"Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 наурыздағы № 140 қаулысы.

      Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 11 мамырдағы № 256 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2018 ж., № 23-24, 137-құжат) мынадай өзгерістер енгiзiлсiн:

      көрсетілген қаулымен бекiтiлген Бюджет қаражаты есебінен қызметтік іссапарларға, оның ішінде шет мемлекеттерге қызметтік іссапарларға арналған шығыстарды өтеу туралы қағидаларында:

      3-тармақтың 2) және 3) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) тұрғын үй-жайды жалдау бойынша:

      мемлекеттiк мекемелердiң басшылары мен басшыларының орынбасарлары, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің мүшелері, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығы, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары мен Жоғарғы Сотының судьялары үшін тұрғын үй-жайды жалдау жөнiндегi шығыстарды өтеу нормасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында – тәулiгiне айлық есептiк көрсеткiштің он еселенген мөлшерiнен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда – айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен және аудан орталықтары мен аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде айлық есептік көрсеткіштің бес еселенген мөлшерінен аспауға тиiс;

      мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін тұрғын үй-жайды жалдау жөніндегі шығыстарды өтеу нормасы Астана, Алматы, Шымкент, Атырау, Ақтау және Байқоңыр қалаларында – тәулігіне айлық есептік көрсеткіштің жеті еселенген мөлшерінен, облыс орталықтары мен облыстық маңызы бар қалаларда – айлық есептік көрсеткіштің алты еселенген мөлшерінен, аудан орталықтарында, аудандық маңызы бар қалаларда және Ақмола облысы Бурабай ауданының Бурабай кентінде – айлық есептік көрсеткіштің төрт еселенген мөлшерінен және ауылдық округтерде айлық есептік көрсеткіштің екі еселенген мөлшерінен аспауға тиіс;

      3) іссапарда болатын жерге және тұрақты жұмыс орнына кері қарай жол жүру бойынша (іссапарға жіберілген адамға әкімшілік тиісті қозғалыс құралын ұсынатын жағдайлардан басқа) көрсетілген жол жүру құжаттарының (жол жүру билеті мен отырғызу талонының, автобуспен жол жүрген кезде тек жол жүру билетінің) негізінде темiржолмен жүрген кезде – купе вагонының (жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе (ҰВ) вагондарды қоспағанда) тарифі бойынша; су жолдарымен, тас және топырақ жолдармен – сол жергiлiктi жерде қолданылып жүрген жол жүру құны бойынша; ерекше жағдайларда (Қазақстан Республикасынан тыс жерге іссапарға жіберілген жағдайда, транзитпен жүріп өткен кезде, аталған көлік құралдары болмаған немесе іссапар шұғыл болған кезде) орталық атқарушы органның жауапты хатшысының (белгiленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкiлеттiктерi жүктелген лауазымды адамның), ал мұндайлар болмаған жағдайда – мемлекеттiк мекеме басшысының бұйрығына (өкiміне) сәйкес темiржол көлiгiмен жол жүрген кезде жұмсақ дивандары төменде орналасқан, қалпын реттеу құрылғысы бар отыруға арналған жұмсақ креслолы екі орындық купе (ҰВ) тарифтері бойынша және әуе көлiгiмен экономикалық класс тарифі бойынша; мемлекеттік органның басшысына, мемлекеттік орган басшысының бірінші орынбасары мен орынбасарларына, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға теңестірілген тұлғаларға, орталық атқарушы органның жауапты хатшысына (белгіленген тәртіппен орталық атқарушы органның жауапты хатшысының өкілеттіктері жүктелген лауазымды адамға), ал мұндайлар болмаған жағдайда – мемлекеттiк мекеме басшысына әуе көлiгiмен жол жүрген кезде экономикалық класс тарифі бойынша; Қазақстан Республикасының Парламентi Сенатының Төрағасына, Қазақстан Республикасы Парламентiнiң Сенаты Төрағасының орынбасарларына, Қазақстан Республикасының Парламентi Мәжілісінің Төрағасына, Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі Төрағасының орынбасарларына, Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң бiрiншi орынбасарына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң орынбасарларына, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысына, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Басшысына, оның бірінші орынбасарына және орынбасарларына, Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысына, Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларға теңестірілген тұлғаларға әуе көлігімен жол жүрген кезде "Бизнес" класс тарифі бойынша;".

      2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин