"Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 31 мамырдағы № 427 қаулысы.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 2-т. қараңыз.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің мәселелері" туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ережеде:

      15-тармақта:

      106) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "106) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы бөлшек саудада өткізуге шекті бағаларды белгілейді;";

      мынадай мазмұндағы 106-1) және 106-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "106-1) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін стационарлық автожанармай құю станциялары үшін көтерме саудада өткізуге шекті бағаларды белгілейді;

      106-2) бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін стационарлық автожанармай құю станциялары арқылы бөлшек саудада өткізуге, сондай-ақ бағаларды мемлекеттік реттеу белгіленген мұнай өнімдерін стационарлық автожанармай құю станциялары үшін көтерме саудада өткізуге шекті бағаны айқындау тәртібін әзірлейді және бекітеді;".

      134) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "134) тоқсан сайын Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын беру жоспарын бекітеді;";

      140) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "140) табиғи монополиялардың тиісті салаларында басшылықты жүзеге асыратын уәкiлеттi органмен келiсу бойынша мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мақсатында тауарлық газды өнеркәсіптік өндірісте отын және (немесе) шикізат ретінде пайдалану үшін сатып алатын өнеркәсіптік тұтынушы-инвестор үшін тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткiзудiң шектi бағаларын кейіннен 1 шілдеден бастап бесжылдық кезеңге бекіте отырып, жоба пайдалануға енгізілген күнге дейін отыз жұмыс күнінен кешiктiрмей бекiтедi және қажет болған кезде жыл сайын 1 шілдеде түзетіп отырады;";

      мынадай мазмұндағы 277-1), 277-2) және 277-3) тармақшалармен толықтырылсын:

      "277-1) "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес цифрлық майнерлерді электр желілеріне қосуға қойылатын талаптарды айқындайды;

      277-2) цифрлық майнерлер үшін электр энергиясына квотаны айқындау тетігін бекітеді;

      277-3) электр энергиясын көтерме тұтынушылар болып табылатын цифрлық майнерлердің қаржы-есеп айырысу орталығынан электр энергиясын сатып алу тәртібін айқындайды;";

      мынадай мазмұндағы 434-1) және 434-2) тармақшалармен толықтырылсын:

      "434-1) салық және бюджетке төленетін төлемдердің түсуін қамтамасыз ету саласындағы басшылықты жүзеге асыратын уәкілетті органмен бірлесіп, салық төлеушінің (салық агентінің) жазбаша рұқсатын алмай, мемлекеттік кіріс органдарының салық төлеуші (салық агенті) туралы салықтық құпияны құрайтын мәліметтерді ұсыну тәртібін, сондай-ақ ұсынылатын деректердің тізбесін әзірлейді және бекітеді;

      434-2) салықтық құпияны құрайтын мәліметтерге қол жеткізе алатын лауазымды адамдардың тізбесін әзірлейді және бекітеді;";

      442) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "442) мемлекеттің басым құқығы шеңберінде ұлттық оператор сатып алатын шикі және тауарлық газдың бағасын айқындау қағидаларын әзірлейді және бекітеді;".

      2. Осы қаулы 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілетін осы қаулының 1-тармағының он жетінші, он сегізінші және он тоғызыншы абзацтарын қоспағанда, қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов