Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығын құру туралы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 113 қаулысы.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 8-тармақтан қараңыз.

      "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

      1. Жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы (бұдан әрі – қоғам) құрылсын.

      2. Мыналар:

      1) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобалар мен ұлттық фильмдерді қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдауды ұсыну, оның ішінде қызметінің негізгі нысанасы фильмдер шығару болып табылатын, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғаға мемлекеттік қаржылық қолдаудың жыл сайынғы сомасының жалпы көлемінің кемінде отыз бес пайызы мөлшерінде ұсыну;

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      2) тармақша осы қаулының 8-тармағына сәйкес 31.12.2025 дейін қолданыста болады.

      2) кинематография саласындағы субсидияларды төлеу;

      3) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру қоғам қызметінің негізгі нысанасы болып айқындалсын.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

      3. Қоғамның жарғылық капиталы осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес "Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының балансындағы республикалық мүлік есебінен қалыптастырылсын.

      4. Қоғам жанынан осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес құрамда Сараптама кеңесі (бұдан әрі – Сараптама кеңесі) құрылсын.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2020 № 421 қаулысымен.

      5. Қоса беріліп отырған Сараптама кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      6. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) қоғамның жарғысын әзірлеуді және бекітуді, оны Қазақстан Республикасының әділет органдарында мемлекеттік тіркеуді;

      2) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігіне қоғам акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және пайдалану құқығын беруді;

      3) осы қаулыдан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      7. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін ереже бекітілсін.

      8. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес осы қаулының 2-тармағының 2) тармақшасы 2025 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданыста болады".

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

      Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
А. Мамин

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 15 наурыздағы
№ 113 қаулысына
1-қосымша

"Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының жарғылық капиталын төлеуге берілетін республикалық мүліктің тізбесі

Р/с №

Атауы

Өлшем бірлігі

Саны

Қалдық құны бойынша бірлік бағасы (теңге)

Қалдық құнының жиыны (теңге)

1

2

3

4

5

6

"Қазақстан Республикасының Ұлттық музейі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны балансындағы мүлік

1.

Еден жабыны 150 ш.м. (Алтын адамның әлем музейлері бойынша шеруі)

дана

1

26 883 360

26 883 360

2.

Бөлек тұғырымен "Алтын адамның" үшкір бас киімі формасындағы витриналар", өлшемі: 75 см*25 см

дана

24

3 385 884,12

81 261 218,88

3.

GlassVision экраны non-transparent шыны шолу экраны

дана

10

1 043 178,25

10 431 782,50

4.

PDP мониторы PDP 103", 1920x1080, 1400ccd. 201kg PDP мониторы PDP 103"

дана

1

11 009 229

11 009 229

 

Жиыны

 

 

 

129 585 590, 38

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 15 наурыздағы
№ 113 қаулысына
2-қосымша

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанындағы сараптама кеңесінің құрамы

      Ескерту. 2-қосымша жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

Айбасов
Жандос Нұрдәулетұлы

актер, каскадер, кинорежиссер (келісу бойынша)

Әбдуәлиев
Ақан Жылқышыбайұлы

"Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры (келісу бойынша)

Әмірбекова
Дана Нұрмұхаметқызы

кинотанушы, "Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы" республикалық мемлекеттік мекемесі "Кино және ТВ" факультетінің оқытушысы (келісу бойынша)

Борецкий
Олег Михайлович

кинотанушы, киносыншы (келісу бойынша)

Жолжақсынов
Досхан Қалиұлы

актер, кинорежиссер, Қазақстанның халық әртісі (келісу бойынша)

Күрішбаев
Еркебұлан Маратұлы

"Qara production" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы продюсері (келісу бойынша)

Қособаев
Алмаз Құрманбекұлы

"Equity" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры, режиссер, сценарист, продюсер (келісу бойынша)

Маемиров
Асхат Максимұлы

"Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры" мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры (келісу бойынша)

Мамасарипова
Гүлнұр Молдабекқызы

кинопродюсер, сценарист (келісу бойынша)

Мұрсәлімова
Гүлнар Амангелдіқызы

өнертану кандидаты, "Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы" республикалық мемлекеттік мекемесі "Кино және ТВ" факультетінің деканы (келісу бойынша)

Мұқышева
Нәзира Рахманқызы

"Қазақ ұлттық өнер университеті" республикалық мемлекеттік мекемесінің профессоры (келісу бойынша)

Нөгербек
Баубек Бауыржанұлы

"Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы" республикалық мемлекеттік мекемесі "Кино тарихы мен теориясы" кафедрасының меңгерушісі (келісу бойынша)

Омаров
Жанай Сейітжанұлы

"Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар мен дыбыс жазбалар архиві" республикалық мемлекеттік мекемесінің бас сарапшысы (келісу бойынша)

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 15 наурыздағы
№ 113 қаулысымен
бекітілген

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының жанындағы Сараптама кеңесі туралы ереже

      Ескерту. Ереженің тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2020 № 421 қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы жанындағы Сараптама кеңесі туралы ереже Ұлттық киноны қолдаудың мемлекеттік орталығы жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылатын Сараптама кеңесінің (бұдан әрі – Кеңес) мәртебесі мен өкілеттіктерін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Үкіметінің 03.07.2020 № 421 қаулысымен.

      2. Кеңес өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, басқа да нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

      3. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы (бұдан әрі – Орталық) Кеңестің жұмыс органы болып табылады.

      4. Кеңес отырыстары қажеттілігіне қарай өткізіледі.

2-тарау. Кеңестің міндеті мен функциялары

      5. Кеңестің негізгі міндеті фильмді ұлттық деп тану жөнінде ұсыныстар тұжырымдау және Қазақстан Республикасының аумағына əкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру болып табылады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

      6. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген міндетті іске асыру үшін Кеңес мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қарайды;

      2) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру үшін оларды қарастырады;

      3) ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды қаржыландыру бойынша қорытындылар дайындайды;

      4) Қазақстан Республикасының аумағына әкелінетін балалар анимациялық фильмдері мен отбасымен көруге арналған фильмдерді қазақ тілінде дубляждауды қаржыландыру бойынша қорытындылар дайындайды;

      5) фильмді ұлттық деп тану немесе фильмді ұлттық деп танудан бас тарту туралы ұсынымдар дайындайды;

      6) өндірістің кез келген кезеңінде киножобаларды қаржыландыру түрінде мемлекеттік қолдау алған киножобалардың бастапқы монтажын қарауды жүзеге асырады;

      7) Кеңестің құзыретіне жататын өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

3-тарау. Кеңес жұмысының ұйымдастырылуы мен тәртібі

      7. Кеңестің құрамы шығармашыл қызметкерлер, мәдениет қызметкерлері мен кинематография саласындағы сарапшылар қатарынан құрылатын төрағадан, төрағаның орынбасарынан және Кеңес мүшелерінен тұрады. Кеңес төрағасы Кеңес мүшелерінің арасынан кеңестің бірінші отырысында мүшелердің қарапайым көпшілік даусымен сайланады. Хатшы Кеңес мүшесі болып табылмайды.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Үкіметінің 16.03.2023 № 219 қаулысымен.

      8. Кеңестің төрағасы:

      1) Кеңес қызметіне басшылық пен бақылауды жүзеге асырады;

      2) Кеңестің жұмыс жоспарын бекітеді;

      3) Кеңес отырыстарын өткізеді және отырыстардың хаттамаларына қол қояды;

      4) Кеңес қабылдаған шешімдер үшін жауапты болады.

      9. Төраға болмаған жағдайда оның функцияларын төрағаның орынбасары орындайды.

      10. Кеңес мүшелерінің жалпы саны кемінде 10 (он) мүшеден тұрады.

      11. Кеңес мүшелері Кеңес отырыстарына алмасу құқығынсыз қатысады.

      Отырысқа қатысу мүмкін болмаған жағдайда Кеңес мүшесі Кеңес отырысына дейін кемінде бір күн қалғанда келмеуінің себебін көрсете отырып, Кеңестің жұмыс органына бұл туралы хат жолдайды не қатысудың мүмкін болмауы Кеңес отырысы өтетін күні белгілі болған жағдайда, Кеңес отырысына қатысудың мүмкін еместігі туралы Кеңестің жұмыс органын хабардар ету бойынша қажетті шараларды қабылдайды.

      12. Кеңес төрағасы кинематография саласындағы уәкілетті органға Кеңес отырысына дәлелсіз себептермен жүйелі түрде (қатарынан 3 реттен астам) келмеген мүшелерін оның құрамынан шығару туралы ұсыныс енгізеді.

      13. Кеңес шешімдері ұсынымдық сипатта болатын хаттама нысанында ресімделеді.

      14. Кеңес шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және егер оған Кеңестің қатысып отырған мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда Кеңес төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Кеңес мүшелерінің ерекше пікірге құқығы бар, оны білдірген жағдайда жазбаша түрде баяндалуға тиіс.

      Кеңес отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде хаттама жасалады, оған кеңес төрағасы, мүшелері және хатшысы үш жұмыс күні ішінде қол қояды.

      15. Егер Кеңес мүшесі:

      1) киножобаның, фильмнің және түсіру тобы авторларының құрамына кіретін болса;

      2) киножобаның, фильмнің және түсіру тобы авторларының құрамына кіретін кез келген адамның бірінің туысы, жұбайы (зайыбы) немесе жекжаты болса, қарауға және дауыс беруге қатыса алмайды.

      16. Отырысты ұйымдастыруды, хаттаманы дайындауды, сондай-ақ алдын ала танысу үшін Кеңес мүшелеріне тиісті құжаттар мен материалдарды таратуды Кеңес хатшысы жүзеге асырады.

      Құжаттар мен материалдарды жіберу Кеңестің кезекті отырысы өткізілгенге дейін кемінде бір ай бұрын жүзеге асырылады.

      17. Кеңес отырыстары техникалық жазу құралдарының көмегімен тіркеледі.

      Кеңес отырысы барысында техникалық жазу құралдарының көмегімен тіркелген материалдар Кеңес отырысы аяқталған күннен бастап кемінде үш жыл Орталықта сақталады.

  Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2019 жылғы 15 наурыздағы
№ 113 қаулысымен
бекітілген

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне енгізілетін толықтырулар

      1. "Акциялардың мемлекеттік пакеттеріне мемлекеттік меншіктің түрлері және ұйымдарға қатысудың мемлекеттік үлестері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 12 сәуірдегі № 405 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 1999 ж., № 13, 124-құжат):

      көрсетілген қаулымен бекітілген акцияларының мемлекеттік пакеттері мен қатысу үлестері республикалық меншікте қалатын акционерлік қоғамдар мен шаруашылық серіктестіктердің тізбесінде:

      "Астана қаласы" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 21-190-жолмен толықтырылсын:

      "21-190. "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      2. "Республикалық меншіктегі ұйымдар акцияларының мемлекеттік пакеттері мен мемлекеттік үлестеріне иелік ету және пайдалану жөніндегі құқықтарды беру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 1999 жылғы 27 мамырдағы № 659 қаулысында:

      көрсетілген қаулымен бекітілген иелік ету және пайдалану құқығы салалық министрліктерге және өзге де мемлекеттік органдарға берілетін республикалық меншік ұйымдарындағы акциялардың мемлекеттік пакеттерінің және қатысудың мемлекеттік үлестерінің тізбесінде:

      "Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігіне" деген бөлім мынадай мазмұндағы реттік нөмірі 224-33-10-жолмен толықтырылсын:

      "224-33-10. "Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы".

      3. Күші жойылды - ҚР Үкіметінің 04.10.2023 № 865 қаулысымен.