Парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының және озонды бұзатын заттарды тұтынудың нормативтерін әзірлеу және бекіту ережесін бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2007 жылғы 13 желтоқсандағы N 350-ө Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2008 жылғы 10 қаңтарда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 5087 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012 жылғы 1 ақпандағы № 25-ө Бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрінің 2012.02.01 № 25-ө Бұйрығымен.

      Қолданушылардың назарына!!!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 2-тармақтан қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 9 қаңтардағы Экологиялық кодексінің 17-бабындағы 25)тармақшасына сәйкес  БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының және озонды бұзатын заттарды тұтынудың нормативтерін әзірлеу және бекіту ережесі бекітілсін.

      2. Осы бұйрық ол алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

       Министр

Қазақстан Республикасы     
Қоршаған ортаны қорғау министрінің
2007 жылғы»13 желтоқсандағы  
N 350-ө бұйрығымен бекітілген 

Парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының
және озонды бұзатын заттарды тұтынудың
нормативтерін әзірлеу және бекіту ережесі 1. Жалпы ережелер

      1. Парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының және озонды бұзатын заттарды тұтынудың нормативтерін әзірлеу және бекіту ережесі Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес әзірленген және парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының және озонды бұзатын заттарды тұтынудың нормативтерін әзірлеуге және бекітуге талаптарды белгілейді.
      Парниктік газдардың шығарындыларын нормалау Қазақстан Республикасының Киото хаттамасын ратификациялағаннан кейін қолданылатын болады.

      2. Ереже парниктік газдардың шығарындыларымен және озонды бұзатын заттарды тұтынумен байланысты кәсіпкерлік қызметке қатысатын заңды және жеке тұлғаларға (бұдан әрі - табиғат пайдаланушылар) таратылады.

      3. Парниктік газдар шығарындыларының рұқсат етілген жол берілетін шекті деңгейі ретінде атмосфераға уақыт бірлігінде (жыл, секунд) шығарылуға рұқсат етілген парниктік газдар шығарындыларының шекті саны қабылданады.

      4. Озонды бұзатын заттарды тұтынудың рұқсат етілген жол берілетін шекті деңгейі ретінде тұтынуға рұқсат етілген озонды бұзатын заттарды тұтынудың шекті саны қабылданады.

  2. Парниктік газдар шығарындыларының жол берілетін
шекті нормативтерін есептеу

      5. Стационарлық көздерден парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының нормативтері (парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындылары - ПГ ЖБШШ) парниктік газдардың әрбір көзі үшін есептеледі. Тұтастай алғанда кәсіпорын үшін жол берілетін шекті шығарындылардың нормативтері осы кәсіпорынның жеке жұмыс істеп тұрған, жобаланудағы және қайта жаңартылған шығарындылардың көзі үшін шығарындылардың нормативтері мәндерінің жиынтығы бойынша белгіленеді.

      6. Парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларын есептеу әдістемесі парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындыларының жобасында негізделеді (бұдан әрі - ПГ ЖБШШ жобасы).

      7. Парниктік газдардың шығарындыларына рұқсат алу үшін табиғат пайдаланушылар қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ПГ ЖБШШ жобасын ұсынады.

      8. ПГ ЖБШШ жобасын табиғат пайдаланушы дербес немесе арнаулы ұйымдарды тарта отырып әзірлейді. ПГ ЖБШШ жобасын әзірлеу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды/қызметтерді көрсетуге арналған лицензия болуы қажет.

      9. ПГ ЖБШШ жобасы мынадай бөлімдерді қамтуы тиіс:
      1) кімнің меншігінде/иелігінде парниктік газдардың көздері бар табиғат пайдаланушы ұйымның атауы;
      2) ПГ ЖБШШ жобасын әзірлеуші ұйымның атауы;
      3) ПГ ЖБШШ жобасын жасаған және бекіткен тұлғалардың аты-жөні және лауазымдары;
      4) парниктік газдар көздерінің орналасуының схемалық картасы, көлемі, географиялық координаттар;
      5) экономикалық қызметтің түрі және пайдаланудың жалпы мәліметтері;
      6) парниктік газдарды түгендеу;
      7) есептеу бөлігі;
      8) парниктік газдарды азайту жөніндегі іс-шаралар;
      9) объект туралы деректер көздері. Осы жобада ұсынылған деректер алынған құжат(тар)дың атауы, күні, авторлары көрсетілсін.

      10. ПГ ЖБШШ жобасын ұйымның бірінші басшысы бекітеді және қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға экологиялық сараптамаға жібереді.

      11. ПГ ЖБШШ жобасының оң экологиялық сараптамасының негізінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган базалық жылды (шектеулер белгіленген жыл) және табиғат пайдаланушы үшін парниктік газдарды азайту кестесін анықтайды.
      Парниктік газдардың жол берілетін шекті шығарындылары базалық жылдағы парниктік газдар шығарындыларының деңгейінен аспау керек.

      12. ПГ ЖБШШ жобасына мемлекеттік экологиялық сараптаманың кері қорытындысын алған жағдайда, табиғат пайдаланушы Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің  51-бабына сәйкес іс-әрекет жасайды.

  3. Озонды бұзатын заттарды жол берілетін шекті
тұтынуын есептеу

      13. Озонды бұзатын заттарды (бұдан әрі - ОБЗ) жол берілетін шекті тұтыну нормативтерін түгендеу және ОБЗ қысқарту кестесінің негізінде есептеледі.

      14. ОБЗ жол берілетін шекті тұтыну нормативтерін (бұдан әрі - ОБЗ ЖБШТ жобасы) табиғат пайдаланушы дербес немесе арнаулы ұйымдарды тарта отырып әзірлейді. ОБЗ ЖБШТ жобасын әзірлеу үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы жұмыстарды/қызметтерді көрсетуге арналған лицензия болуы қажет.

      15. ОБЗ ЖБШТ жобасы мынадай бөлімдерді қамтуы тиіс:
      1) табиғат пайдаланушы ұйымның атауы;
      2) ОБЗ ЖБШТ жобасын әзірлеуші ұйымның атауы;
      3) ОБЗ ЖБШТ жобасын жасаған және бекіткен тұлғалардың аты-жөні және лауазымдары;
      4) экономикалық қызметтің түрі және пайдаланудың жалпы мәліметтері;
      5) ОБЗ әкелу/шығару туралы деректер;
      6) құрамында ОБЗ бар өнімді әкелу/шығару туралы деректер;
      7) қызметтің түрлері бойынша тұтынылған ОБЗ саны;
      8) ОБЗ қысқарту жөніндегі іс-шаралар.

      16. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган табиғат пайдаланушының озонды бұзатын заттарды тұтынуын түгендеудің негізінде базалық жылды және оларды тұтынудан толық алып тастағанша озонды бұзатын заттарды қысқарту кестесін анықтайды.