"Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларын және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін, байланыс опера

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 30 желтоқсандағы № 963 қаулысы. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 17 тамыздағы № 691 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 17.08.2023 № 691 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларын және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін, байланыс операторларына қойылатын байланыстың әмбебап қызметтерін көрсету жөніндегі талаптарды, байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 238 қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидаларында және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібінде:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсету операторларын айқындау жөніндегі конкурсты өткізу қағидалары және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Байланыс туралы", "Пошта туралы" заңдарына сәйкес әзірленді және субсидиялар мөлшерін есептеуді қоса алғанда, әмбебап қызмет көрсететін операторларды айқындау жөніндегі конкурсты өткізу тәртібін және уәкілетті органның байланыс операторларына әмбебап қызметтер көрсету жөніндегі міндетті жүктеу тәртібін айқындайды.";

      3-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "3) байланыс операторы – Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген, байланыс қызметтерiн көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын жеке немесе заңды тұлға;";

      15-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексіне сәйкес төлеу мерзімі ұзартылған жағдайларды қоспағанда, конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашатын күннің алдындағы үш айдан астам уақыт ішінде салық берешегiнiң, міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдар және (немесе) жарналар және әлеуметтік аударымдар бойынша берешегінің жоқ немесе бар екендігі туралы (тиісті салық органының белгіленген нысандағы анықтамасы) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы куәландырған электрондық құжаттың қағаздағы көшірмесін;";

      көрсетілген қаулымен бекітілген байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің тізбесі осы қаулыға қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2021 жылғы 30 желтоқсандағы
№ 963 қаулысына
қосымша
  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2017 жылғы 2 мамырдағы
№ 238 қаулысымен
бекітілген

Байланыстың әмбебап көрсетілетін қызметтерінің тізбесі

Р/с № Әмбебап көрсетілетін қызметтердің атауы
1 2

Телекоммуникациялар секторында бекітілген байланыс қызметтерінің тізбесі

1.

Интернет желісіне қосылу жылдамдығы 2 Мбит/с-тан 8 Мбит/с-қа дейінгі жеке қолжетімділік қызметтері

2.

Интернет желісіне қосылу жылдамдығы 8 Мбит/с-тан астам талшықты-оптикалық байланыс желілерінің технологиясы бойынша жеке қолжетімділік қызметтері

3.

Интернет желісіне жеке қолжетімділік қызметі бойынша субсидияланатын абоненттерді қоспағанда, жергілікті байланыс қызметтері

Пошта байланысы секторында бекітілген байланыс қызметтерінің тізбесі

4.

Тіркелмейтін хатты жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер

5.

Тіркелмейтін пошта карточкасын жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер

6.

Тіркелмейтін бандерольді жiберу бойынша көрсетілетін қызметтер

7.

Жаздырып алынатын мерзімді баспасөз басылымдарын тарату бойынша көрсетілетін қызметтер