"Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 30 желтоқсандағы № 1182 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламенті туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 6 қаңтардағы № 10 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Үкіметінің регламентінде:

      86-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "86-1. Президенттің және Премьер-Министрдің заңнамалық түзетулерді қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалары бойынша тиісті тапсырма түскен күннен бастап екі апта мерзімде жауапты мемлекеттік орган осы тармақта белгіленген тәртіппен орындау процесінің және оның кезеңдерінің пайымын тұжырымдайды.

      Жауапты мемлекеттік орган тиісті тапсырма түскен күннен бастап бір апта мерзімде жетекшілік ететін мемлекеттік саяси қызметші деңгейінде мынадай орындау тетіктерінің бірін айқындайды:

      1) заңның жаңа жобасын әзірлеу;

      2) Үкімет бастама жасаған, әзірлеу немесе мемлекеттік органдармен келісу сатысында тұрған (Үкімет Аппаратына енгізілгенге дейін) заң жобасына заңнамалық түзетулер енгізу;

      3) Парламент Мәжілісінің қарауындағы заң жобасына заңнамалық түзетулер енгізу (заңнамалық түзетулерді дереу енгізу қажет болған жағдайда).

      Бұл ретте осы тармақтың екінші бөлігінің 3) тармақшасында көрсетілген тәсілді іске асыру осы Регламенттің 124-тармағында белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.

      Ұсынылып отырған тетікке байланысты Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген заң шығару процесінің нақты рәсімдері де оларды іске асыру мерзімдері нақты регламенттеліп айқындалады.

      Жауапты мемлекеттік орган тұжырымдаған тәсілдер тиісті негіздемелерімен бірге Әділет министрлігіне келісуге жіберіледі.

      Әділет министрлігімен келісу тәсілдер түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде қамтамасыз етіледі.

      Әділет министрлігімен келісілген тәсілдерді жауапты мемлекеттік орган көрсетілген тәсілдерді қолдану себептерін міндетті түрде негіздеп, осы Регламентке 20-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Үкімет Аппараты Басшысының атына енгізеді.

      Енгізілген тәсілдермен келіскен жағдайда Үкімет Аппараты Басшысының қарарымен оларды іске асыру мерзімі айқындалады.";

      120-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "120. Парламент депутаттары бастама жасаған, Үкіметке түскен заң жобалары және оларға Үкімет қорытындыларының жобалары Ведомствоаралық комиссияның отырысында қаралуға тиіс.

      Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасына Үкімет қорытындысының жобасын дайындауды Үкімет Аппараты Басшысының тапсырмасымен жауапты ретінде айқындалған мемлекеттік орган осы Регламентке 9-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қамтамасыз етеді.

      Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын дайындағанда ескеру үшін жауапты мемлекеттік органға Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасы бойынша өз ұстанымын ұсынуға міндетті.

      Жауапты мемлекеттік орган, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 7 (жеті) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын Ведомствоаралық комиссия мүшелеріне тарату үшін Әділет министрлігіне ұсынады, сондай-ақ Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен бірлесіп Ведомствоаралық комиссияның қарауына республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқару немесе шығыстарының ұлғаю ықтималдығы бөлігінде алдын ала қаржы-экономикалық есеп-қисаптарды енгізеді.

      Ведомствоаралық комиссия депутаттар бастама жасаған заң жобасын оң не өзге бағалау жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды.

      Ведомствоаралық комиссияның ұсыныстарын ескере отырып, мемлекеттік тілдегі және орыс тіліндегі Үкімет қорытындысының жобасы түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бірінші басшылардың немесе олар уәкілеттік берген лауазымды тұлғалардың қолы қойылған хаттарды ұсыну арқылы міндетті түрде мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерімен келісіледі.

      Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік органда келісуде болғанына 3 (үш) жұмыс күнінен асқан және ол бойынша жауап ұсынылмаған жағдайда мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілді" деп саналады. Бұл ретте жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган өзінің ілеспе хатында ұсынылған ақпараттың мемлекеттік органмен "әдепкі қалпы бойынша" келісілгені туралы міндетті түрде көрсетеді.

      Үкімет қорытындысының жобасында республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқаруын немесе шығыстарының ұлғаюын көздейтін нормалар туралы мәліметтер, осындай нормалар бойынша Республикалық бюджет комиссиясының қорытындысы, заң жобасында ұсынылатын нормалардың Конституцияға, қолданыстағы заңнамалық актілерге сәйкестігі, оларды қабылдаудың орындылығы, жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыруды көздейтін нормалар, ықтимал теріс әлеуметтік-экономикалық салдар, іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылдау талап етілетін нормалар туралы мәліметтер қамтылады.

      Реттеушілік әсерге талдау жүргізу қажеттігі анықталған жағдайда Үкімет қорытындысының жобасында реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша тиісті нормаларға қатысты Үкіметтің қосымша қорытындысын ұсыну туралы көрсетіледі.

      Бұл ретте реттегіш құралды талдауды мемлекеттік басқарудың реттегіш құралды, онымен байланысты талаптарды енгізу немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыру көзделетін саласында немесе аясында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган Үкімет қорытындысының жобасы Үкімет отырысында мақұлданған күннен бастап екі ай ішінде кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жүргізеді.

      Үкіметтің қосымша қорытындысының жобасы осы тармақта белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, Ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімі алынған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Үкімет Аппаратына енгізіледі.

      Үкіметтің қосымша қорытындысының жобасына Қазақстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімінің электрондық құжат нысанындағы көшірмесі қоса беріледі.

      Парламент депутаттары бастама жасаған заңдардың жобаларына осы Регламентке сәйкес дайындалған Үкімет қорытындыларының жобаларын Үкімет Аппаратына енгізген кезде әзірлеуші оларға Ведомствоаралық комиссияның хаттамалық шешімінің көшірмесін, мүдделі мемлекеттік органдардың, сондай-ақ Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктерінің мемлекеттік органның бірінші басшысы не ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға қол қойған хаттарының көшірмелерін электрондық құжат нысанында қоса береді.

      Қажет болған кезде әзірлеуші Үкімет қорытындысының жобасына республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқару немесе шығыстарының ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптарды қоса береді.";

      121-тармақ мынадай мазмұндағы сегізінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Осы тармақтың талаптары реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша Үкіметтің қосымша қорытындысының жобаларына да қолданылады.";

      124-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "124. Осы Регламенттің 86-1-тармағына немесе Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының 2022 жылғы 1 маусымдағы № 22-01-38.16 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында (ұйымдарында) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құжаттарымен жұмыс істеу және олардың Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне құжаттар жіберу қағидаларының 23-2-тармағына сәйкес келісілген тәсіл болған кезде Президенттің және Премьер-Министрдің заңнамалық актілерге дереу өзгерістер енгізуді талап ететін тапсырмаларын орындау үшін жауапты мемлекеттік орган заң жобасына тиісті түзетулерді әзірлейді және оларды Үкіметтің келісілген ұстанымын келісу және тұжырымдау үшін Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктеріне және басқа да мүдделі мемлекеттік органдарға салыстырма кесте түрінде жібереді.";

      125-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "125. Үкімет бастама жасаған заң жобасына, сондай-ақ Парламент депутаттары бастама жасаған заң жобасына Парламент депутаттары түзетулер (оның ішінде республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерін қысқартуды немесе шығыстарын ұлғайтуды көздейтін) енгізген жағдайда Үкімет Аппараты Басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет қорытындысының жобасын осы Регламентке 11-қосымшаға сәйкес нысан бойынша заң жобасын әзірлеуші әзірлейді.

      Бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдар, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын дайындағанда ескеру үшін заң жобасын әзірлеушіге Парламент депутаттарының түзетулері бойынша өз ұстанымын ұсынуға міндетті.

      Егер заң жобасына түзетулер кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын болса, онда мұндай түзетулер ұсынымдық сипаттағы сараптамалық қорытынды алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және кәсіпкерлік субъектілерінің сараптамалық кеңестерінің мүшелеріне жіберіледі. Сараптамалық қорытындылар әзірлеушіге 5 (бес) жұмыс күні ішінде жіберіледі.

      Заң жобасын әзірлеуші, егер тапсырмада өзге, анағұрлым қысқа мерзім белгіленбесе, тапсырма түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Үкімет қорытындысының жобасын қалыптастырады және оны келісу үшін мүдделі мемлекеттік органдарға жібереді.

      Мемлекеттік органдар (Әділет, Ұлттық экономика, Қаржы министрліктері міндетті түрде) Үкімет қорытындысының жобасы түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде әзірлеушіге бірінші басшы немесе ол уәкілеттік берген лауазымды тұлға қол қойған тиісті хат жіберу арқылы келіседі.

      Үкімет қорытындысының жобасы мемлекеттік органда келісуде болғанына 3 (үш) жұмыс күнінен асқан және ол бойынша жауап ұсынылмаған жағдайда мұндай жоба әдепкі қалпы бойынша "келісілді" деп саналады. Бұл ретте жинақтауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган өзінің ілеспе хатында ұсынылған ақпараттың мемлекеттік органмен "әдепкі қалпы бойынша" келісілгені туралы міндетті түрде көрсетеді.

      Бірыңғай ұстаным болмаған кезде жауапты мемлекеттік орган 2 (екі) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде ведомствоаралық кеңес өткізеді, онда бірыңғай ұстаным тұжырымдалады не дәлелді негіздемелері бар ескертулер ресімделеді, олар қорытынды жобасымен бірге Үкімет Аппаратына енгізіледі. Үкімет қорытындысының жобасы келіспеушіліктермен енгізілген жағдайда мәселе шешімдер қабылдау үшін Үкімет Аппаратындағы кеңесте қаралады.

      Әзірлеуші, егер тапсырмада өзге мерзім көрсетілмесе, 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде Үкімет Аппаратына Үкімет қорытындысының жобасын енгізеді.

      Қажет болған кезде Үкімет қорытындысының жобасына: республикалық және жергілікті бюджеттердің және (немесе) Ұлттық қордың түсімдерінің қысқару немесе шығыстарының ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптар, Үкімет жанындағы консультативтік-кеңесші органдардың, Республикалық бюджет комиссиясының хаттамалары да қоса беріледі.

      Реттеушілік әсерге талдау жүргізу қажеттігі анықталған жағдайда Үкімет қорытындысының жобасында реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша тиісті нормаларға қатысты Үкіметтің қосымша қорытындысын ұсыну туралы көрсетіледі.

      Бұл ретте реттегіш құралды талдауды мемлекеттік басқарудың реттегіш құралды, онымен байланысты талаптарды енгізу немесе жеке кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты реттеуді қатаңдатуды жүзеге асыру көзделетін саласында немесе аясында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган Үкімет қорытындысының жобасы Үкімет Аппаратына енгізілген күннен бастап екі ай ішінде жүргізеді.

      Үкіметтің қосымша қорытындысының жобасы осы тармақта белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп, реттеушілік әсерді талдау аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Үкімет Аппаратына енгізіледі.

      Егер Үкімет қорытындысының жобасымен қолдау көрсетілетін түзетулерді іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерді қабылдау қажет болса, уәкілетті мемлекеттік органдар олардың алдын ала жобаларын әзірлеуге дереу кіріседі.

      Үкімет қорытындысының жобасы Үкімет Аппараты Басшысының қолы қойылған хатпен Президент Әкімшілігіне келісуге жіберіледі.

      Президент Әкімшілігімен келісілгеннен кейін Үкімет қорытындысының жобасы осы Регламенттің ережелерінде көзделген тәртіппен отырыста міндетті түрде таныстырылып, қаралуға тиіс.

      Отырыста мақұлданған Үкімет қорытындысының жобасы 1 (бір) жұмыс күні ішінде Премьер-Министрдің қол қоюына енгізіледі.

      Қорытынды жобасы Үкімет отырысында мақұлданған күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде заң жобасын әзірлеуші түзетулерді іске асыру үшін қажетті заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілердің алдын ала жобаларын бірінші басшының не ол уәкілеттік берген лауазымды тұлғаның қолы қойылған хатпен түзетулерге бастама жасаған Парламент депутаттарына, Үкімет Аппаратына және Әділет министрлігіне танысу үшін жібереді.

      Егер заңға тәуелді нормативтік құқықтық актінің жобасын әзірлеу басқа мемлекеттік органның құзыретіне жататын болса, онда осы мемлекеттік орган қорытынды жобасы Үкімет отырысында мақұлданған күннен бастап күнтізбелік 10 (он) жұмыс күн ішінде тиісті жобаны заң жобасын әзірлеушіге ұсынады.

      Осы тармақтың он екінші – он жетінші бөліктерінің талаптары реттеушілік әсерді талдау нәтижелері бойынша Үкіметтің қосымша қорытындысының жобаларына да қолданылады.";

      188-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "188. Парламент депутаттарының түзетулеріне Үкімет қорытындысының жобасын енгізу мерзімдерін ұзартуға оларды Республикалық бюджет комиссиясында қарау, қосымша ғылыми сараптама жүргізу қажеттігі ғана негіз болады.";

      көрсетілген Регламентке 10 және 14-4-қосымшалар осы қаулыға 1 және 2-қосымшаларға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес көрсетілген Регламентке 20-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1182 қаулысына 1-қосымша
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің регламентіне
10-қосымша
Нысан

Қазақстан Республикасының Парламентінде "_____________________________" Қазақстан Республикасы Заңының жобасын қарау барысында Президенттің және Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша бастама жасалатын түзетулер бойынша Үкіметтің келісілген ұстанымы

      1. Түзетулердің негізділігі, орындылығы және қажеттігі көрсетілген түзетулердің сипаттамалық бөлігі, онда мынадай мәселелер міндетті түрде көрініс табуға тиіс:

      1) осы Регламенттің 86-1-тармағына немесе Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының 2022 жылғы 1 маусымдағы № 22-01-38.16 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарында (ұйымдарында) Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің құжаттарымен жұмыс істеу және олардың Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне құжаттар жіберу қағидаларының 23-2-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің және (немесе) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің тапсырмасын орындау процесінің пайымы бойынша келісілген тәсілдің болуы;

      2) түзетулердің құқықтың негіз қалаушы қағидаттарына және заң жобасының консультативтік құжатына сәйкес келуі.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, кәсіпкерлік субъектілерінің сараптамалық кеңестері мүшелерінің түзетулеріне ұсыныстар мен ескертулер туралы мәліметтер:______________________________________.

      3. Мемлекеттік кірістердің қысқаруын немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаюын көздейтін нормалар туралы мәліметтер:______________________________________.

      Түзетулер бойынша Үкіметтің келісілген ұстанымында мемлекеттік кірістерді қысқартуды немесе мемлекеттік шығыстарды ұлғайтуды көздейтін нормалар туралы мәліметтер қамтылуға тиіс. Түзетулер мемлекеттік бюджеттің шығыс бөлігін ұлғайтуға немесе кіріс бөлігін қысқартуға байланысты қолдау таппайтын болса, Республикалық бюджет комиссиясының осындай шығындар қолдау таппаған отырысының күні мен хаттамасының нөмірі көрсетіледі. Мемлекеттік кірістердің қысқару немесе мемлекеттік шығыстардың ұлғаю ықтималдығы бөлігінде қаржы-экономикалық есеп-қисаптар бар болса, әзірлеуші оларды түзетулер бойынша келісілген ұстанымға қоса береді.

      4. Мәселенің сипатын көрсете отырып, іске асыру үшін заңға тәуелді нормативтік құқықтық акт қабылдау талап етілетін нормалар туралы мәліметтер (бар болса):

      ______________________________________________.

      Бұл ретте заңға тәуелді құқықтық актілердің жобалары Үкіметтің келісілген ұстанымына қоса беріледі.

      5. Үкімет құрамына кіретін мемлекеттік органдар мен Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін немесе Үкімет құрылымына кірмейтін орталық мемлекеттік органдар арасындағы келіспеушілік (бар болса):________________.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1182 қаулысына 2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің регламентіне
14-4-қосымша
Нысан

Мемлекеттік органдардың Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге байланысты қорытынды шешімдерін іске асыру барысы туралы ақпарат*

      I. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қорытынды шешімдерін іске асыру туралы жалпы ақпарат

      1. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының қорытынды шешімінің атауы, күні және нөмірі.

      2. Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының құқықтық ұстанымынан туындайтын іс-шараның атауы.

      3. Жауапты мемлекеттік орган, бірінші басшының орынбасарынан не аппарат басшысынан төмен емес лауазымды адам, жауапты орындаушы.

      4. Іске асыру тетігі туралы мәліметтер: Заң жобасын әзірлеу (жалпы не оңайлатылған тәртіп), депутаттардың түзетулерге бастама жасауы, мемлекеттік органның Үкімет регламентіне сәйкес түзетулерді енгізуі (124-тармақ).

      5. Қорытынды шешімдердің орындалу барысы, мемлекеттік органдарға, Әділет министрлігіне, Үкімет Аппаратына, Президент Әкімшілігіне, Парламент Мәжілісіне, Сенатына әзірленген нормативтік құқықтық актілер жобаларын, депутаттық түзетулерді; Үкімет регламентінің 124-тармағына сәйкес дайындалған түзетулерді; Үкіметтің келісілген ұстанымын; Үкімет қорытындыларын (қорытынды жобаларын) енгізу мәліметтері мен күндерін көрсете отырып, қабылданған шаралар:

      Үкімет Регламентіне сәйкес әзірленген нормативтік құқықтық актілердің және (немесе) дайындалған түзетулердің жобалары (124-тармақ);

      Үкіметтің келісілген ұстанымы;

      Үкімет қорытындыларының жобаларын мемлекеттік органдарға, Әділет министрлігіне, Үкімет Аппаратына, Президент Әкімшілігіне, Парламент Мәжілісіне, Сенатына жіберу туралы ақпарат.

      6. Нормативтік құқықтық актілер жобаларының мәтіндерін, мемлекеттік органның түзетулерін/депутаттардың түзетулерін, салыстырмалы кестелер мен қажетті материалдарды (зерттеу қорытындылары, схемалар, жұмыс топтарының хаттамалары және т.б.) қоса бере отырып, оларға ұсынылатын түзетулер мен негіздемелердің мәні, редакциясы.

      7. Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты көрсеткен заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу мерзімі туралы мәліметтер.

      8. Заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулысының күні, нөмірі.

      9. Заң жобасының, түзетулердің Парламентте өту барысы туралы мәліметтер (жұмыс тобы отырыстарының саны, жұмыс тобының басшысы, жалпы отырыста мақұлдануы туралы).

      10. Депутаттық түзетулердің өту барысы туралы мәліметтер (түзетулердің қабылданған күні, жалпы отырыста мақұлданған күні, Үкімет қорытындысының күні мен нөмірі).

      11. Нормативтік құқықтық актілерге (Жоғарғы Соттың нормативтік құқықтық қаулылары, заңға тәуелді актілер) түзетулер енгізу қажеттігі тұрғысынан заңнамаға жүргізілген ревизия туралы мәліметтер.

      12. Өтініші бойынша мүдделі субъектілерді хабардар ету туралы мәліметтер.

      13. Қосымша ақпарат.

      II. Мемлекеттік органның тұжырымдары мен ұсыныстары

      * Ақпаратты мемлекеттік органдар жоғарыда санамаланған тармақтар бойынша мәліметтерді міндетті түрде көрсете отырып, еркін нысанда толтырады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 1182 қаулысына 3-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің Регламентіне
20-қосымша
Нысан

Президенттің және (немесе) Премьер-Министрдің заңнамалық түзетулерді қабылдау мәселесі бойынша тапсырмасын орындауды ұйымдастыруға келісілген тәсіл

Р/с №

Іс-шараның атауы (нысаны және аяқтау мерзімі)

Заң жобасының атауы және таңдалған тәсілдің негіздемесі көрсетілген іске асыру тетігі

Таңдалған тетікті ескере отырып, заң шығару процесінің кезеңдері мен өту мерзімдері

1.

Іс-шараның атауы:
аяқталу нысаны:
аяқтау мерзімі:
әзірлеуші органның жауапты орындаушысы:

Іске асыру тетігі:
Таңдалған тәсілдің негіздемесі: