"Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тура

Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 18 тамыздағы № 986 Жарлығы

      ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      жоғарыда аталған Жарлықпен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларында:

      2-тармақта:

      1) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) іріктеу комиссиясы – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының (бұдан әрі – Қарулы Күштер, басқа да әскерлер мен әскери құралымдар) әскери бөлімдерінде (мекемелерінде) құрылатын, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретін азаматтарды іріктеу жөніндегі комиссия;";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) штаттық-лауазымдық санат – әскери бөлімнің (мекеменің) штатында әскери лауазым үшін көзделген әскери атақ;";

      4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Уәкілетті органдардың бірінші басшылары Қағидаларды қолдану жөніндегі нұсқаулықтарды бекітеді.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші бейбіт уақытта әскери қызметтің алты айынан кейін және әскери-есептік мамандықтардың біреуі бойынша міндетті даярлық курсынан өткен кезде ерікті түрде, оның ішінде бөлімшенің немесе әскери бөлімнің (мекеменің) құрамында Қазақстан Республикасынан тыс жерде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін жіберілуі мүмкін.";

      8-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) келісімшарт бойынша әскери қызметке кіргендер үшін – әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдеріне енгізу туралы бұйрығы шыққан күн, ал Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде – жеке құрам бойынша бұйрық шыққан күн;";

      9-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әскери қызметтен шығарылуына (әскери жиындардың аяқталуына), сондай-ақ қызметтен шығару бірінші басшының бұйрығымен ресімделетін Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметін қоспағанда, әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) бұйрығымен ресімделетін Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарына ауысуына байланысты әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығарылған күн әскери қызмет аяқталған күн болып саналады.";

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Әскери қызметшінің әскери бөлімді (мекемені) немесе әскери қызмет (әскери жиындар) орнын өз бетімен тастап кеткен уақыт кезеңі, сондай-ақ қамаққа алу түріндегі қылмыстық немесе әкімшілік жазаны өтеу уақыты оның әскери қызмет мерзіміне есептелмейді.

      Әскери қызметшілердің әскери бөлім (мекеме) орналасқан жерді немесе қызмет (әскери жиындар) орнын нақты тастап кету уақыты, сол сияқты оның белгіленген мерзімде әскери қызмет (әскери жиындар) орнына негізсіз келмеуі – әскери бөлімді (мекемені) немесе әскери қызмет (әскери жиындар) орнын өз бетімен тастап кету кезеңінің басталуы, әскери қызметшінің өзінің әскери бөлімге (мекемеге), әскери басқару органдарына немесе құқық қорғау органдарына келу уақыты не оны ұстап алу уақыты оның аяқталуы болып табылады.

      11. Әскери қызметшінің әскери қызметінің (еңбек сіңірген жылдарының) жалпы ұзақтығы оның әскерге шақыру бойынша да, келісімшарт бойынша да әскери қызметінің барлық уақытын, сондай-ақ әскери жиындардан өту уақытын қамтиды.

      Әскери қызметтің жалпы ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен күнтізбелік есептеумен де, жеңілдікті есептеумен де жүргізіледі.";

      12-тармақта:

      бірінші бөліктің бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Қазақстан Республикасының азаматы әскери қызмет өткеру туралы келісімшартты (бұдан әрі – келісімшарт) уәкілетті лауазымды адаммен ерікті түрде, уәкілетті органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін үлгілік нысан бойынша жазбаша түрде:";

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) қатардағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер құрамдарының (жоғары офицерлер құрамын қоспағанда) штаттық-лауазымдық санатындағы әскери лауазымға тағайындалатындар – әскери бөлімнің (мекеменің) командирінен (бастығынан) бастап және одан да жоғары тиісті уәкілетті лауазымды адаммен;";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Атқаратын әскери лауазымдарында әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілермен келісімшарттар осы тармақтың бірінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларына сәйкес жасалады.";

      13-тармақтың екінші бөлігінің 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) Заңның 26-бабының 10-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, әскери оқу орнына түсер алдында келісімшарт бойынша әскери қызмет өткерген әскери қызметшіні теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығаруға негіз болып табылмайтын әскери оқу орнынан шығарылған;";

      14-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Келісімшарт әскери қызметшілермен келісімшарт жасасу, оларды әскери лауазымдарға тағайындау, ауыстыру, олардан босату, әскери қызметтен шығару, сондай-ақ оларға әскери атақ беру туралы бұйрықтар (жеке құрам бойынша бұйрықтар) шығаруға құқығы бар лауазымды адамдар тізбесіне (бұдан әрі – лауазымды адамдар тізбесі) сәйкес осы құқық берілген уәкілетті лауазымды адамның бұйрығы шыққан күннен бастап қолданысқа енгізіледі. Лауазымды адамдар тізбесін уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.";

      15-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заң қолданысқа енгізілгенге дейін әскери қызметте болудың шекті жасына толғанға дейін жасалған келісімшарттардың күші әскери қызметшілер Заңның 25-бабының 1-тармағында белгіленген шекті жасқа толғанға дейін қолданылады.";

      16-тармақта:

      бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Әскери қызметті одан әрі келісімшарт бойынша өткеруге ниет білдірген әскери қызметші қолданыстағы келісімшарттың мерзімі аяқталғанға кемінде екі ай қалған мерзімде белгіленген тәртіппен әскери бөлімнің (мекеменің) командиріне (бастығына) жаңа келісімшарт жасасу туралы баянат береді.";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт мерзімінің аяқталуына байланысты әскери қызметтен шығу туралы шешім қабылдаған әскери қызметші келісімшарттың қолданылу мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын уәкілетті лауазымды адамды өзінің шешімі туралы жазбаша хабардар етеді.";

      20-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "20. Әскери қызметте болмаған, келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген Қазақстан Республикасының азаматы жергілікті әскери басқару органының бастығына немесе әскери бөлімнің (мекеменің) командиріне (бастығына) өтініш береді.";

      21-тармақта:

      бірінші бөліктің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) азамат келісімшарт жасасуға ниет білдірген уәкілетті органның атауы, әскери бөлім (мекеме);";

      төртінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әйелдерді қоспағанда, бұрын әскери қызмет өткермеген, әскери кафедрада оқымаған адамдар Қорғаныс министрлігінің мамандандырылған ұйымында әскери даярлықтан өткенін растайтын құжатты ұсынады.";

      23 және 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтермен жұмыс істеу көзделетін әскери қызметті өткеру үшін кандидаттарға Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде мемлекеттік құпияларға рұқсат беруге арналған арнаулы тексеру жүргізіледі. Оларды мемлекеттік құпияларға рұқсат беруге арналған арнаулы тексеру аяқталғаннан кейін ғана мұндай кандидаттарды әскери қызметке қабылдау жүргізіледі. Мемлекеттік құпияларға рұқсат беруге арналған арнаулы тексеруді ұйымдастыру жергілікті әскери басқару органдарына немесе әскери бөлімдерге (мекемелерге) жүктеледі.

      24. Жергілікті әскери басқару органы немесе әскери бөлім (мекеме) кандидатқа жеке іс ресімдейді.";

      25-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Уәкілетті органдар басшыларының келісімі бойынша кандидаттарды медициналық куәландыру ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, әскери-медициналық (медициналық) бөлімшелерде жүргізілуі мүмкін.";

      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметші әскери бөлімнің (мекеменің) командиріне (бастығына) (офицерлер құрамының әскери қызметшісі – әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталардан бір ай бұрын) баянат береді.";

      33-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "33. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін және келісімшарт бойынша әскери қызметке кіруге ниет білдірген әскери қызметшінің баянаты тіркеледі және оны әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) қарауға қабылдайды. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің баянатын қарайды және ол бойынша он жұмыс күні ішінде шешім қабылдайды.";

      34-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "34. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) баянатты қарап:

      1) кандидатты медициналық куәландырудан өткізу;

      2) кәсіптік және психологиялық іріктеу жөніндегі іс-шараларды жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы айқындаған тәртіппен арнаулы тексеру жүргізу;

      4) тізбесін уәкілетті органның басшысы бекіткен әскери лауазымдарға кандидаттармен психологиялық-физиологиялық және полиграфологиялық зерттеулер жүргізу;

      5) кандидаттың білім, кәсіптік және дене даярлығы деңгейінің келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетінін тексеру;

      6) әскери қызметшінің кандидатурасын әскери бөлімнің (мекеменің) іріктеу комиссиясының қарауы туралы нұсқаулар береді.";

      36-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Әскери бөлімнің (мекеменің) аттестаттау (іріктеу) комиссиясының ұсынымы бойынша әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) кандидаттың келісімшарт бойынша әскери қызметке кіретіндер үшін белгіленген талаптарға сәйкес келетіні (сәйкес келмейтіні) туралы шешімді қабылдайды.";

      7-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Әскери қызметте болудың шекті жасына толған әскери қызметшілермен әскери қызмет мерзімдерін ұзарту кезінде келісімшарттар жасасу";

      43 және 44-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "43. Әскери қызметшіні әскери лауазымға тағайындау уәкілетті органның бірінші басшысы бекітетін мемлекеттік орган әскери лауазымдарының санаттарына қойылатын біліктілік талаптары негізінде, әскери қызметшінің білім, кәсіптік даярлық деңгейі, қызметтік жұмыс тәжірибесі, денсаулық жағдайы және осы Қағидаларда көзделген өзге де мән-жайлар ескеріле отырып жүргізіледі.

      44. Әскери қызметшілерді әскери лауазымдарға тағайындау оларды негізгі немесе бір бейінді әскери-есептік мамандық бойынша пайдалануды қамтамасыз етуге тиіс.

      Бір бейінді әскери-есептік мамандықтар тізбесін уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.

      Әскери қызметшілерді олар үшін жаңа әскери-есептік мамандық бойынша әскери лауазымдарда пайдалану қажет болған кезде оларды осы лауазымдарға тағайындау алдында тиісті қайта даярлау жүргізілуге тиіс.";

      46 және 47-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "46. Техникалық және кәсіптік, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына қабылданған азамат қатардағы жауынгерлер немесе сержанттар құрамдарының штаттық-лауазымдық санатындағы кадет және курсант ауыспалы құрамының әскери лауазымына тағайындалады.

      Әскери оқу орнына қабылданған, офицерлер құрамының әскери атағы жоқ әскери қызметші бұрын атқарған әскери лауазымынан босатылады және қатардағы жауынгерлер немесе сержанттар құрамдарының штаттық-лауазымдық санатындағы курсант ауыспалы құрамының әскери лауазымына тағайындалады.

      Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орнына қабылданған, келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметші бұрын атқарған әскери лауазымынан босатылады және қашықтан білім беру технологияларын пайдаланып білім алатындарды қоспағанда, Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың тыңдаушысы, магистранты, докторанты немесе адъюнкті ауыспалы құрамының әскери лауазымына тағайындалады.

      Оқудың үшінші курсына көшірілген ұлан, сондай-ақ жалпы орта білім базасындағы азамат немесе техникалық және кәсіптік, жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын əскери оқу орындарына қабылданған əскери қызметші тиісінше Қарулы Күштердің кадеті не курсанты немесе əскери интерні ауыспалы құрамының əскери лауазымына тағайындалады.

      Әскери қызметші (азамат) әскери оқу орнына қабылданған кезде оның бұрын берілген әскери атағы сақталады.

      47. Әскери, арнаулы оқу орнына немесе әскери оқу орнының адъюнктурасына, магистратурасына не докторантурасына қабылданбаған әскери қызметшілер өздерін көрсетілген оқу орнына түсу үшін жіберген әскери бөлімдерге (мекемелерге), бұрынғы әскери лауазымдарына қайтарылады.";

      49-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) қатардағы жауынгерлер, сержанттар мен офицерлер құрамдарының штаттық-лауазымдық санаттарындағы әскери лауазымдарға тиісті құрамның әскери қызметшілері тағайындалады.

      Бос лауазымдар болмаған кезде, әскери оқу орындары мен әскери кафедраларды бітіргендерді қоспағанда, сержанттар құрамының әскери қызметшілері өздерінің келісімі бойынша қатардағы жауынгерлер құрамының лауазымдарына тағайындалуы мүмкін;";

      50-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "50. Бос әскери лауазымдарға төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері не азаматтар уәкілетті органның бірінші басшысы айқындайтын тәртіппен уақытша тағайындалуы мүмкін. Бұл ретте азаматтық персонал адамдарына (жұмыскерлерге) лауазымдық айлықақы атқаратын әскери лауазымына сәйкес белгіленеді.

      Әскери лауазымдарға уақытша тағайындалған азаматтық персонал адамдары (жұмыскерлер) осы әскери лауазымдарға әскери қызметшілер тағайындалған кезде басқа лауазымдарға тағайындалады, ал басқа лауазымдарға тағайындау мүмкін болмаған жағдайда – белгіленген тәртіппен қызметтен шығарылады.";

      53-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жоғары әскери лауазымға тағайындау кезінде жоғары әскери лауазымға жоғарылату үшін резервте тұрған, өзі әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің (мекеменің) аттестаттау комиссиясы осындай әскери лауазымға ұсынған, әскери қызмет міндеттерін орындау кезінде жоғары кәсіптік біліктіліктерін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсеткен немесе бұдан бұрын ұйымдастырушылық-штаттық іс-шараларға байланысты төменгі әскери лауазымға тағайындалған әскери қызметшіге басым құқық беріледі.";

      55-тармақтың 4) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "4) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшінің баянаты бойынша, Заңның 26-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде, уәкілетті органдардың бірінші басшыларымен келісу бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітетін үлгілік нысан бойынша отбасылық-мүліктік жағдайды зерттеп-қарау актісімен расталатын отбасы жағдайлары бойынша;";

      57-тармақта:

      1) тармақшаның үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Заңның 26-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында айқындалған, отбасылық-мүліктік жағдайын зерттеп-қарау актісімен расталатын отбасы жағдайлары бойынша;";

      2) тармақшаның үшінші және төртінші абзацтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "келісімшартты бұзуға негіз болып табылмайтын тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін тәртіптік реттілікте бір сатыдан төмен емес;

      офицерлер құрамының бос әскери лауазымдарына уақытша тағайындалған қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамдарының әскери қызметшілері осы әскери лауазымдар қысқартылған немесе бұл әскери лауазымдарға тиісті құрамның әскери қызметшілері тағайындалған жағдайда;";

      мынадай мазмұндағы 57-1-тармақпен толықтырылсын:

      "57-1. Әскери қызметшіден әскери лауазымынан бір сатыға төмендету түріндегі тәртіптік жазаны алу оны бұрын атқарған әскери лауазымына қайта қабылдауға алып келмейді.";

      59-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "59. Қамаққа алу түріндегі жазасын өтеп жатқан әскери қызметшілер жоғары тұрған әскери лауазымға тағайындалмайды.";

      60-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "60. Қызметтік қажеттілікке байланысты әскери қызметшіге ол әскери қызмет өткеретін әскери бөлімде (мекемеде) өзі атқармайтын, тең немесе жоғары әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару жүктелуі мүмкін:

      1) бос (тағайындалмаған) әскери лауазым бойынша – әскери қызметші атқаратын әскери лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босатылады, бірақ атқаратын әскери лауазымынан босатылмайды және оған міндеттерін уақытша атқаруға жіберілген әскери лауазымы бойынша ақшалай ризық төленеді;

      2) бос емес (тағайындалған) әскери лауазым бойынша – оны атқаратын әскери қызметші уақытша болмаған немесе оны атқаратын әскери қызметшіні әскери лауазымынан шеттеткен жағдайда, бірақ екі айдан аспайтын мерзімге жүктелуі мүмкін. Бұл ретте әскери қызметшіге ол атқаратын әскери лауазым бойынша ақшалай ризық төленеді.";

      61-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "61. Әскери қызметшіге бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуді және оны атқаратын әскери лауазымы бойынша міндеттерді атқарудан босатуды осы әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар лауазымды адам жүзеге асырады. Бос әскери лауазымды шұғыл атқару қажет болған кезде әскери лауазым тұрған әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) осы әскери лауазымға тағайындауға құқығы бар бастықты жазбаша хабардар етіп, тиісті құрамның әскери қызметшілеріне бос әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды 6 айдан аспайтын мерзімге жүктеуіне рұқсат етіледі.";

      62-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "62. Әскери қызметшіге бос емес әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқаруды жүктеуді әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) жүзеге асырады.

      Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) өзі уақытша болмайтын жағдайда міндеттерді уақытша атқаруды – орынбасарларының біреуіне, олар болмаған кезде басқа лауазымды адамға жүктейді.";

      мынадай мазмұндағы 62-1-тармақпен толықтырылсын:

      "62-1. Қызметтік қажеттілікке және бос емес әскери лауазым бойынша міндеттерді әскери қызметшіге жүктеудің мүмкін болмауына байланысты, осы әскери лауазымды атқаратын әскери қызметші бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыста болған уақытта осы әскери лауазым бойынша міндеттерді уақытша атқару тиісті білімі және тиісті әскери мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы және мамандық бойынша жұмыс тәжірибесі бар азаматқа жүктеледі.

      Бұл ретте азаматтық персонал адамына (жұмыскерге) ол атқаратын әскери лауазым бойынша лауазымдық айлықақы төленеді.

      Осы әскери лауазымда тұрған әскери қызметші әскери қызметке шыққан кезде азаматтық персонал адамы (жұмыскер) қызметтен шығарылады.";

      68-тармақтың екінші бөлігінің 7) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "7) әскери бөлім (мекеме) немесе бөлімше тұрақты орналасу пунктін өзгерткен жағдайларда жүргізіледі.";

      69-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "69. Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарды дамыту бағдарламаларына сәйкес жүзеге асырылатын әскери бөлімнің (мекеменің) немесе бөлімшенің тұрақты орналасу пункті өзгерген, сондай-ақ әскери бөлімнің (мекеменің) немесе бөлімшенің тұрақты орналасу пунктіне қарамастан, тең әскери лауазымға тағайындалған кезде әскери қызметшіні ауыстыру оның келісімінсіз, уәкілетті органның бірінші басшысы өзіне осы құқықты берген командирдің (бастықтың) шешімімен жүргізіледі.";

      70-тармақтың екінші және үшінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінді немесе әскери қызметшіні ауыстыру жөнінде жазбаша хабарлама келіп түскен кезден бастап, бірақ ол келіп түскен кезден соң жеті тәуліктен кешіктірмей, ал демалыста немесе емделуде жүрген әскери қызметші үшін оның келген күнінен бастап істер мен лауазымды тапсырудың басталғанын белгілейді.

      Әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару істер мен лауазымды тапсыру актілері бекітілгеннен кейін келесі жұмыс күнінде жүргізіледі.";

      84-тармақтың үшінші бөлігінің 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) келісімшарт аяқталатын жылы;";

      88-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) сержанттар құрамы үшін – кіші сержант (екінші сатылы старшина);

      3) қатардағы жауынгерлер құрамы үшін – қатардағы жауынгер (матрос) болып саналады.";

      89-тармақта:

      3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) запастағы офицерлер бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және белгіленген емтихандарды тапсырған азаматқа – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымын аяқтағаннан кейін;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) офицерлер құрамының әскери атағы жоқ, жоғары білімі бар, штат бойынша офицерлер құрамының әскери атағы көзделген әскери лауазымға келісімшарт бойынша әскери қызметке кірген азаматқа (әскери қызметшіге) тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде, бірақ офицерлердің әскери лауазымдарында үздіксіз бір жыл әскери қызмет өткергеннен кейін (Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында – тиісті әскери лауазымға тағайындалған кезде);";

      мынадай мазмұндағы 94-1-тармақпен толықтырылсын:

      "94-1. "Запастағы кіші сержант" ("запастағы екінші сатылы старшина") әскери атағы запастағы сержанттар бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған және белгіленген емтихандарды тапсырған азаматқа беріледі.

      "Запастағы кіші сержант" ("запастағы екінші сатылы старшина") әскери атағын әскери кафедра бастығының ұсынуы бойынша жергілікті (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың) әскери басқару органының басшысы береді.";

      97-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Сот үкімімен (қаулысымен) тағайындалған қамаққа алу түріндегі қылмыстық жазаны не әкімшілік жазаны өтеу уақыты әскери қызметшілерге кезекті әскери атақ беру үшін еңбек сіңірген жылдарының мерзіміне есептелмейді.";

      101-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "101. Қамаққа алу түріндегі қылмыстық жазаны немесе әкімшілік жазаны өтеген уақытта әскери қызметшіге әскери атақ берілмейді.";

      105-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қасақана қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаған әскери қызметшілер (әскери міндеттілер) соттың әскери қызметшіге әскери атағынан айыру түрінде қосымша жаза тағайындалған, заңды күшіне енген үкімі бойынша әскери атағынан айырылады.";

      107-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "107. Әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін, әскери атағы "кіші сержант" ("екінші сатылы старшина") әскери атағына дейін төмендетілген офицерлер тиісті құрамның әскери лауазымдарына тағайындаумен бір мезгілде сержанттар құрамына ауыстырылады және мерзімді әскери қызметтің белгіленген мерзімі аяқталғанға дейін әскери қызмет өткереді.";

      108-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "108. Офицерлер немесе сержанттар құрамдарының әскери атағынан айырылған әскери қызметші (әскери міндетті) "қатардағы жауынгер" әскери атағы беріліп, қатардағы жауынгерлер құрамының әскери есебіне ауыстырылады.";

      111-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "111. Демалыстар әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) бұйрығы негізінде беріледі.";

      115-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Демалыс уақытында, әскери бөлімнің (мекеменің) таратылуын қоспағанда, әскери бөлімнің (мекеменің) бастамасы бойынша әскери қызметші ауыстырылмайды және оны әскери қызметтен шығаруға жол берілмейді.";

      121-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "121. Әскери қызметшінің баянаты және әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) шешімі бойынша әскери қызметшіге жыл сайынғы негізгі және қосымша демалыстарды олардың арасын үзбей бірінен кейін бірін беруге жол беріледі.";

      123-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "123. Жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыстар кезінде (кейіннен әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығара отырып, әскери қызметтен шығару жылынан басқа) науқастанып қалған әскери қызметшілерге жыл сайынғы негізгі немесе қосымша демалыс, отбасы жағдайлары бойынша демалыстан басқа, демалыс уақытына тура келетін науқастанған күндерінің тиісті санына ұзартылады. Бұл жағдайда әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) әскери мекемеден немесе ол болмаған кезде, мемлекеттік емдеу-профилактикалық мекемеден алынған анықтама негізінде демалысты ұзартуды жүзеге асырады.";

      124-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жергілікті әскери басқару органының бастығы әскери қызметшінің демалысын ұзартқаны туралы көрсетілген әскери қызметші әскери қызмет өткеретін әскери бөлімнің (мекеменің) командирін (бастығын) дереу хабардар етеді.";

      125-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "125. Әскери қызметшілерге отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс:

      бес тәулікке дейін:

      1) әскери қызметшінің некесі тіркелген;

      2) әскери қызметшінің баласы туылған жағдайларда;

      он тәулікке дейін:

      1) әскери қызметшінің жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының, әскери қызметшінің жұбайы (зайыбы) жақын туыстарының денсаулық жағдайы ауыр болған немесе олар қайтыс болған (қаза тапқан);

      2) әскери қызметшінің жақын туыстары, әскери қызметшінің жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған жағдайларда беріледі.

      Некесі тіркелген немесе баласы туылған жағдайларда отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс әскери қызметшілерге растайтын құжаттың (азаматтық хал актісі, туу туралы куәлік, туу туралы медициналық куәлік немесе туу фактісін белгілеу туралы сот шешімі) көшірмесі қоса берілген баянаттың негізінде беріледі.

      Әскери қызметшінің жұбайының (зайыбының), жақын туыстарының, әскери қызметшінің жұбайы (зайыбы) жақын туыстарының денсаулық жағдайы ауыр болған жағдайда, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс әскери қызметшілерге медициналық мекеме берген растайтын құжат қоса берілген баянат негізінде беріледі.

      Әскери қызметшінің жұбайы (зайыбы), жақын туыстары, әскери қызметшінің жұбайының (зайыбының) жақын туыстары қайтыс болған (қаза тапқан) жағдайда және әскери қызметшінің жақын туыстары, әскери қызметшінің жұбайының (зайыбының) жақын туыстары табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға ұшыраған кезде, отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыс әскери қызметшілерге баянат негізінде беріледі. Демалыстан келгеннен кейін әскери қызметші он жұмыс күні ішінде әскери қызмет орны бойынша демалыстың берілу негізін растайтын құжатты ұсынуға міндетті.

      Әскери қызметшіге берілетін отбасы жағдайлары бойынша қысқа мерзімді демалыстың ұзақтығы демалысты өткізу орнына дейін барып-қайтуға қажетті тәулік санына ұлғайтылады.";

      136-тармақта:

      бірінші бөліктің 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында – бір айдан аспайды;";

      екінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) оқу орнының жазбаша шақыртуы немесе оқуға жіберу туралы бұйрық негізінде оқу демалысын береді.";

      137-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "137. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін, ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын әскери қызметшіге, қызметтік істерін ғылыми жұмыспен табысты ұштастырған жағдайда, ол ғылыми дәреже ізденушісі болып табылатын ғылыми кеңестің ұсынымы бойынша әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) шешімімен жалпы ұзақтығы екі айға дейінгі шығармашылық демалыстар беріледі.";

      138-тармақтың бірінші бөлігінде орыс тіліндегі мәтінге өзгеріс енгізілді, қазақ тілінде мәтін өзгермейді;

      143-тармақтың екінші бөлігінің үшінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "аттестаттаудың егжей-тегжейлі схемасын әзірлеу, оны тиісті командирлердің (бастықтардың) бекітуі, басшылыққа алу және әскери қызметшілердің назарына жеткізу үшін әскери бөлімдерге (мекемелерге) тарату;";

      146-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "146. Әскери қызметшілер жүктілікке және босануға байланысты, бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша демалыстарда болған, қашықтан білім беру технологияларын пайдаланып білім алушыларды қоспағанда, мемлекеттік қызметшілерді жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша даярлау жөніндегі мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Қазақстан Республикасының және (немесе) шет мемлекеттердің әскери, арнаулы оқу орындарында, білім беру ұйымдарында жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламалары бойынша білім алған кезеңде аттестатталуға жатпайды. Олар әскери қызметке шыққаннан кейін алты ай өткен соң және әскери қызметке шыққан күннен бастап бір жылдан кешіктірілмей аттестатталады.";

      150-тармақтың үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Әскери бөлімдерде (мекемелерде) әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) шешімімен аттестаттау комиссиялары құрылады, ол бұйрықпен жарияланады.";

      151-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "151. Аттестаттау комиссияларына тиісті әскери бөлім (мекеме) командирінің (бастығының) шешімі бойынша жекелеген әскери қызметшілердің әскери қызмет өткеру мәселелерін қарау да жүктеледі.";

      154 және 155-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "154. Әскери қызметшілерді әскери қызметтен шығару Заңның 26-бабында айқындалған негіздер бойынша жүргізіледі. Бұл ретте запасқа немесе отставкаға шығару уәкілетті органның лауазымды адамдар тізбесіне сәйкес осыған құқығы бар лауазымды адамының бұйрығымен жүргізіледі.

      Әскери қызметшіні әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару істер мен лауазым тапсырылғаннан кейін жүргізіледі.

      Қажет болған жағдайларда, істер мен лауазымды тапсыру Ішкі қызмет жарғысында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде жүргізіледі, әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) жеке құрам бойынша бұйрықтан үзінді келіп түскен кезден бастап оның басталғанын белгілейді.

      Әскери қызметші істер мен лауазымды тапсырудан жалтарған немесе бас тартқан кезде, әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару комиссия мүшелері қол қойған және әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) үш жұмыс күні ішінде бекіткен актінің негізінде белгіленген мерзімнен кешіктірілмей жүргізіледі.

      Әскери қызметші істер мен лауазымды тапсырмаған өзге жағдайларда әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару белгіленген мерзім өткенге дейін, әскери қызметшінің есебінде тұрған материалдық құралдар көрсетілген оның тікелей командирінің (бастығының) баянаты негізінде жүргізіледі.

      Әскери қызметші демалыста, емделуде немесе қызметтік іссапарда болған жағдайда, әскери бөлімнің (мекеменің) тізімдерінен шығару жүргізілмейді.

      155. Заңның 26-бабының 5, 6-тармақтарына сәйкес әскерге шақыру бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшілерді мерзімінен бұрын әскери қызметтен шығару әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы, отбасылық-мүліктік жағдайын зерттеп-қарау актісі және әскери қызметтен шығару мән-жайларын растайтын басқа да құжаттар негізінде жүргізіледі.";

      156-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "156. Әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) немесе уәкілетті лауазымды адам әскери қызметшіні әскери қызметте болудың шекті жасына толуы, келісімшарт мерзімінің аяқталуы немесе әскери бөлімнің (мекеменің) штаттарын қысқартуға байланысты алдағы уақытта әскери қызметтен шығарылуы туралы алдын ала (кемінде бір ай бұрын) жазбаша хабардар етеді.";

      157-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "157. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіде әскери қызметтен шығару үшін бірнеше негіз болған кезде ол Заңның 26-бабы 1-тармағының 7), 8), 9), 11) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда, өзі таңдаған негіз бойынша қызметтен шығарылады.";

      159, 160, 161 және 162-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "159. Әскери қызметшілерді денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметтен шығару Әскери-дәрігерлік сараптама жүргізу қағидаларына сәйкес әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысы негізінде жүргізіледі.

      Әскери бөлім (мекеме) әскери-дәрігерлік комиссияның қорытындысын алғаннан кейін әскери қызметтен шығаруға ұсынуды (мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілері үшін – баянатты) ресімдеу жүргізіледі.

      160. Әскери бөлімнің (мекеменің) штаттарын қысқартуға байланысты әскери қызметтен шығару басқа әскери лауазымдарға тағайындау мүмкіндігі болмаған және әскери қызметші төменгі лауазымға тағайындаудан бас тартқан жағдайларда жүргізіледі.

      161. Қазақстан Республикасының құқық қорғау немесе арнаулы мемлекеттік органдарына ауысуды қоспағанда, мемлекеттік қызметке немесе мемлекеттік мекемелерге ауысуына байланысты әскери қызметтен шығару мемлекеттік органның немесе мемлекеттік мекеменің бірінші басшысынан әскери қызметшінің мемлекеттік әкімшілік лауазымға орналасуға арналған конкурстан табысты өткені және оны мемлекеттік қызметке қабылдауға дайын екені туралы хабарлама келіп түскен кезде, әскери қызметшінің баянаты бойынша жүргізіледі.

      162. Келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеретін әскери қызметшіні оған қатысты келісімшарт талаптарының елеулі және (немесе) жүйелі түрде бұзылуына байланысты әскери қызметтен шығару әскери қызметшінің баянаты және өзге де растайтын құжаттар негізінде жүргізіледі. Әскери қызметшіні осы негіз бойынша әскери қызметтен шығарудан бас тартылған жағдайда, әскери бөлімнің (мекеменің) командирі (бастығы) келісімшарт талаптарының сақталу фактісін құжатпен растауға тиіс.";

      167, 167-1 және 168-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "167. Егер арнаулы тексерудің нәтижесінде әскери қызметшіге мемлекеттік құпияларға рұқсатты ресімдеуге кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған жағдайда, оны мемлекеттік құпияларға рұқсат ресімдеу талап етілмейтін әскери лауазымға тағайындау мүмкін болмаған кезде, уәкілетті мемлекеттік органның арнаулы тексеруінің нәтижелері бойынша одан әрі әскери қызмет өткерудің мүмкін болмауына байланысты әскери қызметтен шығару жүргізіледі.

      167-1. Техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орындарының түлектерін, сондай-ақ әскери интерндерді, магистранттарды, докторанттар мен адъюнкттерді оқудан шығару жағдайларын қоспағанда, әскери қызметшілерді әскери, арнаулы оқу орнынан шығарылуына байланысты әскери қызметтен шығару осы оқу орындары бастықтарының (басшыларының) оқудан шығару туралы бұйрығы негізінде жүргізіледі.

      168. Әскери қызметшілерді теріс себептер бойынша әскери қызметтен шығару:

      1) қылмыс жасағаны үшін соттың айыптау үкімінің заңды күшіне енуіне байланысты – соттың әскери бөлімге (мекемеге) келіп түскен, заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде;

      2) қылмыс жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықтан Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 35-бабы бірінші бөлігінің 3), 4), 9), 10) және 12) тармақтары немесе 36-бабы негізінде босатылуына байланысты – соттың әскери бөлімге (мекемеге) келіп түскен, заңды күшіне енген айыптау үкімінің немесе прокурор бекіткен қылмыстық қудалау органы қаулысының негізінде;

      3) әскери қызмет міндеттерін атқару кезінде медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған психикаға белсенді әсер ететін затты тұтыну немесе масаң күйде болу, сондай-ақ одан өтуден бас тарту немесе жалтару фактісінің анықталуына байланысты – қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде;

      4) медициналық ұйымда жүргізілген медициналық куәландыру нәтижелерімен расталған, қызметтен тыс уақытта есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді медициналық емес мақсатта тұтыну фактісінің анықталуына байланысты – қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде;

      5) келісімшарт талаптарын жүйелі түрде (екі және одан көп рет) бұзған жағдайда – қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде және осы Қағидаларға сәйкес әскери бөлімнің (мекеменің) аттестаттау комиссиясы аталған фактілерді қарағаннан кейін;

      6) жасалған күніне қарамастан, Заңның 38-бабының 2-тармағында көрсетілген мәліметтер ұсынылмаған немесе бұрмаланған жағдайларда – өз нәтижесінде әскери қызметке кіру кезінде әскери қызметке қабылдаудан бас тартуға негіз бола алатын көрінеу жалған құжаттарды немесе мәліметтерді ұсыну фактісі анықталатын қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде;

      7) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен әскери атағынан айыруға байланысты – соттың әскери бөлімге (мекемеге) келіп түскен, заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде, ал жоғары офицерлер құрамының адамдары үшін – Қазақстан Республикасы Президентінің әскери атағынан айыру туралы Жарлығы келіп түскен кезде;

      8) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органы немесе ішкі істер органы әскери қызметшісінің қатарынан үш және одан көп сағат бойы дәлелді себепсіз қызметте болмауына байланысты – қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде;

      9) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді, олардың жеткізгіштерін жария етуге немесе жоғалтуға әкеп соқтырған, құпиялылық режимін қамтамасыз ету жөніндегі белгіленген талаптарды бұзуға байланысты – соттың әскери бөлімге (мекемеге) келіп түскен, заңды күшіне енген айыптау үкімінің негізінде;

      10) Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған жағдайларда – қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде;

      11) әскери қызметке кір келтіретін теріс қылық жасауға байланысты – қызметтік тергеп-тексеру қорытындысы негізінде жүргізіледі.";

      170-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Бұл ретте олармен жасалған келісімшарт төтенше жағдай немесе соғыс жағдайы кезеңінің ішінде қолданылады.";

      172-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "172. Әскери қызметтен шығарылған адамдар қызметтен шығару туралы шешімге жоғары тұрған қолбасшылық алдында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен сотта шағым жасауға құқылы.".

      2. Осы Жарлық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Қ. Тоқаев