Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 28 маусымдағы № 707 Жарлығы.

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

      1. Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) болып аталсын.

      2. Министрлікке Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қоғамдық келісім саласында мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері берілсін.

      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

      1) жоғарыда көрсетілген мемлекеттік органдардың штат санын қайта бөлуді;

      2) осы Жарлықты іске асыру бойынша өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      4. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      1-тармақта:

      "Қазақстан Республикасының Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі;" деген жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасының Қоғамдық даму министрлігі;".

      5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Президенті
Н.Назарбаев