Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанында Шетелдiк инвесторлар кеңесiн құру туралы

Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығы 1998 жылғы 30 маусымдағы N 3985.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 20) тармақшасына сәйкес қаулы етемiн:

      1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанынан Шетелдiк инвесторлар кеңесi құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi туралы ереже бекiтiлсiн (қоса берiлiп отыр).

      3. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасары - Қазақстан Республикасының Инвестициялар жөнiндегi мемлекеттiк комитетiнiң төрағасы бiр ай мерзiмде Мемлекет басшысының қарауына Кеңестiң дербес құрамы жөнiнде ұсыныстар енгiзсiн.

      4. Осы Жарлық қол қойылған күнiнен бастап күшiне енедi.

      Қазақстан Республикасының
Президентi

  Қазақстан Республикасы
Президентiнiң
1998 жылғы 30 маусымдағы
N 3985 Жарлығымен
бекiтiлген

Қазақстан Республикасы Президентiнiң жанындағы Шетелдiк инвесторлар кеңесi туралы
ЕРЕЖЕ

      Ескерту. Ереже жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 24.07.2003 N 603 Жарлығымен.

1. Жалпы ережелер

      1. Шетелдік инвесторлар кеңесі (бұдан әрі - Кеңес) Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Кеңес қызметінің құқықтық негізін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдары, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілері, сондай-ақ осы Ереже құрайды.

      3. Кеңестің қызметін қамтамасыз етуді Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңестің жұмыс органы жүзеге асырады.

      4. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Инвестициялар комитеті Кеңестің жұмыс органы (бұдан әрі - Кеңестің жұмыс органы) болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 26.02.2019 № 862 Жарлығымен.

2. Кеңестің негізгі міндеттері

      5. Кеңестің негізгі міндеті:

      Қазақстан Республикасының инвестициялық саясатының негізгі бағыттарын айқындау;

      Қазақстан Республикасындағы инвестициялық ахуалды жақсарту;

      Қазақстан Республикасының инвестициялар туралы нормативтік құқықтық базасын жетілдіру;

      Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыруға, өнеркәсіптік секторын индустрияландыруға, шағын және орта бизнесін дамытуға шетелдік компаниялардың жәрдемдесуі;

      Қазақстан Республикасының экономикасын әлемдік экономикалық процестерге интеграциялау;

      Қазақстан Республикасының экономикасына шетелдік инвестицияларды тарту стратегиясы;

      Қазақстан Республикасының халықаралық маңызы бар ірі инвестициялық бағдарламалары мен жобаларын іске асыру мәселелері бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Кеңестің құрамы

      6. Қазақстан Республикасының Президенті Кеңестің төрағасы болып табылады.

      7. Лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарлары, Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі, Қазақстан Республикасының Көлік министрі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрі, Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі, Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі, Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі және Кеңестің жұмыс органының бірінші басшысы Кеңестің тұрақты мүшелері болып табылады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 29.06.2024 № 591 Жарлығымен.

      8. Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасының Президенті айқындайтын Қазақстан Республикасының өзге де лауазымды адамдары кіре алады.

      9. Кеңестің шетелдік тараптан құрамы осы Ережеде айқындалған тәртіппен халықаралық экономикалық және қаржы ұйымдарының (бұдан әрі - халықаралық ұйымдар) өкілдері, шетелдік компаниялардың бірінші басшылары немесе олардың орынбасарлары (бұдан әрі - Кеңестің шетелдік мүшелері) қатарынан құрылады.

      10. Кеңестің өзіне жүктелген міндеттерін тиімді орындауына жәрдемдесу мақсатында Кеңестің операциялық қызметі жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.

      11. Кеңестің дербес құрамын Қазақстан Республикасының Президенті бекітеді.

4. Кеңеске мүшелікке өтінімдер беру және қарау тәртібі

      12. Кеңестің құрамына қабылдану үшін халықаралық ұйымдардың, шетелдік компаниялардың өкілдері (бұдан әрі — үміткерлер) жұмыс органына осы Ережеге қосымшада белгіленген нысан бойынша өтінім береді.

      13. Халықаралық ұйымдардың және шетелдік компаниялардың, олар ұсынған үміткерлердің Қазақстан Республикасының экономикасына жер қойнауын пайдалану саласында жұмыс істейтін инвесторлар үшін кемінде 500 миллион АҚШ долларына және экономиканың өзге де секторларындағы инвесторлар үшін кемінде 125 миллион АҚШ долларына баламалы сомада тікелей инвестициялар салуы Кеңестің мүшелігіне қабылдану үшін негізгі өлшем болып табылады.

      Қазақстан Республикасының экономикасында қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру және инвестициялық процестерді жандандыру жөніндегі жұмысқа белсенді қатысатын халықаралық және өзге де ұйымдардың, банктердің өкілдері де Кеңестің мүшелері бола алады.

      Алайда, үміткерлерге алдымен Комиссияның шешімі бойынша Кеңестің байқаушысы мәртебесі беріледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.
      14. Алып тасталды – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      15. Жұмыс органы өтінімдерді олардың келіп түсу кезектілігі тәртібімен қарайды және олар осы Ереженің 13-тармағында белгіленген өлшемдерге сай келген жағдайда, Комиссияның қарауына шығарылады.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      16. Егер Кеңестің жұмыс органының ұсынымына сәйкес үміткер осы Ереженің 13-тармағында белгіленген өлшемдерді қанағаттандырмаса, бірақ қызметін экономиканың басым секторында жүзеге асырса, үміткердің өтінімі төменде келтірілген шарттардың кемінде 6-ына сәйкес болған жағдайда, Кеңес байқаушыларының құрамына қосу үшін Комиссияның қарауына енгізілуі мүмкін:

      1) Қазақстан Республикасында кемінде 3 жыл инвестициялық қызметті жүзеге асыру;

      2) жетпіс пайызын қазақстандық қызметкерлер атқаруға тиіс жаңа жұмыс орындарын құру;

      3) әлеуметтік-экономикалық дамуға үлес қосу (қазақстандық мамандарды оқыту, тең еңбек шарттарын жасау, Қазақстан Республикасында әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қатысу, Қазақстан Республикасында "экологиялық таза жобаларды" іске асыру, Қазақстан Республикасының инвестициялық беделін арттыру жөніндегі жұмысқа қатысу);

      4) Қазақстан Республикасының аумағында экспортқа бағдарланған өнім өндіру;

      5) Қазақстан Республикасына технологиялар импорттау;

      6) Қазақстан Республикасы экономикасының даму әлеуеттеріне сәйкес келу;

      7) нарықта және сапада көшбасшы болу, халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары рейтингтеріне ие болу;

      8) қазақстандық және шетелдік өнеркәсіптік және іскерлік қауымдастықтардың, Қазақстан Республикасында аккредиттелген дипломатиялық өкілдіктердің ұсынымдарының болуы;

      9) халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның тәжірибесі мен іскерлік беделінің болуы.

      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      17. Комиссия шешімі оң болған жағдайда, компанияның мәртебесін екі жылдан соң қайта қарау және Комиссияның оң шешімі болған жағдайда оны шетелдік тараптан Кеңестің құрамына енгізу мүмкіндігімен үміткер Кеңес байқаушыларының құрамына енгізіледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      17-1. Кеңес Төрағасының шешімі бойынша үміткер Кеңес құрамына байқаушы мәртебесі берілмей енгізілуі мүмкін.

      Ескерту. 17-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

5. Кеңестің операциялық қызметі жөніндегі комиссия

      18. Кеңеске жүктелген міндеттерді тиімді орындауға жәрдемдесу Комиссияның негізгі міндеті болып табылады. Комиссияның құрамы Кеңестің жұмыс органының ұсынысы және Комиссия құрамына қосылуға үміткерлердің барлығының келісімі бойынша Комиссия төрағасының шешімімен бекітіледі.

      19. Комиссия қазақстандық тараптан алты өкілден және шетелдік тараптан алты өкілден тұрады.

      Қазақстандық тараптан лауазымы бойынша: Қазақстан Республикасы Президентінің әлеуметтік-экономикалық мәселелерге жетекшілік ететін кеңесшісі (Комиссия төрағасы), Қазақстан Республикасының Сыртқы істер, Әділет, Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Көлік министрліктері бірінші басшыларының орынбасарлары, Кеңестің жұмыс органының бірінші басшысы (Комиссия хатшысы) Комиссияның мүшелері болып табылады.

      Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598; өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 03.01.2024 № 429 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн қолданысқа енгізіледі); 29.06.2024 № 591 Жарлықтарымен.

      20. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі. Комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең бөлінген жағдайда, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      21. Комиссия Қазақстан Республикасының Президентіне шетелдік тараптан Кеңестің құрамы және Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру бойынша ұсынымдар тұжырымдайды, осы Ереженің 6-тарауында айқындалған тәртіппен Кеңес байқаушыларының құрамын бекітеді, Кеңес мақсаттары үшін Кеңес мүшелерінің және оларға тиісті компаниялардың қызметін бағалауды жүзеге асырады.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

6. Байқаушылар

      22. Байқаушылар Кеңестің мүшелері болып табылмайды.

      23. Байқаушылардың құрамы Комиссияның шешімімен бекітіледі.

      24. Байқаушылар Кеңестің жалпы және аралық отырыстарына, тақырыптық кездесулеріне, жұмыс топтарына және Кеңес Төрағасының қосымша кездесулеріне қатыса алады, сондай-ақ жұмыс органымен келісім бойынша баяндама жасай алады.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      25. Байқаушылар Кеңестің кемінде бір жұмыс тобының жұмысына белсенді қатысуға, Қазақстан Республикасының жағымды инвестициялық ахуалын қалыптастыруға және беделін жақсартуға үлес қосуы тиіс.

7. Кеңестің шетелдік мүшелерін шығару немесе ауыстыру тәртібі
және Кеңес құрамынан шетелдік мүшені шығару үшін негіздемелер

      26. Кеңестің шетелдік мүшелерін шығару немесе ауыстыру туралы мәселені қарау кезінде мыналар назарға алынады:

      1) Кеңестің жалпы отырыстарына Кеңестің шетелдік мүшелерінің өздерінің қатысуы;

      2) Кеңестің шетелдік мүшелері тұрақты өкілдерінің Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының қызметіне өздерінің және белсенді түрде қатысуы;

      3) Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын сақтауы;

      4) Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасы экономикасының дамуына, бірінші кезекте Қазақстан Республикасының экономикасын әртараптандыру жөніндегі шараларды іске асыруға қатысуы.

      27. Шетелдік мүшені Кеңестің құрамынан шығару үшін:

      1) Кеңестің шетелдік мүшесінің Кеңестегі өз қызметін тоқтату туралы жазбаша өтініші;

      2) өкілі Кеңестің шетелдік мүшесі болып табылатын халықаралық

      ұйымның немесе шетелдік компанияның Қазақстан Республикасындағы

      инвестициялық қызметін тоқтатуы.

      28. Шетелдік мүшені Кеңестің құрамынан шығару үшін Комиссияның ұсынымдары да негіздеме болуы мүмкін.

8. Кеңестің бірлескен жұмыс топтары

      29. Кеңеске Кеңестің жалпы отырыстарының хаттамалық тапсырмаларын орындау, инвестициялық саясатты жетілдіру, Қазақстан Республикасының инвестициялық ахуалын жақсарту, жергілікті қамтуды дамыту, Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы және Қазақстанға инвестицияларды жүзеге асыратын компаниялардың операциялық қызметі мәселелерінде шетелдік инвесторларға жәрдемдесу, Қазақстан Республикасы экономикасының цифрлық саласын дамыту бойынша ұсынымдар мен ұсыныстар тұжырымдау мақсатында Комиссияның шешімдерімен Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      30. Барлығы Кеңестің бесеуден аспайтын бірлескен тұрақты жұмыс тобы құрылуы мүмкін.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      31. Бірлескен жұмыс топтары туралы ережелерді, қазақстандық және шетелдік тараптардан құрамдарды, жылдық жұмыс жоспарлары мен есептерді тұрақты жұмыс топтарының тең төрағалары бекітеді.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      31-1. Экономиканың қандай да бір саласында шетелдік инвесторлардың ұсынымдарын пысықтау және мәселелерін жедел түрде шешу мақсатында Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының, сондай-ақ Кеңес Төрағасының тақырыптық және қосымша кездесулерінің қорытындысы бойынша Кеңестің бірлескен уақытша жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      Кеңестің бірлескен уақытша жұмыс топтары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкімімен немесе осы жұмыс тобының қызметіне байланысты мәселелерге жетекшілік ететін министрлік басшысының шешімі бойынша құрылады.

      Ескерту. 31-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      32. Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының қызметіне жалпы басшылықты қазақстандық және шетелдік тараптардан тең төрағалар жүзеге асырады.

      Осы жұмыс тобының қызметіне байланысты мәселелерге жетекшілік ететін министрліктің бірінші басшысы деңгейіндегі лауазымды адам бірлескен тұрақты жұмыс тобының қазақстандық тараптан тең төрағасы бола алады.

      Басшыларының бірі Кеңес мүшесі болып табылатын халықаралық ұйымның немесе шетелдік компанияның қазақстандық өкілдігінің басшысы бірлескен тұрақты жұмыс тобының шетелдік тараптан тең төрағасы бола алады.

      Ескерту. 32-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      33. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының құрамдарына Қазақстан

      Республикасының мемлекеттік органдарының, халықаралық ұйымдардың, бірлескен кәсіпорындардың, қазақстандық және шетелдік компаниялардың өкілдері кіруі мүмкін.

      34. Жұмыс топтары Кеңеске ұсынымдар тұжырымдайды, олар алдын ала Кеңестің аралық отырыстарында талқыланады, Кеңестің жалпы отырыстарында қаралады және олардың хаттамаларымен бекітіледі.

      Ескерту. 34-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      35. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының жұмысына қатысу ауыстыру құқығынсыз жүргізіледі.

9. Кеңестің жұмыс тәртібі

      36. Кеңестің жалпы отырыстары жылына бір рет, маусымның әр екінші бейсенбісінде өткізіледі. Бұл ретте, Кеңес Төрағасы оның басқа өткізу күнін белгілеуі мүмкін.

      Қажет болған кезде Кеңес Төрағасы Кеңеске мүше болып табылатын халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялардың басшыларымен қосымша жұмыс кездесулерін, оның ішінде бейнеконференцбайланыс арқылы өткізеді.

      Ескерту. 36-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      37. Жалпы отырыстың негізгі тақырыбы мен өткізілетін орнын Кеңес Төрағасы айқындайды.

      Ескерту. 37-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      38. Кеңестің жалпы отырысы мынадай 2 сессиядан тұрады:

      1) ашық сессия - бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен өткізіледі, оның барысында Кеңестің алдыңғы жалпы отырысының хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есеп, отырыстың негізгі тақырыбы және Кеңестің жұмыс топтарының жыл бойы тұжырымдалған ұсынымдары туралы қорытынды баяндама талқыланады;

      2) жабық сессия - бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуынсыз өткізіледі және Кеңес мүшелерінің түрлі мәселелерді еркін талқылауын көздейді.

      Ескерту. 38-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      39. Кеңестің жалпы отырыстары Кеңес мүшелерінің жалпы санының

      кемінде үштен екісі қатысқанда заңды болып табылады.

      40. Кеңестің жалпы отырыстары арасындағы кезеңде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің төрағалығымен Кеңестің аралық отырысы өткізіледі.

      Қажет болған кезде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Кеңеске мүше жергілікті компаниялардың басшыларымен қосымша тақырыптық кездесулер өткізеді.

      Ескерту. 40-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      41. Кеңестің аралық отырысына, тақырыптық кездесулері мен оның төрағасының қосымша кездесулеріне Кеңестің мүшелері және байқаушылары, Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының басшылары, Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының тең төрағалары, сондай-ақ Кеңестің шетелдік мүшелерінің Қазақстан Республикасындағы тұрақты өкілдері қатыса алады.

      Ескерту. 41-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      42. Кеңестің аралық отырыстарында Кеңестің соңғы жалпы отырысының хаттамалық шешімдерін орындаудың алдын ала нәтижелері, Кеңестің жалпы отырыстарына дайындық барысы, Кеңестің жұмыс топтары тұжырымдаған ұсынымдар талқыланады.

      Кеңестің тақырыптық кездесулерінде шетелдік инвесторлардың ағымдағы проблемалары, кездесу тақырыбы бойынша Кеңестің жұмыс топтары тұжырымдаған ұсынымдар талқыланады.

      Ескерту. 42-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      43. Кеңестің бірлескен тұрақты жұмыс топтарының тең төрағалары аталған ұсынымдарды мәлімдейді және талқылау қорытындысы бойынша олар Кеңестің аралық отырысы мен тақырыптық кездесуінің хаттамасын дайындау кезінде ескеріледі.

      Ескерту. 43-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      44. Қажет болған кезде Кеңестің жалпы және аралық отырыстарына, тақырыптық кездесулері мен Кеңес Төрағасының қосымша кездесулеріне Қазақстан Республикасының мүдделі мемлекеттік органдарының өкілдері, сондай-ақ Кеңестің құрамына кірмейтін халықаралық ұйымдар мен шетелдік компаниялардың өкілдері шақырылуы мүмкін.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      45. Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының, тақырыптық кездесулері мен оның төрағасының қосымша кездесулерінің қорытындысы бойынша қабылданған шешімдер хаттамамен ресімделеді.

      Ескерту. 45-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      46. Кеңестің жұмыс органы Кеңестің жалпы отырысы немесе оның төрағасының қосымша кездесуі өткізілген күннен бастап бір ай мерзімде Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен және мүдделі мемлекеттік органдармен келісілген Кеңестің жалпы отырысы және Кеңес Төрағасының қосымша кездесулері хаттамасының жобасын енгізеді, оған тапсырмаларды орындауды бақылаудың бекітілуі қоса беріледі.

      Ескерту. 46-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      47. Кеңестің органы Кеңестің жалпы және аралық отырыстарының, тақырыптық кездесулерінің, сондай-ақ оның төрағасының қосымша кездесулерінің хаттамасы мен оларға қосымшаларды отырысқа қатысушыларға оған қол қойылған кезден бастап бір ай ішінде таратуды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 47-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

10. Кеңестің жұмыс органы

      48. Кеңестің жұмыс органы:

      1) Кеңестің, Кеңестің бірлескен жұмыс топтары мен Комиссияның құрамдары бойынша ұсынымдар дайындау және Комиссияның қарауына енгізу;

      2) Кеңестің жалпы және аралық отырыстарын, тақырыптық кездесулері мен оның төрағасының қосымша кездесулерін ұйымдастыру және өткізу;

      3) бірлескен жұмыс топтарының қызметін үйлестіру;

      4) Кеңестің, оның бірлескен жұмыс топтарының және Комиссияның хаттамалық шешімдерін орындау мониторингін жүргізу жөніндегі функцияларды орындайды.

      Ескерту. 48-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

  Қазақстан Республикасы
Президентінің
жанындағы Шетелдік инвесторлар
кеңесі туралы ережеге
ҚОСЫМША

Кеңеске мүшелікке қабылдау үшін
ӨТІНІМ

      Ескерту. Қосымшаға өзгеріс енгізілді – ҚР Президентінің 09.06.2021 № 598 Жарлығымен.

      1. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның атауы:

      ____________________________________________________________________,

      2. Почта мекенжайы: __________________________________________,

      3. Шыққан елі: _______________________________________________,

      4. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның қызметіне жалпы сипаттама (қызмет саласы, іскерлік беделі).

      5. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның Қазақстан Республикасының аумағындағы инвестициялық қызметінің мерзімін көрсете отырып, Қазақстанда инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысуы туралы ақпарат.

      6. Қазақстан Республикасының экономикасына салынған тікелей инвестициялардың көлемі.

      7. Қазақстан аумағындағы жиынтық айналым, өндіріс көлемі.

      8. Қазақстан Республикасының мемлекеттік бюджетіне халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның қызметінен түсетін түсімдер.

      9. Кеңестің бірлескен жұмыс топтарының қызметіне қатысу.

      10. Халықаралық ұйымның/шетелдік компанияның Қазақстан Республикасының әлеуметтік міндеттерін және экологиялық сипаттағы міндеттерін шешуге қатысуы, Қазақстан Республикасының аумағындағы демеушілік және қайырымдылық қызмет.

      11. Қазақстандық қызметкерлердің компания қызметкерлерінің жалпы санына проценттік арақатынасын көрсете отырып, олардың саны және олардың біліктілігін арттыру жөніндегі іс-шаралар.

      12. Шет елдерде Қазақстан Республикасының инвестициялық имиджін арттыру жөніндегі іс-шараларға қатысуы туралы ақпарат.

      13. Үміткердің Т.А.Ә.: _____________________________________.

      14. Лауазымы:_______________________________________________.

      15. Кәсіптік қызметі:_______________________________________

      ____________________________________________________________

      ____________________________________________________________

      ____________________________________________________________.

      16. Халықаралық ұйымда/шетелдік компанияда жұмыс істеу мерзімі:__________________________________________________________.

      17. Қоса беріліп отырған құжаттар (Қазақстан Республикасы мемлекеттік басқару органдарының, Қазақстан Республикасында аккредиттелген өнеркәсіптік және іскерлік қауымдастықтардың, мемлекеттер елшіліктерінің ұсынымхаттары):_____________________.