"Біріккен вагон-лизинг компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жарғылық капиталындағы қатысу үлесін сыйға тарту шарты бойынша жеке меншіктен республикалық меншікке қабылдау және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне толықтырулар

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2025 жылғы 22 тамыздағы № 663 қаулысы

      "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 13) тармақшасына, 19-бабының 1-тармағының 9) тармақшасына, 169-бабының 1-тармағына, "Сыйға тарту шарты бойынша мемлекеттің мүлік құқығына ие болу қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 қыркүйектегі № 1103 қаулысына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Біріккен вагон-лизинг компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің (бұдан әрі – "БВЛК" ЖШС) "БВЛК" ЖШС жарғылық капиталындағы қатысу үлесінің 49 % (қырық тоғыз) пайызын сыйға тарту шарты бойынша республикалық меншікке беру туралы ұсынысы қабылдансын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) "БВЛК" ЖШС-мен (келісу бойынша) бірлесіп осы қаулының 1-тармағынан туындайтын шараларды қабылдасын;

      2) "БВЛК" ЖШС жарғылық капиталындағы мемлекеттік қатысу үлесін иелену және пайдалану құқығын Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне беруді қамтамасыз етсін.

      3. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар бекітілсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2025 жылғы 22 тамыздағы
№ 663 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-220-жолмен толықтырылсын:

      "21-220. "Біріккен вагон-лизинг компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесі мынадай мазмұндағы бөліммен толықтырылсын:

      "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Теміржол және су көлігі комитетіне:

      409-4. "Біріккен вагон-лизинг компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі".

      3. "Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің кейбір мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 4 қазандағы № 862 қаулысында:

      Министрліктің және оның ведомстволарының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде 4-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

      "Біріккен вагон-лизинг компаниясы" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.".