Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасын бекіту туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 қыркүйектегі № 634 Жарлығы

      «Мемлекет басшысының 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2012 жылғы 18 желтоқсандағы № 449 Жарлығына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы бекітілсін.
      2. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.
      3. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті                                 Н.Назарбаев

Қазақстан Республикасы
Президентінің    
2013 жылғы 3 қыркүйектегі
№ 634 Жарлығымен   
БЕКІТІЛГЕН      

Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

Мазмұны

      Кіріспе
      1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу және мемлекеттік қаржылық бақылауды дамыту пайымы.
      2. Мемлекеттік аудитті енгізудің және мемлекеттік қаржылық бақылауды дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері.
      3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі.

Кіріспе

      Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу тұжырымдамасы (бұдан әрі - Тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан-2050» стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты 2012 жылғы 14 желтоқсандағы Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес әзірленді, онда: «Бізге ең озық әлемдік тәжірибе негізінде мемлекеттік аудиттің кешенді жүйесін құру қажет» деп аталып өткен.
      Қазақстандық қоғамды дамыту және мемлекеттік аппарат алдында туындайтын жаңа тұрпаттағы міндеттемелер мемлекеттік басқарудың күшті жүйесінің жұмыс істеуін талап етеді.
      Осы мәселелерді шешуде мемлекеттік қаржылық бақылаудың мемлекеттік басқарудың ажырамас бөлігі ретінде рөлі арта түседі. Алайда елде қолданылып отырған мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану жағдайлары мен қаржылық бұзушылықтарды анықтауға ғана бағытталған және «біржақты» болып табылады. Бұл ретте басқарудың қазіргі жүйесіне баға беретін және оны бұдан әрі тиімді дамыту бойынша бағыттарын айқындайтын осындай институтты енгізу қажет.
      Халықаралық практикада мұндай рөлді мемлекеттік аудит атқарады.
      Тұтас алғанда, мемлекеттік аудит Қазақстан үшін тек қаржы мәселелерін ғана емес, сонымен қатар анықталған кемшіліктер мен тәуекелдерді басқару бойынша ұсыныстар негізінде пәрменді ұсынымдарды берумен бірге, олардың қызметінің барлық бағыттарын қамтитын аудит объектілері қызметінің тиімділігінің тұтас және тәуелсіз бағалауы ретінде көрінеді.
      Осы Тұжырымдама мемлекеттік қаржылық бақылауды кезең-кезеңімен реформалауды және мемлекеттік аудитті, одан әрі оның функционалдық бағыттарын кеңейте отырып енгізу пайымы мен негізгі тәсілдерін анықтайды. Бұл ретте мемлекеттік қаржылық бақылау функциялары аудиттелетін объектінің қызметінде салдарларын жою мен жауапкершілікке тартуды талап ететін заңнама бұзушылықтары анықталған кезде іске асырылатын болады.

1. Қазақстан Республикасында мемлекеттік аудитті енгізу және мемлекеттік қаржылық бақылауды дамыту пайымы

Ағымдағы ахуалды талдау

      Қазақстанда тәуелсіздік алған сәттен бастап бұзушылықтарды анықтауға және ықпал ету шараларын қабылдауға бағытталған мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі қалыптасты.
      2004 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінде алғаш рет кешенді, тақырыптық және қарсы бақылауды бөлу арқылы қаржылық бақылауды ұйымдастыру негіздері анықталды.
      Сәйкестікке бақылау және қаржылық есептілікке бақылаумен бірге тиімділікті, нәтижелілікті, мақсаттылық пен негізділікті бақылау жүргізіле бастады.
      Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің (бұдан әрі - Есеп комитеті), мәслихаттардың тексеру комиссияларының, ішкі бақылау бойынша орталық және жергілікті уәкілетті органдардың өкілеттіктері заңнамалық деңгейде анықталды.
      Алғаш рет орталық мемлекеттік органдарда мемлекеттік органның басқа құрылымдық бөлімшелерінен ұйымдастырушылық және функционалды жағынан тәуелсіз, ішкі бақылау қызметтері құрылды.
      2008 жылы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесі жетілдірілді, ішкі бақылау бойынша жергілікті уәкілетті органдар таратылды және Астана, Алматы қалаларының және облыс әкімдіктерінің жанынан ішкі бақылау қызметтері құрылды.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау объектілерінде анықталған бұзушылықтардың сыныптауышы бекітілді.
      Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдары жанында сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау саласында құқық қолдану практикасын, сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын сақтау мәселелерін қарастыратын үйлестіру кеңестері жұмыс істей бастады.
      Алайда мемлекеттік қаржылық бақылаудың қолданыстағы жүйесі бюджет қаражатын тиімсіз пайдалануды және бұзушылықтарды кейіннен анықтауға ғана бағытталған, бұл мемлекеттік басқару тиімділігін арттыру талаптарына сай келмейді.
      Қазіргі кезде мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бір жағынан артық тарамдалған, ал екінші жағынан жеткілікті жұмылдырылмаған жүйесі қалыптасқан.
      Мемлекеттік органдар қызметінің барлық салалары мен бағыттарын қамтитын, қызмет тиімділігін кешенді бағалау қалыптаспаған. Тұтас алғанда, бұл мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің қызметін ұйымдастыруды жетілдіру жөніндегі ұсынымдарды уақтылы және сапалы ұсыну, бұзушылықтарды анықтау және алдын алу, қаржыны басқару саласында мемлекеттің бақылау қызметінің жаңа бағыттарын жедел енгізу мүмкіндігінен байқалады.
      Мемлекеттің бақылау қызметінде тұтастық пен жүйелілік жоқ, оның салдарынан экономикалық жүйенің жеке элементтері бірнеше рет бақылауға алынады, басқалары бақылаудан тыс қалады. Атап айтқанда, көптеген қаржы институттарын: акционерлік қоғамдарды, ірі компанияларды және басқаларын бақылау жеткілікті жүзеге асырылмайды. Мемлекеттік қаржылық бақылаудың сыртқы органдарының бақылау іс-шаралары алдыңғы кезеңдерді ескере отырып 2011 жылы мемлекеттік бюджеттің 40,7%-ын, 2012 жылы тиісінше - 41,4%-ын қамтыды.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының есептерінде бұзушылықтар туралы, бюджет қаражатын мақсатсыз және тиімсіз пайдалану туралы ақпаратты ашуға басты назар аударылады, бұзушылықтардың сипаты және бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану себептері туралы ақпарат қамтылмайды.
      Мемлекет қаражаты мен активтерін басқару қызметін тиімді ұйымдастыру және қаржылық тәртіп деңгейін жақсарту белгілері жоқ. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қаржылық бақылау комитетінің (бұдан әрі - ҚБК) мәліметі бойынша мемлекеттік бюджет бойынша анықталған бұзушылықтар сомасы 2010 жылы - 230 млрд. теңге, 2011 жылы - 208 миллиард теңге, ал 2012 жылы - 333 млрд. теңгені құрады.
      Мемлекеттік қаржылық бақылаудың бірыңғай әдіснамасының, оны жоспарлаудың болмауы, мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының еңбек және өзге ресурстарды ұтымсыз пайдалануы қолданыстағы жүйенің тиімді жұмыс істеуіне септігін тигізбейді.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара әрекет етуінің қолданыстағы тетігі де тиімсіз болып отыр.
      Сыртқы және ішкі бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдардың функциялары мен өкілеттіктерінің аражігі заңнамада ажыратылмаған, бұл олардың қызметінің қайталану элементтерінің күшеюіне әкеледі және мемлекеттік қаржылық бақылаудың бүкіл жүйесінің тиімділігін азайтады. ҚБК-нің негізгі қызметі Есеп комитеті жұмысының бағыттарын 77%-ға, тексеру комиссиясының жұмысының бағыттарын 87,5%-ға қамтиды.
      ҚБК жүргізетін барлық бақылау шараларының үштен бір бөлігі құқық қорғау органдарының сұратулары мен қаулылары бойынша жүзеге асырылатын тексерулерге тиесілі. Нәтижесінде бір объектіні мемлекеттік қаржылық бақылаудың барлық органдары тексеруге алады, ал кейбіреулері тексерілмейді.
      Ішкі бақылау және аудит қызметтерінің әлеуеті жеткілікті түрде ұғынылмайды және пайдаланылмайды. Ішкі аудит қызметтері мемлекеттік органдардың барлығында бірдей құрылмаған, ал құрылғандары дербес қызмет түрінде де, сол сияқты бір құрылымдық бөлімшенің құрамында да, ал жекелеген жағдайларда - ішкі бақылау мен аудиттің бірыңғай қызметі нысанында да жұмыс істеп жатыр. Бұл ретте олардың қызметі жеткілікті түрде үйлестірілмейді.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесіндегі білікті кадрлардың тапшылығы және кадрларды даярлаудың теориялық және практикалық кәсіби дайындығының төмен деңгейі байқалады, бұл қоғамдық сектордың қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарына көшуі кезеңінде күшейе түседі.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау саласында аудиторларды сертификаттау жүйесі жоқ, бұл олардың жұмысының сапасын төмендетеді.
      Қаржылық бұзушылықтар мен жүргізілген бақылау шараларының нәтижелері бойынша бірыңғай ақпараттық база енгізілмеген.
      Тәуекелдерді басқару жүйелерінің (бұдан әрі - ТБЖ) қызмет етуі бойынша бірыңғай тәсілдер жоқ.
      Мемлекеттік аудитті толыққанды енгізу мемлекеттік қаражатты бақылауды жетілдірудегі маңызды бағыттардың бірі, сондай-ақ алға қойылған стратегиялық мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізудің неғұрлым пәрменді құралдарының бірі болуы мүмкін.

Тұжырымдаманың мақсаттары, міндеттері, іске асыру кезеңдері және іске асырудан күтілетін нәтижелер

      Тұжырымдаманың мақсаты мемлекеттік аудитті енгізудің негізгі бағыттары мен тұжырымдамалық тәсілдерін айқындау және мемлекеттік қаржылық бақылаудың қолданыстағы жүйесін одан әрі дамыту болып табылады.
      Мемлекеттік аудиттің мақсаты мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің экономиканы немесе оның жекелеген салаларын дамытудағы қызметін бағалау, тексеру негізінде мемлекеттің қаражатын, мемлекет пен квазимемлекеттік сектордың активтерін басқару және пайдалану тиімділігін арттыру болып табылады. Бұл ретте мемлекеттік қаржылық бақылау аудит объектілерінің жасаған бұзушылықтарын жоюға және ден қою шараларын қолдануға бағытталатын болады.
      Мемлекеттік аудит, оның ішінде қаржылық бақылау жүйесі Қазақстан Республикасының Президентін, Парламентін, Үкіметін және жұртшылықты бөлінген бюджет қаражаты мен мемлекет активтерінің заңдылық, үнемділік және нәтижелілік қағидаттарына сәйкес пайдаланылатыны, сондай-ақ мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі туралы объективті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуі қажет.
      Аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін мынадай міндеттерді шешу көзделеді:
      1) мемлекеттік аудиттің түрлерін, субъектілері мен объектілерін регламенттейтін заңнамалық база қалыптастыру;
      2) мемлекеттік аудитті жүргізу мен мемлекеттік қаржылық бақылаудың нормативтік құқықтық базасын дамытудың халықаралық стандарттарға сәйкес келетін әдіснамалық негіздерін дайындау;
      3) мемлекет қаражаты мен активтерінің тиімді пайдаланылуын бақылайтын мемлекеттік басқару құралы ретінде мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін жетілдіру және мемлекеттік аудитті енгізу;
      4) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өкілеттіктерінің аражігін дәл ажыратуды және тиімді өзара әрекет етуін ескере отырып, олардың теңгерімді құрылымын қалыптастыру;
      5) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін халықаралық талаптарға сай даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесін құру;
      6) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың ықпалдасқан ақпараттық жүйесін құру;
      7) мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесін енгізу.

      Іске асыру кезеңдері

      Мемлекеттік аудитті енгізу және мемлекеттік қаржылық бақылауды дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады.
      Бірінші кезең (2013-2014 жылдар) - мемлекеттік аудиттің, Лима декларациясының басқарушы қағидаттарына және мемлекеттік аудиттің халықаралық стандарттарына (Ішкі аудиторлар институтының ішкі аудит стандарттарына, Халықаралық бухгалтерлер федерациясының халықаралық аудит стандарттарына, Жоғарғы қаржылық бақылау органдарының Халықаралық ұйымының халықаралық стандарттарына) сәйкес заңнамалық және әдіснамалық базасын құру, сондай-ақ қолданыстағы мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің заңнамалық және әдіснамалық базасын жетілдіру.
      Бұл кезеңде:
      1) мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау ұғымдарын, олардың қағидаттарын, типтерін, түрлерін, субъектілерін, объектілерін, функцияларын, тетіктері мен құралдарын анықтай отырып, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлеу;
      2) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өкілеттіктерін айқындау;
      3) халықаралық стандарттар талаптарын ескере отырып, сыртқы және ішкі мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын әзірлеу және бекіту;
      4) сыртқы мемлекеттік аудиторлар үшін біліктілік талаптарын әзірлеу;
      5) ішкі аудит қызметтері (бұдан әрі - ІАҚ) туралы үлгілік ережелер, ішкі мемлекеттік аудиторларға қойылатын біліктілік талаптарын, мемлекеттік аудитті жүргізу бойынша қағидалар, нұсқаулар әзірлеу;
      6) бірыңғай қағидаттар мен тәсілдер негізінде ТБЖ әзірлеу;
      7) кейіннен мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының функцияларын, олардың қызметіне ТБЖ негізінде баса назар аудара және талдамалық құрамдасын күшейте отырып, қайта қарау;
      8) мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара әрекет ету тәртібін регламенттеу;
      9) кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттырудың тиімді жүйесін құру;
      10) мемлекеттік аудитті және мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізген кезде басқару процестерін оңтайландыру үшін Есеп комитетінің мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау бойынша бірыңғай деректер базасының ақпараттық жүйесін әзірлеуі;
      11) Есеп комитеті тарапынан тексеру комиссияларын әдіснамалық үйлестіруді күшейту жоспарланған.
      Екінші кезең (2015-2017 жылдар) - мемлекеттік аудит жүйесінің қалыптасуы.
      Бұл кезеңде:
      1) Қазақстан Республикасы Үкіметі уәкілеттік берген ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі орган (бұдан әрі - ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган) құру;
      2) сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына сыртқы мемлекеттік аудит органдары функцияларын беру;
      3) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының бірыңғай ақпараттық жүйесін «электрондық үкімет» жүйесімен және басқа да мемлекеттік органдардың ақпараттық базаларымен ықпалдастыру;
      4) орталық мемлекеттік органдарда және Астана, Алматы қалалары мен облыс әкімдерінің аппараттарында ІАҚ құру;
      5) мемлекеттік аудиторларды сертификаттау жүйесін енгізу жоспарлануда.
      2018 жылдан бастап мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың барлық органдары мемлекеттік аудит стандарттарына сәйкес қызмет атқаратын болады. Мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау мемлекет пен қоғамның толыққанды және пәрменді институтына айналуға тиіс.
      Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтижелер:
      1) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың тұтас жүйесін құруға;
      2) мемлекеттік органдардың алдына қойған міндеттеріне қол жеткізуде қызметінің тиімділігін арттыруға;
      3) бюджет қаражатын пайдалануда және мемлекеттік активтерді басқаруда ашықтықты арттыруға;
      4) қаржылық бұзушылықтардың уақтылы әрі жедел алдын алуға және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін факторларды жоюға;
      5) көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жасауға;
      6) Қазақстан Республикасының Президентіне, Парламентіне және Үкіметіне, жұртшылыққа шоғырландырылған бюджеттің атқарылуын, мемлекеттік мүліктің және квазимемлекеттік сектор активтерін басқаруды кешенді және объективті бағалауды ұсынуға ықпал ететін болады.

Әлемдік тәжірибеге шолу

      Мемлекеттік басқаруды реформалау көптеген елдерде мемлекеттік қаржылық бақылаудың мемлекеттік аудит етіп қайта құрылуына алып келді.
      Мемлекеттік аудиттің ең алдымен, мемлекеттік қаржылық бақылаудан өзгешелігі: басты назар сәйкестік аудитінен - мемлекеттік қаржы ресурстары мен мемлекеттік мүлікті пайдаланудың тиімділігі аудитіне қарай бет бұрады.
      Тиімділік аудитінің бақылаудың жаңа түрі ретінде пайда болуы алғашқы рет ИНТОСАИ Конгресі (жоғарғы қаржылық бақылау органдарының халықаралық ұйымы) 1977 жылы қабылдаған Бақылаудың басқарушы қағидаттарының Лима декларациясында тіркелген.
      ИНТОСАИ аудитінің стандарттарына сәйкес мемлекеттік аудитке «сәйкестік аудиті» және «тиімділік аудиті» сияқты ұғымдар енеді.
      Сәйкестік аудиті дәстүрлі қаржы аудитін, сондай-ақ ішкі бақылау жүйелерінің аудитін қамтиды.
      Тиімділік аудиті - мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың материалдық және қаржы ресурстарын пайдалану жөніндегі қызметін тәуелсіз бағалау жүйесі.
      Мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың сыртқы және ішкі құрылымын құқықтық реттеу саласындағы жақсы мысал - Францияның тәжірибесі болып табылады, бұл унитарлы президенттік-парламенттік республика құрылымы мен нормативтік құқығы жағынан ұқсас ел.
      Францияда сыртқы аудит ерекшеліктері 1807 жылы пайда болған Францияның шоттар сотының шектеусіз бақылау өкілеттіктері болып табылады, оның тәуелсіздігіне ел Конституциясында кепілдік берілген. Францияның шоттар сотының құрылымы дербес қалыптасады, қызметшілерінің саны шектелмеген, оның ұйымдық және қаржылық тәуелсіздігі қамтамасыз етілген.
      Францияның шоттар соты жыл сайын Үкіметтің бюджетті атқаруы бойынша есебіне қорытынды дайындайды, сәйкестікке және тиімділік аудитіне жүргізілген бақылауды ескере отырып Парламентке ұсынады. Қорытындыны дайындау үшін өңірлік шоттар сотымен және ішкі мемлекеттік аудит органдарымен өзара іс-қимыл жасайды.
      2011 жылдан бастап өңірлік шоттар соттарының Францияның шоттар сотымен өзара әрекет ету міндеті заңнамалық түрде регламенттелген. Бас тартқан жағдайда Францияның шоттар соты өз функцияларын Францияның барлық аумағында шектеусіз дербес жүзеге асыруға құқылы.
      Францияның ішкі мемлекеттік бақылау (аудит) жүйесі мынаны қамтиды:
      1) қаржы, денсаулық сақтау мәселелері және әлеуметтік мәселелер, күш блогын әкімшілендіру бойынша үш бас инспекция;
      2) Қаржы, экономика және өнеркәсіп министрлігі құрылымында Бюджет департаменті жанындағы Аудит бойынша ұлттық миссия (орган);
      3) әрбір министрлікте және агенттікте (бюджеттік ұйымда) Ішкі аудит қызметтері;
      4) МАСИ (аудит және бақылау бойынша миссия).
      Франция аумағында барлық қаржы қызметтерінің аудитін Қаржы, экономика және өнеркәсіп министрлігі жанындағы 1797 жылы құрылған қаржы бойынша Бас инспекция жүзеге асырады.
      Аудит бойынша ұлттық миссияның функционалды бағыттары барлық министрліктердің қаржы аудиті (80%) және тиімділік аудиті (20%) болып табылады.
      Ұлттық миссия ТБЖ негізінде барлық министрліктер үшін ұлттық аудиттің бірыңғай жоспарын қалыптастыруды, ішкі аудиторлардың Аудит бойынша ұлттық миссия стандарттарына сәйкестігіне бақылауды жүзеге асырады.
      Ішкі аудит қызметінің негізгі міндеттері өзі құрылған құрылымның кәсіби қызметінің саласында аудит (бақылау), сәйкестікке негізделген аудит және өз құрылымы ішінде тиімділік аудиті болып табылады.
      Ішкі аудит қызметі барлық мемлекеттік органдарда және министрліктер департаменттерінің ішінде, оның ішінде жергілікті өзін-өзі басқару органдарында құрылған.
      Қаржы, экономика және өнеркәсіп министрлігінің МАСИ (басқа министрліктерде ұқсас құрылымдар бар) - тұрақты қызмет ететін консультативтік-кеңесші орган. Оның функционалды бағыттары министрліктің барлық қызметінің рәсімдері бойынша толық есепті ұсыну қабілеттігін бағалау; тәуекелдерді қалыптастыру және басқару; тәуекелді азайту үшін іс-қимылдар жоспарын жасау; әдіснаманы анықтау және оны департаменттердің орындауын бақылау; құзыреті шегінде департаменттерге нәтижелерді қорыту сәйкестігіне бақылау жүргізуге тапсырмалар беру.
      Канадада федералдық бюджеттің жұмсалу тиімділігін халық тарапынан бақылауды Парламент мүшелері жүзеге асырады.
      Үкімет жыл сайын Қауымдар палатасына (Қаржылық бақылау комитеті) бюджет жобасын және алдыңғы жылғы оның атқарылуы туралы есепті ұсынады.
      Канадада аудит субъектісіне байланысты мемлекеттік аудиттің екі түрі жүзеге асырылады: сыртқы аудит және ішкі аудит.
      Сыртқы мемлекеттік аудитті Канаданың Бас аудитор кеңсесі, алдын ала және ағымдағы аудитті - Қаржы министрлігінің хатшылығы жүргізеді. Ішкі мемлекеттік аудитті әрбір ведомствода ішкі аудит қызметтері жүргізеді.
      Канада тиімділік аудитінің пионерлерінің бірі болып табылады және әлемде бірінші болып үкіметтің қаржы және экономикалық қызметінің заңдылығын ғана тексеру практикасынан бас тартты. Бас аудитор кеңсесі және Канада парламентінің төменгі палатасының Көпшілік шоттар комитеті заңнамалық аудиттің институционалдық негізін жасай отырып, үкіметтік бағдарламалардың орындалу тиімділігіне және оның нәтижесінде мемлекеттік ресурстардың жұмсалуына бақылауды жүзеге асырады.
      Аудит нәтижелері депутаттарға Үкіметтің басқару және қаржы қызметінің тиімділік мәселелері бойынша жеке ұстанымдарын қалыптастыруға қажетті эмпирикалық негіздемелер береді.
      Қаржы министрлігінің хатшылығы үкіметтік бағдарламаларды іске асырған кезде бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайды және мемлекеттік органдар, оның ішінде ішкі аудит қызметтерінің тиімділігіне бағалау жүргізеді.
      Канадада мемлекеттік басқару жүйесінің оңды жағы мемлекеттік органдар қызметінің және бағдарламалық құжаттардың тиімділігіне толықтай бағалау жүргізу болып табылады.
      Канадада федералдық және провинциялық деңгейде әрбір мемлекеттік органда ішкі аудит және бағалау қызметі жұмыс істейді.
      Ішкі аудит пен бағалау қызметінің негізгі міндеті мемлекеттік органды ішкі басқару сапасын бағалау (бюджет қаражатын, персоналды, ақпараттық технологиялар және басқаларды басқару) және мемлекеттік орган қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдарды тұжырымдауда.
      Ресейде мемлекеттік аудиттің жоғарғы органы - Ресей Федерациясының Есеп палатасы (бұдан әрі - Есеп палатасы) болып табылады.
      Есеп палатасы биліктің атқарушы тармағынан функционалдық, ұйымдастырушылық және қаржылық тәуелсіздікпен қамтамасыз етілген.
      Есеп палатасының негізгі функциялары:
      1) федералдық бюджеттің атқарылуына жедел бақылауды ұйымдастыру және жүргізу;
      2) федералдық бюджет, мемлекеттік бюджеттен тыс қорлар бюджет қаражатының мақсатты және тиімді пайдаланылуына бақылауды ұйымдастыру мен жүзеге асыру;
      3) Ресей Федерациясының (бұдан әрі - РФ) әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттарына жетудің іске асырылуы мен нәтижелілігі аудиті;
      4) Есеп палатасы құзыреті шеңберінде, соның ішінде РФ әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық жоспарлау мақсаттары үшін федералдық және өзге ресурстарды қалыптастыру, басқару және билік ету тәртібінің РФ нормативтік құқықтық актілеріне сәйкестігі мен тиімділігін айқындау;
      5) федералдық бюджет жобаларын, РФ заңдарын және өзге нормативтік актілерін, халықаралық шарттарын, федералдық бағдарламалар және федералдық бюджет пен қаржы мәселелерін қозғайтын басқа құжаттарын сараптау.
      Есеп палатасы тоқсан сайын белгіленген нысан бойынша РФ Федералдық жиналысына федералдық бюджеттің атқарылу барысы туралы жедел есепті ұсынады.
      Ішкі мемлекеттік бақылау мен аудиті РФ субъектілерінің және жергілікті атқарушы органдарының ішкі бақылау/аудит қызметтерін, атқарушы билік органдары жанындағы ішкі аудит/ішкі бақылау бөлімшелерін үйлестіре отырып, орталық деңгейде Қаржы министрлігінің Федералдық қаржы-бюджет қағадалау қызметімен жүзеге асырады.
      Ішкі мемлекеттік қаржы аудитінің бөлімшелері ішкі стандарттарды  және бюджетті қалыптастыру және атқару рәсімдерінің, бюджеттік есептілікті жасау және бюджеттік есепті жүргізу рәсімдерінің сақталуын әзірлеу мен бақылауды, сондай-ақ бюджет қаражатын пайдалану нәтижелілігін (тиімділігін және үнемділігін) арттыруға бағытталған шараларды даярлауды және ұйымдастыруды жүзеге асырады. Ішкі бақылау қызметтерін үйлестіру мен әдіснамалық қамтамасыз етуді РФ Қаржы министрлігі жүзеге асырады.
      Жергілікті органдар арнайы құрылған бөлімшелер немесе сыртқы аудиторларды тарту арқылы ішкі аудитті жүргізеді.
      Бұл ретте қазіргі кезде РФ-та тек сыртқы мемлекеттік аудит стандартталған.
      Әлемдік тәжірибеде Жоғарғы қаржылық бақылау органының (бұдан әрі - ЖҚБО) мемлекеттік аудиторларының кәсібилігіне кепілдікті қамтамасыз етуге ерекше назар аударылады. Осы бағыттағы негізгі тәсіл, олардың зейнетақы жасына жеткенге дейін (мысалы Түркиядағыдай) осы лауазымды атқаруына кепілдігі түрінде іріктеу және мемлекеттік қызмет жөніндегі уәкілетті органмен келісу рәсімдерін алып тастау жолымен ЖҚБО мүшелерінің де, сол сияқты оның қызметкерлерінің де тәуелсіздігін қамтамасыз ету және оларға ерекше мәртебе беру болып табылады.
      Әлемдік тәжірибеде мемлекеттегі ішкі және сыртқы аудиттің түрлі құрауыштары барынша мүмкін дәрежеде: жекелегенде тәуелді емес, бірақ осыған ұқсас (бірыңғай) стандарттар бойынша жұмыс істейтін және қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін бірыңғай жүйе ретінде жұмыс істеуі тиіс деп танылады. Кәсібиліктің жоғары дәрежесін және ішкі аудит қызметі жүргізген тексерудің жоғары сапасын анықтаған жағдайда, ЖҚБО ішкі аудит қызметінің жұмысына сүйене отырып, аудиторлық тексеру көлемін қысқартуы мүмкін.

2. Мемлекеттік аудитті енгізудің және мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесін дамытудың негізгі қағидаттары мен жалпы тәсілдері

      Мемлекеттік аудиттің және мемлекеттік қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары:
      1) тәуелсіздік - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу кезінде мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тәуелсіздігіне қол сұғатын араласуға жол бермеу;
      2) объективтілік - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды Қазақстан Республикасы заңнамасына, аудит және бақылау стандарттарына қатаң сәйкес жүргізу, мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу кезінде алаламау және турашылдық тәсілдерін қолдануы;
      3) кәсіби құзыреттілік - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдары қызметкерлерінің білікті және сапалы аудит пен бақылауды жүргізуін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін білім мен дағдының қажетті көлеміне ие болуы, сондай-ақ тексерілетін ұйым субъектісінің кәсіби борыш және әдептілік нормаларын ұстануы;
      4) құпиялылық - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының аудит пен бақылау барысында алатын немесе өздері жасайтын құжаттарды үшінші тұлғаларға беру не онда қамтылған мәліметтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік органның бірінші басшысының келісімінсіз ауызша жариялау құқығынсыз сақтау жөніндегі міндеттемесі;
      5) дәйектілік - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау нәтижелерін бухгалтерлік, банктік және аудит пен бақылау объектісінің өзге де құжаттарымен растау;
      6) ашықтық - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау нәтижелерін баяндау анықтығы, мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының Қазақстан Республикасының Президентіне, Үкіметіне, тиісті мәслихаттарға, мемлекеттік орган басшыларына, жұртшылыққа есеп беруі;
      7) жариялылық - құпиялылық, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияның режимін қамтамасыз етуді ескере отырып, мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау нәтижелерін жариялау;
      8) аудит пен бақылау нәтижелерін өзара тану - мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдары бекітілген стандарттарды сақтаған кезде бір-бірінің мемлекеттік аудит нәтижелерін тануы.

Мемлекеттік аудитті енгізудің және мемлекеттік қаржылық бақылауды дамытудың жалпы тәсілдері

      Мемлекеттік аудитті енгізу мемлекеттік қаржылық бақылаудың қолданыстағы жүйесін жоюды емес, енгізілетін мемлекеттік аудиттің жүйесіне оның үйлесімді енуін білдіруі тиіс.
      Аудиттің бақылаудан ерекшелігі, аудиттің неғұрлым ескерту сипатында болуында.
      Мемлекеттік қаржылық бақылау бұзушылықтарды анықтау және ден қою (әкімшілік іс қозғау, залалды қалпына келтіруге (жоюға) мәжбүрлеу, тәртіптік жауапкершілікке тарту, іс жүргізу шешімдерін қабылдау үшін материалдарды құқық қорғау органдарына беру) шараларын қолдануға бағытталатын болады, ал мемлекеттік аудит объектісінің қызметін жетілдіруге және тиімділігін арттыруға бағытталған басқаруды бағалау ретінде енгізілетін болады.
      Осылайша, мемлекеттік аудит жүргізу кезінде аудит объектісінің қызметінде қолданыстағы заңнамадан ауытқулар анықталған жағдайда мемлекеттік қаржылық бақылаудың ден қою шарасын қабылдау түріндегі функциясы қолданылатын болады. Мемлекеттік қаржылық бақылау Есеп комитетінің, тексеру комиссияларының және ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның қызметінде қолданылатын болады.
      Мемлекеттік аудит қандай да бір сәйкессіздіктерді жай баяндап қана қоймай, олардың себептерін, мемлекеттік қаржы ресурстарын үлкен қайтарыммен, тиімділікпен басқару, пайдалану резервтері мен әлеуетін анықтауы тиіс.
      Мемлекеттік аудит мемлекеттік органдар және ұйымдардың қаржы ресурстарын басқару бойынша қызметінің сапасын бағалауға да мүмкіндік береді.
      Тұтас алғанда мемлекеттік аудит экономиканың немесе оның жекелеген салаларын, мемлекеттік қаражат пен активтерді пайдалану және басқару тиімділігін арттыру үшін ұсынымдарды уақтылы әзірлеуге мүмкіндік беретін экономика және оның жекелеген салалары, мемлекеттік басқару салаларын дамытуда мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілері қызметін бағалауды көздейтін болады.
      Мемлекеттік аудиттің мәні мемлекеттік органдардың, олардың ведомстволық бағынысты ұйымдары мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметін функционалды талдау, стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін, бағдарламалық құжаттарына қол жеткізгеннен соң іске асыру барысы мен тиімділігін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын бағалау, сондай-ақ кадр, қаржы, табиғи және өзге де ресурстарды басқару, басқару процестерін, оның ішінде заманауи ақпараттық технологияларды пайдалана отырып оңтайландыру жөнінде қабылданатын шаралар болады.
      Субъектіге байланысты мемлекеттік аудит сыртқы және ішкі аудитке бөлінеді.
      Сыртқы мемлекеттік аудиттің негізгі міндеті халықтың өмір сүру жағдайларының сапасын және ұлттық қауіпсіздігінің серпінді өсімін қамтамасыз ету үшін ұлттық ресурстарды (қаржы, табиғи, өндірістік, еңбек, ақпараттық) тиімді пайдалануды талдау (бағалау, тексеру) болады.
      Ішкі мемлекеттік аудиттің міндеті мемлекеттік органның стратегиялық және бағдарламалық құжаттарында көзделген тікелей және түпкілікті нәтижелерге қол жеткізуі, мемлекеттік органдардың қызметін ұйымдастырудың ішкі процестері, оның ішінде оларға бекітілген функцияларды орындау, көрсетілетін қызметтер сапасының тиімділігін талдау (бағалау, тексеру) болады.
      Сыртқы мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың субъектілері Есеп комитеті мен тексеру комиссиялары болады.
      Есеп комитеті, осылайша атқарушы биліктің де, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің де, сол сияқты мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының да жұмысына баға бере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебіне өзінің қорытындысын бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі мен негізділігінің аудиті үшін құрал ретінде, сондай-ақ сыртқы мемлекеттік аудит органдары қызметтерінің нәтижелері туралы есепті Қазақстан Республикасының Президенті мен Парламентіне ұсынатын болады. Есеп комитетінің жұмыс әдістеріндегі негізгі орынды стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың орындалмауынан келіп шыққан себеп-салдарлық факторларды зерделеу мен талдау алатын болады.
      Бюджет жобасын алдын ала бағалауды қоспағанда, өңірлердегі тексеру комиссияларының аудиторлық (бақылау, сараптау-талдамалық) функциялары Есеп комитетінің функцияларына сәйкес келеді.
      Мемлекеттік ішкі аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау субъектілері ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган және орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімдерінің аппараттарындағы ІАҚ болады.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның қызметі Қазақстан Республикасының Үкіметін бюджеттің атқарылуы, мемлекеттік органдардың  және ІАҚ жұмысының тиімділігін бағалау бойынша объективті және сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуді, мемлекеттік органдарға тек ішкі аудит қызметтерінен сапасыз ақпарат алған жағдайларда ғана не Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмасы бойынша шығып тексерулер жүргізуді қамтиды.
      ІАҚ объективті бағалау мен ұсынымдар беру бөлігінде мемлекеттік органның бірінші басшысына бағынатын болуы тиіс және стандарттар мен регламенттерді сақтау бойынша сапалы есептілік ұсыну бөлігінде мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға есеп беретін болуы тиіс.
      Ішкі мемлекеттік аудит бірінші кезекте мемлекеттік органдардың өздерінде шоғырлануы және ІАҚ жүргізілуі, мемлекеттік аудит (мемлекеттік қаржылық бақылау) үшін тұрақты сипатта және база болып табылуы тиіс.
      Мемлекеттік органдарда сырттан келіп тексеруді ІАҚ-тың аудиторлық есебі болмаған немесе ол бекітілген стандарттарға сәйкес келмеген жағдайларда, ІАҚ қызметкерлерінің лауазымына сәйкестігі туралы ұсыну енгізу құқығымен ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізуі тиіс.
      Мемлекеттік аудит қаржылық есептілік аудитін, сәйкестік аудитін  және тиімділік аудитін қамтитын болады.
      Қаржылық есептілік аудиті аудит объектісінің қаржылық есептілігі мен есеп жүйесін зерделеу және талдауды көздейді, бұл аудиторға қаржылық есептіліктің заңнама талаптарына және бухгалтерлік стандарттарға сәйкестігі туралы пікірін білдіруге мүмкіндік береді.
      Сәйкестік аудиті аудит объектісінің заңнаманы, оның ішінде өзінің қызметін регламенттейтін құқықтық актілерді сақтауын бағалауды қамтиды.
      Тиімділік аудиті аудит объектісінің қызметін үнемділігі, өнімділігі және нәтижелілігі тұрғысынан зерделеуді және талдауды пайымдайтын болады. Бұл ретте тиімділік аудиті қолданыстағы жетілдірілген мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігін бағалауға негізделген болады.

Қаржылық есептілік аудиті

      Есеп комитетінің осы бағыттағы негізгі функциясы республикалық бюджеттің шоғырландырылған қаржылық есептілік аудитін жүргізу болады. Есеп комитеті аудит ауқымында шектелмей, шоғырландырылған қаржылық есептілік құрамына кіретін бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері мен мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептіліктеріне қатысты қосымша аудиторлық рәсімдер жүргізуге құқылы болады. Бұл ретте ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган мен ІАҚ жүргізген аудиттің нәтижелері ескерілуі тиіс.
      Есеп комитетінің функцияларына ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның, мемлекеттік органдардың ішкі аудит қызметтерінің ТБЖ-сін және олардың аудитті мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру, адами, уақыт және басқа да ресурстарды оңтайлы пайдалану мақсатында жүргізуін үйлестіру де кіреді.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізген аудиттің нәтижелері болмаған не аудит қағидалары мен стандарттарына сәйкес жүргізілмеген жағдайда Есеп комитеті мемлекеттік органның қаржылық есептілік аудитін жүргізеді.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның негізгі функциялары:
      1) орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың қаржылық есептілік аудитін;
      2) ІАҚ ішкі мемлекеттік аудит стандарттарының сақталуын тексеру.
      ІАҚ мемлекеттік аудит жүйесінде базалық деңгей болып табыла отырып, мынадай функцияларды:
      1) ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердің аудитін;
      2) мемлекеттік органның және оған ведомстволық бағынысты ұйымдардың қаржылық есептілік аудитін жүргізуге қатысуды;
      3) бірінші басшы және/немесе бас бухгалтер ауысқан кезде орталық мемлекеттік органдарға ведомстволық бағынысты ұйымдардың (мекемелердің) аудитін жүргізуді жүзеге асыратын болады.

Сәйкестік аудиті

      Есеп комитетінің негізгі функциялары мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының Президентіне және Парламентіне республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің жылдық есебіне қорытынды ұсына отырып, республикалық бюджеттің аудитін (тексеру) жүргізу;
      2) барлық бағыттар бойынша сәйкестікті бақылау;
      3) мемлекеттік және мемлекет кепілдік берген борышты қалыптастыру және басқару аудиті;
      4) Қазақстан Республикасы Ұлттық қорының қаражатын қалыптастыру және пайдалану аудиті;
      5) мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жоспарлау негізділігінің, іске асырудың және жүзеге асыру тиімділігінің, тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға бөлінген (жұмсалған) ұлттық қаржы ресурстарының мөлшері мен сатып алынған тауарлардың, жұмыстардың, қызметтердің нарықтық құнының арасындағы айырмашылықты бағалауды қоса алғанда баға белгілеу тәртібінің аудиті;
      6) мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау жүйесінің барлық органдарында мемлекеттік аудит стандарттарының сақталуын бақылау болады.
      Есеп комитетіне мемлекеттік қаржылық бақылаудың бюджетке өтеуге (қалпына келтіруге) мәжбүрлеу, кінәлі адамдарды тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы нұсқамалар енгізу, сондай-ақ істі сот тәртібінде қарай отырып, әкімшілік іс қозғау жөніндегі функциялары да берілетін болады.
      Бұдан басқа, Есеп комитетінің республикалық бюджеттің жобасын Қазақстан Республикасының Парламентіне енгізгенге дейін шығыстардың негізгі бағыттары бойынша ұсынымдық сипатта болатын алдын-ала бағалау жүргізуі көзделеді.
      Есеп комитеті Қазақстан Республикасының Президентін, Парламентін және жұртшылықты бөлінген бюджет қаражатын пайдаланудың заңдылығы, үнемділігі мен тиімділігі туралы сенімді ақпаратпен қамтамасыз етуі тиіс.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органға Қазақстан Республикасының Үкіметі резервін пайдалануды, жобалардың қымбаттауы, мемлекеттік мүлік, мемлекеттік сатып алу, бухгалтерлік есеп және аудиторлық қызмет саласындағы заңнаманың сақталуы бөлігінде сәйкестігін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Үкіметінің жекелеген тапсырмалары бойынша бақылау (тексеру) бекітілген.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган ІАҚ есепті ақпаратының аудитін, ІАҚ аудиті стандарттарының сақталуын, Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері деректерінің мониторингі нәтижелері бойынша тексеруді де жүзеге асыратын болады.
      Мемлекеттік органдарда бұзушылықтар анықталған жағдайда ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік іс қозғау, бюджетке өтеуге (қалпына келтіруге) мәжбүрлеу, мемлекеттік сатып алу қорытындыларын жою жөнінде талап қою жұмысы және шарттарды жарамсыз деп тану түріндегі мемлекеттік қаржылық бақылауды жүзеге асыратын болады.
      Бұл ретте ТБЖ және қысқартылған, шектелген сәйкестік аудиті негізіндегі қызметіне екпін бере отырып, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган тарапынан тексерулердің жоспарлы болуына жол бермейді.
      ІАҚ мемлекеттік органда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде сәйкестік аудитін жүргізетін болады. Бұзушылықтар анықталған жағдайда ІАҚ мемлекеттік қаржылық бақылау жүргізу үшін материалдарды ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органға жіберуге тиіс.

Тиімділік аудиті

      Есеп комитетінің негізгі функциялары:
      1) мемлекеттің бюджет қаражаты мен активтерін тиімді пайдалану бөлігінде мемлекеттік органдардың қызметі, мемлекеттік стратегиялық және бағдарламалық құжаттарды іске асыру тиімділігінің аудиті. Сонымен қатар Есеп комитеті Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары бойынша барлық бағыттар бойынша мемлекеттік стратегиялық  және бағдарламалық құжаттарды іске асыру тиімділігінің аудитін жүргізуі мүмкін.
      2) ұлттық холдингтер мен компаниялардың, мемлекеттік кәсіпорындардың және мемлекеттің қатысуы бар басқа да заңды тұлғалардың қызметтерінің тиімділігін талдау болады.
      Ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органға, оның ішінде мынадай: Қазақстан Республикасы Президентінің, Президенті Әкімшілігінің және Үкіметінің актілері мен тапсырмаларын орындау; бюджет қаражатын басқару; мемлекеттік қызметтер көрсету; персоналды басқару; ақпараттық технологияларды қолдану; құқықтық қамтамасыз ету бағыттары бойынша Жыл сайынғы бағалау жүйесі шеңберінде жүргізілетін талдау негізінде Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымына кіретін мемлекеттік органдар қызметтерінің кешенді аудиті бекітілетін болады. Бұдан басқа, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган ІАҚ қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізетін болады.
      ІАҚ мемлекеттік органда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізетін болады.
      Бұдан басқа, ІАҚ:
      1) мемлекеттік органда және оның ведомстволық бағынысты ұйымдары мен мекемелерінде олардың қызметінің барлық бағыттары бойынша ішкі басқару сапасы мен тәуекелдерін бағалауды;
      2) бюджет шығыстарымен өзара байланыста мемлекеттік органның стратегиялық жоспарының және аумақтарды дамыту бағдарламаларының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуді талдауды (мониторинг, бақылау және бағалау);
      3) анықталған кемшіліктерді жою, мемлекеттік орган қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдарды әзірлеуді жүзеге асыратын болады.
      Тиімділік аудиті тікелей объектідегі тексерулерді барынша азайта отырып, ТБЖ негізінде көбірек талдамалық қызметті пайымдауы тиіс.
      Есеп комитеті және ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүргізетін тиімділік аудитінің нәтижелері Қазақстан Республикасы Президенті айқындайтын мемлекеттік орган жүргізетін мемлекеттік органдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын, сондай-ақ қызметтерін бағалау кезінде пайдаланылатын болады.

Мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды әдіснамалық қамтамасыз ету

      Мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізу мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес келетін стандарттары, қағидалары, рәсімдері, біліктілік талаптары және басқару қағидаттары негізінде жүзеге асырылуы тиіс.
      Мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылаудың жалпы стандарттарын - Қазақстан Республикасы Президентінің бекітуі ұсынылады.
      Сыртқы мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізудің рәсімдік стандарттары мен қағидаларын әзірлеу, бекіту мен жетілдіруді, сондай-ақ тексеру комиссияларының қызметін әдіснамалық үйлестіруді Есеп комитеті жүзеге асыратын болады.
      Өз кезегінде, ішкі мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылауды жүргізудің рәсімдік стандарттары мен қағидаларын әзірлеу мен жетілдіруді, сондай-ақ ІАҚ қызметін әдіснамалық үйлестіруді ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган жүзеге асыратын болады.
      Жүргізілетін мемлекеттік аудиттің нәтижелерін өзара тану үшін ішкі аудит бойынша уәкілетті орган әзірлеген ішкі аудит жөніндегі регламенттеуші қағидалар, стандарттар мен рәсімдерді Есеп комитетімен келіскеннен кейін бекіту ұсынылады.

Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының өзара іс-  қимыл жасауы

      Мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара іс-қимыл жасауы мынадай негізде құрылуы тиіс:
      1) мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау материалдарының бірыңғай базасын құру;
      2) бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерге негізделген ТБЖ құру;
      3) сыртқы мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының тексерулері жөнінде құқықтық статистика органдарының ақпараттық жүйесі арқылы хабарлау;
      4) аудиторлық есептерді өзара тану.
      Мемлекеттік аудит пен мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының өзара нақты іс-қимыл жасауын орнықтыру мемлекеттік аудит жүйесінің әрбір мемлекеттік басқару органының барлық қызметі мен бағыттарын бағалауды жүзеге асыруға ауысуы үшін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерінің нәтижелілігін және оларға қоғамның сенімі мен қанағаттануы деңгейін арттыру бойынша ұсыныстарды тұжырымдау үшін тұғырнама болады.
      Сыртқы және ішкі аудиторлар Қазақстан Республикасының заңнамасы мен аудит стандарттарын бұзған жағдайда олардың жауапкершілігі көзделетін болады.
      ІАҚ аудит стандарттарын сақтамаған жағдайда ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган қайта тексерудің тиісті рәсімдерін жүргізуі мүмкін.
      Бұл ретте ішкі аудит жөніндегі уәкілетті орган, «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қоспағанда, басқа лауазымды тұлғалардың және мемлекеттік органдардың сұрау салуы бойынша бақылау іс-шараларын жүргізу мен мамандар бөлуге және бірлескен тексерулер жүргізуге тыйым салуды заңнамалық деңгейде енгізуі қажет. Құқық қорғау органдары бюджет және іс жүргізу заңнамасының нормаларына сәйкес тәуелсіз сарапшылар мен мамандарды тартуы тиіс.

Кадрлық қамтамасыз ету

      Халықаралық талаптарға жауап беретін мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлерін даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру жүйесі құрылатын болады.
      Мемлекеттік аудит және мемлекеттік қаржылық бақылау органдарының қызметкерлеріне жүктелген функцияларды іске асыруға қойылатын талаптар мен жауапкершілік күшейтілетін болады, сыртқы аудиторлар үшін басқарудың атқарушы органдарынан және ішкі аудиторлар үшін басқа мемлекеттік органдар мен құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіздігін білдіретін мәртебе беріледі.
      Барлық мемлекеттік аудиторларды кезең-кезеңімен мемлекеттік қызметшілердің жеке санатына шығару туралы мәселе қарастырылатын болады.
      Сондай-ақ кейіннен оны растау жүйесімен мемлекеттік аудиторларды тәуелсіз сертификаттау енгізілетін болады.
      Сертификаттаудың негізгі мақсаты - қазіргі мемлекеттік аудиторлардың халықаралық стандарттарға және қазіргі заман болмысының талаптарына сәйкес біліктілігін растау болып табылады.
      Сертификаттауды жұмысының алқалық қағидаты бар (судьяларға іріктеу жүргізуге ұқсас) Ұлттық комиссия жүзеге асыратын болады. Комиссия құрамына Есеп комитетінің, ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның, тексеру комиссияларының өкілдері және басқалар кіретін болады.
      Бұл ретте ішкі бақылау жөніндегі уәкілетті органның (ҚБК) бар аумақтық бөлімшелерін оңтайландырғаннан кейін ішкі аудит жөніндегі уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері құрылатын болады.
      Сыртқы мемлекеттік қаржылық бақылау органдарына қолданыстағы функцияларды сақтай отырып және кейіннен оларды күшейтіп, сондай-ақ кадрлық нығайта отырып, сыртқы мемлекеттік аудит функциялары берілетін болады.

Тұжырымдаманы іске асыру құралдары

      Осы Тұжырымдаманың ережелері жаңа заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу арқылы, сондай-ақ қолданыстағы заңнамалық және өзге нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жолымен іске асырылатын болады.

3. Тұжырымдаманы іске асыру көзделетін нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

      Осы Тұжырымдаманы іске асыру кезеңінде мынадай нормативтік құқықтық актілер арқылы міндеттерге қол жеткізу пайымдалады:
      1) «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» 2001 жылғы 30 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Кодексі;
      2) Қазақстан Республикасының 2008 жылғы 4 желтоқсандағы Бюджет кодексі;
      3) «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» 2008 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Кодексі (Салық кодексі);
      4) «Аудиторлық қызмет туралы» 1998 жылғы 20 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      5) «Мемлекеттік қызмет туралы» 1999 жылғы 23 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      6) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      7) «Мемлекеттік сатып алу туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы;
      8) «Мемлекеттік мүлік туралы» 2011 жылғы 1 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы;
      9) «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы;
      10) «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті туралы ережені бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2002 жылғы 5 тамыздағы № 917 Жарлығы;
      11)«Мемлекеттік қаржылық бақылау стандарттарын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2009 жылғы 7 сәуірдегі № 788 Жарлығы;
      12) «Орталық мемлекеттік органдар мен облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 19 наурыздағы № 954 Жарлығы;
      13) Есеп комитетінің нормативтік құқықтық актілері және Қазақстан Республикасының өзге заңнамалық актілері.