"Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 13 сәуірдегі № 291 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 127-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Yкiметi ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларында:

      3-тармақтың 2) тармақшасының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

      "мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегі шығыстарды өтеу нормасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында - тәулігіне айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда – айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде – айлық есептік көрсеткіштің төрт еселенген мөлшерінен және ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;"

      3-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) іссапарда болатын жерге және тұрақты жұмыс орнына кері қарай жол жүру бойынша (іссапарға жіберілген адамға әкімшілік тиісті қозғалыс құралын ұсынатын жағдайлардан басқа) көрсетілген жол жүру құжаттарының (жол жүру билеті мен отырғызу талонының, автобуспен жол жүрген кезде тек жол жүру билетінің) негізінде теміржолмен жүрген кезде – купе вагонының (жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе (ҰВ) вагондарды қоспағанда) тарифі бойынша; су жолдарымен, тас және топырақ жолдармен – сол жергiлiктi жерде қолданылып жүрген жол жүру құны бойынша; ерекше жағдайларда (Қазақстан Республикасынан тыс жерге іссапарға жіберілген жағдайда, транзитпен жүріп өткен кезде, аталған көлік құралдары болмаған немесе іссапар шұғыл болған кезде) орталық мемлекеттік органның аппарат басшысының, ал мұндай болмаған жағдайда – мемлекеттiк мекеме басшысының бұйрығына (өкiміне) сәйкес темiржол көлігімен жол жүрген кезде жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе (ҰВ) тарифтері бойынша және әуе көлiгiмен экономикалық класс авиабилеттің құны бойынша; мемлекеттік органның басшысына, мемлекеттік орган басшысының бірінші орынбасары мен орынбасарларына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға теңестірілген тұлғаларға, Конституциялық Соттың судьяларына, орталық мемлекеттік органның аппарат басшысына, ал мұндай болмаған жағдайда – мемлекеттiк мекеме басшысына әуе көлiгiмен жол жүрген кезде экономикалық класс авиабилеттің құны бойынша; Қазақстан Республикасының Парламентi Сенатының Төрағасына, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты Төрағасының орынбасарларына, Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісінің Төрағасына, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасарларына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасарына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасарларына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісіне, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысына, оның бірінші орынбасарына және орынбасарларына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің Басшысына, оның орынбасарларына, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысына, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығына, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшілеріне және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға теңестірілген тұлғаларға әуе көлігімен жол жүрген кезде "Бизнес" класс авиабилеттің құны бойынша;".

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов