Ескерту. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 02.06.2022 № 355 қаулысымен.
Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентi туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 10 желтоқсандағы № 1300 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2002 ж., № 44, 443-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасы Yкiметiнiң Регламентiнде:
8-4 және 8-5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"8-4. Ұйымдастыру іс-шараларының жоспары (жол картасы) болмаған жағдайда, қажет болса, орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) бірінші басшысының шешімімен Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітіледі.
8-5. Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларын орындау жөніндегі іс-шаралардың орындаушысы Үкімет болып табылатын жоспарын жасаған кезде олардың орындалуын Премьер-Министрдің тиісті орынбасарының үйлестіруі көзделеді.";
8-7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8-7. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша есептер мен қорытындылардың жобалары Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, Қазақстан Республикасының Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшелері және қоғамдық кеңестердің өкілдері шақырылып, Қазақстан Республикасының Үкіметінде тыңдалады.
Стратегиялық және бағдарламалық құжаттардың іске асырылу барысы туралы есептік ақпарат Президент Әкімшілігіне "Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен айқындалған нысан бойынша және мерзімдерде беріледі.";
8-10 және 8-11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"8-10. Егер Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің және/немесе тапсырмаларының тармақтарын белгіленген мерзімде орындау мүмкін болмаған жағдайда, онда орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы, ал Үкіметтің өкілеттіктері қозғалатын болса – Премьер-Министрмен (оның міндетін атқарушы адаммен) немесе оның орынбасарымен келіскеннен кейін белгіленген мерзімнен кешіктірмей, Президент Әкімшілігіне орындаудың ағымдағы жай-күйі көрсетіліп, орындау мерзімін ұзарту не оны орта мерзімді бақылауға ауыстыру қажеттілігінің дәлелді негіздемесімен хат енгізеді. Бұл ретте нақты орындау мерзімі, орындаушы мемлекеттік органның, сондай-ақ бірлесіп орындаушы мемлекеттік органдардың жауапты саяси мемлекеттік қызметшілері және ұйымдардың лауазымды адамдары көрсетіледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауының жобасын дайындау, келісу және Қазақстан Республикасы Президентінің қарауына ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына жолдауын іске асыру, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу қағидаларының (бұдан әрі – Қағидалар) 36-1-тармағында көрсетілген, белгіленген мерзімде орындалмайтын тапсырмалар бойынша орындаушы мемлекеттік органның (ұйымның) басшысы белгіленген мерзімнен кешіктірмей, Үкімет басшылығының немесе Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының атына орындаудың ағымдағы жай-күйін көрсете отырып, орындау мерзімін ұзарту не оны орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыру қажеттілігінің дәлелді негіздемесімен хат енгізеді. Үкімет хат бойынша қабылданған шешім туралы Президент Әкімшілігін он жұмыс күнінен кешіктірмей хабардар етеді.
Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген тапсырмаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасының Президенті актілерінің және/немесе тапсырмаларының тармақтарын орындау мерзімін ұзартуға не оларды орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыруға Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшесінің сараптамалық қорытындысы негізінде Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша бір рет қана жол беріледі.
Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген тапсырмаларды орындау мерзімдерін ұзартуға, не оларды орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді бақылауға ауыстыруға Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының шешімі бойынша бір рет қана жол беріледі.
8-11. Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген тапсырмаларды қоспағанда, актілердің және/немесе тапсырмалардың тармақтарын орындау мерзімін қайтадан ұзартуға Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Президент Әкімшілігі Басшысының шешімі бойынша айрықша жағдайларда, мемлекеттік саяси қызметшілердің және ұйымдардың жауапты лауазымды адамдарының тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселе қарала отырып жол беріледі.
Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген тапсырмаларды орындау мерзімдерін қайтадан ұзартуға Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының шешімі бойынша айрықша жағдайларда, мемлекеттік саяси қызметшілердің және ұйымдардың жауапты лауазымды адамдарының тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселе қарала отырып жол беріледі.
Қазақстан Республикасы Президентінің орындау мерзімі үш айдан асатын актілері мен тапсырмаларын қайтадан ұзарту туралы ұсынысты Президент Әкімшілігіне орындаушы мемлекеттік орган (ұйым), ал Үкіметтің өкілеттіктері қозғалса – Премьер-Министрмен (оның міндеттерін атқарушы адаммен) немесе оның орынбасарымен келісілгеннен кейін оны орындау мерзімі аяқталғанға дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей енгізеді.
Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген орындау мерзімі үш айдан асатын тапсырмаларды қайтадан ұзарту туралы ұсынысты орындаушы мемлекеттік орган (ұйым) орындау мерзімі аяқталғанға дейін он бес жұмыс күнінен кешіктірмей Үкімет басшылығының немесе Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының атына енгізеді.
Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты құрылымдық бөлімшесі осы ұсыныс келіп түскен кезден бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей тапсырманың орындалмау себебін анықтау мәселесі бойынша тексеру жүргізеді және оның нәтижелері бойынша сараптамалық қорытынды дайындайды.";
8-15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8-15. Мемлекеттік органдарда Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының және Премьер-Министрдің актілері мен тапсырмаларының орындалу уақтылығы мен сапасына жауапкершілік мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеледі.";
34-2-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"34-2. 2015 жылғы 29 қазандағы Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексі 82-бабының 2-тармағында көзделген реттегіш құралды және онымен байланысты талаптарды енгізуді немесе реттеуді қатаңдатуды көздейтін құжаттардың жобалары бойынша кәсіпкерлік жөніндегі уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен реттеушілік әсерді талдау рәсімі алдын ала жүргізіледі.";
38-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"38. Орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар сараптамалық қорытынды алу үшін, оның ішінде осы жобаны мүдделі мемлекеттік органдармен кейінгі әрбір келісу кезінде сараптама кеңестеріне және Ұлттық палатаға кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тиісті қаулы жобасын ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылғаны туралы хабарлама жібереді.
Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, сараптама кеңестерінің сараптамалық қорытындылары ұсынымдық сипатта болады және қаулының жобасы қабылданғанға дейін оған міндетті қосымша болып табылады.";
50-тармақ мынадай мазмұндағы 7-1) тармақшамен толықтырылсын:
"7-1) жоба ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында орналастырылуға жататын болса, ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша Үкімет қаулысының жобасын жария талқылаудың аяқталуы туралы есеп;";
50-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"50-1. Мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Президент Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының, сондай-ақ Кеңсе Басшысының тапсырмалары бар жобаларды қоспағанда, Үкімет қаулылары мен Премьер-Министр өкімдерінің жобаларын Кеңсеге ағымдағы жылғы 10 желтоқсанға дейін енгізеді.";
79-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"2) Премьер-Министр бұрыштама қойған тиісті бланкідегі Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы қағаз және электрондық түрде. Әзірлеуші мемлекеттік орган, Әділет министрлігі, бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган және басқа да мүдделі мемлекеттік органдар басшыларының бұрыштамасы келісу парағына ғана қойылады.
Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасы мен оған қосымшаның әр парағын жобаны әзірлеуші мемлекеттік органның бірінші басшысы дәйектеуге тиіс.
Кеңседе пысықталған Қазақстан Республикасының Президенті актісінің енгізілетін жобасына Үкіметке енгізілген әзірлеуші органның, Әділет, Қаржы министрліктерінің бірінші басшыларының бұрыштамалары бар Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасын қоса беруге рұқсат беріледі.
Премьер-Министрдің Кеңсесінде пысықталған Қазақстан Республикасының Президенті актісінің жобасына Премьер-Министр бұрыштама қояды.";
79-1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"79-1. Ағымдағы жылғы 31 желтоқсанға дейін мемлекеттік органдар Президент Әкімшілігіне мониторингтің нәтижелері туралы ақпарат және қажет болған жағдайда, тиісті жарлықтарға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу не олардың күші жойылды деп тану туралы ұсыныс жібереді.";
84-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының не Президент Әкімшілігінің тапсырмалары;";
91-тармақтың бірінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"91. Жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын тиісті заң жобаларын орналастыру туралы хабарламалар ұсынымдық сипатта болатын және заң жобалары қабылданғанға дейін оларға міндетті қосымшалар болып табылатын сараптамалық қорытындылар алу үшін Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасына және сараптамалық кеңестерге жіберіледі.";
111-тармақтың төртінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Үкіметтің Парламенттегі Өкілдігі Премьер-Министрді, оның орынбасарларын және Кеңсе Басшысын Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы, Парламент депутаттары бастамашылық еткен және Үкімет енгізген заң жобаларының өтуі, Парламент қарайтын әрі Үкіметтің қызметіне қатысы бар басқа да мәселелер туралы Кеңсенің құрылымдық бөлімшелерімен келіспей тұрақты хабардар етіп отырады және мемлекеттік органдарға жібереді.";
120-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"120. Үкіметтің қаулылары Қазақстан Республикасының Президенті мен Қазақстан Республикасы Үкіметі актілерінің жинағында жарияланады.
Нормативтік құқықтық актілерді ресми жариялау Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде де жүзеге асырылады.";
121-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"121. Нормативтік құқықтық актілерді алғашқы ресми жариялау олар күшіне енген күннен кейін күнтізбелік отыз күн ішінде бір мезгілде қазақ және орыс тілдерінде жүзеге асырылуға тиіс.";
122-тармақ алып тасталсын;
126-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"126. Қазақстан Республикасының Президенті, Үкімет, Премьер-Министр, оның орынбасарлары және Кеңсе Басшысы актілерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Президентінің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі мен Кеңсе басшыларының тапсырмалары бар құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру "Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы" Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, "Әкімшілік рәсімдер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілеріне және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.";
128-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
"Қазақстан Республикасының Президенті өңірлік сапарлардың, халықаралық және қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының Үкіметіне, орталық және жергілікті атқарушы органдарға берген тапсырмалары тармақтарының уақтылы әрі сапалы іске асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының Үкіметі жүзеге асырады.";
мынадай мазмұндағы 131-1-тармақпен толықтырылсын:
"131-1. Президент Әкімшілігінде бекітілген Қазақстан Республикасының Президенті тапсырмаларының орындалуын бақылауды бекітудің негізінде Премьер-Министр Кеңсесі бақылауды бекітуді дайындайды және оны орындаушыларға: өңірлік сапарлардың және қоғамдық маңызы бар іс-шаралардың қорытындылары бойынша – Үкіметтің құрылымына кіретін мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға және ұйымдарға, халықаралық іс-шаралар бойынша – барлық мемлекеттік органдарға және орындаушы ұйымдарға жібереді.";
141-3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"141-3. Кеңсеге Премьер-Министрдің тапсырмасын (оның ішінде Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмаларынан туындайтын) орындау мерзімін екі реттен артық ұзарту туралы ұсыныс енгізілген жағдайда, заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардың бірінші басшыларын жазалау туралы мәселе қаралады.";
142-тармақтың 1) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"1) Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген тапсырмаларды қоспағанда, Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары (жеке тапсырмалары), оның ішінде Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде, оның қатысуымен өткен кеңестердің (мәжілістердің) хаттамаларында және Қазақстан Республикасының Президенті немесе Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысы бекіткен іс-шаралар жоспарларында қамтылатын тапсырмалар бойынша – тиісінше Қазақстан Республикасы Президентінің немесе Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының не оның міндетін атқарушы адамның қарары бойынша.
Қағидалардың 36-1-тармағында көрсетілген тапсырмаларды бақылаудан алу – Премьер-Министрдің немесе оның орынбасарының қарары бойынша.";
142-тармақ мынадай мазмұндағы 1-1) тармақшамен толықтырылсын:
"1-1) Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының тапсырмалары, оның ішінде оның қатысуымен өткен кеңестердің (мәжілістердің) хаттамаларында және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы бекіткен іс-шаралар жоспарларында қамтылатын тапсырмалар бойынша – тиісінше Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының қарары бойынша;";
144-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының іске асырылу барысы туралы есептік ақпарат Қағидалардың 50-тармағында белгіленген нысан бойынша мәліметтерді қамтуға тиіс.";
145-тармақтың 5-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшылығының, Премьер-Министрдің, Премьер-Министр орынбасарының және Премьер-Министр Кеңсесі Басшысының басқа тапсырмасын қайталауы негіз болады.";
147-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"147. Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі басшылығының Үкіметтің атына берген тапсырмаларын, сондай-ақ Премьер-Министр мен Үкіметтің тапсырмаларын уақтылы орындамау, сапасыз орындау, сондай-ақ орындау мерзімін (екі және одан көп рет) ауыстыру фактілері Кеңсе Басшысында орындаушылық тәртіп жөнінде өткізілетін кеңестерде мемлекеттік органдардың жауапты хатшыларын (олардың өкілеттіктерін жүзеге асыратын лауазымды тұлғаларды) немесе аппарат басшыларын шақыра отырып қаралады.";
151-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"151. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке және тікелей тапсырмаларын орындау жөніндегі есептік ақпаратқа Премьер-Министр (оның міндетін атқарушы тұлға) не Премьер-Министрдің осы тапсырмаларды орындау тапсырылған орынбасары қол қояды.";
153-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"153. Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Парламент депутаттарының, Бас Прокурордың, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті төрағасының атына Премьер-Министр жіберетін жауаптардың жобаларын, сондай-ақ Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен мәжілістер хаттамаларының жобаларын Премьер-Министрдің орынбасарлары және Премьер-Министр Кеңсесінің басшылығы бір тәуліктен асырмай қарайды.";
155-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"155. Кеңсе Басшысының Премьер-Министр Кеңсесінің тиісті бөлімшелеріне мемлекеттік органдарда Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшылығының Үкіметтің атына берген тапсырмаларының, сондай-ақ Премьер-Министр, оның орынбасарлары мен Кеңсе Басшысы тапсырмаларының орындалу мәніне тексеру жүргізуге тапсырма беруге құқығы бар.".
2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі |
А. Мамин |