Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге еңбекақы төлеудің кейбір мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 20 желтоқсандағы № 1038 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      1) "Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыздағы № 1127 қаулысында:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидаларын бекіту туралы";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлық беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу ережесінде:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Мемлекеттiк бюджет қаражаты есебінен Қазақстан Республикасы органдарының қызметкерлеріне сыйлықақы беру, материалдық көмек көрсету және лауазымдық жалақыларына үстемеақылар белгілеу, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдарының қызметкерлеріне лауазымдық (қызметтік) мiндеттерiн тиiсiнше орындағаны үшiн көтермелеу жүйесiн реттеу, сондай-ақ олардың функциялары мен міндеттерін уақтылы әрі сапалы орындауға материалдық мүдделілiгiн арттыру мақсатында әзiрлендi және еңбегiне ақы төлеу "Мемлекеттiк бюджет есебiнен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысы негiзiнде жүргiзiлетiн мемлекеттік бюджет есебiнен қамтылған барлық органдардың қызметкерлеріне қолданылады.";

      мынадай мазмұндағы 2-1-тармақпен толықтырылсын:

      "2-1. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) бонус – әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге олардың қызметінің тиімділігін бағалау нәтижесі бойынша белгіленетін ақшалай төлем;

      2)  бонустық қор – мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге олардың қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша бонустар төлеуге арналған, жоспарланатын бюджет қаражаты;

      3)  есепті кезең – бағалау жылының бірінші қаңтарынан бастап отыз бірінші желтоқсанын қоса алғанда, он екі айды құрайтын күнтізбелік жылға тең мемлекеттік қызметші жұмысының нәтижелерін бағалау кезеңі;

      4)  сыйлықақы – біржолғы ақшалай сыйақы түріндегі көтермелеу нысаны.";

      "Мемлекеттiк органдар орталық аппараттарының мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшілерiне бюджеттiк бағдарламаны (кiшi бағдарламаны) қаржыландыру жоспары бойынша тиiстi органды ұстауға көзделген мемлекеттiк бюджет қаражаты есебiнен сыйлықақы төлеу тәртiбi" деген тарау алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы тараумен толықтырылсын:

      "Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу тәртібі

      16. "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 33-бабының 3-тармағында көрсетілген адамдарды қоспағанда, "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне бонустар төлеу Заңның 33-бабының 4-тармағына сәйкес бекітілетін "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалау әдістемесіне сәйкес жүргізілетін бағалау нәтижелері негізінде тағайындалады.

      17. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілеріне бонустар төлеу Заңның 33-бабының 5-тармағына сәйкес бекітілетін "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің қызметін бағалаудың үлгілік әдістемесіне сәйкес жүргізілетін бағалау нәтижелері негізінде тағайындалады.

      18. Бонустарды төлеу мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілерінің бірыңғай еңбегіне ақы төлеу жүйесінде бонустық қорды қалыптастыруға көзделген қаражат есебінен жүргізіледі.

      19. Мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жыл қорытындысы бойынша олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады, ал жұмыстан шығу, еңбек қатынастарын бұзу, ротациялау болған жағдайда мемлекеттік әкімшілік қызметшілерге бонустар төлеу жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде қызметін бағалау нәтижелері бойынша жүзеге асырылады.

      20. Бонустарды төлеу мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалау нәтижелері бекітілген кезден бастап бір ай ішінде жүргізіледі.

      21. Бонустарды есептеген кезде тиісті лауазым бойынша есепті кезеңде жұмыс істеген нақты күндер саны пайдаланылады.

      22. Мемлекеттік әкімшілік қызметшіге бонустар төлеу қызметті бағалау жүргізілген мемлекеттік органда жүзеге асырылады, ал мемлекеттік орган қайта ұйымдастырылған және (немесе) таратылған (қысқартылған) жағдайда азаматтық заңнаманың ережелері қолданылады.

      23. Мемлекеттік әкімшілік қызметші есепті кезең ішінде мемлекеттік орган ішінде бір лауазымнан басқа лауазымға немесе бір мемлекеттік органнан басқа мемлекеттік органға ауысқан жағдайда, бонус бұдан бұрын атқарған лауазымы бойынша, сондай-ақ атқарып отырған жаңа лауазымы бойынша есепті кезеңде нақты жұмыс істеген уақытына пропорционалды түрде есептеледі.

      24. Есепті кезең ішінде лауазымдық айлықақы өзгерген жағдайда, бонус осы Қағидалардың 23-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, есепті кезеңнің соңында қолданыста болатын белгіленген айлықақының мөлшері негізге алынып есептеледі.

      25. Бонустар төлеу туралы шешімді:

      1) "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін мемлекеттік органның басшысы не оны алмастыратын тұлға;

      2) "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін мемлекеттік органның басшысы не ол өкілеттік берген мемлекеттік органның аппарат басшысы қабылдайды.

      26. Мемлекеттік әкімшілік қызметші бонусының мөлшері мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің есепті кезеңдегі түйінді нысаналы индикаторларға қол жеткізуін бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік әкімшілік қызметшінің бонусын түзету нәтижесінде айқындалады.

      Мемлекеттік органның мемлекеттік әкімшілік қызметшісі бонустарының мөлшерін есептеу үшін мынадай формула пайдаланылады:

      Мб = ЛА × 2 × Тп × НЖУ, мұндағы:

      Мб – бонус мөлшері;

      ЛА – тиісті мемлекеттік әкімшілік қызметшінің лауазымдық айлықақысы;

      Тп – жыл қорытындысы бойынша тиісті мемлекеттік әкімшілік қызметшінің қойылған түйінді нысаналы индикаторларды орындау пайызы;

      НЖУ – мемлекеттік әкімшілік қызметшінің пайызбен нақты жұмыс істеген уақыты.

      27. "А" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қойылған түйінді нысаналы индикаторларды орындау пайызы (Тп) мынадай қағидат бойынша айқындалады:

      1) "тиімді" деп бағаланған кезде түйінді нысаналы индикаторларды орындау 80 %-дан 100 %-ға дейінгі деңгейде белгіленеді;

      2) "қанағаттанарлық" деп бағаланған кезде түйінді нысаналы индикаторларды орындау 60 %-дан 80 %-ға дейінгі деңгейде белгіленеді.

      28. "Б" корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшісінің қойылған түйінді нысаналы индикаторларды орындау пайызы (Тп) мынадай қағидат бойынша айқындалады:

      1) "өте жақсы" деп бағаланған кезде түйінді нысаналы индикаторларды орындау 100 % деңгейінде белгіленеді;

      2) "тиімді" деп бағаланған кезде түйінді нысаналы индикаторларды орындау 80 % деңгейінде белгіленеді;

      3) "қанағаттанарлық" деп бағаланған кезде түйінді нысаналы индикаторларды орындау 60 % деңгейінде белгіленеді.

      29. Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің нақты жұмыс істеген уақыты мына формула бойынша айқындалады:



      А – есепті кезеңде жұмыс істеген жұмыс күндерінің нақты саны;

      В – күнтізбелік жылдағы жұмыс күндерінің саны.

      Есепті кезеңде жұмыс істеген жұмыс күндерінің нақты саны:

      жыл сайынғы кезекті ақылы демалыста болған уақытын;

      қайта даярлау және біліктілік арттыру курстарында болған уақытты;

      іссапарда болған уақытты;

      мемлекеттік әкімшілік қызметші уақытша еңбекке жарамсыздығына байланысты жұмыс істемеген, бірақ есепті кезеңде күнтізбелік 20 күннен аспайтын уақытты;

      жалақысы сақталмайтын демалыста болған, бірақ есепті кезеңде күнтізбелік 5 күннен аспайтын уақытты қамтиды.

      Мемлекеттік әкімшілік қызметшінің нақты жұмыс істеген уақытын есептеуді мемлекеттік органның персоналды басқару қызметі не персоналды басқару қызметінің (кадр қызметінің) міндеттерін орындау жүктелген құрылымдық бөлімше (адам) жүзеге асырады.

      30. Мемлекеттік әкімшілік қызметшіге:

      1) мемлекеттік әкімшілік қызметшіде есепті кезеңде мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар үшін алынбаған тәртіптік жазасы болса;

      2) есепті кезеңде мемлекеттік әкімшілік қызметшінің қызметі қанағаттанарлықсыз бағаланған кезде бонустар төленбейді.";

      2) "Мемлекеттік бюджет есебінен қамтылған барлық органдар үшін қызметкерлердің еңбегіне ақы төлеудің бірыңғай жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 16 қазандағы № 646 қбп қаулысында: ("Қызмет бабында пайдалану үшін" деген белгімен).

      2. Осы қаулы оған қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және:

      1) осы қаулының 1-тармағының жиырма бесінші абзацын қоспағанда, жергілікті атқарушы органдардың, тексеру комиссияларының және мәслихат аппараттарының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін 2021 жылғы 1 шілдеден бастап;

      2) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген мемлекеттік органдарды қоспағанда, мемлекеттік органдардың мемлекеттік әкімшілік қызметшілері үшін 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
Ә. Смайылов