Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы

Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2017 жылғы 3 қарашадағы № 3 нормативтік қаулысы.

      Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі, Төраға И.И. Рогов, Кеңес мүшелері А.Қ. Дауылбаев, В.А. Малиновский, И.Д. Меркель, Р.Ж. Мұқашев, Ә.А. Темірбеков, У. Шапак қатысқан құрамда, мыналардың:

      Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты В.В. Волковтың,

      Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің өкілі – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А.Н. Жайылғанованың,

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары З.Х. Баймолдинаның, 

      Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының өкілі – Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы А.А. Қасымовтың,

      Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының өкілі – Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі В.К. Фоостың,

      Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының өкілі – Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының орынбасары А.И. Лукиннің,

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары М.Ө. Қалқабаевтың, 

      Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі аппаратының басшысы С.Қ. Ахметжановтың,

      Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің өкілдері – Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам вице-министрі Б.С. Арынның және Дін істері комитеті төрағасының міндетін атқарушы Е.Ә. Оңғарбаевтың,

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің өкілі – Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаменті директоры С.В. Пономаревтің, 

      Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің өкілі – Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың басшысы С.Ж. Оспановтың қатысуымен

      "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ және "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VI Қазақстан Республикасының заңдары қабылдануына байланысты, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының конституциялылығын тексеру туралы" 2002 жылғы 4 сәуiрдегі № 2 нормативтік қаулысын (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 4 сәуiрдегі № 2 Нормативтік қаулысы), "Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 2003 жылғы 11 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысын (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 11 ақпандағы № 1 Нормативтік қаулысы) және "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы" 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 нормативтік қаулысын (бұдан әрі – Конституциялық Кеңестің 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 Нормативтік қаулысы) қайта қарау туралы мәселені өз бастамасы бойынша ашық отырысында қарады.

      Баяндамашы – Конституциялық Кеңестің мүшесі Р.Ж. Мұқашевтың хабарлауын, отырысқа қатысушылардың сөйлеген сөздерін тыңдап, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын және конституциялық іс жүргізудің өзге де материалдарын талдап, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      анықтады:

      1. "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ және "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы № 51-VI Қазақстан Республикасының заңдарымен (бұдан әрі – 2007 жылғы 21 мамырдағы Заң және 2017 жылғы 10 наурыздағы Заң) еліміздің Негізгі Заңына елеулі түзетулер енгізілді.

      Конституциялық түзетулермен, жекелеп алғанда, қоғамдық және мемлекеттік институттардың бірігіп кетуіне және қоғамдық бірлестіктерді мемлекеттің қаржыландыруына салынған тыйымдар алынып тасталды (5-бап); Парламенттің функциялары, оның депутаттарының саны, оларды сайлаудың (тағайындаудың) тәртібі, өкілеттіктерінің мерзімі және оларды тоқтатудың негіздері өзгертілді (49-58-ші және өзге де баптар); адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының мазмұны, оларды шектеудің шарттары мен шектері нақтыланды (39-шы және өзге де баптар), билік тармақтары арасында өкілеттіктер қайта бөлінді (44, 45, 61, 66-ші және өзге де баптар), сондай-ақ конституциялық құндылықтар тізбесі кеңейтілді және оларға қол сұғылмауына кепілдіктер нығайтылды (44, 91-ші және өзге де баптар).

      Конституциялық Кеңес атап өткендей, Конституцияға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар, өзара байланыса келе, мемлекеттік биліктің мақсатын, мемлекет функциясының мазмұнын жаңаша түсіндіруге, мемлекеттік органдардың, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтардың өзара қарым-қатынасы принциптерін айқындауға, азаматтық қоғам институттарын мемлекеттік маңызы бар мәселелерді шешуге кеңінен қатыстыруға, өзгеріп отыратын қоғамдық қатынастармен барабар заң нормаларын белгілеуге мүмкіндік береді. Өз жиынтығында олар Конституцияның өзгертілген нормаларының мазмұнын айқындап қана қоймай, түзетулерге ұшырамаған ережелері мен нормаларының құқықтық мағынасын да кей кездері жаңартып отырады.

      Мұның бәрі еліміздің қолданыстағы құқығын, Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларын қоса отырып, жаңартылған Конституцияға сәйкестендіруді қажет етеді.

      "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Конституциялық Кеңестің шешімін ол Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасы бойынша немесе өз бастамасы бойынша, егер қабылданған шешімге негіз болған Конституция нормасы өзгерсе, қайта қарауы мүмкін.

      2017 жылғы 10 наурыздағы Заңды іске асыру мақсатында, "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру жөніндегі шаралар кешені туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 13 наурыздағы № 437 Жарлығының 7-тармағында Конституциялық Кеңеске өзі қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді қайта қарау және соған сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдау ұсынылған.

      Конституциялық Кеңес қабылданған нормативтік қаулыларды қайта қарау жөніндегі жұмыстың бастауларын бұдан бұрын айқындаған болатын. Олар, атап айтқанда, Конституциялық Кеңестің "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2007 жылғы 21 мамырдағы № 254-ІІІ Қазақстан Республикасының Заңы қабылдануына байланысты Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы" 2007 жылғы 8 қарашадағы № 9; "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2000 жылғы 26 желтоқсандағы № 22/2, "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2001 жылғы 13 желтоқсандағы № 16-17/3 және "Қазақстан Республикасы Конституциясының 54-бабы 7) тармақшасын ресми түсіндіру туралы" 2006 жылғы 18 мамырдағы № 2 Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің қаулыларын қайта қарау туралы" 2008 жылғы 24 қыркүйектегі № 7; "Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір шешімдерін қайта қарау туралы" 2011 жылғы 27 сәуірдегі № 4 және "Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің кейбір нормативтік қаулыларын қайта қарау туралы" 2017 жылғы 17 сәуірдегі № 2 нормативтік қаулыларында мазмұндалған.

      Белгіленгендей, Негізгі Заңның өзгертілген және толықтырылған нормаларына сәйкес келмейтін қаулылардың толығымен күші жойылады. Конституциялық новеллаларға сәйкес келмейтін жекелеген ережелерін алып тастағанда, Конституция нормаларын түсіндірудің ішкі қисыны мен өзара байланысы, мазмұны мен мағынасы жоғалмайтын Конституциялық Кеңестің нормативтік қаулыларының ішінара күші жойылуға тиіс, делінген. Сол арқылы, Конституциялық Кеңестің тиісті конституциялық өкілеттіктері жүзеге асырылып қабылданған, ішінара күші жойылып отырған қорытынды шешімдерінде бекітілген құқықтық позициялардың нысаны өзгермейді және ауқымы кеңеймейді.

      Одан тыс, Конституциялық Кеңес бірнеше рет атап көрсеткендей, оның нормативтік қаулыларын қайта қарау Конституциялық Кеңестің осы аталған нормативтік қаулыларымен байланысты Қазақстан Республикасы заңдарының, сондай-ақ өзге де құқықтық актілерінің заңдық күші жойылғанын, не болмаса бұдан бұрын конституциялық емес деп танылған актілерге заңдық күш қайтарылғанын білдірмейді. Қажет кезде тиісті заңдар мен құқықтық актілер, оның ішінде Конституциялық Кеңестің қайта қаралған нормативтік қаулыларында қозғалған мәселелер бойынша, бекітілген тәртіппен қабылдануы, күші жойылуы, өзгертілуі және толықтырылуы мүмкін, ал Конституцияда және "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" Конституциялық заңда көзделген субъектілердің өтініштері бойынша конституциялық нормаларға жаңадан ресми түсіндірме берілуі мүмкін.

      2. Жасалған талдау көрсеткендей, Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 4 сәуiрдегі № 2 және 2003 жылғы 11 ақпандағы № 1 нормативтік қаулылары 2007 жылғы 21 мамырдағы және 2017 жылғы 10 наурыздағы Қазақстан Республикасының заңдарымен мазмұны өзгертілген Республика Конституциясының ережелеріне сәйкес қабылданған.

      Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 4 сәуірдегі № 2 Нормативтік қаулысының құқықтық ұстанымдары Негізгі Заңның 5-бабы 1-тармағының күші жойылған нормаларына және 39-бабының бұрынғы редакциясына негізделген болатын және де, тиісінше, оның толығымен күші жойылуын талап етеді.

      Конституциялық Кеңестің 2002 жылғы 4 сәуiрдегі № 2 Нормативтік қаулысының күшін жоя отырып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1 нормативтiк қаулысын ішінара қайта қарау қажет, одан мынадай: "Конституциялық Кеңес сондай-ақ, осыған ұқсас редакциядағы құқықтық норманы Конституциялық Кеңес нанымды тарату бостандығын шектеу мүмкiндiгi белгiленген бөлiгiнде тексергенiн (Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 4 сәуiрдегi № 2 қаулысы) және Конституцияға сәйкес емес деп (осы бөлiгiнде) танығанын атап көрсетедi" деген сөздер (уәждеу бөлігіндегі 2-тармақтың үшінші абзацы) алынып тасталуы тиіс.

      Конституциялық Кеңестің 2003 жылғы 11 ақпандағы № 1 Нормативтік қаулысында Конституцияның 50-бабының 2-тармағына (осы баптың 5-тармағымен өзара байланыстыра отырып) және 51-бабының 5-тармағына ресми түсіндірме Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 21 мамырдағы Заңы қабылданғанға дейін берілген болатын, оның жаңа редакциясына Конституциялық Кеңестің осы қорытынды шешімінің уәждеу бөлігіндегі 2-тармақтың бірінші және екінші абзацтары, 3-тармақтың бесінші және алтыншы абзацтары, сондай-ақ қарар бөлігіндегі 2-тармақ және 3-тармақтың үшінші абзацы сәйкес келмейді.

      Баяндалғанның негізінде, Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының 1 және 2-тармақтарын, "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 31-33-баптарын, 36-бабы 1-тармағының 1) тармақшасын және 3-тармағын, 41-бабы 1-тармағының 2) тармақшасын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесі

      қаулы етеді:

      1. "Қазақстан Республикасының кейбiр заң актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктердiң қызметi мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының конституциялылығын тексеру туралы" Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002 жылғы 4 сәуiрдегі № 2 Нормативтік қаулысының күші жойылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мына нормативтік қаулыларының:

      2.1. "Қазақстан Республикасы Конституциясының 50-бабының 5-тармағын, 51-бабының 5-тармағын, 52-бабының 4 және 5-тармақтарын ресми түсіндіру туралы" 2003 жылғы 11 ақпандағы № 1:

      уәждеу бөлігіндегі:

      2-тармақтың бірінші және екінші абзацтары;

      3-тармақтың бесінші және алтыншы абзацтары;

      қарар бөлігіндегі:

      2-тармақ;

      3-тармақтың үшінші абзацы алып тасталып;

      2.2. "Қазақстан Республикасының кейбiр заңнамалық актiлерiне дiни сенiм бостандығы және дiни бiрлестiктер мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы" Қазақстан Республикасының Заңын Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестiгi тұрғысында тексеру туралы" 2009 жылғы 11 ақпандағы № 1:

      уәждеу бөлігіндегі 2-тармақтың үшінші абзацындағы "Конституциялық Кеңес сондай-ақ, осыған ұқсас редакциядағы құқықтық норманы Конституциялық Кеңес нанымды тарату бостандығын шектеу мүмкiндiгi белгiленген бөлiгiнде тексергенiн (Конституциялық Кеңестiң 2002 жылғы 4 сәуiрдегi № 2 қаулысы) және Конституцияға сәйкес емес деп (осы бөлiгiнде) танығанын атап көрсетедi" деген сөздер алып тасталып, ішінара күші жойылсын.

      3. "Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі туралы" 1995 жылғы 29 желтоқсандағы № 2737 Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 40-бабының 1-тармағына сәйкес, осы нормативтік қаулының кері күші болмайды деп айқындалсын.

      4. Қазақстан Республикасы Конституциясының 74-бабының 3-тармағына сәйкес нормативтік қаулы оны қабылдаған күннен бастап күшіне енеді, Республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және шағымдануға жатпайды.

      5. Осы нормативтік қаулы республикалық ресми басылымдарда қазақ және орыс тілдерінде жариялансын.

      Қазақстан Республикасы
Конституциялық Кеңесінің
Төрағасы
И.И. Рогов