Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларына тестілеу өткізудің ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі Төрағасының 2010 жылғы 1 ақпандағы N 34 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 10 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6047 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2019 жылғы 13 мамырдағы № 294 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 13.05.2019 № 294 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 мамырдағы № 437 қаулысымен бекітілген Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттау ережесінің 30-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларына тестілеу өткізудің ережесі бекітілсін.

      2. Әкімшілік-құқықтық жұмыстар департаменті (Т.С. Жөнтірбаев) және Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, аттестаттау және аккредиттеу департаменті (Ғ.Р. Әбдірайымов) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде белгіленген тәртіпте тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. "Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларына тестілеу өткізудің ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Төрағасының 2006 жылғы 30 мамырдағы № 213 бұйрығының (нормативтік құқықтық актілерді тіркеудің мемлекеттік тізілімінде № 4245 тіркелген, "Юридическая газета" 2006 жылғы 14 маусымдағы № 107 (1087) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды Төрағаның орынбасары Н.П. Тихонюкке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық ресми жарияланған бірінші күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Төраға

С. Нокин


  Қазақстан Республикасы
Құрылыс және тұрғын
үй-коммуналдық шаруашылық
істері агенттігі Төрағасының
2010 жылғы 1 ақпандағы
№ 34 бұйрығымен бекітілген

Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларына тестілеу өткізудің
ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер

      1. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларына тестілеу өткізудің осы ережесі (бұдан әрі - Ереже) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 22 мамырдағы № 437 қаулысымен бекітілген Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларын аттестаттау ережесіне (бұдан әрі - Аттестаттау ережесі) сәйкес әзірленді.

      2. Ереже Аттестаттау ережесіне сәйкес аттестатталуға жататын (бұдан әрі – тестіге қатысушылар) сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын мемлекеттік құрылыс инспекторларына (бұдан әрі - инспекторлар) тестілеу өткізудің тәртібін белгілейді.

      3. Тестілеуді өткізудің мақсаты - сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы инспекторлардың кәсіптік біліктілігі, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамаларын білу деңгейін объективті бағалау.

      4. Тестілеуді Аттестаттау ережесіне сәйкес қалыптастырылған орталық (тұрақты) және өңірлік (көшпелі) аттестаттау комиссиясы (бұдан әрі - аттестаттау комиссиясы) өткізеді.

      5. Аттестатталушылардың білім деңгейін бағалауға арналған тест сұрақтарын жинақтауды жұмысшы орган жүзеге асырады және уәкілетті органның басшысы бекітеді.

      6. Тестілеу жауап парақтарын толтыру түрінде немесе электрондық түрде сұрақ кітапшаларын пайдалану арқылы өткізіледі.

      7. Тестілеу:

      1) тестілеуге дайындау;

      2) тестіге қатысушылардың тестіден өтуі;

      3) нәтижелерді санау сияқты 3 кезеңнен тұрады.

2. Тестілеуге дайындалу

      8. Жұмысшы орган жергілікті атқарушы органдардың тиесілі құрылымдық бөлімшесіне тестілеу өткізудің мерзімі туралы хабарлайды.

      9. Егер бір мезгілде бірнеше адам тестілеуден өтетін болса, онда тест өтетін бөлме тестіге қатысушылардың жайғасуына ыңғайлы болуы керек.

      10. Барлық тестілеу материалдары алдын ала жұмысшы органмен дайындалуы және аттестаттау комиссиясы оны тексеруі тиіс.

3. Тесттен өту

      11. Тестілеу тестіге қатысушының таңдауы бойынша мемлекеттік немесе орыс тілдерінде өтеді.

      12. Тест кезінде тестіге қатысушыларға:

      1) тест аяқталғанға дейін тест өтіп жатқан жерді тастап шығуға;

      2) сөйлеуге және өзге әрекеттермен басқа тестіге қатысушыларды алаңдатуға тыйым салынады.

      Жоғарыда көрсетілген талаптарды бұзған жағдайда, тестіге қатысушы тест өтетін бөлмеден шығарылады.

      13. Тест тапсырмаларын орындауға жалпы 90 минут уақыт беріледі. Тест сұраулығы 100 сұрақтан тұрады.

      14. Тесті орындауға берілген уақыт біткен соң материалдар аттестаттау комиссиясына тапсырылады.

4. Нәтижелерді санау

      15. Аттестаттау комиссиясы дұрыс жауаптардың кодтарын пайдалана отырып, тестілеудің нәтижелерін санауды 3 сағат ішінде өткізеді.

      16. Сәулет-құрылыс бақылауын жүзеге асыратын облыстық (республикалық маңызы бар қалалық, астаналық) органдар басшыларының дұрыс жауаптары 70 %-дан, ал аттестаттауға жататын адамдардың басқа санаттары үшін 60 %-дан төмен болса, нәтиже теріс деп есептеледі.

      17. Тесттен өту кезінде шекті мәннен төмен баға алған тестіге қатысушы әңгімелесуге жіберілмейді.

      Тестіге қатысушы кемінде үш ай өткеннен кейін қайта тесттен өтуі мүмкін.

      18. Қайта тесттен өту кезінде тестіге қатысушы тағы да шекті мәннен төмен баға алса, аттестаттау комиссиясы инспектор атқаратын лауазымына сәйкес келмейді деген шешім қабылдайды.

      19. Тестілеу өткен соң тест нәтижелерінің бір данасы жұмысшы органда 3 жыл бойы, ал екінші данасы тестіге қатысушының жеке ісінде тұрақты сақталады.

      20. Тестілеу кезінде туындаған даулы мәселелер сот тәртібінде қаралады.