Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ережені бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2012 жылғы 25 мамырдағы № 374 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2012 жылы 25 маусымда № 7748 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің м.а. 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № ҚР ДСМ-106 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 30.09.2022 № ҚР ДСМ-106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Кодексінің 32-бабының 3-тармағының 1) тармақшасына сәйкес және кәсіптік аурулардың алдын алу, диагностикасы мен емдеу жөніндегі іс-шараларды жетілдіру, Қазақстан Республикасының жұмыс істейтін халқына кәсіптік патология бойынша көмектің сапасын және қолжетімділігін жақсарту мақсатында БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті (А.Ғ. Төлеғалиева) осы бұйрықты заңнамада белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң қызметі мен мемлекеттік сатып алу департаменті (Е.Р. Әмірғалиев) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә. Байжүнісовке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оны алғашқы ресми жариялаған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

С. Қайырбекова


  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2012 жылғы 25 мамырдағы
№ 374 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша
медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының
қызметі туралы ереже
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне және денсаулық сақтау салалық нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес денсаулықты нығайту, кәсіптік сырқаттанушылықты, кәсіптік патологиядан болған мүгедектікті төмендету, өлімді төмендету, халықтың өмір сүру ұзақтығын арттыру, жұмысқа қабілеттілік кезеңін ұлғайту үшін Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша көмекті ұйымдастыру мақсатында әзірленді.

      2. Осы Ереже әкімшілік-аумақтық тиістілігіне қарай кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының мәртебесі мен өкілеттігін айқындайды.

      3. Халыққа кәсіптік патология (бұдан әрі - кәсіптік патология) бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының жұмысын кәсіптік патология бойынша штаттан тыс бас маман (республикалық, облыстық, қалалық) үйлестіреді.

      4. Халыққа кәсіптік патологиялық көмек меншік нысанына қарамастан медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі - МСАК), консультациялық-диагностикалық көмек (бұдан әрі - КДК), стационарлық, стационарды алмастыратын көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында көрсетіледі.

      5. Кәсіптік патологиясы бар науқастарға МСАК "кәсіптік патология (еңбек медицинасы)", "терапия", "жалпы дәрігерлік практика (отбасылық медицина)", "невропатология (ересектер)", "оториноларингология (ересектер)", "дерматология (ересектер)" мамандықтары бойынша дәрігерлер:

      1) ауылдық емханада;

      2) аудандық емханада;

      3) қалалық емханада;

      4) дәрігерлік амбулаторияларда көрсетеді.

      6. Кәсіптік патологиясы бар науқастарға КДК-ны "кәсіптік патология (еңбек медицинасы)", "терапия", "невропатология (ересектер)", "пульмонология (ересектер)", "жалпы дәрігерлік практика (отбасылық медицина)", "оториноларингология (ересектер)", "дерматология (ересектер)", "травматология-ортопедия (ересектер)" мамандықтары бойынша дәрігерлер:

      1) қалалық немесе аудандық емханада;

      2) консультациялық-диагностикалық орталықтарда көрсетеді.

      7. Кәсіптік патологиясы бар науқастарға стационарлық көмекті "кәсіптік патология (еңбек медицинасы)", "терапия", "невропатология (ересектер)", "пульмонология (ересектер)", "оториноларингология (ересектер)", "дерматология (ересектер)", "травматология-ортопедия (ересектер)" "гастроэнтерология (ересектер)", "аллергология-иммунология (ересектер)", "токсилогия (ересектер)" мамандықтары бойынша дәрігерлер көрсетеді.

      8. Кәсіптік патологиясы бар науқастарға стационарды алмастырушы көмекті "кәсіптік патология (еңбек медицинасы)", "терапия", "пульмонология (ересектер)", "жалпы дәрігерлік практика (отбасылық медицина)", "невропатология (ересектер)", мамандықтары бойынша дәрігерлер көрсетеді.

      9. Кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарда есепке алу және есептілік "Денсаулық сақтау субъектілерінің әкімшілік деректерін жинауға арналған нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық министрінің міндетін атқарушының 2011 жылғы 12 қыркүйектегі № 616 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7248 тіркелген) бекітілген есепке алу және есептілік нысандарына сәйкес жүзеге асырылады.

      10. Қазақстан Республикасының халқына кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының кодексін, салалық нормативтік-құқықтық актілерді, ұйымның Жарғысын, осы Ережені басшылыққа алады.

2. Кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін
денсаулық сақтау ұйымдарының негізгі міндеттері, функциялары

      11. Кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының міндеттері:

      1) профилактикаға бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу; кәсіптік сырқаттанушылықты, кәсіптік патологиядан мүгедектікті төмендету;

      2) Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін халықтың кәсіптік ауруларын ерте диагностикалау;

      3) емдеудің барлық кезеңіндегі сабақтастықты сақтай отырып, кәсіптік аурулармен ауыратын пациенттерді емдеу мен динамикалық бақылау;

      4) жаңа ұйымдастыру нысандарын, кәсіптік аурулармен (бұдан әрі - кәсіптік аурулар) ауыратын науқастарды диагностикалау мен емдеудің қазіргі заманғы құралдары мен әдістерін меңгеру мен практикаға енгізу;

      5) кәсіптік аурулар мәселелері бойынша медициналық ұйымдарға әдістемелік және практикалық көмек көрсету;

      6) кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін регламенттейтін нормативтік құқықтық актілердің жобаларын әзірлеуге қатысу болып табылады.

      12. Кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдары мынадай функцияларды:

      1) КДК көлемінде кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарға, оларға күдік туғызатын тұлғаларға консультация, қазіргі заманғы диагностикалық, емдік іс-шаралар жүргізуді;

      2) емдеудің барлық кезеңінде сабақтастықты сақтай отырып, стационарлық немесе стационарды ауыстыратын көмек көлемінде кәсіптік ауруларды диагностикалау және емдеу;

      3) үнемі бақылаудағы есепке алу және диспансерлер:

      кәсіптік ауруы бар науқастарды жылына 2 реттен кем емес,

      кәсіптік ауруға күдікті науқастарды жылына 1 реттен кем емес (К тобы),

      машықтанушы жұмыскерлерді жылына 1 реттен кем емес;

      4) кәсіптік патологиямен сырқаттанатын науқасты медициналық оңалту;

      5) есепке алу және есептілік құжаттарын жүргізу, кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында бірыңғай ақпараттық кеңістікті құруға қатысу;

      6) кәсіптік патология бойынша мамандандырылған медициналық көмек көрсету;

      7) есепке алу құжаттарын статистикалық өңдеудің негізінде кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының кәсіптік аурулары бар науқастарға емдік көмектің жай-күйіне жыл сайынғы мониторинг жүргізу, бұл мәліметтерді кәсіптік патологиялық көмек көрсетуді жетілдіруде пайдалану;

      8) өңірдегі өнеркәсіптік кәсіпорындардың санының, зиянды жағдайларда жұмыс істейтіндердің, кәсіптік сырқаттанушылық санының жыл сайынғы мониторингі бойынша еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалаудың аумақтық бөлімшелерімен жұмыс;

      9) кәсіптік аурудың профилактикасына бағытталған іс-шараларды ұйымдастыру және өткізу, халықты санитариялық-гигиеналық оқыту; саламатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері бойынша консультация беру;

      10) кәсіптік аурулардың алдын алу бойынша қызмет көрсететін өңірлердегі зиянды, аса зиянды және қауіпті жағдайларда жұмыс істейтін тұлғаларға мерзімдік медициналық тексеріп-қарауды ұйымдастыру бойынша жұмыс;

      11) кәсіптік патология бойынша медициналық көмекті ұйымдастыру мен сапасына халықтың шағымын тудыратын себептерді талдауды және осы себептерді жою бойынша шаралар қабылдауды жүзеге асырады.

3. Кәсіптік патология бойынша көмек көрсететін
денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымы

      13. Кәсіптік патология бойынша медициналық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының құрылымы:

      1) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығы клиникасынан және оның филиалдарынан (Шығыс Қазақстан филиалы, Батыс Қазақстан филиалы, Оңтүстік Қазақстан филиалы);

      2) денсаулық сақтау ұйымының кәсіптік патологиясы кабинетінен (консультациялық-диагностикалық орталық және МСАК) тұрады.

      14. Зиянды және қауіпті еңбек жағдайларындағы 10 мың жұмыс істейтіндерге мамандандырылған амбулаториялық-емханалық көмек көрсету үшін бір кәсіптік патолог дәрігер лауазымы мен зиянды және қауіпті еңбек жағдайларындағы 10 мың жұмыс істейтіндерге екі мейіргер лауазымы есебінен кәсіптік патология кабинеті ұйымдастырылады.

      15. Кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарға амбулаториялық-емханалық көмек ауылдық емханада және дәрігерлік амбулаторияда терапевтің және/немесе жалпы практика дәрігерінің кабинетінде көрсетіледі.

      16. Аудандық деңгейдегі ұйымдарда кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарға стационарлық көмек аудандық орталық аурухана мен ауданаралық ауруханалардың терапия бөлімшесінде; қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі және астана ұйымдарында кәсіптік патологиялық және/немесе терапия, және/немесе пульмонология, және/немесе неврология, және/немесе оториноларингология, және/немесе дерматология, және/немесе аллегрология, және/немесе травматология, және/немесе ортопедия, және/немесе гастроэнтерология, токсикология бөлімшелерінде көрсетіледі.

      17. Кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарға стационарды ауыстыратын көмек Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 6 желтоқсандағы № 1472 қаулысымен бекітілген Стационарды алмастыратын көмек көрсету қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

4. Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық
орталығы және оның филиалдары

      18. Еңбек гигиенасы мен кәсіптік аурулар ұлттық орталығы (бұдан әрі - Орталық) – денсаулық сақтау жүйесіндегі профпатологиялық көмек көрсету мәселелері бойынша ұйымдастырушылық-әдістемелік орталық болып табылатын және еңбек гигиенасы, медициналық экология және кәсіптік патология саласындағы ғылыми-зерттеу қызметін және кәсіптік аурулар мен уланулар (кәсіппен аурудың байланысын анықтау) диагнозын анықтау кезінде сараптау, кәсіптік патология саласында мамандарды даярлауды және қайта даярлауды жүзеге асыратын мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымы.

      19. Филиалдар Орталықтың құрылымдық бөлімшелер болып табылады және олардың қызметі Орталықтың атынан жүзеге асырылады.

      20. Орталық пен оның филиалдарының негізгі міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасындағы кәсіптік патологиялық көмек көрсетудің даму стратегиясы мен тәсілін айқындау;

      2) кәсіптік патологиялық көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін үйлестіру;

      3) еңбек гигиенасы, экология және кәсіптік патология саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулерді жүргізу, Қазақстан Республикасында жұмыс істейтін халықтың денсаулығының жай-күйін зерделеу;

      4) кәсіптік жарамдылықты анықтау және кәсіптік ауру кезіндегі емдік-профилактикалық іс-шаралар, медициналық оңалту тәсілдері;

      5) еңбек гигиенасы және кәсіптік патология саласындағы заңнаманы жетілдіруге ұсыныстар енгізу;

      6) кәсіптік патология бойынша денсаулық сақтау ұйымдарынан алынатын статистикалық ақпаратты талдау, кәсіптік сырқаттанушылық пен оның болжамын талдау;

      7) еңбек гигиенасы және кәсіптік патология (еңбек медицинасы) саласындағы кадрларды даярлау және қайта даярлау.

      21. Орталық пен оның филиалдарының қызметтері:

      1) еңбек гигиенасы, медициналық экология, кәсіптік аурулар профилактикасы және халық денсаулығын сақтау саласындағы іргелі және қолданбалы ғылыми зерттеулерді жүргізу;

      2) жаңа технологиялық үдерістердің, машиналардың, механизмдердің санитариялық-гигиеналық және эргономикалық бағасы мен жаңа химиялық заттар мен олардың қосылыстарының токсикологиялық бағасы;

      3) кәсіптік аурулардың диагностикасы, профилактикасы, емдеу және оңалтудың клиникалық-функциялық және патогенетикалық негіздерін әзірлеу;

      4) кәсіптік аурулармен ауыратын науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету республикалық деңгейде Орталықтың және филиалдарының консультациялық диагностикалық және профпатологиялық бөлімшелерінде жүзеге асырылады;

      5) кәсіптік аурудың себеп-салдарлық байланысына сараптама жүргізу, кәсіптік аурулары бар науқастарды медициналық-әлеуметтік оңалту бойынша ұсыныстарды жетілдіру;

      6) кәсіптік аурулар бойынша мәліметтердің дерекқор банкін құру;

      7) денсаулық сақтау ұйымдарының кәсіптік патология (еңбек медицинасы) мәселелері бойынша және кәсіптік аурулармен ауыратын науқастар мен кәсіптік патология ауруының даму қаупінің жоғарғы факторлары бар тұлғаларға әдістемелік және консультациялық көмекті ұйымдастыру және денсаулық сақтау ұйымдарының кәсіптік патология кабинеттерінің қызметтерін үйлестіру;

      8) кәсіптік жарамдылықтың күрделі және шиеленісті жағдайларына сараптама ұйымдастыру және жүргізу; сот органдарының сұрауы бойынша сараптамалық жұмыстарға қатысу;

      9) кәсіптік патология саласында резидентура арқылы кадрларды даярлау, кәсіптік патология саласында дәрігерлерді қайта даярлау;

      10) еңбек гигиенасы, токсикология және кәсіптік патология (еңбек медицинасы), Қазақстан Республикасы халқының санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласында нормативтік құқықтық актілер мен ғылыми-техникалық және реттейтін құжаттарды әзірлеуге және жетілдіруге қатысу;

      11) еңбек гигиенасы, кәсіптік патология (еңбек медицинасы) және медициналық экология проблемалары мен мәселелері бойынша съездер, конгрестер, конференциялар, симпозиумдар және кеңестерді ұйымдастыру мен өткізуге қатысу;

      12) еңбек медицинасы, еңбек гигиенасы, токсикология, кәсіптік патология және медициналық экология мәселелері бойынша ғылыми және әдістемелік әдебиеттерді дайындау және баспаға шығару (ғылыми еңбектер жинағы, ғылыми журналдар, монографиялар, әдістемелік және нұсқамалық құжаттар, оқу және санитариялық-ағартушылық әдебиеттер).

      22. Орталық пен оның филиалдары жоғары медициналық оқу орындарының клиникалық базасы болып табылады.

5. Кәсіптік патология кабинеті

      23. Кәсіптік патология кабинеті (облыстық, қалалық) мынадай қызметтерді атқарады:

      1) кәсіптік патологиясы бар науқастарға, кәсіптік патология бойынша жоғарғы қауіпті топтарға диспансерлік бақылауды ұйымдастыру;

      2) аумақтық денсаулық сақтау ұйымдарын тарта отырып, жетекшілік ететін өңірдің кәсіптік патологиясы бар науқастарын медициналық оңалтудағы мониторингті жүзеге асыру;

      3) кәсіптік патология орталықтарына немесе кәсіптік аурулар клиникасына жіберу үшін кәсіптік ауруға күдік туғызатын адамдарды алдын ала тексеру және іріктеу;

      4) бекітілген аумақтағы медициналық ұйымдардың зиянды, аса зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтін тұлғалардың мерзімді медициналық тексеріп қарауды жүргізу сапасына мониторингті жүзеге асыру;

      5) "Медициналық көмектің түрлері мен көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 796 бұйрығымен бекітілген бекіткен түрлер мен көлемдерге сәйкес кәсіптік аурулары бар науқастарға мамандандырылған медициналық көмек көрсету (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеуі тізілімінде № 5955 тіркелген);

      6) жетекшілік етуші өңірде жүргізілген мерзімдік медициналық тексеріп-қарау қорытынды актілері бойынша жыл сайынғы есептерді қабылдау;

      7) кәсіптік патология кабинеті жұмысының көрсеткіштерін жүйелі талдауды, Орталық пен оның филиалдарына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас кәсіптік патологына тоқсан сайын және жыл сайын есептілік нысаны бойынша өңір бойынша кәсіптік сырқаттанушылық туралы ақпаратты ұсыну.

      24. Кәсіптік патология кабинеті барлық мамандықтағы дәрігерлердің арасындағы ауруларды емдеу кезінде, сондай-ақ қызмет көрсететін өңір деңгейінде медициналық көмек көрсетудің барлық деңгейлері арасында және кәсіптік патология мәселелері бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың штаттан тыс бас кәсіптік патологтарымен сабақтастықты сақтайды.

      25. Кәсіптік патология кабинетіне (бұдан әрі – кәсіптік патолог дәрігері) "Денсаулық сақтау қызметкерлері лауазымдарының біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2009 жылғы 26 қарашадағы № 791 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5945 тіркелген) бекітілген талаптарға сәйкес келетін кәсіптік патология мамандығы бар дәрігер басқарады.

      26. Кәсіптік патология кабинетінің кәсіптік патология мамандығы бар дәрігерді қызметіне тағайындау және қызметінен босату Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      27. МСАК ұйымының кәсіптік патология мамандықтарының дәрігері мынадай қызметтерді жүзеге асырады:

      1) зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндерге алдын ала және мерзімдік медициналық тексеріп-қарауды жұмыс беруші жоспарлайды және жүргізеді, мемлекеттік санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау мамандарымен бірлесе отырып, профилактикалық тексеріп-қарауды нәтижесі бойынша кешенді іс-шараларды әзірлейді;

      2) жұмыс істейтіндердің мерзімдік медициналық тексеріп-қарауды нәтижелеріне мониторинг жүргізеді, қорытынды актілерді құрады, кәсіптік патология орталығына немесе кәсіптік аурулар клиникасына кәсіптік ауруға күдік туғызатын адамдарды жібереді;

      3) диспансерлеуге жататын адамдарға патронаж жүргізеді (кәсіптік аурумен ауыратын науқастар және кәсіптік патология бойынша қауіпті топ тұлғалары);

      4) кәсіптік патология орталықтары ұсыныстарына сәйкес жұмыс істейтіндерді ұтымды жұмыспен қамтуды бақылауды жүзеге асырады;

      5) өндірістегі кәсіптік уланулар мен кәсіптік аурулар жағдайларына тексеріс-қарау жүргізуге қатысады.