Ескерту. Жарлықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен.
Қазақстан Республикасының
Президенті мен Үкіметі актілерінің
жинағында жариялануға тиіс
Ұлттық экономиканы жаңғырту мақсатында және «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 17-1, 19-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
1. Астана қаласының аумағында «Астана» халықаралық қаржы орталығы (бұдан әрі - Орталық) құрылсын.
2. Алып тасталды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен.
3. Қазақстан Республикасының Үкіметі Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкімен бірлесіп:
1) Орталықты 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аумағында орналастыра отырып, оның 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істеуін қамтамасыз етсін;
2) 2015 жылғы 1 маусымға дейін Орталықты құру және дамыту жөніндегі ұзақ мерзімді перспективаға арналған бірлескен іс-қимыл жоспарын бекітсін;
3) 2015 жылғы 1 қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауына:
Орталықты құруды және оның жұмыс істеуін қамтамасыз етуге бағытталған, оның ішінде әлемнің жетекші қаржы орталықтары стандарттары негізінде, Орталықтың іс қағаздарында, оның ішінде сот ісін жүргізуде ағылшын тілін пайдалана отырып, ағылшын құқығының қағидаттары мен нормаларында Орталықтың қатысушылары арасындағы қатынастарды реттеуді көздейтін;
дауларды қарау кезінде, оның ішінде инвестициялық дауларды қарау құқығымен шетелдік судьяларды тарта отырып, Орталықта қаржы сотын құруды көздейтін;
Орталықтың қатысушылары үшін Орталық аумағында алынған кірістер бойынша корпоративтік табыс салығын және дивидендтер түрінде алынған кірістер бойынша, сондай-ақ Орталықтың қатысушылары қызметкерлерінің кірістері бойынша төлем көзіне салынатын жеке табыс салығын төлеуден 10 жылға босатуды көздейтін;
Орталықтың қатысушылары-Қазақстан Республикасының резидент емес қызметкерлері үшін Орталық аумағында тауарларды сатып алған кезде қосылған құн салығын қайтару шарттарын айқындайтын;
тәуелсіз исламдық бағалы қағаздарды шығару үшін жағдайлар жасауды көздейтін;
Орталық қатысушыларының шетелдік жұмыс күшін рұқсат алмай тарту мүмкіндігін көздейтін;
Орталықтың қатысушылары үшін өзге де жеңілдіктер мен артықшылықтар беру мүмкіндігін көздейтін;
Қазақстан Республикасының заңнамасын әлемнің жетекші қаржы орталықтарының стандарттарына сәйкес келтіруге бағытталған Қазақстан Республикасы Заңының жобасын енгізсін;
4) алып тасталды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Орталықты басқару жөніндегі кеңес құру бойынша ұсыныс енгізсін;
6) ұйымдарды 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің аумағында іс жүзінде орналастыра отырып, оларды 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап Орталықтың қатысушылары ретінде тіркеу шараларын қабылдасын;
7) 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесінің жекелеген объектілерін Орталықтың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін жалдау төлемақысынан 2 жылға дейінгі мерзімге босата отырып беру, сондай-ақ Орталықты және оның қатысушыларын орналастыру үшін кеңсе үй-жайларын дайындау жөнінде шаралар қабылдасын;
8) Қазақстан Республикасының ұйымдасқан нарығындағы инвесторлардың ауқымды аясы (отандық және халықаралық) үшін орналастырылған акцияларға кемінде 25% мөлшерде ІРО жүргізу үшін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының инвестициялық тұрғыдан барынша тартымды 5 компаниясын айқындасын;
9) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдердің, Біріккен Араб Әмірліктерінің, Малайзияның және Сингапур Республикасының азаматтары үшін 30 күнге дейінге мерзімге визасыз кіру режимін енгізсін, Орталық қатысушыларының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелері үшін 5 жылға дейінгі мерзімге арнайы визалық режимді белгілесін;
10) Орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылған акционерлік қоғамның «бір терезе» қағидаты бойынша жұмысын ұйымдастыру, Орталық қызметкерлеріне, Орталық қатысушыларының қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне еңбек визаларын ресімдеу жөнінде қажетті шаралар қабылдасын;
11) шетелдік тасымалдаушылар үшін «ашық аспан» қағидаты бойынша Астана әуежайына әуе тасымалдарының шарттарын кезең-кезеңімен ырықтандыру арқылы Астана қаласы мен жетекші халықаралық қаржы орталықтарының арасындағы тікелей әуе қатынасын қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен.
4. Алып тасталды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен.
5. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі:
1) Орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін басшы лауазымдарға (халықаралық қаржы орталықтарын басқару, аудит жүргізу саласында және басқа салаларда) жоғары білікті шетелдік қызметкерлерді тарта отырып, Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде өкілдіктері бар акционерлік қоғам құру жөнінде шаралар қабылдасын;
1-1) заңды тұлғаны - қаржылық қызметтер көрсетуді реттеуді және Орталықтағы олармен байланысты қызметті жүзеге асыратын органды (Орталық комитетін) құру жөнінде шаралар қабылдасын;
2) 2020 жылға дейін Орталықтың 10 ең үздік Азия қаржы орталықтарының және Global Financial Centres Index нұсқасы бойынша әлемнің 30 жетекші қаржы орталықтарының қатарына кіруіне бағытталған шаралар қабылдасын;
3) жетекші халықаралық қаржы орталықтарымен стратегиялық әріптестік туралы келісімдер жасасу жөнінде шаралар қабылдасын;
4) Қазақстан Республикасының Ұлттық қоры басқарушыларын Орталықтың аумағында орналастыру үшін шаралар қабылдасын;
5) «Назарбаев Университеті» дербес білім беру ұйымымен бірлесіп, Орталық үшін мамандандырылған білім беру бағдарламаларының кешенін әзірлеу бойынша шаралар қабылдау;
6) алып тасталды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен;
7) алып тасталды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен;
8) алып тасталды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен;
9) осы Жарлықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.
Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен.
5-1. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Орталықтың қызметін қамтамасыз ету үшін құрылатын акционерлік қоғамды мемлекеттік тіркегеннен кейін, заңнамада белгіленген тәртіппен 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін осы акционерлік қоғамның акциялар пакетін иелену және пайдалану құқықтарын Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігіне беру жөнінде шаралар қабылдасын.
Ескерту. Жарлық 5-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Президентінің 25.12.2015 № 144 Жарлығымен.
6. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
7. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Президенті Н.Назарбаев