Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы құқық бұзушылықтар үшін қылмыстық жауаптылық туралы заңнаманы дұрыс қолдану, біркелкі сот практикасын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының жалпы отырысы мынадай түсіндірмелер беруге қаулы етеді:
1. Зорлау деп әйел жынысты адаммен оның еркіне қарсы немесе оның еркінен тыс, жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып немесе оны қолдану қатерін төндіріп не жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланып, табиғи жолмен жасалған жыныстық қатынасты түсіну керек.
Аталған мән-жайларда әйел немесе еркек жынысты адамдарға қатысты жыныстық құмарлықты қанағаттандыру мақсатында табиғи емес нысанда жасалған әрекеттерді (еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы және сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер) сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер деп есептеген жөн.
Сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жыныстық қатынас имитациясын жасаудан, басқа адамды үшінші тұлғамен сексуалдық сипаттағы қатынасқа түсуге мәжбүрлеуден, жәбірленуші жас баланы жалаңаштандырып, оның жыныстық мүшелеріне тиісуден және т.б. көрінуі мүмкін.
2. Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы құқық бұзушылықтарды саралау үшін жәбірленушінің моральдық келбеті, әлеуметтік мәртебесі, мінез-құлқы, кінәлі адам мен жәбірленушінің бұрынғы өзара қарым-қатынастары, некеде тұруы немесе шын мәнінде бірге тұруы маңызды емес.
3. Күш қолдану деп жәбірленушіге тән ауруын келтіріп не оның бостандығын шектей отырып, оның қарсылығын басуға бағытталған, мысалы, ұрып-соғу, тыныс алу жолдарын қысу, аяқ-қолдарын ұстап жібермеу, киімін жырту, шектеулі кеңістікте (үй-жайда, пойыздың купесінде, автомобильдің салонында) ұстау және т.б. әрекеттер жасауды түсіну керек. Күш қолдану жәбірленушіге ғана емес, басқа адамдарға да қолданылуы мүмкін.
Басқа адамдар деп жәбірленушінің қарсылығын басу мақсатында кінәлі адам оларға күш қолданатын не оны қолдану қатерін төндіруді білдіретін жәбірленушінің туыстарын, сондай-ақ өзге де адамдарды түсінген жөн.
Зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау не оларды жасауға оқталу кезінде жәбірленушілердің денсаулығына қасақана жеңіл немесе ауырлығы орташа зиян келтіру әрекеттері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (бұдан әрі - ҚК) 120 немесе 121-баптарының диспозициясымен қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.
Егер жәбірленушінің денсаулығына жеңіл, ауырлығы орташа зиян немесе ауыр зиян зорлағаннан не сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасағаннан кейін келтірілсе, онда қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы орын алады.
Зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау кезінде жәбірленушілердің денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіруді өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан зорлау ретінде тиісінше ҚК-нің 120-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағы не өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққан зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау ретінде ҚК-нің 121-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағы бойынша саралаған жөн.
Денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығы сараптамалық қорытынды негізінде анықталады.
Зорлау не сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасау барысында немесе аталған қылмыстарды жасауға оқталу кезінде, сол сияқты олар аяқталғаннан кейін жасалған қылмысты жасыру немесе көрсетілген қарсылық үшін кек алу мақсатында жәбірленушіні құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағы және ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша саралаған жөн.
Қылмыстық процесті жүргізетін орган кінәлі адамдардың көрсетілген әрекеттерін саралаған кезде ҚК-нің 99-бабы екінші бөлігінің 10) тармағында, сондай-ақ басқа да тармақтарында, ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктерінде көзделген барлық белгіленген саралау белгілерін көрсетуге тиіс.
4. Зорлау кезінде не сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау кезінде қорқыту деп кінәлі адамның жәбірленушілерге немесе басқа да адамдарға күш қолдануға нақты ниетін білдіретін әрекеттермен, қылықтармен немесе айтылған сөздермен жәбірленушілерді қорқытуды түсіну керек.
Қорқыту ҚК-нің 120 және ҚК-нің 121-баптарының диспозициясында көрсетілген зорлау, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер кезінде қарсылықты басу тәсілінің бірі болып табылады және кінәлі адамның әрекеттерін ҚК-нің 115-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасалғаннан кейін, мысалы жәбірленушілерді қорқыту және жасалған әрекеттің жария етілуін болдырмау мақсатында өлтірумен, денсаулыққа ауыр зиян келтірумен, сол сияқты қорқытудың іске асатынына қауiптенудің жеткiлiктi негiздері болған кезде адамның жеке басына өзгедей ауыр күш қолданумен не мүлiктi өртеп жоюмен, жарылыс жасаумен немесе өзге жалпы қауiптi тәсiлмен қорқыту ҚК-нің 115-бабы бойынша дербес саралануға, ал тұтастай алғанда жасалған іс-әрекет – ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөлігімен де құқық бұзушылықтар жиынтығы бойынша саралануға жатады.
5. Дәрменсіз күй деп жәбірленушінің физикалық немесе психикалық жай-күйіне (жас бала, қарт адам, дене кемтарлығы, ақыл-есінің ауысуы, басқа да ауру немесе есінен айырылу және т.с.с. жағдайларда) байланысты кінәліге қарсылық көрсету мүмкіндігінің жоқтығын және кінәлі жәбірленушінің осындай күйде екенін біле тұра зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасауын түсінген жөн.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 23-бабына сәйкес құқық бұзушылық жасалған кезде он төрт жасқа толмаған жәбірленушілер жас бала деп танылады.
Жәбірленушілердің масаң күйде болуы, егер масаю дәрежесі оған жасалып жатқан әрекеттердің сипаты мен мәнін түсінуге немесе кінәлі адамға қарсылық көрсетуге мүмкіндік бермесе, олардың дәрменсіз күйі деп танылуы мүмкін. Бұл ретте кінәлі адамның жәбірленушіні осындай күйге түсірген-түсірмегені немесе жәбірленушінің дәрменсіз күйге түсуі кінәлінің әрекеттеріне байланысты болмағаны маңызды емес.
Жәбірленушінің дәрменсіз күйде болуы жөніндегі мәселені шешу кезінде жәбірленушінің психикалық немесе физикалық жай-күйін анықтау үшін тағайындалуы қажетті сот сараптамасымен қоса іс бойынша қолдағы бар дәлелдемелерді негізге алған жөн.
Кінәлі адамның жәбірленушілерді дәрменсіз күйге түсіруі үшін дәрілік, есірткі заттарды, күшті әсер ететін немесе улы заттарды қолданғаны туралы деректер болған кезде қолданылған заттардың қасиеттерін және олардың адам ағзасына тигізетін әсерінің сипатын анықтау үшін сараптама тағайындау, мамандардан жауап алу және т.с.с. шаралар қабылдау қажет.
Егер сараптама нәтижелері бойынша кінәлі адамның дайындағаны, қайта өңдегені, сатып алғаны, сақтағаны, тасымалдағаны, жөнелткені немесе өткізгені үшін қылмыстық жауаптылық белгіленген құралдарды, заттарды немесе сол тектестерді пайдаланғаны анықталса, оның әрекеттері көрсетілген қылмыстар үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша және ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктерімен құқық бұзушылықтар жиынтығы ретінде саралануға жатады.
6. Зорлауға немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылыққа оқталу - бұл қасақана тікелей пиғылмен жасалатын, жәбірленушімен зорлық жыныстық қатынасқа түсуге, сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық жасауға бағытталған, алайда кінәлі адамға байланысты емес мән-жайлар бойынша ақырына дейін жеткізілмеген әрекеттер.
Зорлау физиологиялық мағынада жыныстық қатынас басталған сәттен аяқталған деп есептеледі.
Сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасала бастаған сәттен бастап аяқталды деп есептеледі.
Зорлауға немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасауға оқталудың басқа қылмыстық құқық бұзушылықтардың (бұзақылық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру және т.с.с.) аражігін ажырату кезінде кінәлі адам жәбірленушінің еркіне қарсы немесе еркінен тыс жыныстық қатынас немесе өзге сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасау мақсатында әрекет еткендігін және күш қолдану немесе қорқыту осы мақсатқа жетудің осындай тәсілі болғандығын анықтау керек.
Күш қолданбай немесе оны қолдану қатерін төндірмей, жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдаланбай тиісу, алдау арқылы немесе осыған ұқсас тәсілмен жәбірленушілерді жыныстық қатынас немесе өзге де сексуалдық сипаттағы әрекеттерге көндіруге бағытталған адамның әрекеттері ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарында көзделген қылмыстарды жасауға оқталу ретінде саралануға жатпайды.
7. ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарында көзделген қылмыстарды ақырына дейін жеткізуге адамның мүмкіндігі бар бола тұра, зорлауға немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерге оқталу сатысында өз еркімен осы әрекеттерден бас тартса, қылмыстан өз еркімен бас тарту орын алады.
Зорлаудан немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерден өз еркімен бас тартқанға дейін жасалған қоғамға қауіпті іс-әрекеттер (ұрып-соғу, денсаулыққа зиян келтіру, мүлікті бүлдіру немесе жою және өзге де ұқсас әрекеттер), туындаған зардаптарға және басқа да мән-жайларға байланысты денсаулыққа қасақана зиян келтіру, мүлікті қасақана бүлдіру немесе жою және т.б. үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптары бойынша сараланады.
Жыныстық қатынас жасауға физиологиялық қабілеті жоқ және ол туралы алдын ала білген адам, сырттай зорлауға оқталуға ұқсас әрекеттерді жасағаны үшін ҚК-нің 120-бабымен жауапқа тартылмайды. Оның әрекеттері нақты мән-жағдайларға байланысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасағаны, бұзақылық, қорлау және т.б. үшін жауаптылықты көздейтін ҚК-нің баптарымен саралануы мүмкін.
8. Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтарды адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы немесе қылмыстық топ жасаған жағдайларда кінәлі адамдардың әрекеттерін бағалау кезінде ҚК-нің 31-бабында көзделген талаптарды, "Соттардың бандитизм және қылмыстық құқық бұзушылықтарға қатыса отырып, басқа қылмыстық құқық бұзушылықтар жасағаны үшін жауапкершілік туралы заңнаманы қолдануының кейбір мәселелері туралы" 2001 жылғы 21 маусымдағы № 2 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының түсіндірмелерін негізге алу қажет.
Күш қолданып жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді өзі жасамаған, бірақ жәбірленушілерге күш қолдану немесе оны қолдану қатерін төндіру арқылы осы әрекеттерді басқалардың жасауына жәрдемдескен адам бірге орындаушы деп танылады. Зорлауды немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді өзі жасамаған және жасауға ұмтылмаған, бірақ осындай қылмысты ұйымдастырған немесе оны жасауға басқа адамдарды көндірген не оларды кеңестерімен, нұсқауларымен, жағдайлар жасауымен немесе кедергілерді жоюымен жәрдемдескен сыбайлас қатысушының әрекеттері ҚК-нің 28-бабы арқылы сараланатын тиісінше ұйымдастырушы, айдап салушы немесе көмектесуші болып табылады.
Зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық‑зомбылық әрекеттерді бір адамға қатысты бірнеше адам жасаған жағдайларда, сонымен қатар күш қолданып немесе оны қолдану қаупін төндіріп кінәлі адамдардың келісілген әрекеттерінің нәтижесінде әрқайсысы жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы зорлық‑зомбылық әрекеттерді бір немесе бірнеше жәбірленушіге қатысты жасаған немесе жасауға мүмкіндігі болған кезде де зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық‑зомбылық әрекеттер адамдар тобымен жасалды деп таныған жөн.
Күш қолданып жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы зорлық‑зомбылық әрекеттерді өзі жасамаған, бірақ кінәлілер жағында болып, қылмыстық іс-әрекетті бейнекамераға немесе өзге жазу құрылғысына аудио-бейнетүсіруді жүргізген адамдардың әрекеттері, бұл ретте ҚК‑нің 28‑бабының бесінші бөлігінде көзделген әрекеттерді (мысалы, қылмыстық іс-әрекетті жасауға немесе жалғастыруға кеңестер, нұсқаулар, оның ішінде түсіндірмелер ретінде беру және т.б.) жасаған кезде сыбайлас қатысушы, көмектесуші ретінде саралануы тиіс.
Қылмыстық әрекеттерді зорлауға немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді көмектесуші ретінде саралау үшін негіздер болмаған жағдайда мұндай әрекеттер ҚК-нің 432-бабы немесе ҚК-нің 434-бабы бойынша саралануға жатады.
9. Жәбірленушілерді қорлау және мазақтау, оларды зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер барысында азаптау, сондай-ақ оларды қинап, ауырту және қасірет шектіру мақсатында денсаулығына қасақана зиян келтіруді аса қатыгездік деп түсінген жөн.
Жәбірленушілерді қинауға және азаптауға ниетті не жәбірленушілердің немесе басқа адамдардың тән зардабын немесе моральдық зардапты және күйзелісті сезінуіне саналы түрде жол берген адамдар осы саралау белгісі бойынша жауаптылыққа жатады. Басқа адамдарға қатысты аса қатыгездікпен жасалған деп мысалы, анасын балаларының көзінше зорлау, күйеуінің көзінше әйеліне жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер және т.б. танылуы мүмкін.
10. Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша бірнеше рет жасалудың саралау белгісін қолданған кезде ҚК-нің 12-бабының талаптарын және "Қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы" 2006 жылғы 25 желтоқсандағы № 11 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының түсіндірмелерін басшылыққа алған жөн.
Бірнеше рет жасалған зорлау - саралау белгісі бойынша ҚК-нің 120-бабында көзделген, екі және одан да көп іс-әрекеттерді жасаған, олардың бiр де бiреуi үшiн сотталмаған немесе заңда белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған адам жауапты болады. Бұл ретте, егер бұрын аяқталған зорлау да, оған оқталу да, бірге орындаушылық немесе қылмысқа басқа нысанда сыбайласып қатысу да орын алған болса, зорлау бірнеше рет жасалды деп танылады.
Егер кінәлі бiрыңғай пиғылмен әрекет етіп, аз уақыт аралығында сол бір адамға қатысты бірнеше жыныстық қатынас жасаса, бұл әрекет бірнеше рет жасалу белгісін құрамайды, оны жалғаспалы қылмыс ретінде қарастыру керек.
ҚК-нің 120-бабының бірінші және екінші бөліктерінде жауаптылық көзделген екі және одан да көп зорлау жасалған кезде бұл іс-әрекеттер 4) тармағы бойынша, ал негіздер болған кезде - ҚК-нің 120-бабының екінші бөлігінің басқа да тиісті тармақтары бойынша саралануға тиіс.
Бірнеше рет жасалған сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері – саралау белгісі бойынша ҚК-нің 121-бабында көзделген екі және одан көп әрекеттерді жасаған, олардың бiр де бiреуi үшiн сотталмаған не заңда белгiленген негiздер бойынша қылмыстық жауаптылықтан босатылмаған адам жауапты болады.
Адамның зорлау және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасауы қылмыстық құқық бұзушылықтардың бірнеше рет жасалуын құрамайды, ал олардың әрқайсысы ҚК-нің 120 және ҚК-нің 121-баптарының тиісті бөліктері бойынша дербес саралауға жататын қылмыстардың жиынтығын құрайды.
11. Абайсызда жәбірленушінің өліміне әкеп соққан зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері тиісінше ҚК-нің 120-бабының төртінші бөлігі немесе ҚК-нің 121-бабының төртінші бөлігі бойынша саралануға жатады.
Көрсетілген зардап қылмысты жасау барысында жәбірленушінің қарсылығын басу кезінде, оның ішінде жәбірленуші қылмыстан қорғану үшін таңдаған тәсілдің нәтижесінде, мысалы, биік ғимараттан, қозғалыстағы көлік құралынан секіру кезінде және т.б. туындауы мүмкін.
Кінәлі адамның абайсыздығы салдарынан жәбірленушілердің денсаулығына ауыр зиян келтіру, оның ішінде ҚК-нің 3-бабының 11) тармағында көзделген жүктілікті үзу, психикалық, мінез-құлықтық бұзылушылық (ауру) және басқа да зардаптар, оларға АИТВ жұқтыру, сондай-ақ өзге де ауыр зардаптардың туындауы ҚК-нің 120-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында немесе ҚК-нің 121-бабының үшінші бөлігінің 2) тармағында қамтылады және қосымша саралауды талап етпейді.
ҚК-нің 120-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында және ҚК-нің 121-бабы үшінші бөлігінің 2) тармағында көзделген өзге де ауыр зардаптар деп ҚК-нің 3-бабының 4) тармағында көзделген жәбірленушінің немесе оның жақынының (жақындарының) өзiн-өзi өлтiруін, қаламаған жүктіліктің болуын және басқа зардаптарды түсіну керек.
Зорлау немесе сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерді жасау кезінде өзінде соз ауруы немесе АИТВ ауруы бар екендігін білген адам ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптарымен ғана емес, тиісті зардаптар туындаған кезде – ҚК-нің 117 немесе ҚК-нің 118-баптары бойынша осы ауруларды жұқтырғаны үшін, сондай-ақ басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупiне көрiнеу душар еткені үшін жауапты болады.
12. Егер жасалған әрекетті неғұрлым ауыр айыптаудан ҚК-нің 120-бабының бірінші бөлігіне немесе ҚК-нің 121-бабының бірінші бөлігіне, ҚК-нің 121-1-бабына қайта саралау қажет болған жағдайда қылмыстық процесті жүргізетін орган мұндай шешімді істе жәбірленушінің кінәлі адамды қылмыстық жауаптылыққа тарту туралы жазбаша өтініші болған кезде не сот отырысындағы олардың ауызша өтініші негізінде ғана қабылдай алады.
13. Көрінеу он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасағаны үшін қылмыстық жауаптылық (ҚК-нің 122-бабының бірінші бөлігі) осы аталған әрекеттер күш қолданусыз немесе оны қолдану қатерін төндірусіз немесе жәбірленуші адамның дәрменсіз күйін пайдаланбай жасалған жағдайларда туындайды.
Жәбірленушілер ретінде он төрттен он алты жасқа дейiнгi әйел жынысты, сонымен қатар еркек жынысты адам болуы мүмкін.
Көрсетілген іс-әрекеттер үшін жауаптылық кінәлі адам қылмыс жасағанға дейін жәбірленушілердің жасы жөнінде білген жағдайда ғана туындайды.
Жәбірленушілердің сыртқы келбеті мен физикалық дамуының олардың нақты жасына сәйкес келмеуі кінәлі адамның жәбірленушілердің шын жасы жөнінде хабардар болуын куәландыратын басқа да деректер жиынтығымен бірге бағалануға жатады.
14. ҚК-нің 122-бабының екінші бөлігінде көзделген көрінеу кәмелетке толмаған адам көрсететін жезөкшелік қызметті, сексуалдық сипаттағы өзге де қызметті алу деп кінәлі адамның он төрттен он сегіз жасқа дейінгі көрінеу кәмелетке толмаған адамдарды жыныстық қажеттілігін (құмарлығын) қанағаттандыру үшін ақшалай немесе өзге де сыйақы, материалдық игіліктер, мүліктік сипаттағы пайда алу үшін не кәмелетке толмағанға немесе осыны үшінші тұлғаға уәде етуін түсіну керек.
Бұл ретте сексуалдық сипаттағы өзге де қызметтер телекоммуникация желілері, оның ішінде Интернет желісі арқылы нақты уақыт режимінде қашықтықтан жасалуы мүмкін.
Сыйақыны төлеу фактісіне қарамастан, қылмыс аталған қызметтерді көрсету басталған сәттен аяқталған болып саналады.
Он төрт жасқа толмаған адамдарға қатысты аталған іс-әрекеттерді жасау тиісінше ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптары бойынша қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, ал олар жәбірленушімен тікелей байланыссыз, телекоммуникация желілері, оның ішінде Интернет желісі арқылы қашықтықтан жасалған жағдайда кінәлі адам ҚК-нің 124-бабы бойынша қылмыстық жауаптылыққа тартылуға жатады.
Аталған іс-әрекеттерді ҚК-нің 3-бабының 16), 26), 27), 28) тармақтарында көзделген адамдар жасаған жағдайда, егер олар өздерінің қызметтік өкілеттіктерін пайдаланумен байланысты болса, олардың әрекеттері ҚК-нің 122 және ҚК-нің 361 немесе ҚК-нің 362-баптарына сәйкес құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша саралануға жатады.
15. Зорлауға (ҚК-нің 120-бабы) және сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттерге (ҚК-нің 121-бабы) қарағанда жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, әйел мен әйелдің жыныстық қатынас жасауына немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерге мәжбүр ету кезінде (ҚК-нің 123-бабы) аталған әрекеттерді жасауға одан мәжбүрлеп келісім алу мақсатында жәбірленушіге ықпал ету тәсілдері бопсалау, мүлікті жою, бүлдіру немесе алып қою қатерін төндіру не жәбірленушінің материалдық немесе өзге тәуелділігін пайдалану болып табылады.
Сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүрлеу жәбірленушінің мұндай әрекеттерді жасауға не оларды нақты жүзеге асыруға келісімінің болуына немесе бас тартуына қарамастан, тиісті талап кез келген нысанда білдірілген кезден бастап аяқталған болып есептеледі.
Алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы (мысалы, некеге тұруға көрінеу жалған уәде беру және т.б.) жыныстық қатынасқа түсуге немесе сексуалдық сипаттағы әрекеттер жасауға жәбірленушінің келісіміне қол жеткізген адамның әрекеттері сексуалдық сипаттағы әрекеттерге мәжбүр ету ретінде қаралмайды.
Аталған әрекеттер он төрт жасқа толмаған адамдарға қатысты жасалған кезде тиісінше ҚК-нің 120 немесе ҚК-нің 121-баптары бойынша қылмыстың аяқталған құрамы не оны жасауға оқталу ретінде саралануы тиіс.
16. Азғындық әрекеттер деп ҚК-нің 120, 121, 122-баптарында көзделген қылмыс белгілері болмаған кезде көрінеу он алты жасқа толмаған әйел жынысты, еркек жынысты адамға, оның ішінде жас балаға да қатысты күш қолданбай жасалатын сексуалдық сипаттағы әрекеттерді түсіну керек.
ҚК-нің 124-бабындағы азғындық әрекеттерге жыныстық қатынасты, еркек пен еркектің жыныстық қатынасын, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын, сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді қоспағанда, көрінеу он алты жасқа толмаған адамдарға, оның ішінде жас балаларға қатысты жасалған, кінәлі адамның жыныстық құмарлығын (қажеттілігін) қанағаттандыруға және (немесе) жәбірленушінің сексуалдық қозуын тудыруға не оның сексуалдық қатынасқа қызығушылығын оятуға бағытталған кез келген әрекеттер жатады.
Азғындық әрекеттер деп кінәлі адамның өз жыныс мүшелерін жалаңаштауы, порнографиялық заттарды, фотосуреттер мен аудио-бейнежазбаларды көрсетуі, сексуалдық сипаттағы тақырыпта әдепсіз әңгімелер жүргізуі және жазбалар алмасуы, жәбірленушінің өз денесінің жалаңаш интимдік бөліктерінің бейне-фото материалдарын және т.б. жіберуін сұрауы не талап етуі, сондай-ақ телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалана отырып жасалған осындай әрекеттер танылады.
Қылмыс азғындық әрекеттерді жасау басталған сәттен аяқталған болып есептеледі.
Азғындық ретінде басталған, кейін зорлық-зомбылықпен немесе оны қолданамын деп қорқыту арқылы немесе жәбірленушінің дәрменсіз күйін пайдалана отырып, жыныстық қатынас, еркек пен еркектің жыныстық қатынасы, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасы немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттерді жасау мақсатында жалғастырылған әрекеттерді ҚК-нің 120 және ҚК-нің 121-баптары бойынша саралау керек. Бұл ретте ҚК-нің 124-бабы бойынша қосымша саралау талап етілмейді.
Бір уақытта бірнеше жәбірленушіге қатысты азғындық әрекеттерді жасау (мысалы, екі және одан да көп жәбірленушінің алдында жыныс мүшесін көрсету) бірнеше рет жасалған деп есептелмейді.
Жәбірленушілерге қатысты жекелей және әртүрлі уақытта азғындық әрекеттер жасалған жағдайда, мұндай әрекеттер ҚК-нің 124-бабының үшінші бөлігі бойынша саралануға жатады.
17. ҚК-нің 121-1-бабында көзделген іс-әрекет деп сексуалдық сипаттағы ұсыныстармен немесе сексуалдық сипаттағы тиісушілікпен ұштасқан қасақана әдепсіз әрекеттер түсініледі.
Жәбірленушілер ретінде кінәлі адам көрінеу білген әйел, сонымен қатар ер жынысты он алты жасқа толмаған, оның ішінде жас балалар болуы мүмкін.
Іс-әрекет тікелей денеге жанасу арқылы не телекоммуникация желілерін, оның ішінде Интернет желісін пайдалана отырып, қашықтықтан жасалуы мүмкін.
Бұл жанасуға бағытталған әрекеттер (мысалы, қалауынан тыс денеге қол тигізу, сипау және т.б.), сондай-ақ сөзбен тиісу (сексуалдық астарлап айтылған сөздер, пікірлер, әдепсіз қылықтар және т.б.) болуы мүмкін.
Сексуалдық сипаттағы тиісу деп сондай сипаттағы ерсі әрекет (мысалы, адам жәбірленушінің жамбасына қол тигізіп, сексуалдық сипаттағы ұсыныс жасайды, жыныстық қатынасты меңзейтін қылықтар көрсетеді, жәбірленуші туралы ықтимал жыныстық серіктес ретінде сөз айтады және т.б.) түсініледі.
Сексуалдық сипаттағы әдепсіз әрекеттер басталған кезден бастап қылмыстық құқық бұзушылық аяқталған деп есептеледі.
ҚК-нің 121-1-бабында көзделген іс-әрекетті Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 449-бабында (қоғамдық орындарда тиісу) көзделген жезөкшелікпен айналысу, сексуалдық сипаттағы интимдік қызметтер көрсету мақсатындағы тиісуден ажырата білу керек. ҚК-нің 121-1-бабы бойынша жәбірленушілер он алты жасқа толмаған адамдар, оның ішінде жас балалар, ал ӘҚБтК-нің 449-бабы бойынша жәбірленушілер он алты жастан асқан адамдар болып табылады.
18. Кәмелетке толмағандардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын өзге де адамдарға "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің, "Білім туралы" 2007 жылғы 27 шілдедегі № 319-III, "Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы" 2002 жылғы 8 тамыздағы № 345-II, "Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 245-VIII (бұдан әрі – Құқық бұзушылық профилактикасы туралы) Қазақстан Республикасы заңдарының талаптарына және басқаларына сәйкес кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер жүктелген адамдарды жатқызған жөн.
Бұл ретте қылмыстық процесті жүргізетін орган кәмелетке толмағанды тәрбиелеу жөніндегі міндеттер адамға қай заңның негізінде жүктелгенін көрсетуі тиіс. Қылмыс жасаған адам туралы мәліметтер оның әрекеттерінің саралануын анықтау кезінде сотқа дейінгі іс жүргізу құжаттарында және сот актілерінде жазылуы қажет.
19. Соттар жыныстық тиіспеушілікке және жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстар туралы істер бойынша әрбір жағдайда іске қатысушы адамдардың өмірінің интимдік жақтары туралы мәліметтердің жария етілуіне жол бермеу үшін, сондай-ақ мұны жәбірленушінің, куәнің немесе басқа адамдардың қауіпсіздік мүдделері талап еткен жағдайларда қылмыстық істі жабық сот отырысында талқылау туралы мәселені шешуі қажет.
Сот процесі қажет болған жағдайда жәбiрленушiнiң қауiпсiздiк шараларын қабылдаумен жүргiзiлуі тиiс.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 76-бабының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда соттар жәбірленушінің тегін заң көмегіне қол жеткізуін, оның заңды өкілінің басты сот талқылауына қатысуын қамтамасыз етуі керек.
Сот отырысында жәбірленушілерден жауап алу кезінде төрағалық етуші нысаны немесе мазмұны жағынан олардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын іске қатысы жоқ сұрақтарды алып тастауы, қылмыстық процестің жекелеген қатысушыларының әдепсіз мінез-құлқын уақтылы тоқтатуы тиіс.
20. Адамның жыныстық тиіспеушілігіне немесе жыныстық бостандығына қарсы құқық бұзушылықтар туралы істер бойынша үкімді немесе өзге де қорытынды шешімді шығару кезінде қаралып отырған іске қатысы жоқ оқиғаларды сипаттауға, нақты емес тұжырымдарды, қабылданбаған қысқартуларды қолдануға жол берілмейді, осы құқық бұзушылықтарды жасау тәсілдерін шамадан тыс нақтылауды қолданбау, ресми құжаттарда қолданылмайтын сөздер мен сөз тіркестерін қолдануға жол берілмеуі қажет.
21. Кәмелетке толмағандардың айғақтарын сақтауға қою туралы өтінішхат міндетті түрде қанағаттандырылуға жататынына соттардың назары аударылсын.
Кәмелетке толмаған куәнің және жәбірленушінің айғақтарын сақтауға қою кезінде заңды өкілдермен қатар педагог және психолог қатысады.
Тергеу судьясы баланың жасын, оның психологиялық жай-күйін ескеруге және түсінікті, қарапайым сұрақтар қоюға, сондай-ақ аталған талаптарға сай келмейтін не жасына байланысты кәмелетке толмағандардың қабылдауы үшін күрделі заң терминдерін, тілдік оралымдарды қамтитын тараптардың сұрақтарын алып тастауға міндетті.
Жауап алу рәсімі аудио-, бейнежазба құралдарын қолдана отырып жүргізілуге тиіс. Тергеу судьясы сот отырысының аудио-, бейнежазбаның толықтығы мен сапасын тексереді. Егер сот отырысының аудио-, бейнежазбалары сапасыз болса, онда ҚПК-нің 217-бабының бесінші бөлігінің және ҚПК-нің 347-бабының талаптарына сәйкес сот отырысының хаттамасы жасалады.
22. Соттар осы санаттағы істер бойынша жаза тағайындау кезінде "Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы" 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысындағы түсіндірмелерді басшылыққа алуға тиіс.
Соттар педагогикалық лауазымдар мен кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқаруға өмір бойы тыйым салудан тұратын белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны міндетті түрде тағайындау туралы мәселені талқылауға міндетті.
Егер белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру ҚК-нің Ерекше бөлігінің тиісті бабының санкциясында (мысалы, ҚК-нің 120 және ҚК-нің 121-баптарының төртінші бөліктерінде) көзделмесе, онда сот жасалған іс-әрекеттің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін және кінәлі адамның жеке басын ескере отырып, оған ҚК-нің 50-бабы үшінші бөлігінің қағидалары бойынша осындай қосымша жаза тағайындау туралы мәселені талқылауға тиіс.
Сот кәмелетке толмағандарға қосымша жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 81-бабы екінші бөлігінің бір жылдан екі жылға дейінгі мерзімде белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жөніндегі талаптарын сақтауы тиіс.
Көрсетілген санаттағы істер бойынша соттар жаза тағайындау не қылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босату кезінде ҚК-нің 98-3-бабында және Құқық бұзушылық профилактикасы туралы заңның нормаларында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған адамның мінез-құлқына қойылатын ерекше талаптарды белгілеу туралы мәселені талқылауы және шешуі керек.
23. Адамның жыныстық тиіспеушілігіне және жыныстық бостандығына қарсы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты жасалған қылмыстық құқық бұзушылықтардың қоғам үшін аса қауіптілігін назарға ала отырып, соттар осындай құқық бұзушылықтардың жасалуына ықпал еткен мән-жайларды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының бұзылуын, сондай-ақ сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу немесе қылмыстық істі қарау кезінде жол берілген басқа да заң бұзушылықтарды анықтағаны жөн.
Егер қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайлар лауазымды адамның немесе құқық бұзушылық белгілерін қамтитын өзге адамның әрекетінің не әрекетсіздігінің салдары болып табылса, сот ҚПК-нің 185-бабының үшінші бөлігінің, ҚПК-нің 405-бабының талаптарына сәйкес жекеше қаулылар шығару арқылы да осы фактіні шаралар қабылдау үшін тиісті ұйымдар мен лауазымды адамдардың назарына жеткізуге міндетті.
24. Күші жойылды деп танылсын:
1) "Зорлау және өзге де сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттермен байланысты қылмыстарды саралаудың кейбір мәселелері туралы" 2007 жылғы 11 мамырдағы № 4 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысы;
2) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2011 жылғы 21 сәуірдегі № 1 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 9-тармағы;
3) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу және Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларының күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2014 жылғы 24 желтоқсандағы № 4 нормативтік қаулысының 5-тармағы;
4) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнама бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2018 жылғы 20 сәуірдегі № 8 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 14-тармағы;
5) "Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының кейбір нормативтік қаулыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 6 Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының нормативтік қаулысының 22-тармағы.
25. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабына сәйкес осы нормативтік қаулы қолданыстағы құқық құрамына қосылады, жалпыға бірдей міндетті болып табылады және алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасы |
А. Мерғалиев |
|
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы, жалпы отырыс хатшысы |
Г. Әлмағамбетова |