Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының, 64-бабы 1-тармағының және 65-бабы 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қ

Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының 2023 жылғы 27 наурыздағы № 5 нормативтік қаулысы.

                          ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ АТЫНАН

           Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының, 64-бабы 1-тармағының және 65-бабы 2-тармағының Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы


      Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты Төраға Э.Ә. Азимова, судьялар А.Қ. Ескендіров, Қ.Т. Жақыпбаев, А.Е. Жатқанбаева, А.Қ. Қыдырбаева, Қ.С. Мусин, Б.М. Нұрмұханов, Е.Ә. Оңғарбаев, Р.А. Подопригора, Е.Ж. Сәрсембаев және С.Ф. Ударцев қатысқан құрамда,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Парламент Сенатының депутаты Л.М. Қалтаеваның,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Ішкі істер министрінің орынбасары Е.С. Саденовтің,

      Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің өкілі – вице-министр А.Қ. Мұқанованың,

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі – вице-министр Н.Е. Сағындықованың,

      Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің өкілі – вице-министр Д.О. Темірбековтің,

      Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің өкілі – Заң департаменті бастығының орынбасары Н.Т. Жапаровтың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Бас Прокурордың кеңесшісі Т.Б. Адамовтың,

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Заңнаманы талдау және ұлттық алдын алу тетігі бөлімінің меңгерушісі С.Ж. Сейтжановтың,

      сарапшылар – заң ғылымдарының докторлары, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессорлары А.Н. Ақпановтың және А.М. Нұрмағамбетовтің қатысуымен,

      өзінің ашық отырысында азамат Беимбет Калибекович Байжумановтың "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" 2013 жылғы 21 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заң) 10-бабы 1-тармағы 3) тармақшасы, 64-бабы 1-тармағы және 65-бабы 2-тармағы ережелерінің Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігін қарау туралы өтінішін қарады.

      Баяндамашы – Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының судьясы А.Қ. Ескендіровтің хабарламасын тыңдап, конституциялық іс жүргізу материалдарын зерделеп, халықаралық тәжірибеге және Қазақстан Республикасы мен жекелеген шет елдердің заңнамасына талдау жасай отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

анықтады:

      Азамат Б.К. Байжуманов полиция подполковнигі, ішкі істер органдарындағы еңбек сіңірген жылдары – 27 жыл 6 ай және 21 күн, жеңілдікпен есептегенде 34 жыл 9 ай және 23 күн бола отырып, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің (бұдан әрі – Полиция департаменті) қарамағында болғанда "Құқық қорғау қызметі туралы" 2011 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Құқық қорғау қызметі туралы заң) 80-бабы 1-тармағы 5) тармақшасының негізінде өз еркімен ішкі істер органдарынан Қарулы Күштер запасына Полиция департаменті бастығының 2019 жылғы 14 наурыздағы № 201 ж/қ бұйрығымен шығарылған болатын.

      Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының № 2 сотының 2019 жылғы 17 шілдедегі заңды күшіне енген үкімімен Б.К. Байжуманов полиция органдарында қызмет өткеру кезеңінде ауырлығы орташа қылмыс жасағаны (ауыр қылмысты тіркеуден қасақана жасырғаны) үшін 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі – ҚК) 433-бабының екінші бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, құқық қорғау органдарында лауазымдарды атқару құқығынан бес жыл мерзімге айыра отырып және ҚК-нің 49-бабының негізінде "полиция подполковнигі" арнаулы атағынан айыру түрінде қосымша жаза қолдана отырып, екі жыл мерзімге бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды. Б.К. Байжуманов сотталған кезінде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алып жүрген болатын.

      2019 жылғы 1 қазаннан бастап Полиция департаменті Б.К. Байжумановқа: Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының № 2 сотының 2019 жылғы 17 шілдедегі айыптау үкімі; Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің "полиция подполковнигі" арнаулы атағынан айыру туралы 2019 жылғы 12 қыркүйектегі № 492 ж/қ бұйрығы; Полиция департаментінің зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы 2019 жылғы 19 желтоқсандағы хабарламасы; Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 ақпандағы қаулысының шығуына байланысты Полиция департаментінің зейнетақы төлемдерін тоқтату туралы 2022 жылғы 25 наурыздағы қайталама хабарламасы негізінде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тоқтатты.

      Б.К. Байжуманов зейнетақы төлемдерінің тоқтатылуы бойынша Полиция департаментінің әрекеттеріне сот тәртібімен шағым жасады. Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданының № 2 сотының 2020 жылғы 5 ақпандағы заңды күшіне енген шешімімен оның талаптары қанағаттандырылып, құқықтары қалпына келтірілді.

      Азамат Б.К. Байжумановтың арызын қанағаттандырудан бас тарту туралы жаңа шешімнің қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының 2022 жылғы 10 ақпандағы қаулысымен жергілікті соттардың сот актілерінің күші жойылды.

      Кассациялық сатыдағы сот Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның және Құқық қорғау қызметі туралы заңның нормалары "құқық қорғау қызметінің қызметкері", "арнаулы атақ" және "еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері" деген ұғымдардың ажырамастығын көрсетеді. Қызмет өткеру кезеңінде жасалған қылмыс үшін соттың айыптау үкімімен арнаулы атақтан айыру еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тоқтатуға әкеп соғады, өйткені азаматтың құқықтық мәртебесі өзгереді. Зейнетақымен қамсыздандыруға конституциялық құқық зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнама шеңберінде жалпы негіздерде іске асырылуы мүмкін деген тұжырым жасаған.

      Өтініш субъектісі өзі дау айтып отырған Заң ережелері Конституцияда бекітілген құқықтары мен бостандықтарын тікелей қозғайды, Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 64-бабы 8-тармағы талаптарының ілеспе орындалуын қамтамасыз етпейді деп ойлайды. Сот үкімімен арнаулы атақтан айыру, оның пікірінше, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы құқығын тоқтатуға әкеп соқпауға тиіс.

      Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның дау айтылып отырған нормаларының конституциялылығы туралы мәселені қараған кезде өтініш нысанасына қатысты Конституциялық Сот мыналарды негізге алады.

      Конституцияның 1-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.

      Аталған конституциялық ережелер мемлекет үшін адамға, оның материалдық жағынан әл-ауқаты болуына қамқорлық жасаудан аса маңызды міндет жоқ екенін және адамның лайықты өмір сүруі үшін қолынан келген барлық жағдайды жасауға міндетті дегенді білдіреді (Конституциялық Кеңестің 2004 жылғы 20 сәуірдегі № 3, 2018 жылғы 10 сәуірдегі № 3 нормативтік қаулылары және басқалар).

      Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негіздерде оған ең төменгі жалақы мен зейнетақының мөлшерінде әлеуметтік қамсыздандырылуына кепілдік беріледі (Конституцияның 28-бабының 1-тармағы).

      Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін (Конституцияның 39-бабының 1-тармағы).

      Өзінің азаматтар алдындағы конституциялық міндеттемелерін орындай отырып, құқық қорғау қызметінің өзіндік ерекшелігін және оны өткеру жағдайларын ескере отырып, мемлекет еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алуды ұйғаратын, құқық қорғау органдары қызметкерлерінің зейнетақыға конституциялық құқығын қамтамасыз етудің және іске асырудың ерекше құқықтық тетігін көздеді. Аталған құқық олардың еңбек жолынан туындайды және одан туындайтын төлемдер құқық қорғау қызметін тиісінше атқарғаны үшін қызметкерлерді әлеуметтік қорғау нысандарының бірі болып табылады.

      Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда Қазақстанда азаматтарды зейнетақымен қамсыздандырудың құқықтық және әлеуметтік негіздері айқындалған.

      Осы Заңның азамат өтінішінде дау айтылып отырған нормаларында құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы тағайындаудың құқықтық шарттары айқындалған және тұтастай алғанда, олар Қазақстан Республикасы Конституциясының ережелеріне сәйкес келеді.

      Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның 10-бабы 1-тармағы 3) тармақшасының мазмұнынан құқық қорғау органдарының қызметкерлері зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар азаматтар санатына жатқызылғанын түсінуге болады. Оларды зейнетақымен қамсыздандыру шарттарының бірі – еңбек сіңірген жылдарының болуы. Осы санаттағы азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру үшін есепке алынатын ақшалай қамтылым мөлшеріне лауазымдық айлықақысы және арнаулы атағы, сыныптық шені бойынша айлықақысы (қосымша ақы) кіреді. Бұл қызметтен босатылған (жеке құрам тізімдерінен алып тасталған) күніне айқындалады және соңғы қызмет орнындағы тиісті органның белгіленген үлгідегі анықтамасымен расталады (64-баптың 1-тармағы, 65-баптың 2 және 3-тармақтары).

      Осылайша, еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқықты іске асыру шарттары адам құқық қорғау қызметін өткеруді тоқтатқан кезіне белгіленеді.

      Конституциялық Сот қолданыстағы заңнамалық актілер – Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда және Құқық қорғау қызметі туралы заңда құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлеріне тағайындалған зейнетақы төлемдерін тоқтатудың құқықтық негіздері мен тәртібін реттейтін нормалар қамтылмаған деп атап өтеді. Осы саладағы негізгі заң болып табылатын Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда екі негіз ғана – зейнеткер қайтыс болғанда немесе ол Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткенде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тоқтатылады деп көзделген (68-баптың 4-тармағы).

      Конституциялық Сот өтініш нысанасы болып табылатын Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңның нормалары 2023 жылғы 16 наурызда Парламент Сенаты қабылдаған Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне енгізілгеніне назар аударды.

      Осы жазылғандардың негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 72-бабының 3-тармағын және 74-бабының 3-тармағын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы" 2022 жылғы 5 қарашадағы Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 23-бабы 4-тармағының 3) тармақшасын, 5558, 62-баптарын, 63-бабының 3 және 4-тармақтарын және 65-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа ала отырып, Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты

қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы, 64-бабының 1-тармағы және 65-бабының 2-тармағы Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты берген төмендегідей түсіндірмеде Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес келеді деп танылсын:

      "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес тағайындалған еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тоқтатуға азаматтардың зейнетақымен қамсыздандыруға конституциялық құқығын іске асыру мәселелерін реттейтін тиісті заңда тікелей көзделген жағдайларда ғана жол беріледі.

      2. Соттардың және өзге де құқық қолдану органдарының "Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабы 1-тармағының 3) тармақшасын, 64-бабының 1-тармағын және 65-бабының 2-тармағын өзгеше түсіндіруге негізделген шешімдері орындалуға жатпайды және белгіленген тәртіппен қайта қаралуға тиіс.

      3. Осы нормативтік қаулы қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағым жасалуға жатпайды.

      4. Осы нормативтік қаулы заңнамалық актілерді ресми жариялау құқығын алған мерзімді баспасөз басылымдарында, құқықтық ақпараттың бірыңғай жүйесінде және Конституциялық Соттың интернет-ресурсында қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Респубикасының
Конституциялық Соты