Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 29 қазандағы № 677 Жарлығы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігі оған:
      1) Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінен – жерді гидромелиорациялау мақсатында су пайдаланушыларға немесе олардың бірлестіктеріне дейін су жеткізу және бұру;
      2) Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінен – жерасты сулары бөлігінде жер қойнауын геологиялық зерделеуді қоспағанда, жерасты суларын ұтымды және кешендi пайдалану саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру жөніндегі функциялар мен өкiлеттiктер беріле отырып, қайта құру жолымен Қазақстан Республикасы Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі етiп қайта ұйымдастырылсын.
      2. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс енгізілсін:
      1-тармақта:
      мына:
      «Қазақстан Республикасының Қоршаған ортаны қорғау министрлігі;» деген жол мынадай редакцияда жазылсын:
      «Қазақстан Республикасының Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі;».
      3. Қазақстан Республикасының Үкіметі осы Жарлықты іске асыру жөніндегі қажетті шараларды қабылдасын.
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                        Н.НАЗАРБАЕВ.