Жануарлардың шектеу iс-шаралары немесе карантин белгiленетiн жұқпалы ауруларының тiзбелерiн бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 18-03/128 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 16 сәуірде № 7583 тіркелді.

      "Ветеринария туралы" Қазақстан Республикасының 2002 жылғы 10 шілдедегі Заңының 27-бабы 2-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Бекітілсін:

      1) Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес Жануарлардың карантин белгiленетiн жұқпалы ауруларының тiзбесi;

      2) Осы бұйрықтың 2-қосымшасына сәйкес Жануарлардың шектеу iс-шаралары белгiленетiн жұқпалы ауруларының тiзбесi.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы рет ресми жарияланған күнiнен бастап қолданысқа енгiзiледi.

      Министр А. Мамытбеков

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2012 жылғы 28 наурыздағы
№ 18-03/128 бұйрығына
1-қосымша

Карантин белгiленетiн жануарлардың жұқпалы ауруларының тiзбесi

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 21.11.2018 № 464 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      Әртүрлі жануарларға ортақ аурулар: сібір жарасы, аусыл, шешек (сиыр, жылқы, шошқа шешегінен басқа), Ауески ауруы, риккетсиоздар және экзотикалық аурулар.

      Күйіс қайыратын жануарлардың аурулары: ірі қара малдың обасы, ірi қара малдың жұқпалы алаөкпесі, қарасан, ірі қара малдың нодулярлық дерматиті, ірі қара малдың кемiктәрiздес энцефалопатиясы, түйелердің обасы, кебенек (ешкілердің жұқпалы плевропневмониясы), қойлардың инфекциялық катаральды қызбасы (блютанг), қойлардың баяу инфекциялары (скрепи, висна-маеди, аденоматоз), күйіс қайыратын ұсақ малдардың обасы.

      Жылқының аурулары: маңқа, эпизоотиялық лимфангит, тұмау, жылқының африкалық обасы, инфекциялық энцефаломиелит, инфекциялық анемия.

      Шошқаның аурулары: классикалық оба, африка обасы, тұмау, везикулярлы ауру, энзоотиялық энцефаломиелиті (Тешен ауруы).

      Құстардың аурулары: құс шешегі, тұмау, Ньюкасл ауруы, үйректердің вирустық гепатиті, респираторлық микоплазмоз.

      Терісі бағалы аңдар мен үй қояндарының аурулары: етқоректілер обасы, қояндардың миксоматозы.

      Балықтардың аурулары: көктемгі вирус ауруы, аэромоноз.

      Баларалардың аурулары: американдық шіріме, еуропалық шіріме, залалды тұқым-құрт.

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2012 жылғы 28 наурыздағы
№ 18-03/128 бұйрығына
2-қосымша

Шектеу қойылатын жануарлардың жұқпалы ауруларының тізбесі

      Әртүрлі түліктерге ортақ аурулар: құтырық, лептоспироз, листериоз, пастереллез, некробактериоз, дерматомикоз (трихофития, микроспория, парша), қатерлі домбығу, везикулярлы стоматит, лейкоз, шірікбақай, бруцеллез, туберкулез, шешек (қой, ешкі, түйе, құс шешегінен басқа).

      Күйістілердің аурулары: паратуберкулез, кампилобактериоз, жұқпалы ринотрахеит, сиырдың вирустық диареясы, қойдың жұқпалы энтеротоксемиясы, брадзот, сиырдың парагрипы, қой мен ешкінің жұқпалы агалактиясы, жұғымтал эктима, жұқпалы эпидидимит, қойдың хламидиоздық іш тастауы, сиырдың зілді катаральді қызбасы, қойдың жұқпалы маститі. Шошқаның аурулары: энзоотиялық пневмония, тұмау, жұқпалы атрофиялық ринит, дизентерия, вирустық гастроэнтерит, гемофилездер, тілме.

      Жылқы аурулары: сақау, ринопневмония.

      Құс аурулары: жұқпалы ларинготрахеит, жұқпалы бронхит, үйректің вирустық синуситі, тұмау, Марек ауруы, респираторлық микоплазмоз, жұқпалы бурсит, құстың сальмонеллезі, орнитоз.

      Терісі бағалы аңдардың және қоянның аурулары: күзеннің Алеут ауруы, инфекциялық гепатит, инфекциялық стоматит, инфекциялық ринит.

      Балық аурулары: тұқы балық шешегі, тұқы балықтың геморрагиялық септицемиясы.

      Бал арасы аурулары: гафниоз, варроатоз, аскофероз.