2014 жылы Алматы қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан X әлем чемпионатын ұйымдастыру және өткізу туралы

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2013 жылғы 12 наурыздағы № 46-ө өкімі

      1. Қоса беріліп отырған 2014 жылы Алматы қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан X әлем чемпионатын (бұдан әрі - чемпионат) дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің (бұдан әрі - ұйымдастыру комитеті) құрамы бекітілсін.
      2. Ұйымдастыру комитеті чемпионатты дайындауды және өткізуді қамтамасыз етсін.
      3. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігімен және «Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп, Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командасының дайындалуын және чемпионатта нәтижелі өнер көрсетуін қамтамасыз етсін.
      4. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі:
      1) чемпионатқа дайындалу және оның өткізілу барысын бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жария етуді қамтамасыз етсін;
      2) чемпионатты ұйымдастыруға және телехабарларды таратуды ілгерілетуге жәрдем көрсетсін.
      5. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қоғамдық тәртіптің сақталуын, ресми адамдар мен чемпионатқа қатысушылар тұратын және жарыстар өтетін жерлерде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етсін.
      6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп чемпионатқа қатысушыларға медициналық көмек көрсетуді қамтамасыз етсін.
      7. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен чемпионатты ұйымдастыру комитетінің шақыруы бойынша Қазақстан Республикасына жіберілетін чемпионатқа қатысушы шетелдік азаматтарға визалық қолдау көрсетсін және визалар беруді жүргізсін.
      8. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі чемпионатты ұйымдастыру комитеті ұсынған жарысқа қатысушылардың шығу кестесіне сәйкес чемпионатқа қатысушылардың теміржол және әуе көлігімен жол жүруі үшін орындарды брондауды қамтамасыз етуге жәрдем көрсетсін.
      9. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Кедендік бақылау комитеті Кеден одағының және Қазақстан Республикасының кеден заңнамасының ережелеріне сәйкес спорттық жабдықтар мен мүкәммалды кедендік бақылаудан өткізу және кедендік тазалау жүргізу кезінде жәрдем көрсетсін.
      10. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі (келісім бойынша) чемпионатқа қатысушыларға шекаралық бақылаудан жеңілдетілген тәртіппен өтуге жәрдем көрсетсін.
      11. Чемпионатты ұйымдастыру комитеті халықаралық өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың спорт федерациясымен келісім бойынша чемпионат өткізу кезеңінде допингке қарсы қызметтердің жұмысын ұйымдастырсын.
      12. «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы (келісім бойынша) чемпионатты өткізу бойынша қаржылай қолдау көрсетсін.
      13. Осы өкімнің орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігіне жүктелсін.

      Премьер-Министр                                    С.Ахметов

Қазақстан Республикасы 
Премьер-Министрінің  
2013 жылғы 12 наурыздағы
46-ө өкімімен    
бекітілген     

2014 жылы Алматы қаласында өрт сөндіру-құтқару спортынан X әлем чемпионатын дайындау және өткізу жөніндегі ұйымдастыру комитетінің құрамы

Божко                     - Қазақстан Республикасының Төтенше
Владимир Карпович           жағдайлар министрі, төраға

Есімов                    - Алматы қаласының әкімі, төрағаның
Ахметжан Смағұлұлы          орынбасары

Байжүнісов                - Қазақстан Республикасының Денсаулық
Эрик Әбенұлы                сақтау вице-министрі

Бектұров                  - Қазақстан Республикасының Көлік және
Азат Ғаббасұлы              коммуникация вице-министрі

Қырықбаев                 - Қазақстан Республикасының Мәдениет және
Арман Оразбайұлы            ақпарат вице-министрі

Смайылов                  - Қазақстан Республикасының Төтенше
Жанболат Амангелдіұлы       жағдайлар вице-министрі

Тұрғамбаев                - Қазақстан Республикасының Ішкі істер
Ерлан Заманбекұлы           министрінің орынбасары

Омаров                    - Қазақстан Республикасы Спорт және дене
Мұрат Ескелдіұлы            шынықтыру істері агенттігі төрағасының
                            орынбасары

Оқасов                    - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар
Сейітқажы Қажыкенұлы        министрлігінің аппарат басшысы

Әубәкіров                 - Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар
Серік Ғабдоллаұлы           министрлігі Өртке қарсы қызмет
                            комитетінің төрағасы

Бекжанов                  - Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік
Серік Рахметжанұлы          комитеті Шекара қызметі директорының
                            орынбасары (келісім бойынша)

Мулькин                   - Қазақстан Республикасы Қаржы
Сейітқали Жалмұхамедұлы     министрлігінің Кедендік бақылау комитеті
                            төрағасының орынбасары

Дәрімов                   - «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры»
Ерлан Қожабергенұлы         акционерлік қоғамының «СҚ-Астана»
                            корпоративтік қорының бас директоры
                            (келісім бойынша)

Микин                     - «Өрт сөндірушілер мен
Николай Федорович           құтқарушылардың спорт федерациясы»
                            қоғамдық бірлестігі атқарушы комитетінің
                            директоры (келісім бойынша)

Печеник                   - Алматы қаласының «Орталық стадион»
Олег Владимирович           мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының
                            директоры