"Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жыл

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 12 наурыздағы № 169 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 17 маусымдағы № 24 Жарлығын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 12 шілдедегі № 501 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі туралы ережеде:

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Министрлік мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және қазақ тілінде өз атауы бар мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.";

      15-тармақта:

      43) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "43) "электрондық үкіметтің" ақпараттық объектілерінің және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу әдістемесі мен қағидаларын бекіту;";

      мынадай мазмұндағы 56-1), 56-2), 56-3), 56-4), 56-5), 56-6), 56-7) және 56-8) тармақшалармен толықтырылсын:

      "56-1) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен келісу бойынша жыл сайынғы негізде кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға кәсіптер тізіліміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      56-2) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен келісу бойынша жыл сайынғы негізде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеу және оларды кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға жіберу;

      56-3) монополияға қарсы органмен келісу бойынша "электрондық үкiметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымының операторы өндіретін және (немесе) өткізетін тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) бағаларды белгілеу;

      56-4) кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен келісу бойынша кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органға Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық кеңестің отырысында қарау үшін кәсіптік біліктілікті тану шарттары бойынша ұсыныстар енгізу;

      56-5) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен салалық біліктілік шеңберлерін әзірлеу және (немесе) жаңарту;

      56-6) кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіптер сыныптауышының, салалық біліктілік шеңберлерінің негізінде кәсіптік стандарттарды әзірлеу және (немесе) жаңарту;

      56-7) Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қорытындысын ескере отырып, кәсіптік біліктілік жөніндегі салалық кеңеспен және кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша кәсіптік стандарттарды бекіту;

      56-8) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша жыл сайынғы негізде ағымдағы және болашақ кезеңдерде кәсіптердің өзектілігін ескере отырып, еңбек нарығының кәсіптік біліктілікті танудағы қажеттілігін кәсіптік біліктілікті тану саласындағы уәкілетті орган айқындаған тәртіппен қалыптастыру;";

      122) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 154-1) және 154-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "154-1) "электрондық үкіметтің" бірыңғай репозиторийінің жұмыс істеу қағидаларын бекіту;

      154-2) ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасының жұмыс істеу қағидаларын бекіту;";

      155) тармақша алып тасталсын;

      173) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "173) Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарын қоспағанда, ақпараттандыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуға арналған шығыстардың бюджеттік бағдарламалар әкімшілері ұсынған есеп-қисаптарын қарау және қорытындылар беру;";

      265-3) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "265-3) цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия беру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау;";

      мынадай мазмұндағы 268-4) және 268-5) тармақшалармен толықтырылсын:

      "268-4) Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      268-5) "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде көзделген мақсаттарда "электрондық үкіметтің" ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымы операторына субъектілердің құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылу тәуекеліне алып келетін дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы туралы ақпаратты жіберу;";

      303) тармақша алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 364-1), 364-2), 364-3), 364-4), 364-5) және 364-6) тармақшалармен толықтырылсын:

      "364-1) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органмен келісу бойынша әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектілеріне қойылатын талаптарды әзірлеу және бекіту;

      364-2) әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектілерін іріктеу қағидаларын әзірлеу және бекіту;

      364-3) әріптестік келісім жасасу үшін кәсіпкерлік субъектілерін іріктеуді жүргізу;

      364-4) жасырын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді анықтау және оларды мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізіліміне енгізу тәртібін айқындау;

      364-5) әріптестік ұйымдар мемлекеттік қызметтер көрсетуге өтініштер қабылдауды және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беруді жүзеге асыра алатын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тізілімінен іріктеуді жүзеге асыру;

      364-6) үлгілік әріптестік келісімді әзірлеу және бекіту.".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
О. Бектенов