"Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамын құру мәселелері туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 4 ақпандағы № 34 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – "ҰКҒО" КеАҚ) құрылсын.

      2. Қазақстан Республикасы мен шет мемлекеттердің азаматтарына кардиология, интервенциялық кардиология, кардиохирургия және аралас бейіндер саласында жоғары мамандандырылған, мамандандырылған, амбулаториялық-емханалық, стационарлық, стационарды алмастыратын және өзге де медициналық көмек көрсету "ҰКҒО" КеАҚ қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын.

      3. "ҰКҒО" КеАҚ жарғылық капиталы осы қаулыға қосымшаға сәйкес республикалық мүлік есебінен қалыптастырылсын.

      4. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) "ҰКҒО" КеАҚ жарғысын бекітуді;

      2) "ҰКҒО" КеАҚ атынан құжаттарды мемлекеттік тіркеу үшін қол қоюға, қаржылық-шаруашылық қызметті жүзеге асыруға және "ҰКҒО" КеАҚ органдары құрылғанға дейін үшінші тараптардың алдында олардың мүддесін білдіруге уәкілетті тұлғаларды сайлауды;

      3) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне "ҰКҒО" КеАҚ акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқықтарын беруді;

      4) осы қаулының 3-тармағынан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      5. Осы қаулының 1 және 4-тармақтарында көрсетілген іс-шаралар орындалғаннан кейін "ҰҒКО" КеАҚ оған "Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық" акционерлік қоғамын қосу арқылы қайта ұйымдастырылсын.

      6. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар бекітілсін.

      7. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 4 ақпандағы
№ 34 қаулысына
қосымша

"Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының акцияларын төлеуге берілетін республикалық мүліктің тізбесі

Р/с № Мүліктің атауы Өлшем бірлігі Саны
1 2 3 4

1

Artis Zee Floor R0102 кардиологиялық және гемодинамикалық рентген жүйесі (зауыттық нөмірі №135964)

дана

1

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы 4 ақпандағы
№ 34 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Нұр-Сұлтан қаласы" деген бөлімде мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-194-жолмен толықтырылсын:

      "21-194. "Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге, өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігіне" деген бөлімде:

      реттік нөмірі 227-18-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "227-18. "Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      3. "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және Ұлттық экономика министрлiктерінің кейбiр мәселелерi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 17 ақпандағы № 71 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 6, 41-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі туралы ережеде:

      Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінiң және оның ведомствосының қарамағындағы ұйымдардың тізбесінде:

      "4. Акционерлік қоғамдар" деген бөлімде реттік нөмірі 10-жол мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. "Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      4. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 28.03.2023 № 262 қаулысымен.