Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Президентінің 2003 жылғы 23 желтоқсандағы N 1255 жарлығы

      Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына, "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Заңының 22-бабының 2-тармағына және 23-бабының 1-тармағына сәйкес қаулы етемін:

      1. Мыналар:
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі оның есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың айналымы және олардың заңсыз айналымы мен оларды теріс пайдалануға қарсы іс-қимыл саласындағы функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігіне беріле отырып;
      2) Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі:
      оның экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарды анықтау және тергеу жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігіне (қаржы полициясы);
      қылмыс жасады деп күдік артылған және айып тағылған адамдарды қамту және тергеу изоляторларында жазасын өтеп отырған сотталғандарға қатысты қылмыстық жазаларды орындау, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке басы куәліктері мен паспорттарын құжаттау және беру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне беріле отырып;
      3) Қазақстан Республикасының Қаржы полициясы агенттігі оны Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы) етіп қайта құру жолымен қайта ұйымдастырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Үкіметі:
      1) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес және есірткі заттарының айналымын бақылау жөніндегі комитетін құруды қамтамасыз етсін;
      2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Есірткіге және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі комитетін таратсын;
      3) Қазақстан Республикасының қайта ұйымдастырылған және таратылатын мемлекеттік органдарының штат санын қайта бөлуді қамтамасыз етсін;
      4) кеден органдарына жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыру құқығын беру бөлігінде кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздейтін Қазақстан Республикасы Заңының жобасын әзірлесін және Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізсін.
      5) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де қажетті шаралар қолдансын.

      3. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы N 6 Жарлығының 1-тармағы мынадай мазмұндағы абзацпен толықтырылсын:
      "Қазақстан Республикасының Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қарсы күрес жөніндегі агенттігі (қаржы полициясы)".
      4. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

      5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасының
      Президенті