ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН
"Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасы заңдарының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда
өзінің ашық отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан тексеру туралы өтінішін қарады.
Баяндамашылар – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьялары Қ.Т. Жақыпбаевтың, Б.М. Нұрмұхановтың және С.Ф. Ударцевтің хабарламаларын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, Қазақстан Республикасының және жекелеген шет елдердің заңнамасына, халықаралық тәжірибеге талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
анықтады:
2023 жылғы 20 және 29 маусымда Парламент "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң), "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңын, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарын қабылдап, олар 2023 жылғы 27 және 29 маусымда Мемлекет басшысының қол қоюына ұсынылды.
Конституцияның 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Президенті Конституциялық Сотқа аталған заңнамалық актілерді Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігі тұрғысынан қарау туралы өтініш жіберді.
Көрсетілген заңнамалық актілердің конституциялылығын тексеру кезінде Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.
1. Конституцияның 6-бабының 3-тармағына сәйкес жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жеке меншікте де болуы мүмкін. Табиғи ресурстардың халыққа тиесілі болуы мемлекеттен, ең алдымен, халықтың, жалпы қоғамның және болашақ ұрпақтың мүдделерін ескере отырып, оларға меншік құқығын жүзеге асыруды талап етеді. Негізгі Заңның жаңартылған нормасы мемлекетті Қазақстан халқына тиесілі осы объектілерге меншік құқығын қорғау және заңсыз алынған табиғи ресурстар мен олармен байланысты активтерді тікелей халық мүддесінде пайдалану үшін оларды заңды иесіне қайтару жөнінде барлық қажетті шараларды қолдануға міндеттейді, осы мәселе бойынша халық ниеті 2022 жылғы республикалық референдумда айқын көрсетіліп, Қазақстан Республикасының Конституциясында бекітілді.
Конституцияның 1-бабының 1-тармағында "Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары" деп белгіленген. Конституцияның 1-бабының 2-тармағына сәйкес "қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу" Республика қызметінің түбегейлі қағидаттары болып табылады.
Бұл конституциялық бағдарлар мемлекеттен қоғамның дамуына, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына үнемі қамқорлық жасауды, әділеттілікті орнатуды талап етеді. Аталған қағидаттарды, оның ішінде бүкіл халықтың игілігіне экономикалық дамуды жүзеге асырмай, қоғам мен мемлекет алдында тұрған көптеген міндеттерді іске асыру мүмкін емес. Бұл ретте, қолданыстағы Конституцияны назарға ала отырып, Қазақстан халқы дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, өзіне "қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жауапкершілікті" қабылдады (Конституция кіріспесі).
2. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық (3-баптың 1-тармағы). Халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар (3-баптың 3-тармағы).
Заң республикалық референдум арқылы білдірілген халықтың еркін (Конституцияның 3-бабының 2-тармағы) іске асыруға бағытталған. Ол Қазақстан Республикасы Парламентінің конституциялық өкілеттіктеріне сәйкес қабылданды, ол аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтін, жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектілігіне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың міндеттері мен жауапкершілігіне; меншік режиміне және өзге де мүліктік құқықтарға; салық салуға, алымдар мен басқа да міндетті төлемдерді белгілеуге; республикалық бюджетке; сот құрылысы мен сотта іс жүргізу мәселелеріне; кәсіпорындар мен олардың мүлкін жекешелендіруге және басқаларға қатысты негізгі принциптер мен нормаларды белгілейтін заңдар шығаруға құқылы (Конституцияның 61-бабының 3-тармағы).
3. Парламент депутаттары бастамашылық жасаған Заң Қазақстан қосылған, оның ішінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл және ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес мәселелеріне байланысты халықаралық құқықтық актілердің ережелері ескеріле отырып әзірленді. Республиканың халықаралық шарт және өзге де міндеттемелері Қазақстан Республикасының қолданыстағы құқығының құрамдас бөлігі болып табылады (Конституцияның 4-бабының 1-тармағы). Мәселен, 2008 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған 2003 жылғы 31 қазандағы Біріккен Ұлттар Ұйымының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясында қатысушы мемлекеттер сыбайлас жемқорлық және қылмыстың басқа да түрлері, атап айтқанда, ақша қаражаттарының жылыстатылуын қоса алғанда, ұйымдасқан қылмыс пен экономикалық қылмыс арасындағы байланыстарға, мемлекет ресурстарының елеулі үлесін құрауы және осы мемлекеттердің саяси тұрақтылығы мен тұрақты дамуына қатер төндіруі мүмкін активтердің көп көлемімен байланысты сыбайлас жемқорлықтың жағдайларына алаңдаушылық білдіре отырып, ендігі жерде сыбайлас жемқорлық жергілікті проблема болудан қалып, ұлт шегінен тысқары құбылысқа айналғанына, оның қоғамды және барлық елдердің экономикасын қамтып отырғанына, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу саласындағы тек қана халықаралық ынтымақтастықтың және оған қарсы күрестің зор маңызына байланысты екеніне көз жеткізе отырып, әрбір қатысушы ел осы Конвенцияның 55-бабына сәйкес осы Конвенцияға сәйкес осындай деп танылған қандай да бір қылмыстар жасау нәтижесінде сатып алынған немесе өзінің ішкі заңнамасына сәйкес осындай қылмыстар жасау кезінде пайдаланылған мүлікке қатысты өзара құқықтық көмек беру мақсатында қылмыскердің қайтыс болуы, бас сауғалауы немесе болмауы себепті немесе басқа да тиісті жағдайларда оның ізіне түсу мүмкін болмаған кезде істер бойынша қылмыстық іс жүргізу шеңберінде үкім шығармастан осындай мүлікті тәркілеуге мүмкіндік туғызу үшін қандай шаралар қажет болса, сондай шаралар қолдану туралы мәселені қарастырады. Әрбір қатысушы мемлекет өздерінің мүмкіндіктері шектерінде және өзінің ішкі заңнамасының негізгі принциптеріне сәйкес қауымдастықтар негізінде міндет атқаратын азаматтық қоғам, үкіметтік емес ұйымдар мен ұйымдар сияқты жария сектордың шегінен тыс жекелеген адамдар мен топтардың белсенді түрде қатысуларына жәрдемдесу үшін, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы күресте және қоғамның сыбайлас жемқорлықтың болуы, себептері мен қауіпті сипатын, сондай-ақ ол төндіретін қауіп-қатерлерді ұғынуын тереңдету үшін тиісті шаралар қолданады деп белгіленеді (Конвенцияның кіріспесі, 13-бабының 1-тармағы, 54-бабы 1-тармағының с) тармақшасы).
Біріккен Ұлттар Ұйымының Трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа қарсы конвенциясында (2008 жылғы 4 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланды) қатысушы-мемлекеттер, қылмыс жасаған адамның қылмыстан немесе тәркілеуге жататын басқа мүліктен түскен болжамды табыстарының заңды шығу тегін дәлелдеуі туралы талаптарды белгілеу мүмкіндігін, осындай талаптар олардың ішкі заңнамасының принциптеріне және сот талқылауы мен өзге де талқылау сипатына сәйкес келетіндей мөлшерде қарастыра алады деп бекітілген (12-баптың 7-тармағы).
1933 жылғы 26 желтоқсанда Монтевидеода қол қойылған, 2017 жылғы 10 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Ұстап беру туралы конвенцияға сәйкес "Ұстап берілген адамның ұстап беруді сұратуға себеп болған құқыққа қарсы іс-әрекетті жасау жолымен алынған немесе дәлелдеме ретінде пайдаланылуы ықтимал мүлкі айыпталушыны қашу немесе өлім сияқты қандай да бір айрықша төтенше мән-жайларға байланысты берудің мүмкін болмауына қарамастан, тәркіленуге және талап етуші елге берілуге жатады" (15-бап).
Осылайша, Қазақстан сыбайлас жемқорлыққа және ұйымдасқан қылмыс түрлеріне қарсы күресте ішкі заңнамамен қатар, тиісті шараларды іске асырудың ерекше режимі айқындалатын халықаралық шарттарды қолданады.
4. Конституцияға сәйкес Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкін жеке меншігінде ұстай алады. Меншік, оның ішінде мұрагерлік құқығына заңмен кепілдік беріледі (26-бап). Бұл конституциялық ережелерде меншік иесінің құқықтары жүзеге асырылатын және оларды қорғау кепілдіктері қолданылатын мүлікті иемденудің құқықтық заңдылығы көзделеді. Меншік міндет жүктейді, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игілігіне де қызмет етуге тиіс. Меншік субъектілері мен объектілері, меншік иелерінің өз құқықтарын жүзеге асыру көлемі мен шектері, оларды қорғау кепілдіктері заңмен белгіленеді (6-баптың 2-тармағы). Меншік құқығы абсолютті болып табылмайды, заңда көзделген жағдайларда мүліктік құқықты шектеу азаматтық-құқықтық қатынастарда да, жария-құқықтық салада да заңды болып табылады.
Конституциялық Сот Негізгі Заң заңды түрде иемденілген мүлікке ғана меншік құқығына кепілдік беретінін атап өтеді. Конституциялық кепілдіктер заңдарда белгіленген негіздер мен рәсімдерді бұза отырып иемденілген мүліктік игіліктерге, сондай-ақ оларды пайдаланудан алынған түсімдерге қолданылмайды.
Жалпы, қазіргі заманғы мемлекеттердің конституциялары мемлекеттік меншікті және алуан түрлі еңбек, кәсіпкерлік, зияткерлік және өзге де қызмет процесінде заңды түрде құрылған және иемденілген, сондай-ақ заңды түрде мұраға қалған жеке меншікті жан-жақты және бірдей қорғауды таниды.
Қазақстан Республикасында мемлекеттік меншік пен жеке меншік танылады және бірдей қорғалады (Конституцияның 6-бабының 1-тармағы). Бұл конституциялық ереже Қазақстан Республикасында мемлекет қос меншік нысанының субъектілеріне бұзылған құқықтарын қорғау мен қалпына келтірудің тең мүмкіндіктеріне кепілдік беретінін білдіреді. Мемлекеттік меншікті қорғау, басқа элементтермен қатар, меншікті заңсыз жекешелендіруге немесе мемлекет иелігінен алудың өзге де нысандарына жол бермеуді және мемлекеттің бөтеннің заңсыз иеленуінен мүлікті, оның ішінде әкімшілік-билік ресурстарына ие тұлғалардың заңсыз әрекеттері (жекелеген субъектілерге немесе олармен үлестес тұлғаларға артықшылықтар беру, салық төлеуден ішінара босату, мемлекеттік активтердің құнын тиісінше бағаламау немесе олардың құнсыздануына жағдай жасау жолымен негізсіз төмендету және басқалар) салдарынан мемлекеттік меншіктен шығарылған активтерді талап етіп алдыру жөнінде шаралар қолдану құқығын қамтиды.
Демек, бастапқыда заңсыз иемденілген, оның ішінде сыбайлас жемқорлық, алаяқтық немесе қызметтік жағдайды теріс пайдалану нәтижесінде иемденілген мүлік заң негізінде және онда айқындалған тәсілдер мен рәсімдерге сәйкес заңды меншік иесіне, оның ішінде мемлекетке қайтарылуға тиіс.
Қазақстанның Негізгі Заңында заңды түрде белгіленген салықтарды, алымдарды және өзге де міндетті төлемдерді төлеу әркімнің борышы әрі міндеті болып табылады (35-бап); әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті (34-баптың 1-тармағы) деп көзделеді.
Конституцияның 39-бабының 1-тармағында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін деп бекітілген.
Осыған байланысты заң шығарушы заңдарда конституциялық нормаларды мәжбүрлеп қамтамасыз етуге және орындауға бағытталған нормаларды және осыдан туындайтын меншік иесі құқықтарына шектеулерді белгілеуге құқылы. Сонымен бірге, Конституциялық Сот назар аударғандай, адамның құқықтары мен бостандықтарына кез келген заңнамалық шектеулер заңды түрде негізделген мақсаттарға барабар болуға және әділдік, тепе-теңдік және мөлшерлестік талаптарына жауап беруге тиіс (2023 жылғы 6 наурыздағы № 4 нормативтік қаулы).
5. Заң заңсыз иемденілген активтерді анықтау және мемлекетке қайтару (бұдан әрі – активтерді қайтару) жөніндегі қоғамдық қатынастарды реттейді. Бұл өзінің ережелері, Республиканың активтерді қайтару туралы заңнамасы қолданылатын тұлғалар тобын және осы қызметті жүзеге асырудың негізгі қағидаттарын айқындайды (2 – 4-баптар).
Заңның мақсаттары активтерді қайтару және (немесе) оларды Қазақстан Республикасының заңды экономикалық айналымына тарту, оларды заңсыз иемденуге және шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою, сондай-ақ қоғамда әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру болып табылады (5-баптың 1-тармағы). Бұлар Конституцияның 1, 6 және 26-баптарының ережелеріне сәйкес келеді.
Заңның 2-тарауында активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның құзыретін, оның құқық қорғау органдарымен, арнаулы және өзге де мемлекеттік органдармен, ұйымдармен және квазимемлекеттік сектор субъектілерімен өзара іс-қимыл жасау нысандарын айқындайтын нормалар көзделген.
Активтерді қайтару жөніндегі шаралар заңнамалық тұрғыдан регламенттелген (3-тарау): ақпаратты мониторингтеу мен талдау; активтерді іздеу (ашып көрсету), олардың пайда болуын растау жөніндегі шаралар, алдын ала қамтамасыз ету шаралары, қамтамасыз ету шаралары; активтерді ерікті немесе мәжбүрлі түрде қайтару, тәркіленген немесе мемлекет кірісіне айналдырылған активтерді басқару және өзге де шаралар.
Активтерді қайтару мақсатында Заңда тізілім ұғымы енгізіліп, оның субъектілері мен жүргізу тәртібі айқындалады. Оны уәкілетті органның ұсынысы бойынша комиссия қалыптастырады. Бұл мәселені комиссияның қарауына шығару процестің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Тізілімге енгізілген тұлғаларды активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган олардың тізілімге енгізілгені туралы хабардар етеді (Заңның 15-бабы). Бұл ереже Конституцияның 18-бабының 3-тармағымен үйлеседі, оған сәйкес мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті. Сонымен қатар, активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті органның және оның лауазымды адамдарының тұлғалар құқықтары мен міндеттерін қозғайтын шешімдеріне, актілеріне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) жоғары тұрған лауазымды адамға және сот тәртібімен шағым жасалуы мүмкін (22-бап), бұл Конституцияның 13-бабының 2-тармағынан және 76-бабынан туындайды.
Заңның активтерді мемлекет кірісіне мәжбүрлеп айналдыру мәселелерін реттейтін ережелері конституциялық талаптарға қайшы келмейді (26 – 28-баптар). Мұндай шешімді сот олардың активтері түсініксіз пайда болған деп танылуына байланысты азаматтық сот ісін жүргізу қағидаттарын сақтай отырып, прокурордың талап-арызы бойынша қабылдайды. Бұл үшін жауапкердің активтерді иемденуі (алуы) заңнаманы елеулі түрде бұза отырып жүзеге асырылғаны, бұларды жауапкер теріске шығармағаны туралы жеткілікті дәлелдемелерді талапкердің ұсынуы негіз болып табылады (28-баптың 1 және 2-тармақтары). Мұндай тетік Конституцияның 26-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес келеді.
Осылайша, Конституциялық Сот қаралып отырған Заңды қабылдай отырып, мемлекет елдің тұрақты экономикалық және әлеуметтік дамуы үшін Қазақстан халқының бұзылған құқықтарын қалпына келтіру жүйесін айқындайды деп есептейді. Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару конституциялық маңызды мақсаттарға сәйкес келеді, конституциялық негізделген әділдік, ақылға қонымдылық пен мөлшерлестік қағидаттары мүлтіксіз сақтала отырып, жеке, қоғамдық және мемлекеттік мүдделердің теңгерімін ұстап тұруға бағытталған. Меншік құқығына қатысты мәселелерді тиісінше жүйелі бақылау және реттеу болған кезде, бүкіл халықтың мүддесі үшін экономика дамыған кезде мемлекеттің азаматтар мен қоғам алдындағы өзінің әлеуметтік-экономикалық, экологиялық, саяси және құқықтық міндеттемелерін іске асыруына, Конституцияда талап етілетін ұлттық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуге қаржылық және басқа да мүмкіндіктері көп болады (13-баптың 2 және 3-тармақтары, 19-баптың 2-тармағы, 25-баптың 2-тармағы, 27-баптың 1-тармағы, 28-баптың 1-тармағы, 29-баптың 2-тармағы, 30-баптың 1 және 2-тармақтары, 31-баптың 1-тармағы, 33-баптың 2-тармағы және басқалар).
6. "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңында, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдарында активтерді қайтару мәселелерін құқықтық реттеу көзделген Заңнан туындайтын құқықтық нормалар қамтылады.
Конституциялық Сот заңнамалық актілерге енгізілетін түзетулер мәні бойынша байланысты және Заң ережелерінен туындайды деп есептейді.
Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 2-тармағының 1) тармақшасын, 55 – 58, 62, 64-баптарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты
қаулы етеді:
1. 2023 жылғы 20 және 29 маусымда Қазақстан Республикасының Парламенті қабылдаған және 2023 жылғы 27 және 29 маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің қол қоюына ұсынылған "Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы" Қазақстан Республикасының Заңы, "Прокуратура туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы, "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы", "Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" және "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне (Салық кодексі) толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын.
2. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.
3. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.
Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты |