Өтініш берушінің (лицензиаттың) жарғылық капиталының ең төменгi мөлшері туралы

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 28 сәуірдегі № 168 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 маусымда № 7733 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.01.2018 № 11 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Бағалы қағаздар рыногы туралы" 2003 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Өтініш беруші үшін мыналарға жарғылық капиталдың ең төменгi мөлшері белгіленсін:

      1) Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заңымен тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiшiнiң 800 000 еселенген мөлшерінде ерікті зейнетақы жарналарын (ерікті жинақтау зейнетақы қоры) тарту құқығымен инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      2) "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – АҚ туралы Заң) белгіленген жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде номиналды ұстаушы ретінде клиенттердің шоттарын жүргізу құқығымен брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыру;

      3) клиенттердің шоттарын ұйымдық-құқықтық нысанда жүргізу құқығынсыз брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға:

      акционерлік қоғам - АҚ туралы Заңында белгіленген жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде;

      жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер – "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы" Қазақстан Республикасының Заңында (бұдан әрі – ЖШС туралы Заң) белгіленген жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде;

      4) АҚ туралы Заңында белгіленген жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      5) брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті АҚ туралы Заңында белгіленген жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығынсыз инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметпен қоса атқару;

      6) Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңымен тиiстi қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткiштiң 500 000 еселенген мөлшерінде бағалы қағаздармен және өзге де қаржы құралдарымен сауда-саттықты ұйымдастыру жөніндегі қызметті жүзеге асыру;

      7) Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңымен тиiстi қаржы жылына белгіленген айлық есептік көрсеткiшiнiң 500 000 еселенген мөлшерінде қаржы құралдарымен жасалған мәмілелер бойынша клирингтік қызметті жүзеге асыру;

      8) бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы мынадай ұйымдық-құқықтық нысанда құрылған трансфер-агенттік қызметті жүзеге асыруға:

      акционерлік қоғамның – АҚ туралы Заңында жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде;

      жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің – ЖШС туралы Заңында белгіленген жарғылық капиталға қойылатын талаптан аспайтын мөлшерде;

      9) инвестициялық портфельді басқару жөніндегі қызметті тиісті қаржы жылына арналған Республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген айлық есептік көрсеткіштің 800 000 еселенген мөлшерінде брокерлік және (немесе) дилерлік қызметпен ерікті зейнетақы жарналарын тарту құқығымен қоса атқару.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.11.2022 № 106 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      2. Алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.12.2020 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      3. Алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 28.12.2020 № 128 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының "Бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыру үшін лицензия алуға өтініш берушінің және лицензия негізінде бағалы қағаздар рыногындағы қызметті жүзеге асыратын заңды тұлғаның жарғылық капиталының барынша төмен мөлшері туралы" 2008 жылғы 28 қарашадағы № 197 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5461 тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банкінің
Төрағасы
Г. Марченко