"Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағы 2) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 20 қыркүйектегі № 28-НҚ нормативтік қаулысы

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағы 2) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты төрағалық етуші Б.М. Нұрмұханов, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Е.Ә. Оңғарбаев, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      өтініш субъектісі П.К. Жандарбековтiң,

      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері – Заң бөлімінің бас консультанттары К.Е. Аппазовтың және Ж.С. Жакеевтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілі – төрағаның орынбасары С.С. Мүксімовтің,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілдері – Бас Прокурордың аса маңызды тапсырмалар жөніндегі аға көмекшісі М.Т. Кемаловтың және Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі С.Ж. Сейтжановтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімі меңгерушісінің орынбасары Н.А. Сартаеваның,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Аппаратының өкілі – Заңнама бөлімінің сектор меңгерушісі Н. Сағынайқызының қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында П.К. Жандарбековтiң "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының (бұдан әрі – Сайлау туралы Конституциялық заң) 4-бабы 4-тармағы 2) тармақшасының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін тексеру туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровті және отырысқа қатысушыларды тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотына (бұдан әрі – Конституциялық Сот) Сайлау туралы Конституциялық заңның 4-бабы 4-тармағы 2) тармақшасының Қазақстан Республикасы Конституциясының 33-бабының 3-тармағына сәйкестігін қарау туралы өтініш келіп түсті.

      Өтініш субъектісі № 11 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша Қазақстан Халық партиясынан Түркістан қалалық мәслихатының депутаттығына кандидат ретінде ұсынылып, тіркелген.

      Кейіннен сайлау комиссиялары өтініш берушінің декларацияда дұрыс емес мәліметтерді көрсетуін және бұрын сыбайлас жемқорлық қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылуын негізге алып, хаттамалық шешімдерімен өтініш берушінің депутаттыққа кандидат ретінде тіркелуінің күшін жойған.

      Барлық сот сатыларының шешімдерімен өтініш авторына Сайлау туралы Конституциялық заңның 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасына сілтеме жасай отырып, қабылданған шешімдерге дау айту туралы Түркістан қалалық аумақтық сайлау комиссиясына талап қоюын қанағаттандырудан бас тартылған.

      Өтініштен және ұсынылған материалдардан өтініш берушінің бұрын Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан қалалық сотының 2002 жылғы 28 мамырдағы үкімімен 1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 307-бабының бірінші бөлігі және 176-бабы үшінші бөлігінің б) тармағы бойынша сотталып, екі жыл мерзімге мемлекеттік лауазымды атқару құқығынан айыра отырып, бес жыл алты айға бас бостандығынан айыруға кесілгенін түсінуге болады.

      Конституциялық Сот Сайлау туралы Конституциялық заңның қаралып отырған нормасының конституциялылығына баға берген кезде оны өтініште көрсетілген бөлігінде ғана тексереді және мыналарды негізге алады.

      1. Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық. Халық билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді (Конституцияның 3-бабының 1 және 2-тармақтары).

      Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлау құқығы (жалпыға бірдей белсенді сайлау құқығы) және сайлану құқығы (бәсең сайлау құқығы) сайлау құқығының құрамдас элементтері (бөліктері) болып табылады, бұл Қазақстан Республикасында өз азаматтарына ғана беріледі (субъективті сайлау құқығы). Республика азаматтарының сайлауға қатысуы ерiктi болып табылады. Азаматты сайлауға қатысуға немесе қатыспауға мәжбүрлеуге, сондай-ақ оның еркiн бiлдiрудi шектеуге ешкiмнiң де құқығы жоқ (Конституцияның 33-бабының 2-тармағы, Сайлау туралы Конституциялық заңның 3-бабының 3-тармағы, 4-бабының 1 және 2-тармақтары).

      2005 жылғы 28 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 1966 жылғы 16 желтоқсандағы Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 25-бабында азаматқа дауыс беру және сайлану, мемлекеттік істерді жүргізуге тікелей де, сайланған өкілдері арқылы да қатысу, сондай-ақ мемлекеттік қызметке қол жеткізу құқығына кепілдік беріледі. Пактіге сәйкес азаматтың осы құқығына қандай да бір кемсіту және негізсіз шектеулер болмауға тиіс.

      Негізгі Заңның 3 және 33-баптарында азаматтардың тікелей және өз өкілдері арқылы мемлекет істерін басқаруға қатысу, мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына жеке және ұжымдық өтініштер беру құқықтарының, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтарының сайлау құқықтарының конституциялық негіздері белгіленеді. Конституция субъективті сайлау құқығына базалық шектеулерді бекітті: сот азаматтарды әрекетке қабілетсіз деп таныған жағдайда және сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында ұсталған кезде олардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ (33-баптың 3-тармағы).

      Сонымен қатар, конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізді шектеуге заңдармен жол берілетін жалпы ереже бекітілді (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы).

      Осылайша, сайлау құқығы қатынастары субъектілерінің құқықтары мен міндеттеріндегі айырмашылықтарға конституциялық аса маңызды мақсаттар, негізділік пен мөлшерлестік көзделген жағдайда жол беріледі. Жария және жеке мүдделердің конституциялық теңгерімін сақтау қажеттілігі де сайлаушылардың сайлау науқаны барысында кандидаттың жеке басы туралы өз пікірін жасап, оның беделіне баға беру мүмкіндігін жоққа шығармайды. Аталған тәсілдер азаматтардың мемлекеттік билік институттарына деген сенім деңгейіне әсер етеді.

      2. Өтініш беруші дау айтып отырған нормада жергілікті өкілді органдардағы сайланбалы лауазымдарға кандидаттарға ғана емес (өтініш субъектісіне қатысты), сондай-ақ "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңының талаптары қолданылатын әкім лауазымдарына да жоғары талаптар қойылады.

      Конституциялық Сот мемлекеттік қызметшілерге қатысты 2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 және 2023 жылғы 13 маусымдағы № 19-НҚ нормативтік қаулыларында мемлекеттік қызметтің миссиясын, мемлекеттік қызметшілердің ерекше құқықтық мәртебесін, олардың алдына қойылған міндеттердің өзіндік ерекшелігін ескере отырып, мемлекет азаматтар үшін, кандидаттарға қойылатын талаптарды және тиісті шектеулерді қоса алғанда, мемлекеттік қызметке кіру және оны өткеру қағидаларын айқындауға құқылы, бұлар мемлекеттік аппарат қызметінің тиімділігін, мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық сенімін және берілген өкілеттіктердің теріс пайдаланылуына жол бермеуді қамтамасыз ету қажеттілігімен байланысты болуы мүмкін деп атап өтті. Бұл ретте азаматтардың мемлекеттік лауазымдардың жекелеген санаттары бойынша мемлекеттік қызметке қол жеткізуге тең құқығы Республика азаматының мемлекеттік органдарға сайлану құқығын іске асырумен байланысты екендігіне назар аударылды.

      Сайлау жария адамдарға мемлекеттік билік беру нысандарының бірі болып табылады. Бұлардың қорытындысы бойынша олар Қазақстан халқының мүддесі үшін өз өкілеттігін іске асыруға мандат алады.

      3. Қазіргі әлемде сыбайлас жемқорлық конституциялық қауіпсіздікке төнетін елеулі қауіп-қатер ретінде танылды. Ол азаматтардың конституциялық құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіреді, құқықтық тәртіп пен демократиялық негіздерге зиян келтіреді, экономикалық реформаларды жүргізуге кедергі келтіреді, мемлекеттік аппараттың қызметіне кір келтіреді, халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін кетіреді және сайлауға қатысуға ынта-құлқын жояды.

      Осы құқықтық тәсілдер сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық саясаттың негізі ретінде алынды, өйткені сыбайлас жемқорлық ұлттық қауіпсіздікке төнетін негізгі қауіп-қатерлердің бірі ретінде қарастырылады ("Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы" 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 1-тармағының 1) тармақшасы).

      Қазақстан Республикасының Парламенті аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін және мемлекеттік басқарудың негізгі қағидаттары мен нормаларын белгілейтін бірқатар қабылданған заңдарда тиісті алдын алу ережелерін бекітті.

      Мәселен, Сайлау туралы Конституциялық заңның 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасында сыбайлас жемқорлық қылмыс және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адам Қазақстан Республикасының Президенттігіне, Парламенттің, мәслихаттардың депутаттығына, әкім болуға кандидат, сондай-ақ өзге де жергілікті өзін-өзі басқару органдары мүшелігіне кандидат бола алмайды деп белгіленеді.

      Аталған шектеу халықтың мемлекеттік билікке сенімін қамтамасыз етуге және конституциялық құндылықтарға елеулі қатер төндіретін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған. Қазақстан Республикасының заңнамасы сыбайлас жемқорлыққа кешенді қарсы іс-қимыл жасау қажеттігіне негізделеді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған құқықтық, әкімшілік, ұйымдастырушылық және өзге де шараларды қамтиды.

      Мысалы, сыбайлас жемқорлық қылмыстар жасағаны үшін 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде соттың мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салу түріндегі қосымша жазаны тағайындау міндеті белгіленген (50-баптың екінші бөлігінің төртінші абзацы).

      Қолданыстағы заңнамада еңбек және өзге де құқықтарға басқа шектеулер де көзделген, бұлар азамат жасаған қоғамға қауіпті әрекеттің, оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстың жалпы құқықтық салдары болып табылады.

      Осындай шектеулер азаматтардың құқық қорғау органдарына ("Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 7) және 8) тармақшалары), арнаулы мемлекеттік органдарға ("Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдары туралы" 2012 жылғы 13 ақпандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 7) және 8) тармақшалары) және басқа да органдарға қызметке кіруі кезінде белгіленеді.

      Көрсетілген тәсілдерді және заң шығарушының Негізгі Заңда бекітілген өкілеттігін ескере отырып, бұған дейін Конституциялық Сот мемлекеттік қызметке кіру және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасу кезінде осыған ұқсас тыйым салулардың белгіленуін Конституцияға қайшы келмейді деп таныған болатын. Өзінің 2023 жылғы 31 тамыздағы № 26-НП нормативтік қаулысында қаралып отырған шектеу қылмыстық жауаптылық шараларына тікелей жатпайтыны және сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаудың жалпы құқықтық салдары ретінде қолданылатыны түсіндірілді.

      4. Белгіленген тәсілдер 2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясының (бұдан әрі – Конвенция) ережелерімен үйлеседі, оның мақсаты – басқа да мақсаттармен қатар, адалдық пен сатылмаушылықты, жауапкершілікті, сондай-ақ жария істер мен жария мүлікті тиісінше басқаруды көтермелеу.

      Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамды сайланбалы лауазымға кандидат ретінде тіркеуге жол бермеу туралы талаптың болуы Конвенцияның 7-бабы 2-тармағының және 30-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келеді, оларға сәйкес әрбір қатысушы мемлекет жария лауазымдарға кандидаттарға және оларды сайлауға қатысты өлшемшарттарды белгілеу үшін Конвенцияның мақсаттарына орай, сондай-ақ қылмыстың қауіптілік дәрежесін ескере отырып және өзінің құқықтық жүйесінің негізгі қағидаттарына сай келетін шамада тиісінше заңнамалық және әкімшілік шаралар қабылдау мүмкіндігін қарастырады.

      Бұдан басқа, Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қылмыстарды және қолданылатын заңды қарсылықтарды немесе әрекеттердің заңдылығын айқындайтын басқа да құқықтық қағидаттарды айқындау әрбір қатысушы мемлекеттің ішкі заңнамасы саласына кіреді, ал мұндай қылмыстар үшін қылмыстық қудалау мен жазалау осы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады (Конвенцияның 30-бабының 9-тармағы).

      Осылайша, халықаралық стандарттар пропорционалдылық пен мөлшерлестік қағидатын сақтай отырып, елдің ішкі заңнамасында азаматтардың бәсең сайлау құқығына шектеулер белгілеуге жол береді. Заң шығарушы жария лауазымдарды атқаратын адамдардың кәсіби және адамгершілік қасиеттеріне және тиісінше, олардың жария билікті атқарушылар ретіндегі әрекеттері мен шешімдерінің заңдылығы мен әділдігіне азаматтардың күмән келтірмеуі үшін олардың беделіне жоғары талаптар белгілеуге құқылы.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 50-бабының 2-тармағын, 5558, 62-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. Сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаудағы кінәсін сот заңда белгіленген тәртіппен таныған адамның кандидат ретінде сайлауға қатысуын шектеуге қатысты "Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 4-бабы 4-тармағының 2) тармақшасы Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.

      2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасының
Конституциялық Соты