Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттің сыйлықақысын есептеу және төлеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп тану туралы

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2012 жылғы 18 қазандағы № 464 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 23 қарашада № 8094 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 2023 жылғы 28 шiлдедегi № 551 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 28.07.2023 № 551 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берiлiп отырған Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттің сыйлықақысын есептеу және төлеу қағидалары бекiтiлсiн.

      2. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Бюджеттік кредит беру, Қазақстан Республикасы Ұлттық қоры, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің концессиялық жобалары мен бюджеттік инвестициялары департаменті (А.С. Есенов) белгiленген тәртiпте осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуiн қамтамасыз етсiн.

      4. Осы бұйрық ол алғаш ресми жарияланған күннен кейiн он күнтiзбелiк күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.

      Министр Б. Жәмішев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрiнiң
2012 жылғы 18 қазандағы
№ 464 бұйрығымен
бекiтiлген

Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекеттің
сыйлықақысын есептеу және төлеу қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекет сыйлықақысын есептеу және төлеу қағидалар (бұдан әрi – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы" Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрi - Заң) сәйкес әзiрлендi және Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй құрылысы жинақ банктерiндегi тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекет сыйлықақысын (бұдан әрi - мемлекеттің сыйлықақысы) есептеу және төлеу тәртiбiн анықтайды.

2. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдары бойынша
сыйлықақыны есептеу және төлеу тәртібі

      2. Қазақстан Республикасы азаматтарының, оның iшiнде кәмелеттiк жасқа жетпеген, он сегiз жасқа толмаған азаматтарының тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдары бойынша мемлекет сыйлықақысын есептеу және төлеу тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінде жүзеге асырылады.

      Салымшының өтiнiшi бойынша мемлекет сыйлықақысы бiр тұрғын үй құрылысы жинақ банкiндегi бiр шотқа ғана есептеледi.

      3. Жинақтау мерзімі өткен кезде және тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасын салымшы жинақ ақшаның ең төменгі қажетті мөлшерін жинақтамаған жағдайда, ол тұрғын үй құрылысы жинақ банкі оған сыйақы есептеген салымды, сондай-ақ үш жылдан артық жинаған кезде мемлекет сыйлықақысын алуы не мемлекет сыйлықақысы есептелген тұрғын үй құрылысы жинақ банкінде жинақтауды жалғастырады.

      Мемлекеттің сыйлықақысы тұрғын үй қарызын алған кезге дейін есепке жазылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы министрінің 21.05.2018 № 536 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Жыл сайынғы мемлекет сыйлықақысының мөлшерi көтермеленетiн салым сомасының жиырма пайызын құрайды. Мемлекет сыйлықақысымен көтермеленетiн салым тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салынған салым сомасын және ол бойынша есептелген сыйақыны қамтиды.

      5. Мемлекет сыйлықақысымен көтермеленетiн жинақталған ақша сомасы бір күнтізбелік жыл үшін екi жүз есе айлық есептiк көрсеткiштен асуы мүмкін емес.

      Егер мемлекет сыйлықақысын көтермеленетiн жинақталған ақша сомасы мөлшерi тиiстi жылға арналған Республикалық бюджет туралы заңмен белгiленетiн екi жүз айлық есептiк көрсеткiштен асып кетсе, онда көтермеленбей қалған жинақталған ақша сомасын келесi жылы сыйлықақы есептеу кезiнде тұрғын үй құрылысы жинақ банкi ескередi.

      Ағымдағы жылы мемлекет сыйлықақысы өткен жылдарға көтермеленген жинақталған ақшаның сомасына есептелмейдi.

      6. Мемлекет сыйлықақысын төлеу:

      1) шарттық соманы төлеген кезде;

      2) салымшы салымды тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты жасасқан күннен бастап, бұзған күн арасында үш жылдан астам жинақтаған болса, тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты мерзiмiнен бұрын бұзған кезде жүзеге асырылады.

      7. Салымшы тұрғын үй қарызының бір бөлігін мақсатсыз пайдаланған кезде мемлекеттің сыйлықақысы тұрғын үй қарызының мақсатсыз пайдаланылған бөлігіне тепе-тең бөлікте бюджетке қайтарылуға жатады.

      8. Бұдан бұрын оған жинақтау мерзімі үш жылға жетпейтін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт(тар) қосылған жинақтау мерзімі тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты бұзу күніне үш жылдан асқан тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт мерзiмiнен бұрын бұзылған кезде оған қосылған жинақтау мерзімі үш жылға жетпейтін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт(тар) бойынша біріктірілгенге дейін есептелген мемлекет сыйлықақысы төленбейді және бюджетке қайтарылуға жатады.

      Егер қосылған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарт(тар) бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шартты бұзу күніне үш жылдан аса уақыт өтсе, онда біріктірілгенге дейін есептелген мемлекет сыйлықақысы бюджетке қайтарылуға жатпайды.

      9. Бірнеше тұрғын үй құрылысы жинақ банктерінде тұрғын үй құрылысы жинақтарының салымдары бойынша екі және одан артық шоттар бойынша тұрғын үй құрылысы жинақтарының бір салымшысына мемлекет сыйлықақысы төленгенін бюджеттік бағдарлама әкімшісі тапқан жағдайда, тұрғын үй құрылысы жинақ банкі мемлекет сыйлықақысын қайтаруды бюджеттік бағдарлама әкімшісінің жазбаша өкімі негізінде жүзеге асырады. Бұл ретте, өткен жылдарға есептелген мемлекет сыйлықақысы салымшының таңдауы бойынша тұрғын үй құрылысы жинақтарына салымдардың біреуі бойынша есептелген сыйлықақыны қоспағанда, бюджетке қайтаруға жатады.

      Егер әртүрлi қаржы жылдарында мемлекет сыйлықақысы Заңның 3-бабының 3-тармағына сәйкес оның таңдауы бойынша тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасын салымшының әртүрлi шоттарына есептелсе, мемлекет сыйлықақысын қайтару жүзеге асырылмайды.

      10. Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы бiр шарт бойынша шарттық соманы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы бiрнеше шарттарға бөлген кезде мемлекет сыйлықақысы бөлiнген салымдарға бара-бар бөлiнедi.

      11. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi Заңның 11-бабында көзделген жағдайларда, салымшыдан мемлекет сыйлықақысы сомасын қайтарған күннен кейiнгi бiр жұмыс күнiнен кешiктiрмей республикалық бюджетке мемлекет сыйлықақысын аударады.

3. Мемлекет сыйлықақысын есептеу, аудару және оларды тұрғын
үй құрылысы жинақ ақшасы салымдарының есебіне жатқызу мерзiмi

      12. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi жыл сайын есептi жылдың 1 сәуiрiне дейiнгi мерзiмде алдағы қаржы жылына арналған республикалық бюджеттiң қаражатын жұмсаудың бюджеттiк өтiнiмiн енгiзу үшiн тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақы төлеу жөнінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне мемлекет сыйлықақысын есептеудiң болжамды есептерiн ұсынады.

      13. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi қаржы жылының қорытындысы бойынша келесi жылдың 15 қаңтарына дейiн әрбір салымшыға есептейді де бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне салымдар бойынша тиесiлi мемлекет сыйлықақысы есептелген сомасының түпкiлiктi есебiн ұсынады.

      14. Бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнен мемлекет сыйлықақысы сомасының түпкiлiктi есебiн алғаннан кейiн есептiден кейiнгi жылдың 10 ақпанына дейiн тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнiң корреспонденттiк шотына мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасын аударады.

      15. Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi бюджеттік бағдарламаның әкімшісінен жалпы соманы алған күннен бастап, тұрғын үй құрылысы жинақ банкi мен оның салымшылары - Қазақстан Республикасының азаматтары арасында жасалған тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттар бойынша мемлекет сыйлықақысын есепке жатқызуды осы Қағидаларда көзделген тәртiппен жүргізеді.

      Мемлекет сыйлықақысы салымшының шотына есептіден кейінгі жылдың 1 наурызына дейінгі мерзімде есепке жатқызылады.

      16. Егер тұрғын үй құрылысы жинақ банкi осы Қағидалардың 13-тармағына сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне жіберілген мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасының түпкілікті есебін нақтылауына байланысты тиісті жылға бюджетте көзделген мемлекет сыйлықақысының жалпы сомасы жеткіліксіз болған жағдайда, тұрғын үй құрылысы жинақ банкi мемлекет сыйлықақысының жетіспейтін сомасын бюджетке қайтарылуға жататын қаражаттың және (немесе) өз қаражаты есебінен салымшылары - Қазақстан Республикасының азаматтарының шоттарына есепке жатқызуды жүзеге асырады.

      Тұрғын үй құрылысы жинақ банкi мемлекет сыйлықақысының өз қаражаты есебінен төленген сомасын бухгалтерлік есебінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісіне дебиторлық берешек шоттарының есебіне жазып көрсетеді.

      Республикалық бюджетті нақтылау туралы шешім қабылдау кезінде бюджеттік бағдарламаның әкімшісі бюджетті жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органға тұрғын үй құрылысы жинақ банкi өз қаражаты есебінен төлеген мемлекет сыйлықақысының жетіспейтін сомасына тұрғын үй құрылысы жинақ банкi берген деректердің негізіндегі бюджеттік өтінімді ұсынады.

      Тиісті жылға арналған Республикалық бюджетті нақтылау туралы заңды бекіткеннен кейін бюджеттік бағдарламаның әкімшісі тұрғын үй құрылысы жинақ банкi өз есебінен салымшыларының - Қазақстан Республикасының азаматтарының шоттарының есебіне жатқызған, мемлекет сыйлықақысының жетіспейтін сомасын тұрғын үй құрылысы жинақ банкiнің шотына аударады.

4. Мемлекет сыйлықақысының есеп айырысу және оны капиталдандыру

      17. Мемлекет сыйлықақысы осы Қағидалардың 4 және 5-тармақтарында көрсетiлген мөлшерде есептiден кейiнгi жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша есептеледi.

      18. Мемлекет сыйлықақысының жоспарлы сомасын есептеу мынадай формула бойынша жүргiзiледi:

      Ажс=Т+С-Ш

      мұнда

      Ажс - мемлекет сыйлықақысымен көтермеленетiн есептi жыл салымының сомасы;

      Т – есептi жылдағы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдарға түсетін түсімдердің жоспарлы сомасы;

      С – есепті жылы салымшылардың шоттарына тұрғын үй құрылысы жинақ банкі есептейтін сыйақының жоспарлы сомасы;

      Ш - есепті жылы тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасы туралы шарттардың бұзылу нәтижесінде тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдарынан шығатын қаражаттың жоспарлы сомасы.

      19. Есепті жыл салымының мемлекет сыйлықақысымен көтермеленетiн, ол бойынша есептіден кейiнгi жылы мемлекет сыйлықақысы есептелетін және төленетiн сомасын есептеу мынадай формула бойынша жүргiзiледi:

      Ажс = Ж - Өжс-Ес,

      мұнда

      Ажс – екі жүз еселік айлық есептік көрсеткіш шегінде есептi жыл салымының мемлекет сыйлықақысымен көтермеленетiн сомасы;

      Ж - есептiден кейiнгi жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша жинақталған қаражат сомасы;

      Өжс - өткен жылдардағы салымның мемлекет сыйлықақысымен көтермеленген сомасы;

      Ес - өткен жылдарда есептелген мемлекет сыйлықақысының сомасы.

      20. Мемлекет сыйлықақысының сомасын Бюджеттік бағдарлама әкімшісінен түскеннен кейiн осы Қағидаларда белгiленген тәртiппен тұрғын үй құрылысы жинақ банкi салымның негiзгi сомасын ұлғайту есебіне жатқызады, яғни жылына бір рет, жинақ шоттарына iс жүзiнде есептеу сәтiнде капиталданады.

      Салымшы тұрғын үй қарызын ресімдеуге және оны 1 қаңтардан бастап салымшылардың шоттарына мемлекет сыйлықақысы іс жүзінде есепке жатқызылуына дейін алуға өтініш берген жағдайда мемлекет 1 салымшының шотына есепке жатқызылады.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2012 жылғы 18 қазандағы
№ 464 бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің күші жойылған кейбір
бұйрықтарының тізбесі

      1) "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекет сыйлығын төлеу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2005 жылғы 19 шiлдедегi № 274 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 3772 нөмiрімен тiркелген, "Заң газеті" газетiнде 2004 жылғы 7 қазанда № 185-186 (919-920) жарияланған);

      2) "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекет сыйлығын төлеу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2005 жылғы 19 шiлдедегi № 274 бұйрығына өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2007 жылғы 3 cәуiрдегi № 105 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 4613 нөмiрімен тiркелген. "Заң газеті" газетiнде 2007 жылғы 22 маусымда № 94 (1297) жарияланған);

      3) "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекет сыйлығын төлеу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2005 жылғы 19 шiлдедегi № 274 бұйрығына толықтыру мен өзгерiстер енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2007 жылғы 22 қарашадағы № 410 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 5028 нөмiрімен тiркелген. "Заң газеті" газетiнде 2007 жылғы 20 желтоқсандағы № 193 (1396) жарияланған);

      4) "Тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша мемлекет сыйлығын төлеу ережесiн бекiту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2005 жылғы 19 шiлдедегi № 274 бұйрығына өзгерiс енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрiнiң 2010 жылғы 26 қарашадағы № 584 бұйрығы (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 6655 нөмірімен тiркелген. "Казахстанская правда" газетінде 2011 жылғы 15 қаңтарда № 13-14 (26434-26435) жарияланған).