақшасына сәйкес әзірленген және тарихи-мәдени мұра объектілеріне тарихи-мәдени сараптама жүргізудің тәртібін айқындайды.

      2. Тарихи-мәдени сараптама (бұдан әрі - сараптама) мәдени-мұра объектісінің тарихи-мәдени маңызын және сақталу деңгейін белгілеу мақсатында жүргізіледі.

      3. Халықаралық және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне сараптаманың жүргізілуін тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі - уәкілетті орган) қамтамасыз етеді.

      4. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне немесе жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштеріне сараптаманың жүргізілуін қамтамасыз етуді облыстың (республикалық маңызы бар қаланың, астананың) жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі - жергілікті атқарушы орган) қамтамасыз етеді.

2. Тарихи-мәдени сараптама жүргізудің тәртібі

      5. Тарихи-мәдени мұра объектілеріне немесе тарих және мәдениет ескерткіштеріне сараптама уәкілетті органның немесе жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және (немесе) ғылыми-жаңғырту жұмыстарын жүргізу лицензиясы бар сарапшыны (сарапшыларды) сараптамалық жұмысты орындау шартын жасау арқылы жүргізіледі.

      Сараптаманы бірнеше мекеме немесе сарапшы жүргізген жағдайда сараптамалық жұмысты орындау шарты әрқайсысымен жасалады.

      6. Уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы орган сарапшыға (сарапшыларға) мынадай материалдар ұсынады:

      1) тарихи-мәдени мұра объектісіне тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру мақсатында:

      сипаттамасы, орнатылған уақыты мазмұндалған мәлімет;

      тарихи-мәдени мұра объектісінің фотосуреті;

      2) тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесінен айыру мақсатында;

      тарих және мәдениет ескерткішінің төлқұжаты, есеп карточкасы;

      тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау міндеттемесі;

      3) тарих және мәдениет ескерткіштерінің орнын ауыстыруға және оларды өзгерту мақсатында:

      тарих және мәдениет ескерткішінің төлқұжаты;

      тарих және мәдениет ескерткішінің қорғау міндеттемесі;

      тарихи-мәдени мұра объектісінің фотосуреті.

      7. Сараптама сарапшыға (сарапшыларға) материалдарды ұсынған күнінен бастап отыз күнтізбелік күннен аспайтын, шартта көрсетілген мерзімде жүргізіледі.

      Сараптаманы жүргізу үшін қосымша материалдар мен ақпаратты зерделеу қажет болған кезде сараптама жүргізудің шартта көрсетілген мерзімі мекеменің немесе сарапшының жазбаша ұсынымы негізінде отыз күнтізбелік күнге ұзартылады.

      8. Уәкілетті орган және жергілікті атқарушы орган мүдделі мемлекеттік органдарға және басқа ұйымдарға сұрау салулар жіберу жолымен сарапшыға (сарапшыларға) қосымша материалдар мен ақпарат алуға жәрдем көрсетеді.

      9. Сараптама жүргізу кезінде мекеме (сарапшы):

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, уәкілетті орган немесе жергілікті атқарушы органмен жасалған шарттың талаптарын сақтайды;

      2) тарихи-мәдени мұра объектісінің немесе тарих және мәдениет ескерткіштерінің орнына барып, тікелей қарауды жүзеге асырады;

      3) сараптама жүргізу үшін ұсынылған сараптама объектісі, материалдар мен ақпараттар туралы мәліметтерді жария етпейді, сондай-ақ, оларға көпшілікте баға беруде қалыс қалады.

      10. Сараптама жүргізу мүмкін болмаған жағдайда, сондай-ақ, оны жүргізуге кедергі келтіретін жағдайлар туындағанда, осы жағдай мәлім болған кезден бастап үш күн ішінде мекеме (сарапшы) уәкілетті немесе жергілікті атқарушы органды хабардар етеді.

      11. Жүргізілген сараптаманың нәтижелері бойынша сараптама жүргізудің мәніне мекеменің (сарапшылардың) дәлелді, ғылыми негізделген, объективті және толық тұжырымдары қамтылған сараптамалық қорытынды жасалады.

      12. Сараптамалық қорытынды сараптама жүргізген ұйымның фирмалық бланкісінде мемлекеттік және орыс тілдерінде екі данада жасалады, ал сараптаманы жеке тұлға жүргізген жағдайда қорытындыда оның тегі, аты, әкесінің аты (егер бар болса) және оның құзыреттілігін көрсететін деректер, сондай-ақ, қолы көрсетіледі.

      13. Сараптамалық қорытынды ұсынымдық сипатқа ие.

      14. Сараптамалық қорытындыда мыналар көрсетілуі тиіс:

      1) сараптама жүргізген мекеме немесе тұлға, лицензия нөмірі және оның берілген мерзімі;

      2) сараптама жүргізілген ғылымның саласы;

      3) сараптаманың мәні мен мақсаттары;

      4) сараптама объектісінің атауы;

      5) сараптама объектісінің белгіленуі;

      6) қойылған сұрақтарға негізделген және толық жауап.

      15. Сараптама қорытындысында сараптама объектісі туралы қосымша мәліметтер көрсетілуі мүмкін.

      16. Мекеме (сарапшы) жүргізілген сараптама нәтижесі бойынша:

      1) объектіге тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесін беру немесе бермеу туралы;

      2) объектінің тарих және мәдениет ескерткіші мәртебесінен айыру немесе айырмау туралы;

      3) тарих және мәдениет ескерткіштерінің орнын ауыстыруға және (немесе) оларды өзгертуге немесе ауыстырмауға және (немесе) оларды өзгертпеуге қорытынды береді.