Ескерту. Күші жойылды - Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 17.05.2013 № 108 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне (жалпы бөлім), Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексіне және "Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 2005 жылғы 5 ақпандағы N 110 қаулысына сәйкес, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
1. Облыстық бюджет қаражаты есебінен кредит берудің шарттары бекітілсін (қоса тіркеледі).
2. Мыналардың:
1) "Облыстық бюджет қаражаты есебінен кредит беру келісімінің шарттарын бекіту туралы" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2003 жылғы 1 ақпандағы N 57 қаулысының (Оңтүстік Қазақстан облысының әділет басқармасында 2003 жылғы 12 ақпанда 819-нөмірмен тіркелген, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің 2003 жылғы 20 ақпандағы 23-24-нөмірінде жарияланған);
2) "Оңтүстік Қазақстан облыстық әділет басқармасында 2003 жылғы 12 ақпанда 819-нөмірмен тіркелген "Облыстық бюджет қаражаты есебінен кредит беру келісімінің шарттарын бекіту туралы" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімиятының 2003 жылғы 1 ақпандағы N 57 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2004 жылғы 2 ақпандағы N 71 қаулысының (Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаментінде 2004 жылғы 18 ақпанда 1109-нөмірмен тіркелген, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің 2004 жылғы 24 ақпандағы 26-нөмірінде жарияланған);
3) "Облыстық бюджет қаражаты есебінен кредит беру келісімінің шарттарын бекіту туралы" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімиятының 2003 жылғы 1 ақпандағы N 57 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің 2005 жылғы 10 ақпандағы N 100 қаулысының (Оңтүстік Қазақстан облысының әділет департаментінде 2005 жылғы 17 ақпанда 1767-нөмірмен тіркелген, "Оңтүстік Қазақстан" газетінің 2005 жылғы 24 ақпандағы 26-нөмірінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің бірінші орынбасары И.Ә.Әбішевке жүктелсін.
Облыс әкімі
Оңтүстік Қазақстан облысы
әкімдігінің 2005 жылғы
"29" наурыздағы
N 199 қаулысымен
бекітілген
Облыстық бюджет қаражаты есебінен кредит берудің
ШАРТТАРЫ
1. Осы Шарттар Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне (жалпы бөлім), Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 24 сәуірдегі Бюджет кодексіне , "Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің 2005 жылғы 5 ақпандағы N 110 қаулысына сәйкес әзірленді.
2. Осы Шарттарда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
кредит беруші-Оңтүстік Қазақстан облысының әкімдігі;
бағдарламаның әкімшісі-Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаменті;
бюджеттік кредит-қайтарымдылық, шұғыл және төлем негіздерінде тиісті бюджеттен бөлінетін ақша;
түпкілікті қарыз алушы-Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын заңды және жеке тұлғалар;
қарыз алушы-банк-Қазақстан Республикасының резиденті болып табылатын, банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын Банктер мен ұйымдар.
3. Бюджеттік кредит беру қарыз алушы-банктерге одан әрі түпкілікті қарыз алушыларға беру үшін бюджеттік кредит беру жолымен жүзеге асырылады.
4. Облыстық бюджет қаражаты есебінен бюджеттік кредит беру туралы шарттарды (келісімдерді) жасасу жергілікті атқарушы орган-әкімінің немесе ол уәкілеттік берген тұлғаның атынан жүзеге асырылады.
5. Кредиттік шарт мынадай ақпаратты:
1) заңды тұлғалар үшін тараптардың толық атауын және шарттарға қол қоюға уәкілеттік берілген тұлғалар туралы мәліметтерді;
жеке тұлғалар үшін тегін, аты, әкесінің атын, жеке басын куәландыратын құжаттардың деректерін;
2) тараптардың мекен-жайын, салық төлеушінің тіркелген нөмірін (Қазақстан Республикасының резиденттері үшін);
3) тараптардың банктік деректемелерін: берушінің дербес сәйкестендіру кодын, ұлттық валютада есеп айырысу үшін қызмет көрсететін банктің атауы мен бірегейлеу кодын. Шетел валютасында есеп айырысу үшін банк-корреспондентте қызмет көрсететін банктің деректемелерін;
4) бюджеттік бағдарламаның, кіші бағдарлама мен ерекшеліктің атауын;
5) шарттың мәнін;
6) тараптардың құқықтары мен міндеттерін;
7) бюджеттік кредитті игерудің кезеңдерін;
8) есеп айырысудың тәртібін;
9) шарттың талаптарын орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін тараптардың жауапкершілігін;
10) тараптар шарт талаптарын орындамаған жағдайдағы іс-әрекет және шарттың екінші тарабының айыппұл және өсімақы есептеуін;
11) кредиттің негізгі сомасын өтеу мерзімін;
12) кредиттің негізгі сомасын өтеу және сыйақы кестесін (сыйақы ставкасы бюджеттік кредит берудің бүкіл мерзіміне кесімді болып белгіленеді);
13) бюджеттік кредит бойынша міндеттемелердің орындалуы кепілмен, кепілдікпен, кепілгерлікпен немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да тәсілдермен қамтамасыз етіледі;
14) бюджеттік кредиттің қайтарылуын қамтамасыз ету құны сыйақы сомасы ескеріле отырып, бюджеттік кредит мөлшерінен кем болмауы тиіс;
15) бюджеттік кредиттің мерзімін - қарыз алушы бюджеттік кредитті алатын, пайдаланатын, қызмет көрсететін және өтейтін кезеңді;
16) кредит алушылардың міндеттемелерді мерзімінен бұрын пайдалану мүмкіндігін;
17) кредиттің қайтарымдылығын қамтамасыз етуді (кредит берушінің мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуді, кредиттік тәуекелдің туындауын барынша азайтуды);
18) берешектің негізгі сомасын өтеу және сыйақы төлеу жөнінде жеңілдетілген кезеңнің болуын (болмауын) қамтуы тиіс.
6. Бюджеттік бағдарлама әкімшісі бюджеттік кредит беру кезінде кредиттік шарттың тарабы болып табылады және мыналарды:
1) конкурстық негізде қарыз алушы-банкті анықтауды;
2) бюджеттік кредиттің мақсатты пайдаланылуына, өтелуіне және қызмет көрсетілуіне бақылау жасауды және мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.
7. Бюджеттік кредит беру кезінде Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінде және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 5 ақпандағы N 110 қаулысымен бекітілген "Республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылу ережесінде" көзделген талаптар мен өлшемдер сақталуы тиіс.