Ерекше маңызы бар концессиялық жобалар жөніндегі комиссияны құру туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 59-ө өкімі. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 29 сәуірдегі № 268 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 29.04.2022 № 268 қаулысымен.

      1. Осы өкімге қосымшаға сәйкес құрамда Ерекше маңызы бар концессиялық жобалар жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Комиссия туралы ереже бекітілсін.

      Премьер-Министр Б. Сағынтаев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2018 жылғы 11 мамырдағы
№ 59-ө өкіміне
қосымша

Ерекше маңызы бар концессиялық жобалар жөніндегі комиссияның құрамы

      Ескерту. Құрамға өзгерістер енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің 11.04.2019 № 57-ө өкімімен; ҚР Үкіметінің 01.10.2020 № 624 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары, төраға

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі департаментінің директоры, хатшы

      концессия жөніндегі конкурсты ұйымдастырушының бірінші басшысы, төрағаның орынбасары

      Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министрі

      Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаты (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты (келісім бойынша)

      Қазақстан Республикасының "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасының орынбасары (келісім бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
2018 жылғы 11 мамырдағы
№ 59-ө өкіміне
қосымша

Ерекше маңызы бар концессиялық жобалар жөніндегі комиссия туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Ерекше маңызы бар концессиялық жобалар жөніндегі комиссия (бұдан әрi – Комиссия) Қазақстан Республикасының Үкiметi жанындағы консультативтiк-кеңесшi орган болып табылады.

      2. Комиссия Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын ерекше маңызы бар концессиялық жобалар бойынша қызметті жүзеге асыру үшiн құрылады.

      3. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтiк құқықтық актілерін, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

      4. Концессия жөніндегі конкурстың тиісті ұйымдастырушысы Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

      Осы Ереженің 6-тармағының 6) тармақшасында көзделген мәселелер бойынша Комиссияның жұмыс органы мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті орган болып табылады.

      5. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

2. Комиссияның мiндеттері

      6. Комиссияның мiндеттерi:

      1) конкурсқа қатысушылар ұсынған барлық концессиялық өтінімдерді қарау және іріктеу;

      2) үздік концессиялық өтінімді анықтау;

      3) концессиялық өтінімі үздiк деп танылған конкурсқа қатысушымен концессиялық жобаны және концессиялық шарт талаптарын нақтылау бойынша келiссөздер жүргізу;

      4) концессиялық жобаларды ерекше маңызы бар концессиялық жобалардың тізбесіне (бұдан әрі – тізбе) қосу не ерекше маңызы бар концессиялық жобаларды тізбеден алып тастау туралы ұсыныстар әзірлеу;

      5) жасалған концессия шарттарын ұзарту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      6) концессиялық жобаларды іске асырудың проблемалық мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу болып табылады.

3. Комиссия қызметін ұйымдастыру және оның жұмыс тәртібі

      7. Комиссияның қызметін ұйымдастыру және оның жұмыс тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 16 наурыздағы № 247 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы консультативтік-кеңесші органдар мен жұмыс топтарын құру тәртібі, қызметі мен таратылуы туралы нұсқаулыққа сәйкес жүзеге асырылады.