Жинақтаушы зейнетақы қорлары зейнетақы қаржыларының кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылға 24 маусымдағы N 844 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 848 қаулысымен

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Келісім қолданысын тоқтатты - ҚР 24.12.2014 N 266-V Заңымен.

      Мәскеуде 1999 жылғы 26 ақпанда жасалған Кеден одағы және Біртұтас экономикалық кеңістік туралы шарт бекітілсін.

     Қазақстан Республикасының
     Президенті

                   Кеден одағы және біртұтас
                экономикалық кеңістік туралы
                          Шарт

      Бұдан былай Тараптар деп аталатын осы Шартқа қатысушы мемлекеттер;
      Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Экономикалық және гуманитарлық салалардағы интеграцияны тереңдету туралы 1996 жылғы 29 наурыздағы шартты, бұдан былай 1996 жылғы 29 наурыздағы Шарт деп аталады, оны iске асыру жөнiндегi бұрын жасалған келiсiмдердi Басшылыққа ала отырып, сондай-ақ интеграцияны басқару органдары қабылдаған шешiмдердi Ескере отырып;
      Еркiн сауда туралы, сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртiбi туралы, Кеден одағы туралы, ұлттық валюталардың өзара өтiмдiлiгi мен олардың бағамдарын тұрақтандыруды қамтамасыз ету туралы, қос салық салуды және табыстар мен капиталға салықтар төлеуден жалтаруды болдырмау туралы Тараптар арасында қол қойылған келiсiмдердi Орындай отырып;
      Қалыптасқан өндiрiстiк және ғылыми-технологиялық байланыстарды, экономиканың өзара тәуелдiлiлiгiн және өзара толықтыратынын Негізге ала отырып;
      Әлеуметтiк прогресс және халықтардың әл-ауқатын жақсарту мақсатында анағұрлым тығыз интеграцияны дамытуға, қатысушы мемлекеттердiң экономикаларын жақындастыруға жаңа серпiн беруге Бекем бел байлап;
      Қазiргi кедергiлер мен шектеулердi жою келiсiлген iс-қимылдарды, мемлекеттердiң нарықтық қатынастарының үйлесiмдi дамуын және шаруашылық жүргізушi субъектiлерге тең жағдайлар мен мүмкiндiктер туғызуды талап ететiнiн Тани отырып;
      Мемлекеттер мен халықтарды байланыстыратын достық қатынастарды Қуаттай отырып, Бiрiккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының, Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы Жарғысының 1993 жылғы 24 қыркүйектегi Экономикалық одақ құру туралы, шарттың принциптерiне, халықаралық құқықтың нормалары мен принциптерiне сүйенiп, мемлекеттер мен халықтардың гүлденуiн қамтамасыз етуге Тілек білдіре отырып;
     Тараптардың Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымының мүшелерi болуға ұмтылысын Ескере отырып;
     Мемлекеттердің егемендiгiн, аумақтық тұтастығын Құрмет тұта отырып және бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпауға Кепілдік бере отырып;
     Кеден одағын қалыптастыруды аяқтауға және Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құруға Бекем бел байлағандығын білдіре отырып, төмендегiлер туралы келiстi:
 
               I тарау. Ұғымдар мен терминдер 

                           1-бап 

      Осы Шарттың мақсаттары үшiн төменде келтiрiлетiн ұғымдар мен терминдердiң мынадай мағынасы бар:
      1) Бiртұтас экономикалық кеңестiк - нарықтық принциптерге және үйлестiрiлген құқықтық нормаларды қолдануға негізделген экономиканы реттеудiң бiр үлгідегi тетiктерi жұмыс iстейтiн, бiрыңғай инфрақұрылымы бар және тауарлардың, көрсетiлетiн қызметтердiң, капиталдың, сондай-ақ жұмыс күшiнiң еркiн айналысын қамтамасыз ететiн келiсiлген салық, ақша-несие, валюта-қаржы, сауда және кеден саясаты жүргiзiлетiн, Тараптардың аумақтарынан тұратын кеңiстiк;
      2) бiртұтас кеден аумағы - Тараптар Ортақ кеден тарифiн белгілеген, тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары қолданылатын, бiр жүйеге келтiрiлген кеден ережелерi жұмыс iстейтiн, кеден қызметтерiн бiрыңғай басқару қамтамасыз етілген және iшкi кеден шекарасында кедендiк бақылау алынып тасталған, Тараптардың кедендiк аумақтарынан тұратын аумақ;
      3) ортақ (ішкі) рынок - бiртұтас кеден аумағындағы экономикалық қатынастардың жиынтығы;
      4) ортақ кеден тарифi - Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығының сыртқы экономикалық қызметiнiң Бiрыңғай тауар номенклатурасына сәйкес жүйеленген, Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң кедендiк аумақтарына үшiншi елдерден әкелiнетiн тауарларға қолданылатын, әкелiнудегі кеден баждарының бiрыңғай ставкаларының келiсiлген тiзбесi;
      5) iшкi кеден шекарасы - бiр мезгiлде екiншi Тараптың кедендiк аумағының шектерi болып табылатын, Тараптардың әрқайсысының кедендiк аумағының шектерi;
      6) сыртқы кеден шекарасы (сыртқы периметрi) - Кеден одағына кiрмейтiн мемлекеттердiң аумақтарын Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтарынан бөлетiн, осы мемлекеттердiң бiртұтас кеден аумағының шектерi;
      7) жанама салықтар - қосымша құнға салынатын салық және тауарлар мен көрсетiлетiн қызметтерге арналған акциздер.
 
                    II тарау. Жалпы ережелер
  
                         2-бап
 
      Осы Шарттың ережелерiне сәйкес Тараптар Кеден одағын қалыптастыруды аяқтау және соның негiзiнде Бiртұтас экономикалық кеңiстiк құру туралы өздерiне мiндеттеме алады. 

                           3-бап 

     Бiртұтас экономикалық кеңістiктi қалыптастырудың негізгі мақсаттары мыналар болып табылады:
     тауарлардың, қызмет көрсетудiң, капитал мен еңбектiң ортақ (ішкі) рыногының тиiмдi жұмыс iстеуi;
     халықтардың тұрмыс деңгейiн арттыру мүддесiнде Тараптардың экономикасын құрылымдық қайта құруды тұрақтылықпен дамытуға жағдайлар туғызу;
     келiсiлген салық, ақша-несие, валюта-қаржы, сауда, кеден және тариф саясатын жүргiзу;
     бiртұтас көлiктiк, энергетикалық және ақпараттық жүйелердi дамыту;
     экономиканың басым салаларын, өндiрiстiк және ғылыми-технологиялық кооперацияны дамытуға мемлекеттiк қолдау көрсету шараларының ортақ жүйесiн жасау. 

                           4-бап 

     Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi қалыптастырудың аса маңызды принциптерi мыналар болып табылады:
     кемсiтпеушiлiк принципi;
     өзара тиiмдiлiк принципi;
     өзара көмек, ерiктiлiк, тең құқылық, қабылдаған мiндеттемелер үшiн жауапкершiлiк, ашықтық сияқты ортақ (әмбебап) принциптер.

                           5-бап

      Кеден одағын және Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi қалыптастыруды интеграцияны басқарудың төмендегiдей органдары қамтамасыз етедi:
     - Мемлекетаралық Кеңес,
     - Үкiмет басшыларының Кеңесi,
     - Интеграциялық Комитет,
     - Парламентаралық Комитет.
     Интеграцияны басқарудың әрбiр органы осы орган туралы Ережеде белгiленген өкiлеттiктерiнiң шеңберiнде жұмыс iстейдi.
     Мемлекетаралық Кеңестiң шешiмi бойынша интеграцияны басқарудың басқа да органдары құрылуы мүмкiн.

                           6-бап

     Қатысушы мемлекеттер Кеден одағын және Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi қалыптастыру жөнiндегі экономикалық саясатты 1996 жылғы 29 наурыздағы Шарттың ережелерiне, Тараптар арасында жасалған келiсiмдердiң және оны iске асыру жөнiндегi қабылданған шешiмдерге сәйкес келiседi.
      Тараптар осы Шарттың мақсаттарына қол жеткiзуге қатер төндiруi мүмкiн кез келген iс-әрекеттен тартынуға мiндеттенедi.
 
                           7-бап 
 
      Бiртұтас экономикалық кеңiстiк кезең-кезеңiмен қалыптасады. Кезендердiң ұзақтығын, осы кезеңдердiң әрқайсысындағы iс-шаралардың жиынтығын және оларды iске асыруды Мемлекетаралық Кеңес айқындайтын болады.
      Бiр кезеңнен екiншi кезеңге көшу осы Шарттың ерекшелiгi бар мақсаттарына iс жүзiнде қол жеткiзуге және ол бойынша Тараптар қабылдаған мiндеттемелердiң орындалуына байланысты болады.
      Алғашқы кезең Кеден одағын және бiртұтас кеден аумағын қалыптастыруды аяқтауды мақсат етедi.
     Екiншi кезең тауарлардың, қызмет көрсетудiң, капитал мен еңбектiң ортақ (iшкi) рыногын қалыптастыруды, ортақ экономикалық саясат жүргiзудi және бiрыңғай инфрақұрылымды құруды, Бiртұтас экономикалық кеңiстiктiң жұмыс iстеуiн қамтамасыз ететiн Тараптардың заңдарын үйлестiрудi аяқтауды қамтитын Бiртұтас экономикалық кеңiстiктi құруды көздейдi.
     Экономикалық ынтымақтастықтың келесi кезеңдерiнде Тараптар негізгi макроэкономикалық көрсеткiштердің параметрлерiн келiсуге ұмтылатын болады.

        III тарау. Кеден одағын қалыптастыруды аяқтау 

         I бөлім. Тауарлармен еркін сауда режимі

                           8-бап
 
      Тараптар өзара сауда-саттықта еркiн сауда туралы Тараптар арасындағы қолданылып жүрген екi жақты және көп жақты келiсімдердiң негiзiнде алып тастауларсыз және шектеулерсiз тауарлармен еркiн сауда режимiн толық көлемде iске асыруды қамтамасыз етедi.
 
                           9-бап 
 
      Тараптар тауарлармен еркiн сауда режимiнде жұмыс iстеудің төмендегідей мақсаттарын жариялайды:
      а) бiр Тараптың кедендiк аумағынан шыққан және екiншi Тараптың кедендiк аумағына әкетiлетiн (әкелiнетiн), сондай-ақ Тараптардың кедендiк аумағында еркiн айналысқа арналған тауарларға қатысты тарифтiк және сандық шектеулердi қолданбау;
      б) жанама салықтарды өндiріп алудың бiрыңғай жүйесiн қолдану;
      в) жалпыға бiрдей қабылданған нормалар мен ережелерге немесе ұлттық заңдарына сәйкес бiр Тараптың екiншi Тараптан тауарлар әкелуiне қатысты қорғау шараларын уақытша қолдануына ештеңе де кедергі келтiрмейдi;
      г) Тараптардың келiсiмiнсiз олардың бiр-бiрiне өзара жасайтынынан анағұрлым қолайлы сауда режимiн осы Шарттың қатысушысы болып табылмайтын кез келген үшiншi мемлекетке жасамауы;
      д) шаруашылық жүргізушi субъектiлердiң әрекетiнен туындаған немесе жалпы мемлекеттiк және аумақтық органдардың араласуынан туындаған бәсекелестiктi шектеудi - бұл Тараптардың шаруашылық жүргізушi субъектiлерiнiң өзара саудасына қаншалықты ықпал ететiн болса, соншалықты деңгейде жою;
      е) екiншi Тараптың кедендiк аумағынан шығатын ұқсас тауарлармен салыстырып қарағанда Тараптардың бiрiнiң кедендiк аумағынан шығатын тауарға қатысты тiкелей немесе жанама түрде кемсiтушiлiкке әкелiп соғуы мүмкiн шектеу не фискалдық сипаттағы қандай да болсын шараларды (оның iшiнде ұжымдық) Тараптардың өзара қолданбауы.
 
                           10-бап 
 
      Тараптар өз аумақтарындағы жергiлiктi не аймақтық сипаты бар және тауарлармен еркiн сауда жасау режимiнiң қалыпты жұмыс iстеуiне қиындық келтiретiн әкiмшiлiк, фискалдық кедергiлердi жою үшiн қажеттi күш-жiгер жұмсайды.
      Аталмыш Шарттың осы бабының мақсаттары үшiн келуге, болуға, жұмысқа, фирмалар, компаниялар құруға, жеке және заңды тұлғалардың қызмет көрсетуiн жүзеге асыруға қатысты Тараптардың ұлттық заңдарын қолдануына ештеңе де кедергі келтiрмейдi. Бұл орайда олар режимдi осы Шартқа байланысты кез келген Тарап алатын артықшылықтың күшiн жоюға немесе шектеуге әкелiп соқпайтындай сипатта қолданады.
 
        II бөлiм. Тауарлардың сыртқы саудасын реттеу 
 
                            11-бап
 
     Тараптар Кеден одағы туралы келiсiмдер жөнiндегі мiндеттемелерi шеңберiнде және осы Шарттың күшiне енетiн күнi Тараптар арасында қолданылып жүрген, сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртiбi туралы екi жақты келiсiмдерде көзделген нормалар мен ережелердi үйлестiру арқылы сыртқы сауда қызметiн реттеудiң бiрыңғай тәртiбiн белгiлейдi. 

                            12-бап
 
     Сыртқы сауда қызметiн реттеудің бiрыңғай тәртiбi және оның үйлесiмдi сипатта өзгеруi мен толықтырылуы жөнiндегi келiсілген шешiмдердi қабылдау мынадай салаларды қамтиды:
     1) сыртқы сауда қызметiн тарифтiк реттеу;
     2) үшiншi елдермен сауданы реттеудiң тарифтiк емес шаралары;
     3) үшiншi елдермен қарым-қатынаста сауда режимiн белгiлеу;
     4) үшiншi елдермен сыртқы сауда операцияларына жанама салық салу;
     5) сыртқы сауда операцияларын валюталық реттеу.
 
                            13-бап
 
      Тараптар Үкiмет басшылары кеңесiнiң "Кеден одағы туралы келiсiмдерге қатысушы мемлекеттердiң ортақ кеден тарифi туралы" 1998 жылғы 22 қаңтардағы N 2 Шешiмiн дамыту үшiн тиiстi келiсiмдер жасасады.
      Тараптар, үшiншi елдермен сауда-саттықта тарифтiк жеңiлдiктердiң және тарифтiк артықшылықтардың келiсiлген жүйесiн, оған өзгерiстер мен толықтырулар енгiзудiң бiрыңғай тәртiбiн қоса алғанда қолданады.
      Тараптар барабар күшi бар кедендiк баждарды, салықтарды және алымдарды өндiрiп алу мен олардың түсiмдерiнiң тәртiбi жекелеген келiсiмдермен анықталатын болады деп уағдаласты.
      Жоғарыда аталған келiсiмдердi әзiрлеу кезiнде Тараптар қабылданған шешiмдердi және осы мәселелер бойынша екi жақты сондай-ақ көп жақты негізде Тараптар қол жеткiзетiн кейiнгi уағдаластықтарды ескеретiн болады.
 
                            14-бап 
 
      Тараптар үшiншi елдермен сауда-саттық жасауда тарифтiк емес реттеу шараларының бiрыңғай тәртiбiн қолдануды сақтайды және осы мақсаттарда 1997 жылғы 22 қазанда Кеден одағын қалыптастыру кезiнде тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы келiсiмдi толық көлемде қолданады.
      Сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртiбi Тараптардың қару-жарақпен, әскери техникамен және әскери мақсаттағы өзге де өнiмдермен, ядролық материалдармен, жабдықтармен, арнайы ядролық емес материалдармен және тиiсiнше технологиялармен, сондай-ақ Кеден одағын қалыптастыру кезiндегi тарифтiк емес реттеудiң бiрыңғай шаралары туралы келісiмнiң 5-бабында көрсетiлген қосарланған мақсаттағы тауарлармен және технологиялармен сауда-саттығына қолданылмайды. Осы мақсатта Тараптар жеке Келiсiм жасасады.
 
                            15-бап 
 
      Yшiншi елдермен тауарлармен сауда-саттық жасауға қатысты Тараптар бiрыңғай сауда режимiн кезең-кезеңiмен белгілеу жөнiнде келiсiлген iс-қимыл қолданады.
      Уақытша шектеулер енгiзу немесе оларды алып тастауды қоса алғанда, үшiншi елдерге қатысты сауда режимiн өзгертудi, тауарлармен сауда-саттықта тарифтiк және тарифтiк емес шектеулердi енгізудi не алып тастауды Тараптар, әдетте, бiр мезгілде жүргізедi. Осы мақсатта Тараптар тиiстi хаттамаларға қол қояды.
      Тараптардың бiрiнiң еркiн сауда режимi туралы келісiмi бар елдермен сауда-саттығы болса, ол Тарап осы Шарттың басқа да Тараптарымен еркiн сауда режимiндегi тауарларды алып тастау және шектеу тiзбесiн не сауда режимдерiнiң қалыптасқан сәйкессiздiгiнен туындайтын өтемақылардың нысандарын келiседi.
      Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына қосылу жөнiндегi Тараптардың дербес келiссөздерi, олардың халықаралық экономикалық және қаржылық құрылымдарға кiрiгу процесi сауда режимдерiн кезең-кезеңiмен үйлестiрудi қамтамасыз етудегi ұмтылыстарында еңсерiлмес кедергі болмауға тиiс.
      Келiссөздер айқындамаларын қажеттi деңгейде келiсуге қол жеткiзу мақсатында Тараптар 1997 жылғы 3 маусымдағы Дүниежүзiлiк Сауда Ұйымына кiру кезiндегi Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң халықаралық сауда келiссөздерi туралы хаттамасында және Мемлекетаралық Кеңестiң 1998 жылғы 28 сәуiрдегі N 27 шешiмiнде көзделген тұрақты консультациялар тетiгiн тиiмдi пайдаланатын болады.
 

                            16-бап 
 
      Тараптар үшiншi елдермен сауда-саттықта жанама салықтарды өндiрiп алудың бiрыңғай жүйесiн қолданады.
      Экспортталатын және импортталатын тауарларға арналған жанама салықтардың ставкалары ұлттық өндiрiс тауарларына салынатын осы тақылеттi ставкалардан артық болмайды.
      Тараптар үшiншi елдермен сауда-саттықта тауар тағайындалатын елдiң принципiн негiзге алып, жанама салықтарды өндiрiп алуға көшедi.
      Үшiншi елдермен сауда-саттықта тауарлар әкелу және әкету кезiнде Тараптар қосымша құнға арналған ставкаларға және одан салық өндiрiп алудың тәртiбiне, сондай-ақ акциздiк тауарлар жөнiндегi акциздерге қатысты бөлiгiнде жеке дара салық жеңiлдiктерiн беруден тартынатын болады.
      Үшiншi елдердiң тауарларымен сауда операцияларын жүзеге асыратын резиденттерге және резидент еместерге салық ставкаларын қолдануға және салықтарды өндiрiп алуға, берiлетiн салық жеңiлдiктерiне қатысты Тараптардың кез келгенi екiншi Тараптан ақпарат талап етуге және оны отыз күнтiзбелiк күн iшiнде алуға құқылы.
 
                             17-бап 
 
      Тараптар төлем балансының ағымдағы және күрделi операциялары жөнiндегi басқа да ақпаратты қоса алғанда, осы салада қатысушы мемлекеттердiң қолданылып жүрген заңдарының мониторингiне, орталық (ұлттық) банктердiң арасындағы тұрақты ақпарат алмасуға негізделген сыртқы сауда операцияларын валюталық реттеудiң келiсiлген тәртiбiн қолданады.
      Одан әрi Тараптар валюталық бақылаудың ортақ жүйесiн қолдану туралы жеке келiсiмдi талдап жасайды.
 
                             18-бап 
 
      Тараптар сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртiбi Тараптардың ағымдағы және ұзақ мерзiмдi сыртқы сауда-саттықтағы, экономикалық мүдделерiн және әлеуеттерiн ескере отырып, заңдарды бiр жүйеге келтiру деңгейiне қарай белгіленетiн болады деп қуаттайды.
      Осы Шарттың 12-бабында көрсетiлген салаларда сыртқы экономикалық қызметтi реттеудің бiрыңғай тәртiбiнiң барлық өзгерiстерi мен толықтырулары Тараптар үкiметтерi шешiмдерiнiң жобалары кезеңiнде Тараптардың келiсiмi бойынша енгiзiледi.
      Тараптар жалпы жұрт таныған халықаралық нормаларға және ережелерге сәйкес үшiншi елдермен сауда-саттықта жеке дара уақытша шектеулер енгізуге құқылы.
      Мұндай шаралардың уақытша сипаты болады және Тараптар белгiлеген рәсiмдерге сәйкес қолданылады.
 
                             19-бап 
 
      Тараптар алып тастауларсыз және шектеулерсiз өзара негiзде еркiн сауда режимiн орнықтыру үшiн маңызды негіз және қажеттi шарт ретiнде сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртiбiн қолдануды қарастырады.
      Осы Шарттың 11-18 баптарында көзделген сыртқы экономикалық қызметтi реттеудiң бiрыңғай тәртiбi режимiнен Тараптардың бiрiнiң шығуын Тарап немесе Тараптар осы Тарапқа қатысты алып тастауларсыз және шектеулерсiз еркiн сауда режимінiң қолданысын тоқтату туралы мәселенi қозғау үшiн негіз ретiнде қарастыруы мүмкiн.
 
                    3 бөлiм. Кеден одағы 
 
                             20-бап 
 
      Тараптар Кеден одағын қалыптастыруды аяқтауды қамтамасыз етудегi өздерiнiң ұмтылысы еркiн сауда режимiнiң жұмыс iстеуiнiң базасына, сыртқы сауда қызметiн реттеудiң бiрыңғай тәртiбiн кезең-кезеңiмен орнықтыруға және Кеден одағы туралы келiсiмнiң принциптерi мен ережелерiнен туындайтын мiндеттемелердi орындауға негізделедi деп қуаттайды.
 
                             21-бап 
 
      Тараптар жалпы жұрт таныған халықаралық нормалар мен ережелерге сәйкес сауда-экономикалық бiрлестiк ретiнде Кеден одағын құрады, оның құрамында мыналар болады:
      а) бiртұтас кеден аумағы;
      б) ортақ кеден тарифi;
      в) осы Шартта көзделген жағдайларды қоспағанда, өзара сауда-саттықта қандай да болсын тарифтiк және тарифтiк емес шектеулерге (лицензиялауға, квоталауға) жол бермейтiн режим;
      г) iшкi кеден шекараларында кедендiк бақылауды жеңiлдету және кейiнiрек одан бас тарту;
      д) шаруашылық жүргiзудiң жан-жақты нарықтық принциптерiне және үйлестiрiлген экономикалық заңдарға негізделетiн экономикалар мен сауданы реттейтiн бiр үлгідегi тетiктер;
      е) басқару органдары;
      ж) бiрыңғай кеден саясатын және бiрыңғай кеден режимдерiн қолдану.
      Кеден одағын қалыптастыру кезеңiнде оның атқарушы органы Интеграциялық Комитет болып табылады.
 
                             22-бап
 
      21-бапта көзделген ережелердi орындағаннан кейiн бiрыңғай кеден аумағына үшiншi елдерден әкелiнген және қатысушы елдердің бiрiнде еркiн айналыс үшiн шығарылған тауарлардың iшкi кеден шекаралары арқылы орын ауыстыруы шектелмейтiн болады.
      Тараптар үшiншi елдерден шығатын тауарларға қатысты кедендiк ресiмдеу мен бақылаудың нормалары мен ережелерiн бiр жүйеге келтiредi және iшкi кеден шекараларында кедендiк ресiмдеу мен бақылауды жеңiлдету және кейiн оларды алып тастау туралы тиiстi құжаттарға қол қояды.
      Кеден одағының iшкi шекарасы арқылы жеке тұлғалар алып өтетiн тауарларды кедендiк ресiмдеу кезiнде Тараптар 1998 жылғы 22 қаңтардағы Кедендiк ресімдеудің жеңiлдетiлген тәртiбi туралы хаттаманы басшылыққа алатын болады және одан әрi iшкi кеден шекараларында тауарларды кедендiк ресiмдеу мен кедендiк бақылауды алып тастайды. Осы мақсатта Тараптар тиiстi құжаттарға қол қояды.
 
                             23-бап 
 
      Тараптар жалпы жұрт таныған нормалар мен ережелердi ескере отырып, Кеден одағын қалыптастыруды аяқтаудың уақыт шектерiн қосымша уағдаластықтарымен айқындайды.
      Үшiншi елдермен сауда режимдерiн орнатқан жағдайда Тараптар Кеден одағын қалыптастыратын Тараптардың пайдасына анағұрлым қолайлы режимнен алып тастау жолымен бiр-бiрiне артықшылық берiлетiн режимдi қамтамасыз етедi.
 
                             24-бап
 
     Тараптар Тараптардың кедендiк аумақтарын ол үшiн қажеттi құқықтық, экономикалық және халықаралық жағдайлар жасауды аяқтағаннан кейiн бiртұтас кеден аумағына бiрiктiрудi қамтамасыз етедi.
     Осы мақсатта Тараптар бiртұтас кеден аумағының жұмыс iстеу тетiктерiн реттейтiн Кеден одағын құруды аяқтау туралы шарт жасасуға уағдаласты.
 
        IV тарау. Біртұтас экономикалық кеңістік құру 
 
           4 бөлiм. Ортақ экономикалық саясат және
                        инфрақұрылымды дамыту
 
                             25-бап
 
     Тараптар өндiрiстiк әлеуеттi тиiмдi пайдалануды, қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруды, тиiмдiлiгi жоғары өндiрiстердi қолдауды, монополияға қарсы, салықтық және қаржылық келiсiлген саясат жүргiзудi, сондай-ақ Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде адал ниеттi бәсекелестiк үшiн жағдайлар туғызуды қамтамасыз ететiн қатысушы мемлекеттер экономикаларының негiзгі бағыттарын және оларды құрылымдық қайта құру кезеңдерiн келiседi.
 
                             26-бап
 
      Тараптар осы Шартқа қатысушы мемлекеттердiң тұрақты экономикалық дамуы үшiн қажеттi жағдайлар жасайды, өздерiнің басымдық берiлетiн салалары мен өндiрiстерiн келiсiлген мемлекеттiк қолдауды, қорғаныс кешенi кәсiпорындарын тиiмдi түрде конверсиялауды және реформалауды жүзеге асырады.
 
                             27-бап 
 
      Кейбiр кәсiпорындарға немесе тауарлардың жекелеген түрлерiнiң өндiрiсiне анағұрлым қолайлы жағдайлар жасау жолымен бәсекелестiктiң тәртiбiн бұзатын немесе бұзу қаупiн туғызатын қатысушы мемлекет дотация түрiнде немесе мемлекеттiк ресурстар есебiнен табыс ететiн жәрдемақының (көмектiң) түрлi нысандары Тараптардың арасындағы сауда-саттыққа қаншалықты ықпал етсе, соншалықты деңгейде Бiртұтас экономикалық кеңiстiк принциптерiне сыйыспайтын әрекет ретiнде қаралады, оған мына жағдайлар жатпайды:
      кемсiтушiлiксiз берiлетiн жағдайда жеке дара тұтынушыларға көрсетiлетiн әлеуметтiк сипаттағы көмектер;
      табиғи апаттар және қандай да болсын табиғи немесе техногендiк сипаттағы басқа да төтенше оқиғалар келтiрген зиянның орнын толтыру мақсатындағы көмектер;
      әрбiр Тарап белгiлейтiн, тиiстi мемлекеттегі күнкөрiстiң ең төменгi деңгейiнен төмен аймақтарды немесе жұмыспен аз қамтылған аймақтарды әлеуметтiк-экономикалық дамытуға жәрдемдесу мақсатындағы жәрдемақылар;
      мемлекетаралық маңызы бар немесе қатысушы мемлекеттiң экономикасындағы елеулi бұрмалаушылықты түзетуге қызмет ететiн жобаны жүзеге асыруға жәрдемдесу мақсатындағы жәрдемақылар;
      Мемлекетаралық Кеңестiң шешiмiмен белгіленуi мүмкiн жәрдемақылардың (көмектердің) басқа да түрлерi.
 
                              28-бап 
 
      Тараптар өзара сауда-саттықта тағайындалатын ел принципi бойынша жанама салықтарды өндiрiп алудың бiрыңғай жүйесiн қолданатын болады, ол үшiн тиiстi келiсiм жасасады.
      Өзара сауда-саттықтағы импортталатын тауарларға жанама салықтардың ставкалары iшкi өндiрiстiң осы тақылеттi тауарларына салынатын салықтардың ставкаларынан артық болмауға тиiс.
 
                              29-бап 
 
      Келiсiлген акциздiк саясатты жүргізу мақсатында Тараптар қатысушы мемлекеттердің кедендiк аумақтарында өндiрiлетiн және оларға әкелiнетiн, акцизделуге жататын тауарлардың базалық тiзбесiн ұстанатын болады.
 
                              30-бап 
 
      Тараптар салықтарды жинаудың толықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ осы Шартқа қатысушы мемлекеттердiң салық органдары арасында ақпарат алмасу мақсатында 1998 жылғы 25 наурыздағы Ынтымақтастық пен Тараптардың салық заңдарын сақтау мәселелерi бойынша өзара көмек туралы келiсiмнiң және Үкiмет басшылары кеңесiнiң 1998 жылғы 22 қаңтардағы N 4 Шешiмiнiң ережелерiн 1996 жылғы 29 наурыздағы Шартқа қатысушы мемлекеттердiң салық қызметтерiнiң өзара iс-әрекетiнiң принциптерi негiзiнде жүзеге асырады.
 
                              31-бап
 
      Тараптардың экономикаларын мемлекеттiк реттеу институционалдық қайта құруларды жүргiзуге, меншiктi тиiмдi басқаруға, экономика салаларының банк секторымен қарым-қатынастарын реттеуге, қаржы құралдарын тартудың жаңа тетiктерiн жасауға, мемлекетаралық есеп айырысуларды тәртiпке келтiруге бағытталады.
 
                              32-бап 

      Тараптар мемлекеттердiң экономикалық мүдделерiн ескере отырып, тиiмдi өзара толықтыратын өндiрiстердi жасауға жәрдемдесетiн болады.
 
                              33-бап
 
     Тараптар бiр немесе бiрнеше шаруашылық жүргізушi субъектiлердiң өз басым жағдайын терiс пайдалануына жол бермеу үшiн шаралар қабылдайды, олар:
      жосықсыз бәсекелестiк әдiстерiн пайдалануға;
      өндiрiстi, рыноктарды немесе техникалық дамуды тұтынушыларға зиян келтiретiндей шектеуге;
      сауда-саттық жүргiзетiн басқа әрiптестермен бағасы теңдей мәмiлелерге бiрдей емес шарттарды, оларды осылайша тиiмсiз жағдайларға мәжбүр ете отырып, қолдануға кедергі болады.
      Демпингтiк практика анықталған жағдайда жәбiр көрген Тарап Тараптармен келiсе отырып, ұлттық заңдарда белгiленген тиiстi қорғану шараларын қабылдауға құқы бар.
 
                              34-бап 
 
      Тараптар 1998 жылғы 22 қаңтардағы Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы арасындағы Көлiк одағын құру туралы келiсiмге сәйкес Көлiк одағын құрады.
      Тараптар Көлiк одағын өзара келісiлген технологиялар мен өлшемдер негiзiнде және бiр жүйеге келтiрілген нормативтiк-құқықтық базаның негізiнде қызмет атқаратын, Тараптардың көлiк кешендерiнiң интеграцияланған жүйесi ретiнде белгiлейдi.
     Көлiк одағын құру интеграциялық процестердiң тереңдеуiне қарай кезең-кезеңiмен жүзеге асырылады және Тараптар арасында көлiк құралдарының кедергiсiз қозғалуы, жолаушылар мен жүк тасымалдарын және олардың аумақтары арқылы тауарлар транзитiн жүзеге асыру үшiн құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайларды қамтамасыз ету жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыруды көздейдi.
      Қатысушы мемлекеттердiң Көлiк одағын қалыптастыру екiншi кезең iшiнде аяқталады.
 
                               35-бап 
 
      Тараптар транзиттi 1998 жылғы 22 қаңтардағы Кеден одағына қатысушы мемлекеттердiң аумақтары арқылы Транзиттiң бiрыңғай шарттары туралы келiсiмге сәйкес жүзеге асыратын болады.
 
                              36-бап 
 
      Қатысушы мемлекеттер келiсiлген аграрлық саясатты жүргiзедi, Тараптармен келiсiлген тiзiлiмге сәйкес ауыл шаруашылығы өнiмдерi мен шикiзат өндiрудi дамытуды қамтамасыз ететiн бағдарламалар мен жобаларды бiрлесiп қаржыландыруды жүзеге асырады.
      Ортақ аграрлық саясатты жүргізу кезiнде Тараптар:
      - Шартқа қатысушы мемлекеттердiң азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету қажеттiлiгін;
      - ауыл шаруашылығының өндiрiстiк және әлеуметтiк құрылымына, сондай-ақ Тараптардың табиғи ерекшелiктерiне байланысты ауыл шаруашылығы қызметiнiң айрықша сипатын;
      - ауыл шаруашылығы өндiрiсiнiң құрылымын жетiлдiру қажеттiгiн ескередi.
 
             5 бөлiм. Қызмет көрсетулердің ортақ рыногы
 
                              37-бап
 
      Қатысушы мемлекеттер бiр бiрiне өзара негiзде қызмет көрсетулер рыногына шығудың ұлттық режимiн жасауға ұмтылатын болады.
      Тараптар осы Шартқа қатысушы мемлекеттердiң заңды және жеке тұлғалары үшiн Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде ұлттық рыноктарға шығуға қазiргі бар шектеулердi бiртiндеп жояды.
      Тараптар осы мақсаттарда Бiртұтас экономикалық кеңiстiк шеңберiнде қызмет көрсетулердiң сауда-саттығын дамытудың ортақ бағдарламасын қабылдайды, оны дайындау кезiнде олар жалпы жұрт таныған халықаралық нормалар мен ережелердi ұстанатын болады.
 
                              38-бап 
 
      Тараптар үшiншi елдерге қатысты қызмет көрсетулер сауда саттығының келiсiлген саясатын жүргізетiн болады.
      Yшiншi елдермен қызмет көрсетулер саудасының режимiн орнату кезiнде Тараптар Кеден одағын қалыптастыратын,
      Тараптардың пайдасына қарай әлдеқайда қолайлы режимнен алып тастаулар жолымен бiр-бiрiне преференциялдық режим жасайды.
 
       6 бөлім. Еңбектің ортақ рыногы және әлеуметтік саясат 
 
                              39-бап 
 
      Тараптар қатысушы мемлекеттер азаматтарының Бiртұтас экономикалық кеңiстiк iшiнде еркiн жүріп-тұруларын қамтамасыз етедi.
      Еркiн жүрiп-тұру Тараптардың азаматтарына қатысты кез келген кемсiтушiлiктi болдырмауды және жұмысқа орналастыру, сыйақы, еңбек және жұмыспен қамтудың басқа да жағдайлары бөлiгiнде бiр жүйеге келтiрiлген құқықтық режимдi жасауды көздейдi.
      Бұл:
      - еңбек ете жүрiп Тараптардың аумақтары арқылы еркiн жүрiп-тұрудың;
      - азаматтықты қабылдау мен одан шығу процедураларын мейлiнше оңайлатудың;
      - Тараптардың кез келгенiнiң аумағында тұрақты тұратын Тараптар азаматтарына тұрақты тұратын ел азаматтарының мәртебесiне барынша жақындастырылған құқықтық мәртебе берудiң;
      - Тараптардың бiрiнiң азаматының паспорты бойынша олардың шекараларын еркiн кесiп өтудi және аумақтарында болудың;
      - қатысушы мемлекеттер шекаралары арқылы шетел валютасын және жүктi бажсыз алып өту жөнiнде бiрыңғай нормаларды белгілеудiң;
      - олардың шекараларын кесiп өту кезiнде қатысушы мемлекеттердiң азаматтарына қатысты ұлттық режимдердi қолданудың;
      - қатысушы мемлекеттердің бiрiнде, осы мемлекет азаматтарының жұмыспен қамтамасыз етiлуiн реттейтiн заңдарына сәйкес еңбек ете жүрiп, сонда болудың;
      - қатысушы мемлекеттердiң бiрiнiң аумағында осы мемлекеттегi жұмысты аяқтағаннан кейiн қалудың мүмкiндiктерiн көздейдi.
      Осы мақсаттарда Тараптар тиiстi келiсiмдерге қол қояды.
 
                              40-бап 
 
      Тараптар қатысушы мемлекеттер аумақтарында еңбек ететiн азаматтардың еңбек өтiлi жалпы еңбек өтiлiне, соның iшiнде зейнетақы мен жәрдемақылар да есептелетiнiне уағдаласты.
 
                              41-бап 
 
      Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптармен келiсiмсiз осы Шартқа қол қойылған күннен бастан басқа қатысушы мемлекеттердiң азаматтары үшiн олардың аумақтарында тұрақты мекенiн таңдау және экономикалық қызмет жүзеге асыру құқығына қосымша шектеулердi енгiзбеу мiндеттемелерiн алады.
      Тараптар қатысушы мемлекеттер азаматтарының бiр-бiрiнiң аумақтарында заңды тұлға құру құқығын қоса алғанда, олардың тұрақты мекенiн таңдау және экономикалық қызметтi жүзеге асыру құқығына шектеулердi кезең-кезеңiмен жоятын болады.
 
                              42-бап
 
     Тараптар үшінші елдерге қатысты, соның ішінде бақылаусыз көшi-қонды болдырмау мақсатында бiрыңғай визалық саясатты жүргiзетiн болады. Бұл мақсаттарда Тараптар тиiстi келiсімдер жасасады.
 
                              43-бап
 
     Тараптардың әрқайсысы басқа Тараптардың азаматтарына осы мемлекеттердiң аумақтарында болған кезде тегiн жедел медициналық жәрдем көрсететiн болады. Тараптар осы мақсатта тиiстi келiсiмдер жасасады.

                              44-бап

     Интеграциялық Комитет Тараптардың үкiметтерiмен бiрлесiп iс-әрекет жасау барысында, әлеуметтiк салаға қатысы бар проблемаларды зерделейдi және талдайды, ал нәтижелерi бойынша Үкiмет басшылары кеңесiне мынадай мәселелер бойынша қорытындылар мен ұсынымдар бередi:       - жұмыспен қамту;
     - еңбек заңдары мен еңбек жағдайлары;
     - кәсiби бiлiм беру мен бiлiктiлiктi арттыру;
     - әлеуметтiк қорғаудың ең төменгi стандарттарын әзiрлеу;
     - өндiрiстегі жазатайым оқиғалар мен кәсiби науқастардың алдын алу;
     - еңбек гигиенасы;
     - кәсiби бiрлестiктер құруға және ұжымдық шарттарды жасасуға құқықтар.
 
                              45-бап
 
      Тараптар бiлiм берудiң, бiлiктiлiктi арттырудың, кадрларды даярлау мен қайта даярлаудың келiсiлген жүйесiн, жалпы бiлiм беру және кәсiби даярлау мектептерiне, жоғары оқу орындарына, аспирантураларға түсудiң бiрыңғай ережелерi мен шарттарын жасауды, сондай-ақ бiлiм, ғылыми атақтар мен дәрежелер туралы құжаттарды өзара тану мен баламалылығын қамтамасыз етедi.
 
                  7 бөлiм. Капиталдың қозғалысы
 
                              46-бап
 
      Тараптар ұлттық валюталардың өзара өтiмдiлiгі жөнiндегi келiсiмдердi iске асыра отырып, ағымдағы операциялар бойынша басқа мемлекеттердiң валюталарын пайдалануға шектеулердi алып тастау, төлем балансының ағымдағы операциялары бойынша ұлттық валютаның бiрыңғай айырбастау бағамын енгiзу, резидент емес банктердi iшкi валюта рыноктарына жiберу, өкiлеттi банктердiң ұлттық валютаны әкелуi және әкетуi үшiн шектеулердi алып тастау бөлiгiнде валюта саясатын дәйектiлiкпен ырықтандыруды жалғастырады және Халықаралық Валюта Қоры Жарғысының 8-бабына қосылады. Ұлттық валюта-қаржы жүйелерiнiң өзара iс-қимылын қамтамасыз ету жөнiндегі шараларды iске асыру және осы iс-шараларды аяқтау мақсатында Тараптар тиiстi хаттамаларға қол қояды.
 
                              47-бап
 
     Тараптар қосарланған салық салуды болдырмау және табыс пен капиталға салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы келiсiмнiң ережелерiн iске асырады.
 
                              48-бап
 
     Тараптар ұлттық валюталардың валюталық бағамын белгiлеудiң тетiгiн келiседi.
 
                              49-бап
 
     Тараптар мемлекетаралық және кәсiпкерлiк салалардағы тауар айналымы, саудаға жатпайтын операциялар, көлiк, байланыс және басқа салалардың қызмет көрсетулердегі тауар айналымы бойынша, сондай-ақ мемлекеттік, банктiк және коммерциялық несиелер, валюталық айырбастау операциялары жөнiндегi есеп айырысуларға қызмет көрсетулер үшiн қатысушы мемлекеттердiң төлем жүйесiн қалыптастырады.
 
                              50-бап 
 
     Тараптардың әрқайсысы капиталдың қозғалысы саласында, егер капиталдың қазiргі қозғалысы капиталдың iшкi рыногының қызметiнде жолсыздық тудыратын болса, Шарттың басқа қатысушыларына тез арада мәлiмдеумен, уақытша қорғау шараларын қабылдауға құқылы.
 
                              51-бап 
 
     Тараптар қатысушы мемлекеттер экономикалық жағдайының жақсаруына қарай капиталдың қозғалысын ырықтандыру дәрежесiн арттыруға ұмтылатын болады.
     Тараптар капиталдың қозғалысын және осыған байланысты ағымдағы төлемдердi қиындатуы мүмкiн валюталық операциялар саласындағы қазiргi бар жаңа шектеулерге қосымша шектеулердi енгiзбейдi, сондай-ақ қазiргі бар ережелердегi шектеулердi ұлғайтпайтын болады.
     Осы бап ережелерiн уақытша қолданбаудың мүмкiндiгi жекелеген келiсiмдермен реттелетiн болады.
 
              8 бөлiм. Ғылыми-технологиялық және ақпараттық даму
 
                              52-бап
 
      Тараптар келiсiлген ғылыми-техникалық саясатты жүзеге асыратын болады. Осы мақсаттарда қатысушы мемлекеттердiң ғылыми-техникалық әлеуеттерiн интеграциялау және әрi қарай дамыту мақсатында ұлттық ғылыми зерттеулердi, технологиялық әзiрлемелердi және тәжiрибелiк өндiрiстердi iске асырудың басым бағыттары бойынша бiрлескен бағдарлама қабылдайды.
 
                              53-бап 
 
      Бiрлескен бағдарлама iс-қимылдың негiзгi бағыттары бойынша жасалған нақты бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Әрбiр бағдарламада оны iске асырудың тәсiлдерi айқындалады, мерзiмдерi белгiленедi және қаржыландыру көздерi қарастырылады.
      Ғылыми-зерттеу жұмыстарын үйлестiру және бiрлескен бағдарламаларды орындау ұлттық деңгейде Интеграциялық Комитетпен бiрлесе iс-қимыл жасаумен жүзеге асырылады.
 
                              54-бап 
 
      Мемлекетаралық бағдарламалар мен жобалар бойынша iске асырылатын iргелi және қолданбалы сипаттағы ғылыми зерттеулердi қаржыландыру мемлекеттiк тапсырыс негізiнде және коммерциялық шарттармен, сондай-ақ бiрлескен қаржыландыру есебiнен орындалады.
     Тараптар ғылыми-техникалық, экономикалық және құқықтық ақпараттың бiрыңғай жүйесiн және тиiстi мәлiметтер банктерiн жасайды.
 
                              55-бап
 
     Тараптар өздерiнiң аумақтарында радио және телебағдарламалармен, бұқаралық ақпараттың басқа да құралдарымен алмасуды және таратуды, Тараптардың ұлттық мүдделерiн ескере отырып, заңды және жеке тұлғалардың телекоммуникациялар жүйелерiн пайдалануға еркiндiктi, үшiншi елдермен ақпарат алмасуды кеңейтудi қамтамасыз етедi және тиiстi келiсiмдер жасасады.
 
       V тарау. Заңдарды жақындастыру және бір ізге салу
 
                              56-бап
 
      Тараптар осы Шарттың ережелерiн Тараптардың орындауына тiкелей ықпал ететiн, Тараптардың заң және өзге де актiлерiн жақындастыру және бiр iзге салу жөнiнде келiсiлген шаралар (бұдан әрi заңдарды үйлестiру шаралары деп аталатын) қабылдайды.
      Заңдарды жақындастыру және бiр iзге салу мақсатында Тараптар мына төмендегілердi қамтитын шараларды қабылдайды:
      а) заңдар мен өзге актiлерге түзетулер енгізу туралы құқықтық актiлердің жобаларын қоса алғанда, заң және өзге актiлердiң жобаларын дайындау жөнiндегі iс-қимылды үйлестiру;
      б) халықаралық шарттарды жасасу;
      в) модельдiк актілердi қабылдау;
      г) Мемлекетаралық Кеңестiң не Үкiмет басшылары кеңесiнің тиiстi шешiмдерiн қабылдау;
      д) мұндай шараларды Мемлекетаралық Кеңес бекiткен жағдайда Тараптар орынды және мүмкін деп тапқан өзге де шаралар.
 
                             57-бап 
 
      Мемлекетаралық Кеңес осы Шарттың объектiсi мен мақсаттарын ескере отырып, Тараптардың қандай заңдары мен өзге құқықтық актiлерi жақындастыруға және бiр iзге салуға жататындығы туралы шешiмдер қабылдайды, заңдарды үйлестiру жөнiндегi тиiстi шараларды жүзеге асырудың жүйелiлiгiн белгілейдi. Мұндай шешiмдер Тараптардың аумақтарында қолданылатын нақты актiлерге, сондай-ақ құқықтық реттеудiң белгілi бiр салаларына да қатысты заңдарды үйлестiру жөнiндегi шараларды қабылдауды қарастыруы мүмкiн.
      Мемлекетаралық Кеңес сондай-ақ Тараптардың тиiстi заң және өзге актiлерiне қатысты заңдарды үйлестiру жөнiнде немесе Мемлекетаралық Кеңес қабылдаған шешiмдердi ескере отырып, құқықтық реттеудiң тиiстi саласында қандай шараларды қабылдау керек екендiгi туралы мәселенi де шешедi.
 
                             58-бап 
 
      Тараптардың ортақ пiкiрi бойынша бұл қажет әрi үмiттi ақтайтын болып табылған жағдайда, Мемлекетаралық Кеңес:
      а) қатысушы мемлекеттер үшiн барлық бөлiктерiнде мiндеттi болып табылатын және олардың тiкелей қолдануына жататын, осы Шартқа қатысушы мемлекеттер үшiн бiрыңғай ережелердi белгiлейтiн шешiмдердi;
      б) Тараптар органдарына iс-қимылдың нысандары мен әдiстерiн таңдау еркiндiгін қалдыра отырып, тiлекке сай нәтижеге қатысты қатысушы мемлекет немесе қатысушы мемлекеттер үшiн мiндеттi болып табылатын, олардың атына жолданған қарарларды;
      мiндеттi болып табылмайтын ұсыныстарды қабылдауға құқылы.
 
                             59-бап 
 
      Осы Шарттың 57 және 58-баптарында көзделген шешiмдердi Интеграциялық Комитеттiң Парламентаралық Комитетпен консультацияларынан кейiн енгізiлетiн және Үкімет басшылары кеңесi мақұлдаған ұсыныстары негiзiнде Мемлекетаралық Кеңес қабылдайды.
      Парламентаралық Комитет енгiзетiн заңдарды үйлестiру жөнiндегі шараларды қабылдау туралы ұсыныстар Интеграциялық Комитеттің алдын ала қарауына жатады, ол Парламентаралық Комитетпен консультациялардан кейiн Үкiмет басшыларының кеңесiне тиiстi ұсыныстар енгiзедi. Бұл ереже Парламентаралық Комитеттiң 1996 жылғы 29 наурыздағы Шарттың 22-бабында көзделгенiндей ұсыныстық сипаты бар модельдiк актiнi қабылдау құқын шектемейдi.
      Заңдарды үйлестiру жөнiндегi шараларды қабылдау туралы ұсыныстар қатысушы мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар және осы Шарттың мақсаттары мен принциптерiн жүзеге асыруға орай пайда болатын проблемалар тұрғысында құқықтық реттеудің тиiстi саласындағы ахуалға әдiл және жан-жақты баға беруге негiзделуi тиiс.
 
                             60-бап
 
      Мемлекетаралық Кеңестiң оған осы Шарттың 57-бабының және 58-бабының б) және в) тармақтары негізiнде берiлетiн өкiлеттiктерi Мемлекетаралық Кеңес тиiстi шешiмдер қабылдаған жағдайда Yкiмет басшылары кеңесiне берiлуi мүмкiн.
 
               VI тарау. Қорытынды ережелер
 
                             61-бап
 
      Шартқа қатысушы мемлекеттердiң бiреуiне немесе бiрнешеуiне үшiншi елдер тарапынан экономикалық зиян келтiре алатын iс-әрекет немесе iс-әрекет қаупi болған жағдайында, үкiметтер Тараптардың бiреуiнiң немесе бiрнешеуiнiң ұсынысы бойынша экономикалық зиянды немесе осындай зиянды келтiрудің қаупін болдырмау жөнiндегi келiсiлген шараларды әзiрлеу үшiн тез арада консультацияларға кiрiседi.
 
                             62-бап 
 
      Осы Шарт Тараптардың үшiншi мемлекеттермен, соның ішінде Тәуелсiз Мемлекеттер Достастығы шеңберiнде бұрынырақ жасаған халықаралық шарттарындағы мiндеттемелерiн қозғамайды.
 
                             63-бап
 
      Осы Шарт оның принциптерiн мойындайтын және осы Шарттан туындайтын мiндеттемелердi толық көлемде өзiне қабылдауға дайындығын мәлiмдеген және Мемлекетаралық Кеңеске депозитарий арқылы тиiстi өтiнiш жiберген кез келген мемлекеттiң қосылуы үшiн ашық. Шартқа үшiншi мемлекеттiң қосылуының шарттары Мемлекетаралық Кеңестiң тиiстi шешiмiмен белгіленедi.
 
                             64-бап
 
     Тараптар Мемлекетаралық Кеңеске осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы ұсыныстар бере алады. Мемлекетаралық Кеңес осы Шартқа өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу туралы шешiмдердi бiрауыздан қабылдайды, олар барлық қатысушы мемлекеттер бекiткеннен кейiн күшiне енедi.
 
                             65-бап
 
     Осы Шарт БҰҰ Хатшылығында тiркелуi тиiс.
 
                             66-бап
 
     Тараптар өздерiнiң мiндеттемелерiн орындау, осы Шарттың ережелерiн түсiндiру және қолдану кезiнде туындайтын даулы мәселелердi консультациялар, келiссөздер жүргізу жолымен немесе олар уағдаласатын өзге де тәсiлмен шешедi.
     Тараптар өздерiнiң осы Шарттан туындайтын мiндеттемелерiн орындамағаны үшiн жауапкершiлiк туралы Келісiм жасайды.
 
                             67-бап
 
     Интеграцияны басқару органдарының орналасатын орнын Мемлекетаралық Кеңес белгiлейдi. Басқару органдары қатысушы мемлекеттердiң аумағында болу шарттары туралы жекелеген келісiмдерге сәйкес қызмет атқарады.

                             68-бап

     Осы Шарттың депозитарийi Интеграциялық Комитет болып табылады.
 
                             69-бап
 
     Әрбір Тарап шығатын күніне дейін бұл туралы 12 айдан кешіктірмей жазбаша хабарлай отырып, осы Шарттан шыға алады.
 
                             70-бап
 
     Осы Шарт бекітілуге жатады және оны бекіткен мемлекеттер үшін үшінші қатысушы мемлекеттен бекіту грамотасын депозитарийге сақтауға алынған күннен бастап күшіне енеді.
     Қалған Шартқа қатысушы мемлекеттердің әрқайсысы үшін ол оның бекіту грамотасын депозитарийге сақтауға алынған күннен бастап күшіне енеді.
     Тәжікстан Республикасы үшін осы шарт Тәжікстан Республикасының осы Шартты бекіткендігі туралы грамотаны депозитарий алғаннан және оның 1995 жылғы 6 және 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімдерге қосылғандығын құқықтық ресімдеу аяқталғаннан кейін күшіне енеді.
     Москва қаласында 1999 жылғы 26 ақпан қазақ, беларусь, қырғыз, орыс және тәжік тілдерінде бір дана болып жасалды және де барлық мәтіндердің күші бірдей. Осы Шарттың мәтіні бойынша Тараптардың пікір алшақтықтары туындаған жағдайда Тараптар орыс тіліндегі мәтінді пайдаланатын болады.
     Шарттың түпнұсқа данасы оның расталған көшірмесін осы Шартқа қол қойған әрбір мемлекетке жіберетін Интеграциялық Комитетте сақталады.

   Қазақстан       Беларусь       Қырғыз        Ресей       Тәжікстан
  Республикасы  Республикасы   Республикасы Федерациясы  Республикасы
      үшін           үшін            үшін        үшін          үшін